Шығыс Ақжар мұнай кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мұнай кен орны

Шығыс Ақжар мұнай кен орны - Каспий маңы ойысының шығыс ернеуіндегі мұнай кен орны. Құрылым 1980-1984 жылдары жете нақтыланған. Іздестіру бұрғылауы 1985 жылы, барлау-бұрғылауы 1990 жылы басталып, кен орны 1989 жылы ашылған.

Географиялық орны

Ақтөбе облысында, Жарқамыс кентінен солтүстік-шығыста 40 км қашықтықта орналасқан.

Геологиялық құрылымы

Кен орны төменгі пермнің ассель-артин шөгінділерінің беті бойынша бөлінетін ассиметриялы брахиантиклиналды қатпардан орын алған. Екі шағын көтеріңкі құрылым солтүстік-шығыс бағытта созылған, өлшемдері 31*9 км, амплитудасы 300-350 м. Іздестіру бұрғылауы 4870-5060 м тереңдіктер аралығындағы төменгі пермнің артин жікқабаты шөгінділерінің өнімділігін анықтады.

Жатыс сипаты, қанығуы

Анықталған мұнай жатыны қойнауқаттық, тектоникалық тұрғыдан қалқаланған, ондағы су-мұнай жапсары -4912 м тереңдікте. Жинауышы аралас, терригендік, ашық кеуектілігі 13,3%. Қалыңдығы 100 м-ден астам кунгур жікқабатына тиесілі ирен свитасының тұзды шөгінділері жатын жапқышы болып саналады. Мұнайлы бөліктің ауданы 8,9 км2, мұнай жатынының биіктігі 325 м, мұнайға қаныққан қалыңдық 59,4 м, қанығу коэффициент 0,654. Қанығу қысымы мен қойнауқаттық қысым тең елшемді - 93,12 МПа, қабат температурасы 93°С. 25,5 мм-лік штуцердегі мұнай шығымы (өнімі) 696,4 м3/тәу. Қойнауқаттық мұнайдың газбен қанығу дәрежесі 324 м3/т.

Тығыздығы, құрамы

Мұнайы жеңіл, тығыздығы 826-837 кг/м3, қалыпты жағдайлардағы тұтқырлығы 9,47 Сет, аз күкіртті (0,1-0,29%) аз парафинді (1-5,8%) және аз ғана мөлшерде шайырлар мен асфальтендер бар. Метанды көмірсутектердің мөлшері 89,06%, хошиісті көмірсутектер мөлшері - 7,25%. Кен орны жете барлау сатысында, тендерге қойылған.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер