Шаға ескерткіштері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Шаға ескерткіштері — көне дәуірлерден сақталған археологиялық ескерткіштердің үлкен тобы. Құрамына 3 қалашық, 2 қоныс және үлкен зират кіреді. Қаратау жотасының оңтүстік беткейінде, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданындағы Шаға ауылының маңында орналасқан. Алғашында 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияның (жетек. К.Ақышев) далалық ізденістері барысында зират табылып, 1970-1972 жылы мұнда ауылға Г. Максимова қазба жұмыстарын жүргізді. 2000 жылы Түркістан археологиялық экспедиция (жетекшісі Е.Смағұлов, ауылы Ержігітова) осы аумақты тиянақты зерттеу нәтижесінде басқа да жәдігерлер ашылып, мұның барлығы “Шаға археологиялық кешені” деген атпен ғылымға енді. Мерзімі жағынан ерте кезеңге жататын 2 шағын қоныс қазіргі ауылдың аумағында орналасқаны анықталды. Жер бетінен жиналған қыш ыдыс бөлшектері мен өзге де заттай айғақтар жергілікті халықтың б.з. I - II және VIII ғасыр аралығында өмір сүргенін дәлелдейді. Қоныстардың жанында ашылған Шаға-1 қала жұртының орталық бөлігі төртбұрыш пішіндес төбе түрінде сақталған. Солтүстік тарапты алып жатқан цитадельдің төбешік тәрізді шөккен орнының аумағы 0,5 га, биіктігі 10 м. Орталығы төбенің үш жағын сыртынан қабырғамен қоршалған көлемді шахристан алып жатыр. Зерттеулер барысында Шаға-1 қала жұртының жалпы аумағы 6 га екені анықталып, оның өмір сүрген уақыты VIII - XVIII ғасырларға мерзімделген. Ғалымдар бұл ескерткіштің осының алдында өмір сүрген 2 қоныстың заңды жалғасы екенін дәлелдеді және жазба деректерде кездесетін Шағылжан қаласының сақталған жұрты осы болуы мүмкін екенін айтты.

Табылған бұйымдар

Ауыл жанындағы төбеде орналасқан зиратта алғашында барлығы 213 нысан тіркеліп, оның 5-уі қазылған болатын. Кейінгі ізденістер зираттағы жерлеу орындарының бұдан көбірек екенін, атап айтқанда олардың бір бөлігінің төбе етегіндегі осы заманғы бейіттің астында екенін байқатты. Қазылған нысандар жер бетіндегі қабірханалар түрінде шикі кірпіштен немесе пахсадан соғылған (ғылымда көне жерлеу орындарының осындай түріне байланысты қолданылатын “наус типтес қабірханалар” деген атау бар). Пішіні жағынан шаршыға ұқсас, аумағы 4–54–5 м, биіктігі 0,35 — 2,2 м қабірханалардың есіктері оңтүстік-шығыс қабырғадан ұзындығы 3 — 3,5 м, ішкі ені 0,7 — 0,3 м төбесі күмбезделе жабылған дәліздер түрінде шығарылған. Мүрделер іргелерге жапсарлас салынған аласа балшық сәкілерде немесе еденде жатқызылған. Зерттеулер әр қабірханаға бірнеше мүрденің қойылуы тән екенін көрсетті, яғни бұл құрылыстар ұзақ уақыт аралығында қызмет істеп келген. Мысалы, 1 қабірханадан 3 адамның, ал 2 қабірханадан барлығы 25 адамның сүйегі табылған. Көптеп кездескен қыш ыдыстар, сондай-ақ темір садақ жебелері, белдік тоғалары, қола сырға, тас, шыны моншақтар сияқты заттай деректер және қазбадан табылған Соғды теңгесі бұл қабірханалар негізінен 7 — 8 ғасырлардың бас кезінде пайдаланылғанын анықтап берді. Осыған қарағанда, мұнда ерте кезеңге жататын Шаға ескерткіштері қоныстарында тұрған адамдар жерленген болуы керек.

Болжамдар

Ғалымдардың пікірінше, осындай ұзақ мерзімді қабірхана-наустарда мүрделер киімі заттарымен қойылып, уақыт өте келе дене толық іріген соң, адам сүйектері тысқары жердегі арнайы орындарға көмілетін болған. Шаға қабірханаларындағы сүйектердің орнында қалып кетуі осы жерді мекендеген тұрғындар өмірінде әлдеқандай тосын оқиғаның орын алғанын, сол себепті жерлеу ғұрпының екінші сатысы жүзеге асырылмай қалғандығын білдіреді. Шаршы пішіндес, шығыс тараптан ұзын дәліз түрінде есік шығарылған мұндай жер бетіндегі жерлеу құрылыстары өзінің шығу тегі бойынша соңғы қола, ерте темір дәуірлерінің атақты Беғазы, Бесшатыр сияқты ескерткіштерінен бастау алуы мүмкін.

Пайдаланған Әдебиет

<references/>

{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Шаға ескерткіштері|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}