Оңтүстік Торғай алабы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Оңтүстік Торғай алабы Тұран тақтасының құрамдас бөлігі болып табылады, ол Торғай ойысымының оңтүстік-шығыс бөлігін құрайды. Оның негізгі құрылымдық элементі Арысқұм ойысы. Алаптың шығыстағы және оңтүстік-шығыстағы шекаралары ретінде Оралтау мегантиклинорийінің батыс жапсарлары және үлкен Қаратаудың таулы-қатпарлы құрылымдары қаралады. Алаптың батыс шекарасы Төменгі Сырдария күмбезінің шығыс қанаты арқылы етеді, ал солтүстіктегі шартты шекарасы Мыңбұлақ ер тұрқылас құрылымы деп есептеледі.

Мұнда палеозойға дейінгі іргетас бір топ ұңғымалармен аршылған, оған тиесілі таужыныстардың деформацияға ұшырау және метаморфтану дәрежесі Ұлытаудың протерозойлық секциясының осы керсеткіштеріне ұқсас. Қиманың олардан жоғарырақ деңгейінде қоңыр түсті аргиллиттердің, туфты құмтастардың және гравелиттердің қабатшаларын кіріктіретін қоңыр түсті құмтастардан, алевролиттерден және саздардан, сұрғылт түсті алевролиттерден тұратын девон-таскөмір түзілімдері жайғасқан. Кейбір жекелеген аудандарда төменгі юраның астыңғы жапсарында фран-турне жікқабаттарына тиесілі сұрғылт түсті доломиттенген әктастар және турне-визе ғасырларында түзілген сұрғылт түсті, біршама берік органогендік-сынықты әктастар ұшырасады. Қиманың бұл бөлігі әдетте квазиплатформалық жаралымдарға жатқызылады.

Аталған жаралымдардан жоғары орналасқан юра, бор, палеоген және неоген түзілімдерінің қимасы құмды, алевролитті және сазды таужыныстардан құралған, бұл қиманың төменгі юра мен жоғарғы юраның төменгі бөлігіне тиесілі бөлігінде көмірлер мен жанғыш тақтатастардың, ортаңғы юрада көмірлі тақтатастардың қабатшалары ұшырасса, жоғарғы юраға қарасты бөлігінде жекелеген карбонатты қойнауқаттар кездеседі. Қимада құмдық және құмдық-алевролиттік қорқоймалар белдемді және жергілікті флюид тіректерімен ұштаса ұшырасады. Аймақтық флюид тірегі ретінде қиманың неокомдық секциясына қарасты сазды қойнауқаттар мен будалар сериясы қаралады.

Алаптың шөгінді тысы өте анық байқалатын құрылымдық жекелену белгілерімен сипатталады. Мұнда меридианға бойлас бағдарланған созылмалы грабен-синклиндер мен горст-антиклиндер жүйесі айқын сағаланады. Сондықтан мұнда Арысқұм, Ақшабұлақ, Сарылаң және Бозінген грабен-синклиндері және оларды бір-бірінен бөлектейтін Ақсай, Ащысай және Табақбұлақ горст-антиклиндері дараланған. Бұл құрылымдық элементтердің шекаралары көп жағдайда терең жарылымдар арқылы өтеді. Грабен-синклиндер ауқымында юра түзілімдерінің қалыңдығы күрт артады, ал платформалық тыстың жалпы қалыңдығы 5,5-6,0 км-ге жетеді.

Алап ауқымында мұнай мен газдың 17 кенорны ашылған, олардың ішінде Арыс және Оңтүстік Қоныс кенорындары газды-конденсатты, ал қалғандары мұнайлы және газды-конденсатты-мұнайлы кендер болып табылады. Екі кенорын - Құмкөл мен Ақшабұлақ - қорларының мөлшері жағынан ірі кенорындарға жатады.

Мұнай туындататуға қабілетті қатқабат ретінде төменгі-ортаңғы юра түзілімдерін алуға болады, бұл түзілімдердің мұнай туындату потенциалы ең жоғары көрсеткіштермен сипатталады. Мұнайдың туындау белдемдері грабен-синклиндерге, ал мұнай мен газдың негізгі шоғырлану белдемдері горст-антиклиндерге сәйкес келеді.

Алап ауқымында қойнауқаттық қысым мен температураның қалыптан тыс мөлшерлері ұшыраспаған.

Алаптың болашақтағы перспективалары грабен-синклиндердің жарылымдарға жапсарлас өңірлерінен, сол сияқты грабен-синклиндердің қапталдық бөліктеріндегі сүйірлене тамамдалу және стратиграфиялық тұрғыдан қалқалану белдемдерінен іздеу жұмыстарын жүргізумен байланыстырылады.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005.

ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}