Шығыс Өзен газ кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Шығыс Өзен газ кен орны - Оңтүстік Маңғыстау ойысымының Жазғұрлы ішкі ойысындағы газ кен орны. Жаңаөзен қаласының оңтүстігінде 12 км жерде орналасқан. 1988 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы

Кен орнын сыйыстырушы құрылым ірі тектоникалық тұрғыдан алғанда Өзен-Жетібай антиклин өңірінің күмбез іспетті көтерілімдерінің бірі болып табылады. Өнімді горизонттарының беті бойынша өлшемдері 2,75x1,5 км келген антиклин қатпар. Газды горизонт байос жікқабатының құмды-сазды шөгінділерінде.

Жатыс сипаты

Жатыны қойнауқаттық, дөңестік, газ-су жапсары -1827 м-лік белгіде. Терригендік жинауыштардың ашық кеуектілігі 14,1%, өтімділігі 0,010 мкм2 келген ұсақ түйірлі құмтастардан тұрады. Қалыңдығы 20 м-ге дейінгі сазды таужыныстар жапқыш болып табылады. Өнімді горизонттардың жалпы қалыңдығы 24,4 м, тиімді қалыңдығы 21,2 м, газға қаныққан қалыңдығы 8,4 м. Газға қанығу коээфициенті 0,69. Жатынның ауданы 2,91 км2, биіктігі 40 м, өнімді горизонттың дөңесі бойынша тереңдігі 1996 м. Бастапқы қойнауқаттық қысым мен температура 19 Мпа және 94°С. 7 мм-лік штуцердегі газ шығымы 94 мың м3/тәу, газдың тығыздығы 795 кг/м3.

Құрамы

Газ құрамында метан басым (90,4%), ауыр көмірсутектер үлесі 5,6%, 3,1% азот, 0,8 көмірқышқыл газы бар. Жатынның режимі газарынды. Хлор-кальцийлі типті қойнауқаттық суларының тығыздығы 1098 кг/м3, минералдылығы 140 г/л-ден астам келетін тұздықтарға жатады. Кен орны 2000 жылдан бері игерілуде. <ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер