Жан

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Жан<ref>Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. ISBN 9965-409-98-6</ref> — адамның , жан-жануарлардың (кейде өсімдіктердің де) бойындағы тіршілік қуаты туралы түсінік. Жанның заттық қасиеттері жоқ болғандықтан, оны ғылым жолмен тану мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан жан туралы дінде, мифологияда, философияда әртүрлі түсініктер қалыптасқан. Діни дүниетанымда адамдарға жан беруші және оны алушы — Құдай. Бұл барлық діндерге ортақ түсінік. Демек жан иесі — Құдай. Ислам философиясында жан— Алланың нұры немесе Алланың нұрынан жан пайда болады. Қалай болғанда да жан адамға қатысты емес, ол Алла әмірімен болатын іс. Жанның тәнге тұрақтаған кезі “жалған” өмір болса, тәннен бөлініп “ұшып” кеткен соң, ол “мәңгілік”. О дүниеде жаратушы сұрақтарына жауап беретін де жан Философия тарихында жан туралы көптеген ғұламалар пікір айтқан. Аристотель жан тәннің формасы деген. Грек философы Плотин жан тәннің формасы емес, ол — ақыл иесі дейді. Оның айтуынша ақыл тәнде емес, жанда. ибн Сина өсімдіктер жаны, хайуанаттар жаны және адамдар жаны деп жіктеген. ибн Сина дүниетанымында ақылсыз жан деген — түйсік, яғни хайуандар жаны, ал ақылды жан иесі — адам. Мұндай жағдайда өсімдік жанның хайуан жанына, одан адам жанына өтуі, немесе керісінше болуы мүмкін емес. Жанның бір денеден екінші денеге ауысуы будда дініндегі түсінік. Жан мифологияда, көркем өнерде түрлі образдарға негіз болған. Жанға қатысты философия тарихындағы негізгі проблемалар мынандай:

  • Жанның растығы. Плотин жан субстанция деген. Жанның растығын Платон, Аристотель, ибн Сина, т.б. мойындаған;
  • жан жаратылмаған. жан жаратылған болса, оның өлімі мойындалуы керек. жан өлімі деген дінде, мифологияда жоқ;
  • Жанның мәңгілігі;
  • Жанның даралығы. жан туралы жазушылар оның даралығын мойындайды.

Әрбір тәннің жеке жаны бар. жан жеке дара болғандықтан, ол қайталанбайды. Ол айналып келіп жаңа тәнге қонбайды, әрбір тән өзіне тиісті жанды қабылдайды. жанның даралығы туралы Абай да айтқан, ол жан мен ақылды қосып айтады, яғни адам дүниеден қайтқанда оның тәнінен жанымен бірге ақыл “ұшып” кетпек. Ал, ақыл амалы даралық сипатта. Жанның тәнге қатынасы туралы Шәкерім жан ақылмен бірігіп, нәпсіге қызмет атқару үшін қулық-сұмдыққа, зұлымдыққа барады деген. Сондықтан жан күнәсіз таза емес, ол күнә арқалап кетпек. жан тәннен арылған соң, тазарып рухтанбақ. Тірі адамның жаны егер ол адам ізгі ниетті, ыстық жүректі болса ғана таза. Жанның ұялайтын жері — жүрек. Жүректің тоқтауымен кеудеден жан шықпақ. “Жаны бай” — деп халқымыз мейірімі мол, ізгі адамды айтқан. Абай да “жүректі адам” — дегенде әдеттегідей көзсіз батырды емес, ізгі адамшылық қасиеттері мол адамды айтқан. Адамның жер бетіндегі саналы ғұмыры жан мен тәннің бірлігінде. Жансыз тән жоқ. Керісінше, тәнсіз жан болуы мүмкін. Халық түсінігінде тәнсіз жанның бір көрінісін “аруақ” дейді. Аруақ тәннен бөлінген жан иесі. Ол идеалды түсінік, санадағы шындық, заттық табиғаты жоқ. Ж-ның аруақтан өзге өмір сүруі туралы мифтік, филос. пайымдаулар бар. Атеистер жан мен тәннің бірлігін мойындап, жанның даралығын жоққа шығарады. Олардың ұғымында адамның өлімімен бірге оның жеке тарихы таусылып, топыраққа айналып, жойылып кетеді. Абай тәнді “менікі”, ақыл мен жанды “мен” — дейді. Абай ақыл мен жан тәннен бөлінген соң өзінше бөлек өмір сүретінін айтқан. Тәнге енген жан құпияға айналып, “жан жұмбағы” пайда болады. “жан жұмбағы” тәнге де қатысты. Қорқыт Ата жан жұмбағының сырын білуге ынтық болып, соның ілімін жасаған. Тән мен жан бір-бірінен ажырағанда тәннің сезілетін, сезетін қасиеттері жойылып, өзге күйге өтеді, бірақ жан өлмейді, өзінің тұрағына кетеді. Жанның тәннен айрылғаннан кейінгі тұрағы адам баласына құпия. Ол туралы діни мифтік сарындағы топшылаулар болмаса, нақтылы ғылыми дәлелдер жоқ.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref><ref>Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1</ref>

Дереккөздер

<references/>