Шөгінді тау жыныстары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Шөгінді тау жыныстары<ref>Русско-казахский толковый географический словарь. Под общей редакцией академика АН КазССР, проф. С. К. Кенесбаева и кандидата филол. наук А. А. Абдрахманова. Алма-Ата, Изд-во «Наука», 1966, стр. 204. (Академия наук Казахской ССР. Институт языкознания. Сектор физической географии). Составители: Ж. Аубакиров, С. Абдрахманов, К. Базарбаев</ref> — құрлықта немесе су бассейндерінде шөгетін материалдан пайда болатын тау жыныстары. Материалдың бөлшегі, салмағы, үлкендігі оның сортталу дәрежесімен сипатталады және қабатты болады, жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары кездеседі. Шығу жағынан химиялық (гипс, тас тұзы, оолитті ізбестас және басқалары), органогендік (қараңыз), жануарлар мен өсімдіктердің өмір сүруінің салдарынан пайда болады (маржандық және қабыршақтық ізбестас, шымтезек, тас көмір) және кесек шөгінді тау жыныстарына бөлінеді.

Шөгінді тау жыныстары

Шөгінді тау жыныстары жер бетінің 75%-н жауып жатыр. Шөгінді тау жыныстарының түзілу процесі литогенез деп аталып, үш сатыдан өтеді:

  • қатты (түпкі) тау жыныстарының мүжілуі, бұзылуынан бастапқы материал пайда болады;
  • осы материал су ағыны, жел, мұздыққа байланысты құбылыстар әсерінен көшеді де құрлық немесе су түбіне тұнады;
  • әр түрлі бөлшектерден құралған, суға қаныққан борпылдақ тұнба түзіледі.

Әлі тепе-теңдік күйге келмеген, бірақ уақыт өте келе біртіндеп Шөгінді тау жыныстарына айналатын осы тұнба күрделі физика-химиялық жүйе болып саналады. Осы жүйенің тау жыныстарына айналу процесі гипергенез, седиментогенез, диагенез, катагенез, т.б. даму сатыларында жүзеге асады. Шөгінді тау жыныстары бұрын болған эндогендік тау жыныстарының үгілу өнімдерінен пайда болғандықтан олардың химиялық құрамы бір-біріне ұқсас. Айырмашылығы Шөгінді тау жыныстарында темір мен кальций тотығы және су мен көміртектің көбірек болуында. Шөгінді тау жыныстары құраушыларына байланысты аутигендік және аллотигендік деп бөлінеді.

Аутигендік шөгінді тау жыныстары

Аутигендік шөгінді тау жыныстары – шөгу процесі кезінде түзілген минералдар тобы. Оларға: каолинит, гидрослюда, монтмориллонит, гиббсит, бемит, диаспор, гетит, гематит, пиролюзит, псиломелан, манганит, апатит, коллофан, кварц, халцедон, опал, кальцит, доломит, сидерит, родохрозит, гипс, ангидрит, галит, сильвин, карналлит жатады.

Аллотигендік шөгінді тау жыныстары

Аллотигендік шөгінді тау жыныстарына – магмалық және метаморфтық тау жыныстары мен олардың минералдары, ғарыштық тозаңдар, организм қалдықтары, жанартау өнімдері (пирокластар) жатады. Шөгінді тау жыныстарының бітімі қалыптасу жағдайына қарай: көлбеу, арналық, теңіз-жағалық, эолдық, тасқындық, толқындық, қабаттастық, су асты көшкіндік, ұсақ қатпарлы, биогендік, тасберіштік, т.б. болып келеді. Олардың құрылымы да жаралу түріне қарай әр түрлі: псефиттік, псаммиттік, алевриттік, пелиттік, литокластық, кристалкластық, витркластық, пизолиттік, оолиттік, сферолиттік, биоморфтық, детритустық, кристалл түйірлі, жасырын кристалды, аморфты, т.б. болады.

Шөгінді тау жыныстарының түзілуі

Шөгінді тау жыныстары түзілуі бойынша 3 класқа бөлінеді:

  • сынықты
  • сазды
  • химия-биохимиялық

Сынықты Шөгінді тау жыныстары тегіне байланысты екі қатарға ажыратылады: жанартаулық және нақты шөгінді. Жанартаулық-сынықты тау жыныстары жанартау атқылауы кезінде түзіліп (пирокластар), мөлшер қатынасы бойынша туфтар, туффиттер және туфогендік болып үшке бөлінеді. Туфтарда пирокласт 90%, ал туффиттерде 50 – 90%, туфогендік тау жыныстарында 10 – 50% болады. Нақты шөгінді-сынықты тау жыныстары өлшемі бойынша ірі (2 мм-ден үлкен), орташа (0,1 – 2 мм) және ұсақ (0,01 – 0,1 мм) болып жіктеледі. Ірілері физикалық күйіне байланысты жақпартас, дөңбектас, малтатас, қиыршықтас, конгломераттар, брекчиялар деп ажыратылады. Орташа сынықты тау жыныстары құм және құмтасқа, ал ұсақ түйірлілері құмайт және құмайттасқа бөлінеді.
Сазды Шөгінді тау жыныстарының болбыр, жұмсақ түрлерін саздар, ал тасқа айналғандарын сазтастар деп атайды. Олар гидрослюда, монтмориллонит, т.б. сияқты сазды минералдардан тұрады.
Химиялық және биохимиялық Шөгінді тау жыныстары химиялық құрамына қарай алюминийлі, темірлі, марганецті, фосфатты, кремнийлі, карбонатты, тұзды тау жыныстары болып бөлінеді. Шөгінді тау жыныстарының ең көп таралғандары сазды тау жыныстары (53%), құмды тау жыныстары (25%), карбонатты тау жыныстары (20%).<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том</ref>

Тағы қараңыз

Дереккөздер

<references/>