Жақсы мен жаман сыртында

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

«Жақсы мен жаман сыртында» (Үлгі:Lang-en) - Фридрих Ницшенің тағы бір өте маңызды туындыларының бірі. 1886 жылы Ф.Ницше «Жақсы мен жаман сыртында – болашақ философияның беташары»(Jenseits von Gut und Böse. Vorspiel einer Philosophie der Zukunft)деген кітабын жариялады. Бұл кітапты мағынасына орай «ізгілік-пасықтық өлшемінен асып өту» деп те аударуға болады. Кітап «Заратуштра солай айтқан» кітабында кездесетін кейбір идеялардың түсіндірмесі іспетті, сосын кейін жазбақшы болған «Билеу еркі» кітабына әзірлік болатын.

Кітап құрылымы

Кітап тоғыз бөлімге бөлініп, 296 арнаулы нақылдан құралған.

  1. Философиялық жаңылыстыру
  2. Еркін рух
  3. Діннің мәні
  4. Нақыл және қысқа әуен
  5. Моральдың табиғи тарихы
  6. Біз оқымыстылар
  7. Біздің ізгілігіміз
  8. Халық және отан
  9. Ақсүйек деген кімдер?

Негізгі мазмұны

Бұл кітапта «жақсы», «жаман» деген сөздерге философиялық талдаулар жасалды, «моралсыздық» пен «бейморалдықты» ажыратты. Алдыңғысы қоғамдық пікір үшін жамандық болса, кейінгісі де қоғамдық пікір үшін жамандық, бірақ ол жаңа өмірге талпынушы үшін қажетті жол болмақ. Әсіресе, Ол бұрынғы заманғы этика өлшемдеріне қазіргі заман адамдарының барынша сай келуге тырысушылдығына назар аударып, моралдық өлшемдер мен моралдық практика ортасындағы кеше мен бүгінді сай етуден туатын қайшылықты ашып көрсетеді. Ол табиғи тіршілік этикасын дәріптеді, адамдыққа сай келетін, ішкі сұраныстардың талабы ретіндегі, адамды күшейтетін, құлпыртаттын, күшке, билікке жеткізетін жақсылықты дәріптеді.

Үлгі:Start citation

  • Албастымен айқасушы өзі албастыға айналып кетуден сақтансын.
  • Тұңғиық шыңырауға үңілсең, тұңғиық шыңырау да саған тігіледі.
  • Асқақ рух - өз-өзіне сенімді құрметпен қарайтын көңіл.
  • Өзі туралы айтушылар көбінесе өзін жасырумен болады.
  • Ұлылар мен үшін маңызды емес, мен тек өз арманымдағы жұлдызға ғана тамсанамын.
  • Тек бір адамды ғана сүю жабайылық есептеледі. Өйткені бұл үшін ол өзге адамдарды құрбандыққа шалады. Бір құдайды сүю де солай.Үлгі:End citation"Жақсы мен жаман сыртында"

Бұл кітапта автор нағыз философияға қажетті шарттар – қиялдау қуаты, өздік ұстаным, қатер, тәуекел, жасампаздық, құндылық жарату деп есептеп, қалғандарын қосымшаға қалтырды. Ол дәстүрлі философияда көбірек кездесетін "өздік сана", "білім", "ақиқат", "еркін ерік"Көлбеу мәтін ұғымдарына толық тарихи дәлелі жоқ деген уәжбен түрлі күмәндар келтірді. Ол адамзат әрекетін «Күш еркі» (the will to power) деп түсіндіріп, жақсылық пен жамандық өлшемінің шектемесін жеңуді, "баршаға ортақ этика" делінетін алдамшылықтан бас тартуды ұсынды. Ол Дегдарлар еркі және Құлдар еркі идеясы арқылы батыстық адамгершілік дәстүрінің классикалық талаптарына сын айтты. Ол әлсіздерге күш көрсету, басқару, иелеу, мәжбүрлеудің адам сапасын жоғарылату мен бақытқа талпындырудағы өзіндік қажеттілігіне дейін тоқталып өтті. «Азап тартсын әлсіздер» ұраны – әлсіздерді әлсіздіктен құтқаратын ем ретінде бағаланды. "Егер соқырға көмектескің келсе, оның сүйеніш таяғын шағып таста, сонда ол сенен де тез жүгіріп кетеді" - деді. Бұл кітап этиканың релятивизмдік (салыстырмалық) қасиетін көрсету және перспективизмді дәріптеу сынағы болды.

Ф.Ницше философтар көңіл бөлетін «ақиқаттың өлшемі не? Жақсылық пен жамандықтың ортақ өлшемі бар ма?" дегенді зерделеді. «Ұлы нәрселер ұлылар үшін сақталуда. Шыңыраулар тұңғиық адамдарды күтуде. Жұмсақ және қалшылға толы нәрселер нәзік ойластыратын епті адамдарды күтуде. Яғни, барлық сирек кездесетін нәрселер сирек кездесетін адамдарды күтуде.» Адамзат ұлы, терең, нәзік мәселелерді табуы, сондайға бойлауы керек, - тіршіліктің жақсылығы дегеніміз сол!

Дін Ф.Ницше бойынша, кейбір адамдар мен топтардың өз билік еркін іске асыру құралы ғана. Олар бойсұнуды, өз болмысы мен талабын теріске шығаруды, рухани әлемін бұлдыратуды және өмірге деген жігері мен құлшынысты әлсіретуді жақтайды, орташа талапқа сай болуды көздейді. Дін "адамның түкке тұрғысыздығын мен мәнсіздігін" айтады. Өз-өзіңді қинасаң, нәпсіні тежесең өлгеннен кейін бақытты болатыныңа уәде береді. Бұл өзін қор көретін, әлсіз сезінетін, өмірге ренішті қарайтын әр адамның өз өмірінің маңызын жоққа шығаруы үшін таптырмайтын сылтау. Ең маңыздысы, діннің таралуына ыңғайлы жағдай - адамдардың көп сандысы өмірге қарата жасырын саналық түңілісті көңіл-күйде, үрейлі сезімде болады.

Көптеген жақсылықтар жамандықтардан тамыр тартады, жақсылық жамандықтан нәр алып жеміс береді. Бір халықтың жақсылық өлшемі мен келесі халықтікі қайшылықты, бөтен болып келеді. Табиғат әлемінде жақсы, не жаман деген өлшем жоқ. Онда ашық бәсеке, нақты жеңіс-жеңіліс қана бар. Адам жақсылыққа жету үшін жамандықтарды басып өтуге мәжбүр. Демек жақсылық пен жамандық қатып қалған нәрсе емес, тұрақты ереже де емес, ол бір салыстырмалы субъективті өлшем ғана. Жақсылық-жамандық өлшемі адамына қарай болады, Дегдар адамдар мен құлдардың жақсылық-жамандық өлшемі мүлде қарама қайшы болады. Еуропа 2000 жыл бойы Евейлердің құлдық моралының шабуылында әлсіреді. Сондықтан бағызы таза Дегдарлық (қожайындық, үстемдік) жақсылық-жамандық өлшемін қайта ояту керек!

Одақтасу және дүниежүзілік соғыс туралы болжам

Әрине, осы кітабында Ф.Ницше Англия, Германия, Францияның одақтасуын дәріптеді. Ол ежелгі Гректер секілді құдіретті, жасампаз, ашық, еркін қоғамдық кеңістік құруды армандады. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Еуроодақ белгілі мағынада Ф.Ницшенің де арманы болатын.

Айта кетерлігі, осы кітапта мынадай тарихи көрегендік айтылған: "Барған сайын саясиланған ғасырға кіріп барамыз. Келесі ғасырда бүкіл жер шарына үстемдік таласы соғысы көбейеді." Расында XX ғасырда екі рет жершары үстемдігіне таласқан жойқын соғыс болып өтті және қырғи қабақ соғысы дегеніміз де сол баяғы жершарына үстемдік таласының аңдысқан түрі болатын.

Фридрих Ницше