Қазақ эстетикасы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақ эстетикасыфилософиялық ғылым.


Қазақ халқының адам мен дүние жүзі арасындағы құндылық қатынастардың көрінісі ретіндегі әсемдік пен сұлулық аясын және ұлттық көркемөнер, мәдениет саласын зерттейді. Қазақ эстетикасы халықтың көркемдік әрекетінің алуан түрлерінен көрініс тапқан. Қазақ халқының қалыптасуы барысындағы эстетикалық ой-пікірлердің дамуы бірнеше кезеңдерден өткен. Халықтың эстетикалық құндылықтары алдымен фольклорда – тұрмыс-салт жырларында, аңыздар мен мифтерде, батырлық және лирикалық эпоста көркем түрде баяндалған. Халықтың дәстүрлі тұрмысы мен бүкіл тыныс-тіршілігіне ежелден бастап-ақ сұлулық, эстетикалық көркемдік тән болды. Эстетикалық бастама дәстүрлі тұрмыста, күнделікті іс-әрекетте көрініс тауып, ондағы сұлулық пен мейірімділік ұғымдары қатар қойылды. Қазақ эстетикасы мәдениетінің тарихы мынадай кезеңдерге бөлінеді:

  1. исламға дейінгі ежелгі эстетикалық процестер;
  2. орта ғасырлардағы түркі даналарының эстетикалық ой-пікірлері;
  3. қазақ хандығы дәуіріндегі эстетикалық процестер;
  4. қазақ ағартушыларының эстетикалық ойлары;
  5. кеңес дәуіріндегі эстетикалық ұғым; 6) Қазақстан Республикасындағы эстетика.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref>

Қазақ эстетикасының Батыс пен Шығыстың дәстүрлі көркем мәдениет үлгілерінің типтік ерекшеліктеріне ұқсамайтын, оларды сіңіре отырып дамыған өзіндік төлтума мәдениеті болды. Қазақ халқы «адам мен әлем біртұтас» деген философиялық тұжырымға көзбен көріп, қиял қанатымен жетіп, ой тезіне салып, іштей білген тәжірибесі, көшпенді өмірі арқылы ие болды. Осы рухани сырластық деңгейі халықтың әдет-ғұрып сырына, эстетикалық негізіне айналған. Қазақ эстетикасында табиғатқа шексіз сүйіспеншілік, оны сезініп түсінуі, онымен бірге ажырамас біртұтастықта өмір сүру талғам-түсінігі ерекше орын алды. Қазақ эстетикасының келесі арнасы – Қазақстан жерін мекендеген түркі тілдес халықтардың өзіндік мәдениетімен, жазуымен, өнерімен байланысты. Көне түркі жазуындағы Ж.Баласағұнидың «Құтты білігінде», [[Қожа Ахмет Иасауи|Қожа Ахмет Йасауидің]] «Даналық кітабында», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйында», Сүлеймен Бақырғанидың «Хакім Атасында», т.б. еңбектерде эстетикалық мәдениет пен мұраттың түбегейлі мәселелері көркем суреттелді. Ислам ренессансы эстетикасын қалыптастыруда қазақ топырағында дүниеге келген Әбу Наср әл-Фараби ерекше орын алады. Қазақтың төлтума эстетикалық мәдениеті хандық дәуірінде қалыптасты. Ол ақын-жыраулар шығармаларында өзінің шарықтау шыңына жетті. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал, т.б. ақын-жыраулардың эстетикалық ізденістері көшпенділердің дүниені қабылдауын білдіреді. Оған айрықша романтикалық асқақтық тән. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресейдің империялық саясатының күшейген тұсында қызмет еткен қазақ ағартушылары ұлттық көркем мәдениетті заман талаптарына сай дамытуға ұмтылды. Ш.Уәлиханов қазақ халқы «көркемдіктен кенде емес, өсімтал әдебиетке ие» екенін атап өтіп, оның ауызекі мәдени үлгілеріне алғашқы ғылыми талдау берді. Ы.Алтынсариннің эстетикалық көзқарастары оның сан қырлы педагогикалық қызметімен байланысты. Абай Құнанбаевтың эстетикалық ойлары жазба әдебиетіміз бен рухани мәдениетіміздің 19 ғасырдағы тарихи шындығы аясында дамыды. Ол қазақ әдебиетінде тұңғыш рет табиғат пен адамның сұлулығын нақтылап айқындады. Абайдың қарасөздерінде көрініс тапқан эстетикалық көзқарастар қазақтың көркем мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Оның «Құлақтан кіріп бойды алар», «Құр айғай бақырған» деген өлеңдерінде әннің, күйдің адам сезіміне әсер етер қуатты құдіреті, шипалы шапағаты көркем суреттеледі. 20 ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде әдеби-эстетикалық ілімдер қазақ әдебиетінің орыс мәдениеті арқылы Еуропамен және Шығыспен тоғысуы нәтижесінде қалыптасты. Терең эстетикалық ойлар Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Шәкерім Құдайбердіұлының, Ғұмар Қараштың, С.Торайғыровтың, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, т.б. шығармаларында айтылды. Олардың талқылаған басты тақырыптары – қазақ сөз өнерінің ерекшеліктері, дәстүр мен жаңашылдық, өнердегі гуманизм мен имандылық мәселелері, фольклордағы рәміздік кейіпкерлер, өнердегі әлеуметшілдік, ұлтты сүю мен азаматшылдық, т.б. болды. Кеңес Одағы тұсында қазақ эстетикасы қайшылықты жағдайда дамыды. Бір жағынан, мәдениеттің «мазмұны социалистік, түрі ұлттық» болу керек деген қағида ұлттық көркем өнер түрлерінің табиғи дамуына, жан-жақты зерттелуіне шек қойды. Екінші жағынан, «жан-жақты жетілген адам» тәрбиелеу деген қағиданы мұрат тұту білім беру мен эстетикалық тәрбиеге, оның бір ізді болуына назар аудартты. Бұл дәуірде көптеген ғалымдар мен өнер қайраткерлері қазақ халқының ұлттық өнерінің тарихы мен типтік ерекшеліктерін зерттеуге үлкен көңіл бөлді. Алайда әкімшіл-әміршіл жүйе осы авторлардың бір тобы дайындаған көшпенділер эстетикасына арналған ғылыми еңбекті таратуға тыйым салды. Қазақстан Республикасында эстетикалық зерттеулер дүниежүзілік жаңа өркениеттілік құндылықтарды қабылдау және ұлттық мәдени мұраны жаңғырту аясында өрістеді. Қазақ халқының дәстүрлі өнері мен оның тарихи типтерін, ұлттық ойлаудың көркем негіздерін, көркем мәдениеттегі құндылықтар жүйесін және категорияларын эстетикалық тұрғыдан зерттеген ғалымдар тобы да (Қ.Нұрланова, З.Серікқалиұлы, Ғ.Есім, М.Х.Балтабаев, Г.Шалабаева, т.б.) шықты.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер

Үлгі:Stub: Қазақ мәдениеті {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}