Лақса

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Taxobox Лақса (Үлгі:Lang-la) – астралылар тұқымдасына жататын екі және көп жылдық шөптесін өсімдіктер.

Ботаникалық сипаты

Сурет:Echinops ritro.jpeg
Шоғырбас гүлшоғыры
  • Олардың биіктігі 10 — 150 см.
  • Сабағы тік өседі, жапырақ тақтасының жиектері терең ойықталған, тікенекті, астыңғы жағы жұмсақ, қалың түкті, кей түрі безді түкті келеді. Лақсаның басқа туыстан ерекшелігі — себеті бір ғана гүлден тұрады. Олардың бірнешеуі топтанып сабағы мен бұтақтарының ұшында шоғырбас гүлшоғырын құрайды. Себетінің сыртын 3 — 5 қатардан құралған тікенекті, жарғақты орама жапырақтар қоршайды.
  • Гүлі қос жынысты, түбі түтікше тәрізді біріккен ақ немесе көгілдір түсті, 5 күлтесі, жіпшелері түтікшеге біріккен 5 аталық, аузы қос тілімді аналығы болады. Тостағанша жапырақшасы түрін өзгертіп үлпекке айналған. Ол айдарша жемісінің ұшында сақталған, желмен ұшып кеңірек таралуына жағдай туғызды. Маусым-шілде айларында гүлдеп, тамыз-қыркүйекте жеміс береді.
  • Жемісі — қақырамайтын қырлы, түкті, айдаршалы тұқымша. Әр тұқымшаның (жемісі) ішінде жалғыз тұқымы болады.

Өсетін жері мен таралу аймағы

Қазақстанда Шығыс Қазақстан облысының батыс, оңтүстік-батысында және Торғай, Көкшетау, Сыр өңірі, Мойынқұм, Маңғыстау, Ұлытау аймақтарында, Балқаш-Алакөл алабында, Шу-Іле тауларында кеңінен таралған. Құмды, шөлді далаларда, таудың төменгі белдеулері мен тастақты беткейлерінде, тау етектеріндегі шалғындықтар мен бұталардың арасында өсетін 18 түрі бар.

Қолданысы, қорғалуы

Лақса — улы өсімдік, мал жемейді. Тұқымында 28%-дай тез кебетін май болады, ол техникада қолданылады. Гүлінен ара бал жинайды. Қазақ лақсасы, Зайсан лақсасы, біркелкі биік лақса — сирек кездесетін өсімдіктер, қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.<ref>«Ақмола облысы» энциклопедиясы</ref><ref>«Маңғыстау өсімдіктерінің каталогы», Ақтау, 2006;</ref> <ref>Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер