Қараңдаршы мына адамға

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

«Қараңдаршы мына адамға: біреу қалай өзі болды» (Ecce Homo: How One Becomes What One Is) - Фридрих Ницшенің өз-өзін таныстыру мен түсіндіруге арналған әдеби-философиялық туындысы.

Кітап 1888 жылы жазылып біткенімен, тек 1908 жылы ғана жарық көрді және 1970 жылдарға дейін көп ешкім бұл туындыға назар аудара қойған жоқ. Бұл кітапты Ф.Ницшенің өзі жазған-жазбағаны туралы, кітапта рухани ауытқудың ықпалы қаншалық деңгейде болғаны туралы әлі күнге талас-тартысты пікірлер айтылуда. Аталған кітаптың Алғысөзінде ол "өзін адамдар басқа адамдармен шатастырмас үшін" бұл кітапты жазғанын айтады.

Негізгі мазмұны

Сурет:Eh Titel.JPG
"Қараңдаршы мына адамға" кітабының қолжазба мұқабасы"

Бұл кітапта Ф.Ницшенің өз өмір тарихы емес, өз идеяларының қалыптасу тарихы айтылады, сол идеяларды туғызған түрлі жағдайлар мен алғышарттар (тіпті азықтық пен климаттың философияға ықпалына дейін) сөз болады. Кітапта ол философия мен әдебиетті ажыратудың шекарасы туралы да баяндайды, философтың жекелік қасиеті, мінезі, денесі, көңіл күйі арасындағы қайшылықтарға назар аударады. Ол өзінің көптеген маңызды идеялары мен дене жаратылысының байланысын ашуға тырысады, бірақ көбінесе өзін біршама байсалды және кішпейіл тұрғыда таныстырудан ауытқымайды. Бұл кітапта Ф.Ницше тіпті өз-өзін мазақ еткендей, қалжың айтқандай, сынағандай да ыңғай байқатады. (Ол Сократты да осылай кішпейіл түрде аяусыз сынаған болатын.) Өзі туралы айта келіп, дүниедегі ең асыл қасиеттер оның бір басында бар екені, әкесінің ерте қайтыс болуы мен бір көзінің шадыр болуын да жігерлі түрде қабылдай білгенін еске салады. Кітапта ол әрбір шығармаларына қысқаша тоқталады. Кітаптың соңғы бөлігіндегі «Неге мен осылай найзағай ойнаттым» делінетін тарауда ол «мәңгілік қайталаным» және «барша құндылық атаулыны түбегейлі қайта бағалау» оның әрі бұлжымас тағдыры, әрі бүкіл идеясының өзегі екенін айтады.

Кітап аты

Кітап аты Ecce Homo (Behold the Man) сөзі Иоан жазған Інжілде кездеседі. Аталған кітап бойынша, Иса масих тұтқындалғанда Рим империясының Иудеядағы прокураторы (б.з. 26-36жж.) Понтий Пилат жұртқа қарап, Исаны нұсқап тұрып: «Қараңдаршы мына адамға!» деген екен.

Кітап құрылымы

Бұл кітап өзгеше ғұмырбаяндық шығарма ретінде Ницшенің өз өміріндегі оқиғаларға көп тоқталмаған. Кітаптың негізгі құрылымы:

Сурет:Eh Vorwort.JPG
"Қараңдаршы мына адамға" кітабының қолжазбасы

Кітаптағы әсіреулер

Тақырыптардан байқалып тұрғандай, туындының өн бойынан автордың менмендігі мен асқақтығы көрініс береді, мұның бәрін оның рухани ауытқудан туған көңіл күй тұрақсыздығы мен психологиялық қалыпсыздығына қатысты деп түсіндіре салуға болмайды. Ф.Ницшенің ең маңызды ерекшелігі оның көп қырлылығы, болмыс қабатының алуандығы, ойлау тәсілінің күрделілігі екені белгілі. Мұнда ол өзін болмыстық қабатта тұрып бағалау сынағын жасайды, өзін өмір өрісі мен өріне қойып күзетеді, ал баға сол баяғы Дегдарлық этика өлшемімен өлшенгені байқалады.

Кітапта ол өзін «Тұңғыш трагедия философымын», «Тұңғыш аморалистпін», «Еуропаның тұңғыш кемелді нигилистімін», «саясатқа қарсы соңғы неміспін», «соңғы стоикпін» деген секілді сипаттамалармен бағалайды. Бұлар сәл әсіреленсе де шындықтан соншалық алыс емес болатын.

Айта кетерлігі, Ф.Ницше кітапқа "Айқышқа шегеленген Дионис" деп қолтаңба қалтырған.