Қазақстандағы хандық биліктің жойылуы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақстандағы хандық биліктің жойылуы - 1822 және 1824 жылдары патша укіметі Орта жүз бен Кіші жүздегі хан билігін жойды. Қазақтар өзінің мемлекеттілігінен осылайша айырылды.

Хан билігін жоюдың себептері мен алғышарттары

XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарына қарай патша үкіметі Қазақстандағы хан билігін жоятын уақыт келіп жетті деген қорытынды жасады. Бұған салмақты негіздер де, қажетті бірқатар алғышарттар да жеткілікті деп санады.

  • Біріншіден, қазақ хандары дала тұрғындарының басым көпшілігінің алдында өздерінің беделінен айырылып қалды. Жергілікті байырғы халық патша үкіметі тағайындаған хандарды баяғыдай дербес ел басқарушылар деп емес, көбінесе Ресей империясының кәдімгі көп шенеуніктерінің бірі ғана деп қабылдады. Оның үстіне, тап сондай дәрменсіз билеушілердің саны да көбейіп бара жатты. Патша үкіметі әр жүздің (Кіші жүз бен Орта жүздің) бұрыннан бар хандарының қатарына жаңа хандарды қосып отырды. Мәселен, 1812 жылы Кіші жүздің Жайықтың оң жақ бетіндегі қазақтарға Бөкей сұлтан өз алдына жеке хан болып шыға келсе, 1815 жылы Орта жүзде Уәли ханмен қатар және Бөкей сұлтан да хан болып тағайындалды.
  • Екіншіден, бұл кезде патша үкіметі Кіші жүзді де, Орта жүзді де бірнеше әкімшілікке бөлшектеген еді. Мұның өзі патша үкіметінің көшпелі қазақтарды басқаруына өте қолайлы болып шықты. 1788 жылы Ертіс бойындағы қазақтардың сұлтан Сұлтанбек басқарған бір бөлігі Ертіс өзенінің оң жағында «мәңгілік көшіп-қонып жүру» құқығына ие болды. Сөйтіп Орта жүз бірі Ертістің оң жағалауы, екіншісі Ертістің сол жағалауы болып екіге жарылды. 1801 жылы Жайықтың оң жағалауында Кіші жүзден бөлінген Ішкі Орда құрылғанын айттық. Оның үстіне, 1808 жылғы ашаршылық кезінде Кіші жүздің 20 мыңға жуық қазағы башқұрт кантондарының аумағына уақытша көшірілді. Бір кездегі біртұтас жүздердің арасында ендігі жерде ешқандай да еркін байланыс жасау мүмкіндігі қалмады, өйткені ондай байланыс жасауға қатаң тыйым салынды.
  • Үшіншіден, XIX ғасырдың бас кезінде Шыңғыс ұрпағы бірқатарының патша үкіметінің әкімшілігіне белсенді қарсылық білдірген оқиғалары көбейіп кетті. Ал ақыр соңында, патша үкіметі Франциямен соғыс аяқталғаннан кейін жеткілікті әскер күші мен адам ресурстарына ие болды. Мұның өзі оның тәуелсіз қазақтардың заңды билігін — хан билігін біржолата жоюға итермеледі. Өйткені хан билігінің сақталуы патша үкіметінің өлкені шаруашылық тұрғысынан кең көлемде отарлауына кедергі келтірген еді.

Орта жүздегі хан билігінің жойыла бастауы

Орта жүзде 1817 жылы Бөкей хан, 1819 жылы Уәли хан қайтыс болғаннан кейін патша үкіметі жаңадан хан тағайындап жатуды қажет деп таппады. 1822 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы М.М. Сперанский жасаған және Ресей императоры I Александрдің жарлығымен бекітілген «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы жарғы» күшіне енді. Қазақстандағы жаңа реформаның ең басты мақсаттарының бірі Орта жүздегі хан билігін біржолата жою болатын. «Жарғы» өзінің мазмұны мен мақсаты жағынан Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарын іс жүзінде Ресей империясына қосып алып отарлауға бағытталған болатын. Сөйтіп Орта жүздегі әкімшілік, сот және аумақтық басқару жүйесі түбірімен өзгертілді.

Басқарудың жаңа жүйесін енгізу

Басқарудың округтық жүйесі енгізілетін болды. Сөйтіп жаңа округтар құрылды. Округтар болыстарға бөлінді, ал болыстар ауыл әкімшіліктерінен тұрды. Әр округта 15—20 болыс, әр болыста 10—12 ауыл, ал әр ауылда 50—70 үй болатын болды. Сыртқы округтағылар Сібір қырғыздары (қазақтары) облысына біріктірілді. Жаңа әкімшілік бірлігі орасан зор аумақты алып жатқан Омбы облысының құрамына кірді. Томск және Тобыл губерниялары мен Омбы облысы Батыс Сібір генерал-губернаторына бағындырылды. Оның орталығы Тобыл каласында орналасты. Әкімшілік бірліктерін құру кезінде патша үкіметі өзіне қолайлы жағдайды босқа жіберіп алмай, көшпелілердің рулық бөліністерін де ұмытқан жоқ, олардың қыстаулары мен жазғы жайылымдарын да мұқият еске алды. Далалықтардың бір округтың аумағынан екінші округқа ауысуына ондағы өкімет билігінің келісімі бойынша рұқсат етілді. Округтарды сайланып қойылатын аға сұлтандар, болыстарды болыстар, ал ауылдарды - ауыл старшындары басқарды. Болыс сұлтандары мен ауыл старшындары әкімшілік, шаруашылық және полицейлік қызметтерді қоса атқарды. Әр округта аға сұлтан басқаратын Округтық приказ (мекеме) құрылды. Оның құрамына Омбы облыстық басқарма бастығы тағайындайтын ресейлік екі заседателъ және сайланып қойылатын екі «құрметті қазақ» қатысуға тиісті болды. Ішкі күзет Сібір казактарынан іріктелді.

Сыртқы округтардағы сайлау тәртібі

Ауыл старшындарын көшпелілердің өздері сайлайтын және оларды бұл лауазымды қызметке округтық мекеме бекітетін. Сайлау үш жылда бір рет өткізіліп тұрды. Сұлтандар старшындарды сайлауға қатыспайтын. Сұлтандардың қатарынан сайланып қойылатын болыстар өздерінің қолындағы өкімет билігін балаларына мұра етіп қалдыру құқығын иеленді. Биліктің ауысуы жоғарыдан төмен қарай жүргізілді. Кейінгі кездерде болыстық қызметке сүлтан емес, қарапайым қазақтардың да сайлануына рүқсат етілді. Бірақ ондай адамдардың патша өкіметіне сіңірген еңбегі зор болуы тиіс еді. Сол арқылы патша үкіметі Шыңғыс әулетін билік құрылымынан бірте-бірте шеттете бастады. Аға сұлтанды тек сұлтандардың өздері ғана, ал оның құрметті қазақтардан іріктелетін екі заседателін билер мен старшындар ғана сайлайтын. Аға сұлтандар үш жылға, ал олардың заседательдері екі жылға сайланатын. Аға сұлтандар облыстық басқарма бастығының бекітуінсіз өз өкілеттігін жүзеге асыруға кірісе алмайтын. 1854 жылдан бастап аға сұлтандыққа шыққан тегі Шыңғыс әулеті емес адамдар да сайлана алатын болды.

Округтық приказдың негізгі міндеттері

Округтық приказдың қатаң белгіленген міндеттері болды. Ол атап айтқанда,

  • округтағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • халыққа білім беруге қамқорлық жасау;
  • тұрмыстық жағдайлар мен шаруашылық жұмыстарын

жақсарту;

  • қарақшылық тонауды, барымтаны және өкімет билігіне бағынбау әрекеттеріне тыйым салу;
  • өз бетімен кетіп, озбырлық жасауға жол бермеу;
  • тергеуді және сот істерін әділ жүргізу;
  • діни наным-сенімдерге байланысты проблемаларды шешу;
  • көпестер керуенінің жүріс-тұрысын бақылау және олардың қауіпсіздігін камтамасыз ету;
  • сондай-ақ жасақ (алым-салық) жинау. Округтық приказ, сонымен қатар егін шаруашылығын дамытуға да қамқорлық жасауы тиіс болды.

Алым-салықтар

Басқарудың жаңа жобасын өмірге бірте-бірте және ауыртпалықсыз енгізу үшін патша үкіметі барлық алым-салық түрлерін өтеуге бес жылдық жеңілдік белгіледі. Бұл жылдар ішінде ауруханалар мен мектептер салу үшін ерікті түрде төленетін алым-салық қана жиналып келді. Жеңілдік мерзімі өткеннен кейін округтардың халқы мал басының санына қарай 100 бастан бір бас мөлшерінде жасақ төлеуге міндетті болды. Бірақ ондай салық түйе басына салынған жоқ. Өйткені мұның өзі сауда керуенін көбейту үшін қажет еді. Алым-салық үшін мал санағы үш жылда бір рет өткізіліп тұрды. Қазақтар жасақтан өзге шабармандар мен жолаушыларға көлік жағынан да көмек көрсетуге тиіс болды.

Қазақ даласында шаруашылық пен сауданың дамуы

Округтық приказдардағы ресейлік заседательдер және казактар жер өңдеп, егін салудың, бау-бақша өсірудің және омарта шаруашылығын жүргізудің үлгісін көрсетуге міндетті болды. Отырықшы өмір салтына көшкен және осы айтылған жұмыстарда табысқа жеткен қазақ отбасыларына жергілікті өкімет билігі тарапынан сыйлықтар беріліп тұрды. Бірақ қазақтардың диқаншылыққа жаппай көшуі бәрібір байқалған жоқ. Дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысып келген қазақ халқы егіншілікпен айналысуға жатырқай қарады, мұның өзі сіңірі шыққан кедейлердің - жатақтардың ғана ісі саналды. Округтардың халқы тұзды көлдерден қанша тұз өндіріп аламын десе де ерікті болды. Тұз өндіру олардың ездерінің тұтыну қажеті үшін де, руластарына сату үшін де керек еді. Патша үкіметі сауда-саттықты қолдап, көтермелеп отырды. Әрбір қазақ езінің өндірген енімін округ аумағында да, одан тыс жерлерде де сатуға құқықты болды. Сұлтандар сауда керуендерін шетелдерге де, Сібір шекара шебіне де жіберіп тұру қүқығын сақтап қалды. Тап осындай құкықты орыс көпестері де пайдаланды. Сыртқы округтарды басып өтетін сауда керуендерінен ешқандай да баж салыгы алынбайтын тәртіп орнатылды.

Денсаулық сақтау, дін және халыққа білім беру салаларындағы жаңалықтар

«Жарғы» енгізілгенге дейін қазақ даласында ем жасау ісімен халық емшілері ғана (сынықшылар, бақсылар, тәуіптер және басқалары) айналысып келген болатын. Патша үкіметінің билігі жүрісімен жағдай өзгере бастады. Әр округта екі емші жұмыс істей бастады. Тұрақты жұмыс істейтін ауруханалар пайда болды. Жергіліікті әкімшілікке халықты шешек ауруына қарсы егуден өткізу міндеттелді. '«Жарғы» бойынша жергілікті билік орындарына христиан дінін таратумен аты шыққан діни миссионерлердің қазақ даласындағы қызметін күшейту тапсырылды. Бірақ оларға «ешқандай да ықтиярсыз мәжбур етпей, кәдімгідей сенімін арттыру және көзін жеткізу» тәсілі арқылы әрекет ету қажеттігі ескертілді. Рас, кейінгі оқиғалардың көрсеткеніндей, патша үкіметі бұл міндетті жүзеге асыра алған жоқ. Өйткені христиан дінін таратушы миссионерлерге қазақтар тарапынан көрсетілген қарсылық өте күшті болды. '«Жарғының» жағымды жақтарының бірі қазақтардың балаларын Ресейдің ішкі аумағындағы губерниялардың оқу орындарына оқуға жібере алатындығы болды. Алайда бұл құқықты қазақтардың ілуде біреуі ғана пайдалана алды. Оның үстіне, қазақтар өз балаларының орыстанып кетуі мен шоқындырылуынан қатты шошынды.

Орта жүзде 1822 жылдан кейін орын алған оқиғалар

«Жарғы» қазақ даласына бірте-бірте енгізіле бастады. Басқарудың жаңа тәртібі ең әуелі шекара шебі маңындағы және «өздеріне қамқорлық жасауды өтінген, бодандыққа адал болуға ант еткен» руларға енгізілді. 1822 жылғы «Жарғы» аздаған өзгерістер енгізілген түрінде 60-жылдардың ортасына дейін қолданылып келді. Жаңадан округтар ашудың алдын ала белгіленген нақты жоспары болған жоқ еді. Шекаралық әкімшіліктен шенеуніктер бастаған қарулы шағын жасақтар қазақ ауылдарына бірінен соң бірі жиі шығып тұрды. Олар басқарудың жаңа жүйесін қабылдаудың көшпелі халыққа пайдалы да тиімді болатынын егжей-тегжейлі түсіндіруге күш салып бақты. Сөйтіп халықтың көшпелі тобының келісіміне қарай жаңа округтар құрыла бастады. Мәселен,

1854 жылы Ертістің оң жағалауындағы қазақтар үшін Семей ішкі округы ашылды. 1856 жылы Жетісу жерінде Алатау ерекше округы ашылды. Бұл екі округты орыс офицерлерінің арасынан тағайындалған бастықтар басқарды. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы мен Омбы облыстық басқармасының бастығы Орта жүзді басқаруды қолға алды. Бұдан кейін енді солтүстік-шығыс аймақтардағы қазақтарды басқару жөніндегі орган қүру көзделінді. Сөйтіп 1838 жылы патша үкіметі Сібір қырғыздарын (қазақтарын) шекаралық басқару басқармасы құрылды.

Кіші жүздегі хан билігінің жойылуы

Орта жүздегі хан билігінің жойылуы Кіші жүзде тап осылай әрекет жасауды әлдеқайда жеңілдетті. Бұл кезде Кіші жүз сұлтандарының арасындағы алауыздық әлі тоқтаған жоқ еді. Хан билігі әлсіреп, қол астындағы халық арасында беделінен айырылып тынған болатын. 1822 жылы Орынбор өлкесінің губернаторы П.К. Эссен Ресей астанасына «Орынбор қырғыздары (қазақтары) жөніндегі жарғының» жобасын жөнелтті. Бұл кезде Кіші жүзде Шерғазы әлі де хан болып тұрған еді. Қазақтардың шекара шебіне және Орынбор өлкесінің ішкі округтарына шабуыл жасауы жиі-жиі қайталанумен болды. Орынбор өлкесінің бастығы ұсынған жобатолықтыра түсу үшін Азия комитетіне қайтадан жіберілді. Жарғының түпкілікті жобасын Ресей патшасы I Александр 1824 жылы көктемде біржолата бекітті. Шерғазы хан Орынборға шақыртып алынды. Оған ғұмырының ақырына дейін ай сайын жалақы төленіп тұратын болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хан билігі де жойылды. Бұл реформа бойынша Кіші жүз аумағы Жайықтың сырт жағындағы үш округқа бөлінді. 1828 жылы ондағы әкімшілік бірліктерінің аттары өзгертіліп, Батыс, Орта және Шығыс округтары деп аталды. Кіші жүздегі өкімет билігі Орынбор губернаторына тікелей бағынатын басқарушы-сұлтандардың қолына көшті. Басқарушы-сұлтандарға казактардың жасақтары да бағындырылды. Ондай жасақтардың әрқайсысында 100-ден 200-ге дейін адам болды. Басқарушы-сұлтандар казак станицаларында және шекара шебіндегі бекіністерде тұратын болып белгіленді. Мұның өзі олардың патша үкіметіне тәуелді болуын күшейте түсті. Басқарушы-сұлтандардың атқаратын негізгі қызметі өздеріне қарайтын халықты «тәртіп сақтайтын және патша үкіметіне әрқаиіан адал әрі айтқанын екі етпейтін бағыныста» болатындай етіп ұстау еді. Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап, баскарушы сұлтандарға дейінгі барлық лауазымды тұлғаларды Орынбор губернаторының өзі тағайындайтын болды. Сайлау жүйесі жойылды.

Дистанциялардың құрылуы

1831 жылға дейін Кіші жүз қазақтары ресми құжаттарда шекара шебіне жақын және далалық жерлерде тұратындар деп екі топқа бөлінетін. Шекара шебіне жақын тұратындар 1831 жылдан бастап дистанцияларға, ал олар старшындықтар мен ауылдарға бөлінді. Дистанциялар жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерге айналды. Оларды дистанция бастықтары басқарды. Дистанциялар барған сайын көбейе түсті. 1850 жылы олардың саны Кіші жүз жерінде 57-ге жетті. Уақыт өте келе дистанция бастықтарытың билігі алыстағы ауылдарда да жүргізілетін болды. Дистанция бастықтары түтін салығы деп аталған салықты жинаудың барысын қатты қадағалады, әр үй басына салынатын «түтін салығының» мөлшері 1,5 күміс ақшаға (сомға) тең болатын.

«Орынбор қырғыздары (қазақтары) туралы ереже» (1844 ж.)

«Орынбор қырғыздары туралы жарғының» кемшілік тұстары көп еді. Сондықтан оның орнына 1844 жылы «Орынбор қырғыздары туралы ереже» шықты. Ендігі жерде Орынбор әкімшілігіне қарайтын қазақтар тұратын жерлер Ресей империясы аумағының бір бөлігі деп жарияланды. Кіші жүзге жалпы басшылық жасауды Орынбор шекара комиссиясы жүргізді. Оның құрамына төрағаның өзі, орынбасары, төрт кеңесшісі және қазақтардан сайланатын төрт заседатель, ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік, адам және мал дәрігері кірді. Жаңа ереже бойынша билер сотына барынша шектеу қойылды, ол ұсак-түйек мәселелерді ғана қарайтын болды. Үкіметке карсы әрекеттер жасау, кісі өлтіру, қарақшылық жасап ел тонау, барымта алу сияқты қылмысты істерді әскери coт қарады. Ал ұрлық жасау, алаяқтық, бұзақылық, 50 сомнан жоғары мүліктік талап сияқты істер Ресей империясы шекара комиссиясының жанындағы жалпы заңдар негізінде қаралды. Орынбор әкімшілігіне қарайтын қазақтардың жағдайы олардың Орта жүздегі қандастарына қарағанда әлдеқайда ауыр еді. 1844 жылы Кіші жүз жеріндегі шекара шебіне жақын тұратын қазақтар үшін қамқоршы деген қызмет пайда болды. Оның негізгі міндеті шекара шебіне жақын тұратын қазақтарды отырықшы орыс халқының озбырлығынан қорғау еді. Қамқоршы далалық қазақтар шекара шебінен Ресейдің ішкі жағына өтіп кеткен жағдайда ғана олардың құқықтарын қорғай алатын. Басқарушы сұлтандардың жанында шешек ауруына қарсы егу жұмыстарын жүргізетін бір-бірден қазақ фельдшері болды.

1822—1824 жылдардағы жарғыларды енгізудің салдары

Бұл жарғылар, негізінен алғанда, алысты көздейтін арам ниетті пиғылмен жасалған еді. Соның салдарынан Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары өздерінің дәстүрлі мемлекеттілігінен айырылып қалды, Қазақстан бірте-бірте Ресей империясының отарына айналды. Жарғы жаңалықтары көші-қон шеңберін тарылтты, еркін көшу бостандығы мүмкін болмай қалды. Бұрыннан қалыптасқаң рулық ұжымдар бір-бірімен мидай араласып кетті. Бір кездегі дамыған көшпелі мал шаруашылығы тұйыққа тіреліп, күрт құлдырай бастады. Патша үкіметі мемлекеттік салықтың қатаң белгіленген мөлшерін бекітті. Елден жиналатын алым-салық шенеуніктік аппарат пен әскери күштерді ұстауға қажетті қаржы көзіне айналды. Патша үкіметінің бұл реформалары қазақ рубасылары мен сұлтандарынан іріктелген, айтқанды екі етпей орындайтын «тәртіпті аппарат» құруды одан әрі күшейте түсті. Олар бірте-бірте орыс шенеуніктеріне теңестірілді. Ендігі жерде олар сыйақы мен шен алу үшін қызмет етуге көшті. Оларды қызметке тағайындау да, қызметінен алып тастау да Ресейдің аймақтық басшылығының көзқарасы мен көңіл күйіне тікелей байланысты болды. Болыс сайлауы парақорлық, шар салушылардың дауысын, орыс шенеуніктерінің ықыласын сатып алу сияқты жиіркенішті масқара құбылыстардың етек алуына алып барып соқтырды. Неміс зерттеушілерінің бірі Ф.фон Шварц былай деп жазды: Үлгі:Cquote Сайлаудың мұндай сиқы бір руды екінші руға қарсы қойып, өзара өшіктірді. Әркім өз руының құрамына дауыс беруге тырысты. Ал аға сұлтандарды сайлауға қара сүйек өкілдерінің де қатысуына рұқсат етілген кезде сұлтандар мен рубасыларының бір-біріне қарама-қарсылығы күшейе түсті. Округтық приказдар империяның қазақ даласындағы және Орта Азия иеліктеріндегі әскери-отаршылдық әрекеттерін одан әрі өршітудің әзірлік алаңдарбіна айналды. Сұлтандардың бір бөлігі, әсіресе жаңа қызмет лауазымдарын бөлу кезінде ескерусіз қалған бөлігі, патша үкіметінің реформаларына қарсы шықты. Ондай наразылықтардың бірқатары қарулы көтеріліске ұласты. Дегенмен де, XIX ғасырдың 20-жылдарындағы реформалардың отаршылдық сипаты мен мәні күшті болғанына қарамай, олар қазақ даласында сауда-саттықты, денсаулық сақтау ісін және халыққа білім беруді едәуір дамытуға оң ықпалын тигізді. <ref>Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамүра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы.ISBN 9965-34-816-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Kz-hist-stub