Қазақстанның шөгінді алаптары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақстанның шөгінді алаптарының геологиялық құрылыс ерекшеліктерінің жоғарыда келтірілген қысқаша сипаттамасы олардың алуан түрлі екендігін көрсетеді. Олардың бірқатарынан көмірсутек кенорындарын ашу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды, алайда Батыс Қазақстан аймағының шөгінді алаптарына тән геологиялық-геохимиялық факторлар мен олардың геологиялық эволюциясының жиынтығы нақ осы алаптардың мұнай мен газ кенорындарын іздеудегі ең басым бағыт болып қала беретіндігін көрсетеді.

Қазақстанның шөгінді алаптары әр түрлі дәрежеде зерттелген. Олардың ішінде барынша мұқият зерттелгендері белгілі бір уақыт аралығында көмірсутек шикізатына деген іздеу-барлау жұмыстарын бірте-бірте кеңейте және тереңдете түсу қажеттілігін туындатқан өнеркәсіптік мұнайгаздылық анықталған алаптар ғана. Еліміздің мұнай-газ саласының тарихына көз жүгіртер болсақ, зерттеулердің ең ұзақ мерзімі Каспий маңы ойысына тән екендігін байқаймыз, мұнда алғашқы мұнай бұрқағы 1899 жылдың 13 қарашасында атқылағандығын білеміз; Маңғыстау алабынан алғашқы мұнай 1961 жылы, Солтүстік Үстірт-Бозащы алабынан 1966 және 1974 жылдары, ал Оңтүстік Торғай өңірінің алғашқы өнеркәсіптік мұнайы 1984 жылы алынды.

Мұнайгаздылық перспективаларын зерттеудің ең қарқынды және кешенді жұмыстары Кеңес кезеңіне тән, бұл кезеңде мұнай мен газға деген геологиялық барлау жұмыстарының көлемі өте жоғары деңгейде болды. Жұмыстар қарқыны Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін күрт төмендеп кетті де, тек 1993 жылы ғана қайтадан жандана отырып, негізінен ірі-ірі нысандарды ғана қамтыды және бұл жұмыстарды жүргізуге шетелдік компаниялар кеңінен тартылды. Соңғы зерттеулер арасында Каспий теңізі айдынының түбін зерттеу жұмыстары да бар екені белгілі.

Дүние жүзінің өзге де шөгінді алаптары сияқты, Қазақстан алаптарын барлау жұмыстары да көп сатылы тарихпен сипатталады, бұл геологиялық-геофизикалық және бұрғылау жұмыстарын жетілдіру тарихымен, сол сияқты олардың ғылыми тұрғыдан негізделу деңгейімен байланысты. Бұл тізбектегі ең негізгі буындар сейсмобарлау жұмыстарын жетілдіре түсудегі, терең ұңғымалар бұрғылаудағы және мұнай қалыптасу мен мұнай шоғырлану теориясындағы қол жеткен жетістіктер болып табылады.

Төменде Қазақстанның мұнайлы-газды алаптарының зерттелу жағдайы қаралады.

Өзімен аттас ойысқа сәйкес келетін Каспий маңы шөгінді алабы өзінің ауқымы тұрғысынан да, қимасы тұрғысынан әркелкі дәрежеде зерттелген. Аймақтық тұрғыдан алғанда, Каспий маңы ойысы геологиялық-геофизикалық зерттеулер кешенімен және бұрғылаудың ең саяз түрінен бастап аса терең бұрғылауға дейінгі аралықтағы жұмыстарымен қамтылған. Геологиялық-геофизикалық зерттеулер кешені крелиусты және құрылымдық бұрғылауды қолдана отырып ірі масштабты геологиялық түсіру, әуетүсіру мен ғарыштық түсіру, электробарлау, аймақтық деңгейден жергілікті деңгейге дейінгі аралықтағы магниттік, гравиметрлік және сейсмикалық зерттеу шараларын біріктіреді. Бұрғылау жұмыстарына келер болсақ, бұл жұмыстардың негізгі бөлігі анықталған кенорындар ауқымында жүргізілді. Бұл орайда, КСРО кезеңінде жасақталған бағдарлы да пәрменді бағдарлама аясында жүзеге асырылған, кунгурға дейінгі палеозойды ғана емес, тұзүсті мегакешенді де қамтыған аймақтық геологиялық-геофизикалық зерттеулермен ұштастырыла жүргізілген параметрлік және аса терең бұрғылау жұмыстары негізінен аяқталды десе де болады. Осының бәрі гравиметрлік, магнитометрлік, литологиялық-фациялық, палеогеографиялық, кұрылымдық-тектоникалық, мұнайгазгеологиялық, гидрогеологиялық т.с.с. базалық карталар құрастыруға мүмкіндік берді, бұл карталар алаптың геологиялық құрылыс ерекшеліктері мен оның мұнайгаздылығы жайлы нақтылы мағұлматтар бере алады. Геологиялық барлау жұмыстарының жүзеге асырылған аса қомақты көлемі алаптың әрбір геологиялық облысы ауқымындағы шөгінді тыстың геологиялық-геофизкалық тұрғыдан зерттелу деңгейін жіктемелей қарастыруға және мұнай мен газға деген болашақ іздестіру жұмыстарын қандай бағыттарда жүргізу қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді.

Геологиялық тұрғыдан алаптың солтүстік ернеулік белдемін, онымен оңтүстік жағынан жалсарласатын Волгоград-Орынбор моноклинін және ойыстың сыртқы жиегін қамтитын Солтүстік-Батыс мұнайлы-газды облыс ауқымында геофизикалық әдістермен және бұрғылау жүмыстарымен ернеулік бөліктегі таскөмір-пермь кешені және сырт жиектегі девон-таскөмір кешені жақсы зерттелген. Волгоград-Орынбор моноклинді ауданы геофизикалық зерттеулермен қанағаттанарлық дәрежеде зерттелген, алайда мұнда бірлі-жарымды ғана терең ұңғымалар бұрғыланған.

Жалпы алғанда тұзасты түзілімдерінің зерттелу деңгейі өте ірі жаңа ашылулар болмайтындығын көрсетеді, алайда ернеулік белдем мен сыртқы жиектің девондық кешенінде, сол сияқты Волгоград-Орынбор моноклинді белдемінің таскөмір кешенінде жаңа кенорындар табылып қалу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Облыс ауқымында жаңа кенорындар ашылу перспективасы, сол сияқты, жоғарғы пермнің қазан жікқабатына қарасты калинов свитасының тұзаралық карбонатты катқабатымен де байланыстырылады.

Каспий маңы ойысының молынан еңістенген бөлігін және Волгоград-Орынбор және Солтүстік Атырау моноклиндері жүйелерінің жекелеген элементтерін қамтитын Орталық мұнайлы-газды облыс ауқымындағы тұзасты палеозойы сейсмикалық зерттеулермен шет-пұшпақтап қана қамтылған, ал терең бұрғылау жұмыстары, аталған кешеннің өте терең орналасуына байланысты (7-8 км-ден астам), мұнда мүлдем жүргізілмеген. Тұзүсті кешенінің де зерттелу дәрежесі өте төмен, қазіргі заманның сейсмикалық зерттеулері де бұл өңірде тиіп-қашып жүргізілген. Облыс ауқымындағы мұнай-газ кенорындары табылып қалуы бірден-бір мүмкін нысандар ретінде тұзкүмбезді құрылымдар ауқымындағы және кейбір күмбезаралық белдемдердегі мезозойлық түзілімдерді атауға болады.

Геологиялық тұрғыдан өзімен аттас көтерілімдер жүйесіне сәйкес келетін Астрахань-Ақтөбе мұнайлы-газды облысының тұзасты түзілімдері де, тұзүсті кешені де жалпы алғанда ең жоғары дәрежеде зерттелген өңірлердің бірінен саналады. Ең тиянақты зерттелген Астрахань, Теңіз-Қашаған, және Темір карбонатты платформалары ауқымындағы карбонатты таскөмір кешендері, бұлардың әрқайсысының ауқымында көнелігі девонға сәйкес келетін таужыныстарды аршыған терең ұңғымалар бұрғыланды. Қаралып отырған облыстың көпшілік бөлігінде ұшырасатын таскөмір-алғашқы пермнің терригендік кешені алғашқыларға қарағанда болымсыздау зерттелген, ал бұл кешенді төсейтін девондық кешен мүлдем зерттелмеген.

Облыстың мұнайгаздылыққа деген негізгі перспективасы Қашаған, Қайраң, Ақтоты, Оңтүстік-Батыс Қашаған сияқты кенорындар қазірдің өзінде ашылған Каспий теңіз су айдыны табанының солтүстігіндегі және Бозащы көтерілімінің солтүстік-солтүстік-батысындағы бір топ карбонатты массивтермен байланысты, бұл тұжырым геофизикалық зерттеулермен негізделген. Көмірсутек кенорындарын іздестірудің тағы бір перспективалы бағыты кунгурға дейінгі палеозойдың терригендік девон-пермь бөлігі болып қала береді, алайда мүнда қорқойма-қатқабаттар өздерінің сыйымдылық-сүзбелік сипаты жағынан өте күрделі екендігі белгілі. Тұзүсті түзілімдерінен мұнай мен газдың жаңа кенорындары ашылуының перспективалары жоғары болып қала бермек, бұл орайдағы бірінші кезектегі нысандар ретінде Астрахань-Ақтөбе геологиялық облысының Каспий теңізі су айдыны табанында орналасқан оңтүстік бөлігін атауға болады.

Қорыта айтқанда, Каспий маңы ойысының тұзасты палеозойының барлану дәрежесінің әркелкілікпен сипатталуын карбонатты платформалар ауқымындағы жергілікті тұтқыштармен байланысты қалыптасқан ғаламат ірі, өте ірі және ірі кенорындардың ашылуына мүмкіндік берген геологиялық барлау жұмыстарының басты бағыттарда ғана шоғырлануымен түсіндіруге болады. Бұл жайт Теңіз, Қарашығанақ, Жаңажол т.с.с. кенорындар ашылған Кеңес кезеңіне де, өз ауқымында Қашаған, Қайраң сияқты кенорындар ашылған Каспий су айдыны табанын игерумен сипатталатын бүгінгі кезеңге де қатысты. Бұл ірі ашылулар ойыстың әр түрлі бөліктеріндегі шөгінді тыс қабатынан жаңа ашылулардың болып қалуын тіпті де жоққа шығармайды, алайда бұл жаңа ашылулардың масштабы басқаша болатын сыңайлы.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005.

ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}