Түркістан қаласының тарихи-мәдени этнографиялық орталығы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Мұражай Тарихи-мәдени этнографиялық орталықТүркістан қаласында орналасқан тарихи-этнографиялық мұражай, қазақ халқының мұрасы мен рухани қазынасының қайнар көзі саналатын этноорталық.

Тарихы

Сурет:Kone Turkestan.jpg
Көне Түркістан
Сурет:Kazakh khandigi.jpg
Қазақ хандығы
Сурет:Bolashak T.jpg
Болашақтағы Түркістан

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған орталық 2010 жылдың наурыз айынан бастап салына бастаған. Алматы қаласындағы Аманжол Найманбай басшылық ететін «Этнодизайн Қазақ – 2030» ЖШС-нің ұжымы құрылысты 9 ай ішінде аяқтап, сол жылдың желтоқсан айында ол пайдалануға берілген. Түркістандағы «Тарихи-мәдени этнографиялық орталықтың» ашылуы қаланың тарихи-мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды.<ref>Үлгі:Cite web</ref>

Орталықтың ашылу салтанаты 16 желтоқсанҚазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ұйымдастырылып, сол кезден бастап мұражай халыққа қызмет көрсете бастады.

Негізгі мақсаты – халықты Түркістанның рухани өмірінен, тарихынан хабардар етіп, оның ел мәдениетінде алар орнын, маңызын орталық қорындағы тарихи жәдігерлер жинағы арқылы көрсету. Орталықтың міндеті – болашақта Түркістан тарихынан сыр шертетін ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру.

«Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан» деген Елбасының пікірін негізге ала отырып ашылған «Тарихи-мәдени этнографиялық орталық» болашақта Түркістан тарихын зерделейтін ғылыми-зерттеу орталығына айналмақ.<ref>Үлгі:Cite web</ref>

Музей қоры Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 23 ақпанындағы №45 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мұражай қорын қалыптастыру және сақтау ережесіне сәйкес жұмыс жасайды, ереже бойынша мұражай қорын қалыптастыру төмендегідей жүзеге асырылады делінген:

  1. Мұражай жәдігерлері мұражай жинақтарын иеленушісінен сатып алу жолымен;
  2. Жеке және заңды тұлғалардан сый немесе мұра ретінде қабылданған заттар есебінен;
  3. Сот арқылы немесе өзгеде осындай құзыреті бар мемлекеттік органдардың шешімі арқылы тәркіленген мұражайлық маңызы бар жинақтардың немесе жекелеген заттардың есебінен;
  4. Археологиялық экспедициялардың нәтижесінде немесе өзге де жағдайларда табылған тарихи-көркемдік құндылықты құрайтын заттардың және көмбелердің есебінен толықтырылып отырады.

Орталық сонымен қатар оқушыларға тәрбие беруде де маңызды рөл атқарады. Республиканың барлық аумағында «Тарихи-мәдени этнографиялық орталықпен» таныстыру мақсатында ұйымдастырылған оқушылар экскурсиясы құрылып, Түркістан қаласына ағылуда. Орталықта Түркістанның төл тарихына арналған музейлік экспозиция жасақталған. Орталыққа қарасты Түркістан қаласында Н.Оңдасынов атындағы тарихи-мемориалдық мұражайы атты филиал жұмыс жасайды.

Тәрбие беру жұмысы тәжірибесінде мектеп мұғалімдерінің мұражайлармен байланыстарының мұражайда жүргізілетін оқу сапарын бірге дайындау, ұйымдастыру; мұражай сабағын дайындауда мұғалім мен мұражай қызметкерінің байланысы; мұражай мұрағаттарын көрнекі құрал ретінде пайдалану; тәрбиелік мәні бар іс-шараларды бірге ұйымдастыру; мұғалімдер үшін мұражайда дәрістер, семинарлар, конференциялар өткізу; мектепке мұражай ұйымдастыруға көмегі сынды әр түрлі формалары қалыптасқан.

Мұражай ғимараты

Орталықтың музейлік экспозициясы 3800 шаршы метрді қамтиды. Ғимарат 3 қабаттан, 5 көрме залынан, конференция залынан, қолөнершілердің шеберханасы және тарихшылардың зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелерден тұрады.

Орталықтың бірінші қабатында Ерте дәуірдегі Түркістан тарихы, орта ғасырлардағы Түркістан тарихы, Шыңғысхан мен Әмір Темір дәуіріндегі Түркістан тарихы және Оңтүстік Қазақстан жеріне Ислам дінінің таралу тарихын көрсететін көптеген экспозициялар қойылған.

Екінші қабатта «Қазақ хандығы және Түркістан – Қазақ хандығының Ақ Ордасы» атты экспозициялық зал орналасқан.

Үшінші қабатта «Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа Түркістан» атты экспозициялар қойылған. Мұнда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі Түркістан қаласында салынған ғимараттар мен болашақта салынатын жаңа Түркістанның макеттері қойылған<ref>«Ұстаз» газеті, №18-19, 2011, 31 мамыр</ref>.

Бөлімдері

Сурет:Aziada.jpg
Азиада ойыншығы

Біздің дәуірімізден 1 миллион жыл бұрын өмір сүрген "тік жүретін адамнан" бастап, өз замандастарына дейінгі кезеңдерді қамтитын, ғасырлар қойнауынан жұмбақ сыр шертетін орталықтың экспозициясы негізгі сегіз ірі бөлімнен тұрады, олар:

  • "Ерте дәуірдегі Түркістан тарихы"
  • "Орта ғасырлық Түркістан тарихы"
  • "Шыңғыс хан мен Әмір Tемір дәуіріндегі Түркістан тарихы"
  • "Оңтүстік Қазақстан жеріне Ислам дінінің таралу тарихы"
  • "Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұрасы"
  • "Қазақ хандығы тарихы және Түркістан – қазақ хандығының Ақордасы"
  • 19-20 ғасырлардағы Түркістан тарихы"
  • "Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа Түркістан"

Аталған тақырыптар бойынша дайындалған экспозиция орталықтың үш қабатына толығымен орналасқан. Төменгі қабатта қызметкерлер үшін бөлмелер қарастырылған. Орталықтың экспозициясы 1770 құнды жәдігерлермен қамтылған, оның ішінде негізгісі - 1313, қосалқы - 457<ref>«Түркістан» газеті, № 46, 2011, 3 қыркүйек</ref>. Сондай-ақ орталықта ежелгі заманнан бастап қазіргі заманғы бұйымдар мен құнды материалдар қойылған. Мәселен, тігін машинасы, үтік, киіз үй, ескі компьютер, күміс білезік, сақина, зеңбірек, садақ, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, қыш ыдыстар, Тайқазан макеті, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының қуыршағы, «Алтын адамның» мүсіні, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің макеті, болашақтағы Түркістанның көрінісі, т.б.

Орталықтағы қолөнер бұйымдары

Сурет:Kish idistar t.jpg
Қыш ыдыстар
Сурет:Taykazan.jpg
Тайқазан макеті

Орталықтың екінші қабатының оң қанатындағы экспозициясынан Түркістан қаласының 19-20 ғғ. тарихын көруге болады. Соның ішінде музейге келушілерді осы аймақтың қолөнер шеберлерінің жасаған зергерлік бұйымдары өте қатты қызықтырады.

Бұл экспозициядан қазақ шеберлерінің зергерлік бұйымдарды жасауда сан алуан техникалық тәсілдерді жетік меңгергенін аңғаруға болады. Өмір салтының көшпелі болуына қарамастан, олардың зергерлік кәсіпте биік техникалық және эстетикалық деңгейге көтерілуі көптеген туристерді таң-тамаша қалдырады. Оның үстіне Қазақстан жерінде мыс, жез, темір және күміс пен алтын сияқты металдардың бай қоры болғандықтан, оларды өңдеу арқылы әсемдік бұйымдар жасау ісі өте көне замандардан бастау алады.

Қазақ зергерлері, негізінен, түсті металдардан сан алуан әсемдік бұйымдар жасаған. Әсіресе, күмістен соғылған сырғалар, шолпы, шекелік, алқа, жүзік, білезіктер, қапсырмалар мен түймелер секілді көптеген сәндік әшекейлер ертеден-ақ кең тараған бұйымдар қатарына жатады. Зергерлік өнердің ғасырлар бойы үздіксіз дамуының нәтижесінде 19 ғасырдың басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілді.

Музей экспозициясына шығарылған зергерлік бұйымдар осы 19-20 ғасырларға тән. Олар музейді ашу кезіндегі ұйымдастыру жұмысы барысында оңтүстік өңірдің тұрғындары арасынан жинақталған. Мұражайдың негізгі жәдігері ретінде Хан мен Ханшаның «Отау жүзіктерін» атауға болады. Күміс жүзік пен сақина киіз үй формасында жасалған. Бірнеше қанық түсті эмальмен боялған әсем жүзіктерге асыл тастардан ерекше нәзік етіліп көздер орнатылған. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан өңіріне тән, қазақтың кіші жүзінен шыққан қыздарына арнайы жасалатын, ортасына таңбалар салынған, ерекше зерленіп жасалған күміс жүзіктер де мұражайдың мақтануға тұратын жәдігері болып табылады. Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңіріне тән «Құс тұмсық» жүзіктерінің, сырғаларының, алқалар мен өңір әшекейлерінің де сан алуан түрлері музей экспозициясын түрлендіріп тұр<ref>«Мектеп» журналы, «Мұражай - халықтың рухани қазынасының қайнар көзі», 15 бет, 2011, маусым, № 06 (94), Тіркеу куәлігі № 4077-Ж</ref>.

Музей экспонаттары

Сурет:Alash orda.jpg
Алаш Орда үкіметі

Орталықтың кіре берісінде қазақ халқының ежелден келе жатқан мұрасы – Киіз үй орнатылған. Ол – «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған қазақ ата-бабаларының негізгі баспанасы, мәдениеті, мақтанышы, табысы әрі тарихи ескерткіші. Киіз үйде қазақ ата-бабасының түсінігі мен түйсігі, ұғымы, танымы, талғамы, өнер тәжірибесінің тұтас үлгісі, көрінісі жатқандықтан, ол ұлттың бас мұрасы ретінде орталықтың бірінші қабатына орналастырылған. Бір ғана киіз үйден сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер, мәдениет сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туындыны көруге болады.

Киіз үй құрылысы атауларынан қазақ тілінің бай қазынасын танып білуге болады. Орда – салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтандар отыратын үй.

Сондай-ақ, бұл орталықта Алаш үкіметіне қатысты да экспозиция дайындалған. Алаш үкіметін құрушылардың портреттері мен деректер келтірілген.

Хан сайлауы

Сурет:Khan saylaui.jpg
Хан сайлауы

Орталықтың басты экспонаттарының бірінде қазақ халқының хан сайлау рәсімі көрсетілген. Ол көне монғолдық дәстүрден аса көп өзгермеген күйінде ХІХ ғасырға дейін сақталған. А.И.Левшиннің сипаттауы бойынша, «Хан сайланатын орын мен уақыт белгіленетін, онда халықтың көптеп жиналуы және әр ру-тайпа басшыларының қатысуымен кіші-гірім мәжіліс өткізілетін. Тақ мұрагері анықталған соң, әйгілі билер мен сұлтандар оны ақ киізге отырғызып «Хан, Хан, Хан» деп үш рет көтеретін. Хан көтерілген ақ киіз, сайлауға қатысқандарға «хан талапай» деп аталатын теберік ретінде таратылатын».

«...1771 жылы үш жүздің барлық атақты кісілері, Үш алаш қазақ жұрты хандары, қалалар мен далалық аймақтар және Түркістан жұртының атақты кісілері мені барлық хандардың ағасы қылып қоюға келісті. Біздің дәстүріміз және алдынғы хандар салған жолмен біздің әулие Әзірет - Қожа Ахмет Йасауи дүние салған Түркістан қаласында, оның бейіті басында Фатиха оқылып мен хан етіп сайландым...» (құжат).

Хан тағы

Сурет:Khan Tagi.jpg
Хан тағы

Хан тағы – қазақ хандары отыратын орын. Орталықтағы экспонаттардың бірі.

«Батыр туса, ел ырысы» тақырыбы аясында әзірленген орталықтағы экспонаттар арқылы қазақ жауынгерлігі туралы ақпарат алуға болады. Қазақ этносының дәстүрлі мәдениетінің бір бөлігі болатын дәстүрлі жауынгерлік қару-жарағының даму тарихы бірнеше мыңжылдықты қамтиды.

Қазақтың дәстүрлі жауынгерлік қару-жарағы қазақ халқын құраған ру тайпалардың әрқайсысына тән қару-жарақ үлгілерінің негізінде дамып, даму барысында өзі мәдени, саяси, әскери қатынастарда болған халықтардың әскери өңірінің ықпалында болып, Қазақ хандығының құрылуымен төлтума бітімге ие болды. Көшпелі халықтарға тән жауынгерлік қарулар мен қорғаныс жарақтарының көпшілігі қазақтарда ХVІІ – ХVІІІ ғасырларға дейін, ал жекелеген түрлері ХІХ ғасырларға дейін қолданылып келді.

Осы экспонатта қазақ еліне тән қару-жарақтар қойылған.

«Ел іші - өнер кеніші» деген тақырыпта біріктірілген орталық экспонаттары қазақ халқының өнерінен сыр шертеді. Қазақтың аса бай тарихи, мәдени мұрасы, ұлттық аспаптары, ұлттық ою-өрнектері, ісмерлігі, қолтумасының қайталанбас сипаты, киім-кешегі ұлттық мақтаныш сезімін тудырады. Халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың ою-өрнекпен безендірілмегені өте аз. Ою-өрнектер ежелгі замандарда қалыптасып, халқымыздың тарихымен, тұрмыстағы әдет-ғұрып, салт-дәстүріне сай дамып, түрленіп жетілдіріліп отырған.

Көне Түркістан

«Көне Түркістан» атты экспонаттар жинағы ежелгі Түркістан шаһарының барлық бет-бейнесінен, тарихынан мағлұмат береді.

«Түркістан төңірегінде ел аузында жүрген мәнді аңыз, әфсана мен әңгіме көп, көненің көзі, асылдың сынығы – құнды жәдігерліктер мол. Біз осының бәрін ерекшелеп қажетімізге жаратуымыз керек.» Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

«Қожа Ахмет Йасауи ілімі мен мұрас»ы бөлімінде Ясауи салған сопылық жол жайында мағлұматтар, суреттер, тағы басқа дүниелер қамтылған. Х-ХII ғасырда Түркістанда жаңа ұлттық мирасты жаңғыртқан ислами жол дүниеге келді. Ол Ахмет Ясауидің түркілік сопылық ілімі, «Ясауи» дәстүрі, «Ясауи» тарихаты еді. Қ.А. Ясауи өз туындыларын қыпшақ, оғыз ұлыстарының ана тілінде, көне түрік тілінде жазған. Ясауи ілімі сопылық әдебиеттің негізін қалап қана қоймай, түркі халықтарының мемлекет, ұлт болып қалыптасуына әсер етті.

Өзге экспонаттар

Ерекше мәдени құнды жәдігерлер

Атауы Сипаттамасы
170pxМыс үккіш IV-XV ғасырлардағы келі-келсап тәріздес жасалған кіші үлгісі. Үккіштің ыдысы ернеуі сыртқа қарай иілген, астыңғы түбі жіңішкеріп табаны тегіс, жалпақ, сыртқы қабырғасынан 1 см-дейін шығыңқы етіп, қалың құйылып жасалған. Мыс үккіштің сабы жұмыр ұзынша келген екі басы және орта бөлігі жаңғақ көлеміндей дөңгелектеніп, ұстауға және үгуге лайықтанып жасалған.
Мыс қазан IV-VІ ғасырларда тұрмыста қолданылған бұйым. Ол қатты күйдірілген сырты қарайған, қалыңдығы жұқарған. Пішіні шұңғыл, ауызғы ернеуі сыртқа қарай бір елідей иіле қайрылған, екі тұтқасы бар.Тұтқасы қарапайым қазан құлағындай емес, әшекейленіп өрнектеле жасалған.
Аспалы мыс шырағдан (ХIV-ХV ғасырлар) Аспалы мыс шырағдан, 19х13см ұзын жіңішке бау шынжырмен 0,5х124 см ыдысқа бекітілген, қазан тәрізді, беті өсімдік бейнелі өрнектермен өрнектелген, мыстан жасалған. Шырағданың сыртына түскен ою-өрнегі кедір-бүдірлі етіп жасалған.
Безбен таразы (ХII ғасыр) Белдемшесі ағаштан істелген таразы, ағашы сынған. Таразының тайпақ келген кіші көлемде тостағандары бар. Бұл таразының өте кіші көлемде гір тастары бар. Гір тастары алты қырлы, беті мен астында сызықтары бар. Бұл таразымен бағалы металдар мен дәрі-дәрмек қоспаларын өлшеген болуы керек. Гір тастарының жалпы салмағы 100 грамм мөлшерінде.
Кіші құман самаурын Пішіні самаурын тәріздес етіп жасалған құман, ал шүмегі басқа самаурындар сияқты емес ұзынша келген құманың шүмегі тәріздес. Самаурының бүйірі 27,5 см, ал ұзындығы 28 см, табаны жалпақша келген сыртына қарай шиіріліп қайрыла жасалған, табанында тесіктері бар - от жаққанда ауа кіріп тұру үшін тесілген тәрізді. Қолға ұстар тұтқасы құманның тұтқасы тәріздес. Кіші құман самаурын мыстан құйылып жасалған, ішіне 2 литр су кетеді.
Мыс құман XVIII-XIX ғасырларда жуынуға арналған ыдыс. Құман өрнектеліп, бүйірі он бес қырлы етіп жасалған. Бүйірінің кейбір қырлары майысқан. Мойны домалақ шеңбер тәріздес сыртқа қарай шығыңқы етіп жасалған. Құманның қақпағы күмбез тәрізді. Табаны жалпақ, сыртқа қайырылып, жапсырылып жасалған. Құманның бүйірі 24,5 см, ұзындығы 38,5 см.
Жез құман ХVIII-XIX ғасырларда қолданылған бұйым. Сырты тегіс, мойнында сыртқа шығыңқы етіп жасалған домалақ шеңбері бар. Құманның қақпағы домалақ күмбезге ұқсас етіліп жасалған. Құманның су құяр аузында арабшалап жазылған жазуы бар. Табаны жалпақ сыртқа қайырылып жасалған. Бүйірі 18 см, ұзындығы 29 см.
Кіші жез құман Кіші жез құманның бүйірі 16 см, ұзындығы 25 см. Құман (XIV-XV ғасырлар) әсемделіп, өрнектеліп жасалған. Сыртында шығыс үлгісінде бейнеленген өрнектері бар. Құманның су құяр аузында кіші көлемде шығыс аркасы тәріздес етіп салған бейнесі бейнеленген, бүйірі он үш қырлы етіп жасалған, қырларының төбе жағы шығыс аркасы етіп жасалған. Тұтқасы құманға бекітіліп өрнектеліп жасалған. Табаны кедір бүдірлі етіп өрнектеліп жалпақша келген.
Мыс тостаған XIV ғасырда қолданылған бұйым. Ол шұңғыл етіп, қырланып жасалған. Ішкі жақ жиегінде шеңбер етіп сызылған екі сызығы бар, сол шеңбердің ішінде жақша тәріздес бейне бейнеленген. Ал сыртында шығыс үлгісінде бейнеленген өрнектері бар.
Қ.А.Ясауидің мөрі ХІІ ғасырға тән бұйым. Мөрдің қолға ұстар сабы ағаштан жасалған. Ал сияға батырып мөр басатын жері жұмсақ резіңкеден жасалған, сол мөр басатын резіңкеге арабша жазулар ойылып жазылған. Бүйірі 18 см, ал ұзындығы 10 см, ағаш сабына резіңке мықтап бекітілген.
170pxҚымызға арналған ұлттық ыдыс-аяқ топтамасы Бұл - ХVІІІ-ХІХ ғасырлар үлгісімен жасалған, қымызға құюға арналған ағаштан жасалған топтама. Ағаштан шұңғыл етіп ойылып, сырты оюланып өрнектеліп жасалған. Жиегі темір қапсырмамен қапсырылып, оюланып жасалған. Сыртқы бүйірінің жиегінде темір қапсырмаларға көк түсті тастар жапсырылып безендірілген.
Білезік (ХІХ ғасыр) ХІХ ғасырда жасалған білезік (6,2х1,8 см). Жайпақ етіп соғылып, екі ұшы сүйірленіп біткен. Бетінде геометриялық өрнектері бар.
Білезік (ХІХ ғасыр) Білезіктің (6,5х 2,8 см) (жаңа) ортасы жайпақ болып келіп екі ұшы сүйірленіп біткен. Орталық бөлігінде шаңырақ тәрізді дөңгелек металдан жасалған өрнек түсіп, оның ортасына көк түсті тастан көз отырғызылған, екі жанына қарай осы металдан ою жасалып жабыстырылған.
Білезік (ХІХ-XX ғасырлар) Білезік (6х 2,3 см), жаңа, сары түсті металдан жасалған, жайпақ етіп соғылып бетіне ақ түсті мельхиордан жасалған өрнек жабыстырылған. Ортасына дөңгелек формалы бирюза тастан көз отырғызылған.
Білезік (XX ғасыр) Білезік (6х2,5см), жаңа, жайпақ, ортасына күміс сымдардан өрнек жапсырылып, оның бетіне үш көз отырғызылған, ортасына үлкен жасыл түсті, екі жанына кішкене бирюза тастан көздері бар.
Білезік (XX ғасыр) Білезік (6,3х3 см), жаңа оймышталып өрнектелген, жиектері жіңішке күміспен жиектеліп көмкерілген, ортасына сия көк түсті сопақша келген тастан көз отырғызылған.
Білезік, сырға топтамасымен ХІХ-XX ғасырларда жасалынған, ұзындығы 17 см сырға 7 см.

Білезік, сырға топтамасы – әшекей. Жүзіктері де бар. Әшекейлер толығымен бирюза тастарымен әшекейленген. Бес білезіктің үш дана жүзігі білезіктермен шынжыр арқылы біріктірілген. Сырғаның төменгі жағында үш жапырақша салпыншақ бар.

Мыс тостаған (XIV ғасыр) Мыс тостаған, шұңғыл етіп тік қырланып жасалған. Ернеуінің d-23см,биіктігі 11см ,табанының d-10,5 см. Ішкі жақ жиегінде шеңбер етіп сызылған екі сызығы бар, сол шеңбердің ішінде жақша тәріздес бейне бейнеленген.Ал сыртында шығыс үлгісінде бейнеленген өрнектері бар.
Мыс құман (ХVIII-XIX ғасырлар) Кіші мыс құманның бүйірі 45 см, ал ұзындығы 28 см. Құман әсемделіп өрнектеліп жасалған. Құманның сырты шығыс үлгісінде жасалған. Құманның су құяр аузында кіші көлемде шығыс аркасы тәріздес етіп салған бейнесі бейнеленген, бүйірі дөңгелек етіп жасалған, тұтқасы құманға бекітіліп иіліп өрнектеліп жасалған. Табаны жалпақ тегіс етіп әсемделіп жасалған. Құманның қақпағы тұтқасына бекітілген, формасы қоңырау тәрізді етіп жасалған. Құманның мойыны жіңішке, ұзынша етіп жасалған.
Мыс кәрлен (XVIII-XIX ғасырлар) Мыс кәрлен (тазик) шығыс үлгісінде дәрет алуға,жуынуға арналып жасалған. Бүйірі 65 см, биіктігі 10см, ернеуінің диаметрі 38см, табанының диаметрі 16см. Табаны тегіс кіші тостағанша етіп жасалған, ернеуі сыртқа қарай жалпақ етіп қайырыла жасалған. Ернеуінің жалпақтығының ұзындығы 10 см. Ернеуі мен табаны үйлестіріп, әсемделіп жасалған.
Қыш құман (XIII-XIV ғасырлар) Кіші қыш құман бүйірі 65см,ұзындығы 21см. Бүйірі шығыңқы, формасы табанына қарай көлемі кішірейген,табанының d-10см.Бүйіріне тұтқасы аралығында қызыл ангобпен дөңгелене тарақша етіп өрнек түскен.Тұтқасы мен бүйірінің орта бөлігіне дейін үш сызықпен жолақша түскен.
170pxКСРО ақшасы (11х17,5) (25 (жиырма бес) рублей) 1909 жылы шығарылған үлкен көлемді қағаз ақша. Ақшаның оң жақ беті ашық қызғылт және ашық жасыл түспен боялған. Ақшаның оң жартысына III Александр патшаның суреті түскен және суретінің айналасы өсімдік сабақтары және тәж бейнелеген. Ақшаның ортаңғы бөлігінде бүркіттің басы екіге бөлінген бейнесі бар. Оң жақ бұрышына «25 рублей» деп жазылған. Ақшаның сол жақ беті ашық қызғылт түспен боялған. Ақшаның сол жақ бұрышына өсімдік сабақтарымен өгіздің басының бейнесі түскен, өгіз тұмсығына дөңгелек сым ілінген, оның ортасына «25» деп жазылған.
Шолпы (ХVІІІ-ХІХ ғасырлар) Ұзындығы 47 см, күміс металдан жасалынған. Шолпы, шынжыры көне, күмбез тәрізді бөлігі мен шашақтары жұқа метал пластинадан соғылып, олар сегіз дана және салпыншақтары да сегіз данадан құрастырылған.
Белдік (ХІХ-XX ғасырлар) Ұзындығы 96 см, ені 5,5см. Белдік, жаңа үлгі. Тері бетіне бастырылып рельефті өрнек салынып, алты жерінен төрт бұрышты метал пластина жабысқан, аралары үш қатар даналық күмістермен бөлінген, топса бетінде қоңыр түсті пластина беті жасыл түсті көздері бар.
Алқа сырғасымен (ХІХ ғасыр) Алқа, сегіз пластинадан құрастырылып шынжырмен ұшталып біткен. Пластиналар беті күміс сымдармен оймышталып өрнектеліп жабыстырылған, ортасында 5 пластинаның қоңыр, қызыл түсті тастан көздері бар. Төменгі үш пластинканың астына шаңырақша формалы салпыншақ ілінген.

Сырға, тамшы формасы болып келіп, төменгі жағына үш жапырақша іспетті салпыншақ ілінген беті сыммен өрнектеліп ортасына дөңгелек формалы қоңыр, қызыл тастан көз отырғызылған

Өңіржиек (ХІХ-XX ғасырлар) Ұзындығы 44см. Өңіржиек, үш бөліктен тұрады, бой тұмар тәрізді етіп жасалған орта бөлігіне тұмарша тәрізді етіп қосқан бөлшегі бар. Бетінде қоңыр қызыл түсті тастан көздер 5 дана орналасқан. Олардың формалары әр түрлі. Өңіржиектің бетіне күміс сымдардан ою өрнектер салынған.
Шолпы (ХІХ ғасыр) Ұзындығы 22 см. Шолпы, шынжыры көне, күмбез тәрізді бөлігі мен шашақтары жұқа метал пластинадан соғылып, олар сегіз дана және шалпыншақтарыда сегіз данадан құрастырылған.
Сырға (XX ғасыр) Ұзындығы 12,5 см. Сырға, жаңа үлгімен жасалған жұқа метал пластинадан оймышталып және бетіне жабыстырылып әшекейленген ортасында қара түсті көзі бар. Сырғаның астында салпыншағы жапырақ тәріздес етіп бекітілген.
Жүзік (ХІХ ғасыр) Құс тұмсық жүзік (ХІХ ғасыр соңы) бетіне бидай масағы тәрізді өрнек түскен, тұмсық ұшы зерленіп біткен.
Жүзік (ХІХ ғасыр) Жүзік күміс көзі қызыл түсті көзінің бетіне күміс зерленіп әшекейленген және жиектері де жұмырланып дөңгеленген әшекейлер жабыстырылған, сабағы жалпақ, бетіне өрнектер түсірілген.
Жүзік (ХVІІІ-ХІХ ғасырлар) Жүзік - Хан мен Ханшаның отау жүзігі, қалың етіп құйылып сүйірлене үшкір етіп жасалған, сүйір ұшында дөңгелек көз отырғызылған. Жиектері кедір бұдырлы етіп әшекейленген және жиегінде 4 ашық қызыл түсті көздері бар. Жүзіктің жиегі жасыл, ашық қызыл түспен боялып әшекейленген. Ханшаның жүзігі де дәл осы тәрізді әшекейленген.
Жүзік (ХVІІІ ғасыр) Жүзік қалыңдау етіп жасалған, күміс жүзік, қызылмен боялған шыны көзінің бетіне күміс зерленіп әшекейленген, сопақша келеген, жүзіктің бетімен, жиегі де безендірілген. Асты тегіс ал саусақ кірер сабы сары металмен бекітілген.
Жүзік (XX ғасыр) Жүзік күміс, бетіне қызыл тас отырғызылған тастың бетіне күміс сымдармен сегіз деген санға ұқсас етіп бейне әшекейленіп түсірілген.
Шекелік (ХІХ ғасыр) Шекелік күміс, көздері бар, шолпы бөлшектері әр кезеңде соғылған, күмбез тәрізді салпыншақтары бар бөлігімен шынжыры көне ХІХ ғасырға тән, ортасына төрт бұрышты қоңыр-қызыл түсті тастан көздері бар бөлігі жаңа үлгі бес дана көздер.

Тағы қараңыз

Дереккөздер

<references/> Үлгі:Таңдаулы мақала