Насарлар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Насара (назреяндар, христиандар) - Құран мен мұсылман әдебиеттегі христиандардың әдеттегі атауы. Құранның Мединедегі сүрелерінде пайда болған. Насара яһудилермен «Тәңірі кітабы адамдарына» - «аш әл-китаб» тобына жатады; Құранда олардың яһудилермен жаугершілігі және олардың өз ішіндегі алауыздығы туралы айтылып, Аллаһқа деген сенімді дұрыс уағыздау хақындағы талаптарын теріске шығарады, тіпті оларға және яһудилерғе қарсы күрес жүргізуге шақырады. Насара Тәңірі Елшісі Исаны Құдай деп жариялап, христиан діні туралы қағиданы уағыздағаны үшін айыпты санайды. Ибраһим мен Ислам қадір тұтатын өткен замандардағы басқа Пайғамбарларды да яһуди немесе христиан деп тануға болмайтынын бірнеше рет ескертеді. Бұл ескертулер Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) VII ғасырдың басында Арабияда кең тараған христиандық пен христиандарға деген көзқарасын танытады. Мұхаммед өз уағызын бастаған кезде христиандар тарапынан тез қолдау табамын деп ойлаған еді.

Жаугершілік соғыстар нәтижесінде бұрынғы Византия аймақтары мен Сасай әулеті мекендеген Ирандағы христиандардың едәуір бөлігін мұсылман билігіне көшірді. Мұсылмандар христиан қалалары тұрғындарымен жиі-жиі келісім шарттар жасасты, солардың христиандар үшін ең тиімді үлгілерінің бірі Мұхаммедтің Наджран тұрғындарымен жасаған келісімі болды. Христиандар алым-салықтарды уақтылы төлеп тұрған жағдайда өз діндерін еркін уағыздау, жер мен мүлікке иелік құқықтарын сақтап қалды.

Мұсылман мемлекеттері христиан қауымдарының рухани басшыларын олардың әкімшілігі және саяси көсемдері деп білді. Олар мұсылман өкіметтерімен барлық ресми қарым-қатынастар жүргізді, бөтен діндегілерге салынатын салықтарды төлеуді қамтамасыз етті, қауымның өз ішінде сот ісін жүзеге асырды. Қауымдардың өзін-өзі басқару ісі бүкіл орта ғасыр бойына сақталды. VII - XI ғасырларда христиандар мұсылман қауымында үлкен ықпалға ие болды. VII - VIII ғ-ларда олар халифалықта іс жүргізуді өз колдарында ұстады. Омейя әулеті сарайында VII ғасырдың орта тұсында христиан-ақын әл-Ахталдың беделі артып, көрнекті христиан ойшылдары дін хақында Дамаск халифаларымен пікір таластырды. Аббас әулеті билік құрған тұста христиандар бұрынғысынша жоғары әкім- шілік қызметті атқарды. Тіпті X - XI ғасырларда Буидтер мен Фатима әулеттерінде христиан-уәзірлер болды. VIII - IX ғасырларда насаралар Сирия мен Грекияның ғылыми әдебиеттерін араб тіліне аударуда үлкен қызмет атқарды. Орта ғасырларда мұсылман елдерінде бірқатар мамандықтар мұсылманнан басқа адамдардың, насаралап мүшелерінің құзырында болды. Дәрігерлердің басым көпшілігі солардың арасынан шықты. Мұсылмандар арасында өсімқорлық үлеске тыйым салу қаржы-қарыз қызметінің түгел дерлік яһудилер мен христиандар қолына көшуіне жағдай жасады. Христиандар шаруашылықтары мен христиан қорғандарында жүзім өсіру және шарап дайындау қолға алынды. Орта ғасырлардағы Шығыс қауымында христиандар мен мұсылмандар өмірдің көптеген саласында бірыңғай шаруашылық және мәдениет жүйесінде еңбек етті.

Крест жорықтарының ықпалымен және мұсылмандар қауымында дәстүрлік бағыттардың күшеюіне байланысты XII - XV ғасырларда мұсылман әлемінде христиан қауымын оқшаулау бірте-бірте күшейді. Осман империясы құрылғаннан кейін (XV - XVI ғасырлар) мұсылман мемлекеттің тікелей саяси билігіндегі христиандар мен христиан халықтарының саны көп ұлғайды. Еуропа мемлекетінің миссионерлік қызметі жанданып, олардың мұсылман елдерінде азшылық болып табылатын мұсылманнан басқа қауымдардың мүдделерін қорғау ниетімен сауда және саяси мақсаттармен мұсылман шығысына ағылып келе бастауынан қарым-қатынастар шиеленісе түсті. Шығыс христиандары өздігінен немесе саналы түрде Еуропа мемлекеттерінің мүдделерін жүзеге асырушыларға айналды. Бұған жауап ретінде XIX ғасырда Осман өкіметі мұсылман және мұсылманнан басқа адамдардың құқығы мен міндеттерін теңестіру деген желеумен оларды толығымен Осман мемлекетінің қарамағына бағындыруға әрекет жасады, бұл христиандар мен христиан мемлекеттері тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Христиандарды қысымға алу күшейе түсті, қауымдар арасында өзара алауыздық әртін тұтатын, әлденеше рет қанды қақтығыстарға ұласты, XX ғасырдың басында Түркия жерінде христиандарды жаппай қуғындау өріс алды.

XX ғасырдың ортасында мұсылман елдері үкіметтері жүзеге асырған белсенді мемлекеттендіру саясатының нәтижесінде қауымаралық бытыраңқылық әлсірей түсті. Ұлт-азаттық күрестің көптеген қимылдары кезінде мұсылман әлемінің христиандары ұлттық саяси ұйымдар құрамында мұсылмандармен бірлікке келе бастады. 70 - 80 жылдары Исламның саяси маңызының артуы нәтижесінде дінге дұшпандық күшейді, әсіресе Ливан мен Мысырдағы әлеуметтік қақтығыстар қайтадан діни сипат ала бастады. Шамамен тап осы кезеңде христиан және мұсылман діни қайраткерлері бірнеше кездесулер өткізіп, келіссөз жүргізді. Бұл келіссөздер монотеистік екі дінді жақындастырудың жолдарын табуды мақсат етті.

Қазіргі уақытта христиандардың басым көпшілігі араб елдерінде тұрады. Олар, негізінен, православие, католитиктік, униялық, несториандық, т.б. бағыттарды жасаушылар.<ref>Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}Үлгі:Islam-stub