Кебіс

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киім. Тігілуіне, жайпақтығына қарай көксауыр кебіс, шоңқайма кебіс, шекшек кебіс деп атаған. Жайпақ кебісті ер адамдар киген. Көксауыр, шоңқайма, шекшегібар кебістерді қыз-келіншектер киетін болған. Бұрын кебісті галош орнына киген. Басын жұмсақ қара былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан жасаған, биік өкше етіп тіккен. Оны оюлармен әшекейлеп, шажамайы мен өкше сірісін, тұмсығын сыздықтап күміс, зер жіппен әдіптеген. Кебістің қарт кісілерге арналған шолақ қонышты жайтабан, кең ауыз деп аталатын түрлері де бар. Ер адамдарға арналған кебісті көннен немесе қалың былғарыдан түзу табан етіп тігеді, өкшесі биік болмайды. Әдетте, еркек етіктері мен кебістерінің өкшесіне темірден нәл қағады. Әйелдерге арналған кебістер түрлі түсті жұқа былғарыдан тігіліп, биік өкше қағылады, әрі түрлі жібек жіптермен кестеленіп көркемделеді. Мұндай әсем кебісті ұзатылатын қыздарға арнап жасататын болған. Кебісті, әдетте, ерлер де, әйелдер де мәсімен киеді. 20 ғасырдың 2-жартысынан бастап кебістің түр-сипаты өзгере бастады. Өкшесіне бірнеше қабат ұлтан салынып, шегеленетін, тұмсығы домалақтау етіп жасалатын болды. Қазір сапиан терілерден ою-өрнек салып, зерлеп, лактап тігілген кебістер кездеседі.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Сөз морфологиясы

Бұл сөз аяқ киім мағынасында иран тілінде де бар. Бірақ тұлғасы «кәфш» қалпында көрінеді (Пер.-рус. сл., 1983, 335). Әрине, бұл сөз түбірінің алғашқы мағынасы басқаша болғандығын да иран тілінен іздеп табамыз. Онда «кәф» немесе «кәфф»— аяқтың табапы деген мағынада қолданылады (бұл да сонда, 333). Дүние жүзіндегі бірқатар тілдерде (үнді, араб, ескі ағылшын, фин, эстон сияқты тілдерде) «һоф», «кәпп», «кәппә» тұлғалы сөздер «табан» мағынасында (В. М. Ил.-Св., ОСНЯ, 1971, 347) ұғынатындығын да ескерте кетеміз. «Табан» мағынасын беретін басқа тілдердегі «кәф» сөзі, одан туындаған «кәфш» сөздері қазақ тіліне ауысқаннан кейін «кебіс» іспеттес дыбыстық өзгеріске ұшырап, мағынасын дәлірек қазақшаласақ—«табандық киім» болмақ.<ref>Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}