Керуен жолдары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Керуен жолдары– ежелгі дәуір мен орта ғасырларда Батыс Еуропа мен Шығыс елдерінің арасындағы сауда қатынастарының дамуына ықпал еткен аса ірі халықаралық қатынас жолдары.


Қазақ жеріндегі Керуен жолдарының тарихы б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шеніндегі «далалық сақ жолдарынан» басталады. Геродоттың жазуы бойынша, бұл жол Қаратау маңынан Дон (Дөң) жағалауына дейін, одан Оңтүстік Оралдағы сарматтар жеріне бағытталып, Ертіс бойы мен Алтайға, Зайсан көліне дейін созылған. Кейбір деректерге қарағанда, ежелгі Керуен жолдарынана «Ұлы Жібек жолы» атауы кейін берілген. Бұл атау осы жолмен тасылған негізгі тауар – жібекпен тығыз байланысты. Керуен жолдары арқылы алғаш рет император Удидің тапсыруымен Батысқа саяхат жасаған дипломат Чжань Цянь (б.з.б. 103 жыл) жүріп өткен. Қытай елшісінің соңынан іле-шала жібек артқан керуендер Батысқа қарай бет алған. Уақыт өткен сайын Керуен жолдарының жеке тармақтары жергілікті саяси-экономикалык жағдайға орай, жанданып немесе керісінше құлдырау кезеңдерін басынан кешірген. 5 ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолының Қытай мен Орталық Азия арасын жалғастырып жатқан, Жетісу мен қазіргі Оңтүстік Қазақстан арқылы өткен тармағы жақсы дамыған. 6 ғасырдың 2-жартысында бұл Керуен жолдары көшпелі түркілердің құдіретті империясы – Түрік қағандығының құрамына кірді. Осы кезеңнен бастап Жетісуда аса ірі қалалар жүйесі қалыптаса бастайды.

569 жылы Ұлы Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан жеріндегі тармағымен Византия императоры Юстиан ІІ-нің түрік қағаны Дизавулге жіберген елшілігі жүріп өткен, оны Земарх басқарған. Земархтың сапары Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауымен Орталық Азияға жетіп, елшілердің Тараз қаласына тоқтағаны жөнінде жазылып қалған. 10 ғасырда Керуен жолдарының Іле Алатауын бойлап, Алматы, Талхиз (Талғар) арқылы Іле аңғарына шығатын бөлігі жандана бастады. Жолдың осы бөлігінде көптеген қалалар пайда болған. Орта ғасырлардағы ірі тарихи оқиғалар Керуен жолдарының тағдырына кері әсер етті. Мысалы, Шыңғыс хан шапқыншылығы Ұлы Жібек жолы бойындағы бұрынғы гүлденген қалаларды, отырықшы өркениетті күйретіп, сауда қатынасын әлсіретіп кетті. Байырғы Керуен жолдарының көптеген тармақтары құлдырауды басынан кешірді. 13 ғасырдың 2-жартысында ғана Керуен жолдары қайта жандана бастаған еді. Ұлы Жібек жолы мен оның тармақтары бойымен шығыс елдеріне саяхат жасаған еуропалық миссионерлер Джованни Плано Карпини (1245 – 47), Вильгельм Рубрук (1253 – 55) құнды географиялық мәліметтер жинап қалдырған. Осы жол арқылы Еуразия құрлығының ішкі бөліктеріне саяхат жасаған саяхатшы Марко Поло өткен. Ол Батыс Түркістанды «көшпелілер өте жақсы білетін солтүстік жолмен» кесіп өтіп, Шығыс Түркістанға Іле аңғары немесе Алакөл маңындағы Жоңғар қақпасы арқылы өткен. Кейінгі ғасырларда (1424 ж. Қытай мемлекеті солтүстік-батыс шекараларын жауып тастағанға дейін) Ұлы Жібек жолының Қазақстан мен Орта Азия арқылы өтетін тармағы басты Керуен жолдары болды. 14 ғасырда Моғолстандағы толассыз қырқысулар, Әмір Темір мемлекетінің ыдырауы Керуен жолдарының бағытын біршама өзгертті. Шығыс Азияға баратын жолдар енді Сібір арқылы өтетін болды. 15 ғасырдың аяғында Шығыс Азияға теңіз жолының ашылуы Орталық Азиядағы Керуен жолдарының маңызын әлсіретті. Дегенмен, 16 ғасырда шығыс сауда керуендері Орталық Азияның қалалары мен Иасыға (Түркістан) қатынап тұрғанын тарихи деректер дәлелдейді. 17 – 18 ғасырларда Қазақстан жерінен өтетін Түркістан, Сауран, Қалмақ, Ноғай жолдары деп аталатын Керуен жолдары болды. Ұлы Жібек жолы мен оның тармақтары тек қана табиғат жағдайы қолайлы жерлермен өтіп қана қойған жоқ, сонымен қоса табиғаты аса қатал Бетпақдала шөлі арқылы да көптеген Керуен жолдары өткенін тарихи-топографиялық зерттеулер дәлелдейді. Кейінгі ғасырларда Ұлы Жібек жолының жеке тармақтары сауда қатынасынан гөрі жорықтар мен саяхат жолдары ретінде танымал болды. Бұған жолдың қазақ даласы арқылы өтетін бөлігінен тарайтын Хан жолы (Түркістан қаласын Шымкент, Тараз, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар өңірлерімен байланыстырған), Хиуа жолы (Маңғыстаудан Хиуа баратын жол), Абылай жолы, Қарқаралы жолы, Сарысу жолы (Отырар, Жаркент, Сығанақ қалаларын байланыстырған), Тарақтылар жолы, Қимақ жолы, тағы басқа деп аталатын Керуен жолдары дәлел бола алады.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер