Дәстүрлі қазақ мәдениетінің әлеуметтік-тектік типтері

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Мәдениеттану үшін әрекетті дерексіздендірілген жасаушы, ал халық деп сансыз топты алу көп нәрсе бермейді. Мұны айтып тұрғанымыздың себебі бар. Өйткені әлі күнге дейін мәдениет, сана, рух, әлеуметтік тұтастық қоршаған ортаға, қауымдық болмыстың тіршілік тынысына байланысты дамып отырды деген пікірлер кездеседі. Бұлай болған жағдайда мәдени тұлға енжар, сылбыр, көнбіс, тарихи қуыршаққа айналып кетеді. Біз бұл жерде мәдени тұлға деп тарихи-мәдени процестің субъектісін және оның ұжымдасу бітімдерін алып отырмыз. Генетикалық-туыстық бірлік арқылы да, қарым-қатынастық байланыстардың негізінде де, жалпы типологиялық ұқсастықтардың нәтижесінде де пайда болған ұйымдасушылық типтері әрбір этномәдениеттің өзіндік болмысының төлтума белгілеріне жатады. Оларды айқындау үшін формациялық тәсілдің беретіні аз. Бұрынғыдағы «көшпелі феодализм» (академик Б.Я. Владимирцев) немесе «патриархалдық феодализм» (П. Румянцев) ұғымдарының қазақ мәдениетінің әлеуметтік типтеріне онша жанаспайтындығы туралы соңғы кезде жеткілікті айтылды.

Егер шаруашылық-мәдени тип адамдардың қоршаған табиғи ортаны меңгеруінің тәсілі болса, онда әлеуметтік-генетикалық типтер жеке тұлғаның басқа әлеуметтік жүйелермен тұрақты және үйлесімді қарым-қатынаста болуының құралы іспеттес. Бұл туралы А. Тарақты өз ойын былай жеткізеді:

«Ұлы дала, қуаң табиғат, көшпелі өмір салт, маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі — адамдар бірін-бірі жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет. Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні — адаммен» деген принципті тіршіліктеріне тірек еткен. Сондықтан да әрбір көшпелі қазақ туыстық-қандастық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық критерий деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отырған. Бұл орайда, жеті аталық үрдіске ұлттың этнобиологиялық және этномәдени тұтастығын қамта- масыз ететін ғажайып тетік (механизм) ретінде ден қоюға тура келеді».<ref>Ауызша тарихнама. — Элем, 37-бет</ref>.

Жеті аталық үрдіс

Сонымен, көшпелілік ШМТ-тің қазақстандық мәдени ареалында қауымдық тұтастанудың ерекше бір типі — жеті аталық үрдіс қалыптасқан. Мұндай қоғамды қалай атауға болады және әлемде оның қандай тектес баламалары бар?

Туыстық негізде қалыптасқан рулық-тайпалық адамдардың әлеуметтік бірлестіктері бүкіл адамзаттың басынан өткізген ұжымдасу типіне жатады. Бұл туралы этнографиялық әдебиетте жеткілікті жазылған. Сондықтан бұл мәселенің кейбір жақтарына ғана тоқталып өтейік.

Қауымдық тұтастық жеке тұлғалардың келісімге келіп, өз құқықтарын ұжымдық бірлікке беруінен (қоғамдық келісім ілімі) тумайды. Қоғам неғұрлым қарапайым болған сайын, оның жеке тұлғалары да бір-біріне ұқсастанады. Керісінше, әлеуметтік жіктелу төмен деңгейде болғанда, адамдық қауымдасу бітімдерінің арасында, тіпті, бір құрылықта үлкен алшақтық байқалады. Яғни, мәдени өрлеудің нәтижесінде бір-бірімен тығыз қатынастарда болатын этностар жақындасуда болғанымен, оларды құрастыратын тұлғаларда автономдық, жекелік белгілер айқындала түседі. Мысалы, қазіргі Еуропаның халықтары түрі жағынан бір-біріне ұқсас болса, Азияда үлкен алшақтық бар. Ұжымдасудың типологиялық негізін еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі құрастырады. Жеке тұлғаның дербестілік қалыптаспаған, қауымдық тұтастық басым әлеуметтік бірлестігін — сегментарлық қоғам деп атайды («у ішсең — руыңмен»), Сегментарлық қоғамның негізін рулық-тайпалық қауымдастық құрастырған. Адамзат дамуының осы кезеңі әскери демократияға ұқсас болды.

Генетикалық-тектік негізде құрылған көшпелілердің рулық қоғамның, оның таксономикалық басты белгісін ауыл ұғымынсыз түсіндіруге болмайды. Ауыл деп көшпелі түрік этностарының ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан тектік әлеуметтік типке негізделген қоғамдық ұйымды айтады. Этникалық, экономикалық және рухани бірліктің ең басты көрінісі ауыл болды. Қазақ халқында «Ауыл түбі — бірлік, қауым түбі — тірлік» деген мәтел бар. Әдетте, ауылда 5—6 үйден 10—15 шаңыраққа дейін түтін көтерді, ауылдастар бірге көшіп, бірге қонды. Дәстүрлі қазақ ауылы бір атадан тараған ұрпақтардан тұрады (аздаған кірме-қоңсыларды қоспағанда). Ауыл ішінде некелік қатынастарға тыйым салынған. Жеті аталық үрдіс дегеніміз экзогамиялық некенің ең қатты сақталатын типіне жатады. Фольклордағы ғашықтар Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр (аралары үш-бес аталық) осы дәстүрді бұзғаны үшін өлім жазасына кесілген. Әрине, қазіргі заман тұрғысынан, не «кузендік» некелер жиі кездесетін отырықшы мәдениет менталитеті бойынша мұны қатыгездік деп бағалауға болады. Алайда көшпелілік өмір салтында қатал экзогамияның жанды жақтары да жеткілікті. Осындай неке аралары мыңдаған шақырым руларды бір-біріне туысқан етті. «Құда — мың жылдық» деген ұғым осыдан пайда болған. Осының нәтижесінде этностық тұтастану нығайып, бүкіл ұлттың адамдары бір-біріне бір әулет сияқты өзара қандас туысқан болып шығады «Қарға тамырлы қазақ». Экзогамиялық некенің адамның генетикалық сұрыпталуында оңды фактор екендігі ғылымға белгілі.

Жеті аталық әлеуметтік тип

Жеті аталық әлеуметтік тип генеалогиялық дүниетанымды қалыптастыруға себебін тигізді. Арғы негізі ілкі атадан (первопредок) басталатын туысқандық қатынастар тармақтары бүкіл халықтың тұтастануының көрінісі болды. Бұл генеалогиялық «ағаш» тек қазақ халқының туыстығын емес, сонымен бірге бауырлас түрік халықтарын да қамтыды («алты алаш»), Туысқандық қатынастарды білдіретін кестелер де көп жарияланған.

Көшпелілердің мәдениетіндегі әлеуметтік-генетикалық ұжымдар, рушылдықтың қазіргі кездегі маңызы, трайболизм, патриархалдық үлкен отбасы және тағы басқалары жөнінде әртүрлі көзқарастар бар.

Қазақстан егемен ел болғаннан кейін бұрын тыйым салынған мәселе — рулық қатынастардың құндылық әлемі тарихшылар "Мен әлеуметтанушылар тұрғысынан жан-жақты зерттеулердің басты объектісіне айналды. Бұл занды процесс. Жоғарыда айтылып кеткендей, жеті ата үрдісі қазақ мәдениетіндегі шежірешілдік дәстүрмен тікелей байланысты. Қазіргі кезде ертедегі түрік-моңғол халықтарынан бастап, жеке тайпалар мен рулардың, субэтностық топтардың (төрелердің, қожалардың, төленгіттің тағы басқа) шежірелері жарияланған. Бұл бастаманың әрине тәрбиелік және рухани маңызы зор. «Жеті атасын білмейтін ұл жетесіз» дейді халық мәтелі.

Жеті ата үрдісін қалпына келтіру, әрине, рулық-тайпалық жікшілдік пен трайболизмге әкелмейді. Бірақ Л. Гумилевтің сөзін қайталасақ, рулық тартыс көшпелі түрік халықтарының тарихи қарғысы болған. Олардың тарихи дамудағы жемісті кезеңдері рулық-тайпалық ыдыраушылықты жеңіп, елдің бірлестікке жете алғап уақыттарымен байланысты (VI—VII ғасырларды түрік қағанаттары, Алтын Орда мемлекеті, Ақсақ Темір империясы, осман түріктерінің мемлекеті, Қазақ хандығы және тағы басқалары).

Кейін елдік тұтастық принципінің әлсіреуі жікшілдікке әкеліп, XIX ғасырдың аяғында бір ғана тәуелсіз түріктік мемлекеттің (оның өзінің де жағдайы төмен еді) тарихи аренада қалуына әсер етті.

Көшпелі ауылдық қауымға негізделген қазақтардың төлтума әлеуметтік типінің құрылымдық элементтеріне (субъектілері) де отандық әдебиетте тек соңғы жылдары дұрыс баға беріліп жүр. Бұрынғы маркстік қоғамтанудағы «феодал», «ауыл пролетариі», «қанау», «теңсіздік» және тағы басқалары ұғымдары қазіргі кезде аз қолданылады. Ал «бай», «кедей», «хан», «би», «төре» сияқты ұғымдардың мазмұны мүлдем өзгерген. Туыстық қатынастарға негізделген шағын ауылда тап күресі болды деген, әрине, жаңсақтық. Тектік негізде ұйымдасқан ауылдық әлеуметтік қатынастарды идеализациялаудан да аулақпыз. Бұл қоғам қоршаған ортаның бірқалыптылығына тым тәуелді еді. Табиғи апаттар (даладағы қуаңшылық циклдері, жүт, әртүрлі індеттердің өрістеуі ж.т.), әлеуметтік және саяси катаклизмдер (сыртқы жаугершілік, елдік бірліктің әлсіреуі, ел басқарушыларының халық мүддесінен жеке бастарының қамын жоғары қоюы, билік үшін тартыс, рухтың төмендеуі тағы басқа) адамдық топтасудың Бұл типін күрт өзгерген ортада дәрменсіз қылды. Қатты қиысқан жүйенің мерт сынатыны белгілі. Бірнеше мысалдар келтіре кетейік. Исламдық Ренессанс кезеңінде қалыптасқан түріктік мемлекеттер ыдырай бастаған уақытта олар бір-бірімен ата жауларындай аяусыз арпалысты. Осының нәтижесінде Қазақстанның оазистік және қалалық мәдени-шаруашылық типінің құлдырап кеткені белгілі (бәрін моңғолдарға жаба беру тым үстірт және Ресей отаршыларының қолдаған пікірі).

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқан күрделі жаңа жағдай қазақтың ауылдық әлеуметтік типін күйзеліске ұшыратқаны белгілі. Ол батыстық (Ресейлік) экспанцияға шыдай алмады. Осының нәтижесінде ұлы Абай суреттеп берген тозу, қақтығыс, азғындық, әдепсіздік көріністері ауылдық-тектік қоғамды жайлап кетті.

18561868 жылдары жүргізілген әкімшілік реформаның нәтижесінде Қазақстан жеріндегі ауылдық-тектік ұжымдар болыстық жүйемен алмастырылды. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамның өзіндік реттеу механизмдерін жойып, сырттан танылған жүйеге көшуіне әкеп соқты.

Көшпелілердің әлеуметтік типінің ауылдық-тектік бітімі Ресейдің әкімшілік шараларының және нарықтың ене бастауынан отаршылық шаруашылық типінің мал өнімдерінің шикізаттық ұжымдарына айнала бастады. Бұл бұрыннан қалыптасқан басқару жүйесін мүлдем өзгертіп жібереді.

Биліктің бөлінісі

Қазіргі әдебиетте төрт билік туралы (атқарушы, заң шығарушы, соттық және қоғамдық пікір) жиі айтылып жүр. Биліктің осындай бөлінісі дәстүрлі қазақ қоғамында да орын алған. Құрылтай мен би кеңесін заң шығарушы билік; хан, сұлтандар, ру басшыларының елді басқаруын — атқарушы билік, билер мен қазылардың сотынсоттық билік, ал ерікті тұлғалар — ақындар, жыраулар, ғұламалардың беделін қоғамдық пікірдің билігі деп қарастыруға болады.

Қазіргі кезде әлемдік өркениетте мұрат ретінде ұсынылып отырған «азаматтық қоғам», «демократия», «теңқұқықтылық» идеяларын тек Батыста ғана жүзеге асты деген пікірлерді кесімді ақиқат деп тым әсірелеудің жөні жоқ сияқты. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде тағы бір әлеуметтік құндылық — сөз бостандығына үлкен мән берілген. «Бас кесу бар, тіл кесу жоқ» деген принцип Қасым ханның қасқа жолының басты қағидаларының бірі болып есептелген. Халықтың ар-ұяты мен намысының аманаттары, ақын-жыраулардың пікірі айбынды хан-сұлтандардан, діндар қожа-молдалардан, шалқыған байлардан жоғары құндылық болып танылған.

Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік типін түсіну үшін ондағы заң жүйесіне тоқталып өтейік. Қоғамдық өмірде, әрине, бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрлер, ислам дінінің шариғат жүйесі мен кәдімгі құқықтық ережелері үлкен рөл атқарған. Алайда, Қазақ хандығы «жарғы» деп аталған арнаулы шығарылған заңдар арқылы басқарылып отырылған. «Жарғы» сөзі әділдік деген ұғымды білдіреді. «Түпкі мәні жарудан, нәрсені салмағын бір жағына аудармай, дәл, әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап «қара қылды қақ жарған» деп мадақтаған.. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери демократия арнасына барып тіреледі. Қазақ мемлекетінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп аталатын зандар жүйесі болған. «Жеті жарғы» тек құқықтық нормалар жинағы емес. Онда әр түрлі діни, тәлімдік, әдептілік, қарым- қатынастық мәселелер, яғни қоғамның барлық мәдени-әлеуметтік өмірі қарастырылған. «Жеті жарғыны» жан-жақты зерттеген ғалым — А. Левшин. Оның «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» кітабынан кейбір үзінділер келтірейік:

  • Қанға қан, жанға жан;
  • Ердің құны екі жылқы, әйелдің құны жүз жылқы;
  • Әйелді балағаттаған кешірім сұрау керек, әйтпесе құн төлейді;
  • Әке өлсе, мүлкі мұра, аға өлсе жеңге мұра;
  • Семсер астында серт жүрмейді, иілген басты қылыш кеслейді;
  • Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш;
  • Кім христиан дінін қабылдаса, оның мүлкі туысқандарына өтеді;
  • Әкесін, не шешесін жәбірлеген малға теріс мінгізіліп, мойнына қара киіз байланып, ауылды айналдыра жүргізілер.

Бір тұжырымның реті келіп тұр. Көшпелі халықтардың саяси-әлеуметтік басқару типін — варварлық сатыға, құқықтық жүйесін — қарапайым әдетке, бай-төрелерін — феодал-шонжарларға, би-қазыларын — үстем тап өкілдеріне жатқызудың негізі жоқ. Халық жадында Еділ батыр (Аттила), Шыңгыс хан, Ақсақ Темір, Бабыр, Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хандар сияқты елбасыларының, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би тәрізді әділ шешендердің есімдері терең ұялаған. Қазақ халқының саяси және құқықтық мәдениетінің көпғасырлық дәстүрлік жалғастығы бар.

Дәстүрлі отбасылық типінің төлтума ерекшеліктері

Жалпы алғанда, қазақтың дәстүрлі отбасылық типін батыстан келген үлгі-модельдермен бейнелеудің көмескі жақтары жеткілікті. Оның басқа этномәдениеттерде сирек кездесетін төмендегідей төлтума ерекшеліктерін атап өтейік:

  • Жеті аталық үрдіс және инцесске (қан алмасушылыққа) тыйым салу.
  • Некенің этникалық гомогендігінің сақталуына назар аудару. Ұлтаралық неке сирек кездескен.
  • Левират (әмеңгерлік) пен сорираттың (балдыз алу), кросскузендік (бөлелер) некенің дәстүрлі мәдениетте орын алуы.
  • Полигамия. Бұл мәселе түсіндірмені қажет етеді. Көп әйел алу дәстүрі ата-тектік әлеуметтік типте мұсылмандық полигамиядан басқа негіздерге сүйенген. Ол адамдық ынтымақтастықтың кеңейтілген тәртібінің көшпелілік салт-дәстүр жүйесіндегі сұрыпталу процесіне қатысты еді. Бұл типте жетім бала және жалқы отбасының кездеспейтінін зерттеушілер атайды. «Аға өлсе, жеңге мұра» принципі қауымдық тұтастықты нығайтқан. Тағы бір ескере кететін жайт: полигамия қазақтың дәстүрлі қоғамында басым некелік тип емес еді. 1897 жылғы санақтың нәтижелері бойынша некедегі 1000 еркектің тек 71-нің бірнеше әйелдері болған.
  • Отбасының тұрақтылығын қалың мал және жасау арқылы нығайту. Бұл жас отаудың аяғына жылдам тұруына себебін тигізген. Ислам діні және ата-бабалық дәстүр некенің қажеттілігін дәріптеген. Күрделі әдет-ғұрып, ата-ананың баулуы отбасылық қатынастарда жеңілтек көзқарастарға жол бермеген.

Қоғамның мәдени деңгейі әйелдердің қоғамдағы орны мен оларға деген көзқарастар бойынша анықталады деген жалпы қағида бар. Бұл мәселені тек жыныстық қатынастар мәдениетімен шектеу сыңаржақтылық. Көптеген зерттеушілер ата-тектік мәдени типтегі әйелдердің құқының шектелуімен қатар, Орта Азияның басқа отырықшы халықтарымен салыстырғанда, қоғамдық өмірде қазақ әйелдерінің салыстырмалы дербестілігін және еркіндігін атап өтеді.

Ежелгі түрік мәдениеті

Түрік мәдениетінің көне заманнан үзілмеген бір мұрасы — ананы, әйелді, қыз баланы қадірлеу, Ұмайды құдай деп құрметтеу осының белгісі. Қазақ мәдениетін зерттеуші Бейбіт Сапаралы осы мәселеге өзінің бір эссесін арнаған:

«Осы ой желісіне тағы бір айтпасқа болмайтын жай, әйгілі суретші ғалым М.В. Бает Волга саласындағы Калиновск қорымындағы қорғанның археологиялық дерегіне сүйене отырып, б.з.б. II—I ғасырларда өмір сүрген сарматтың билеуші-абыз әйелі суретінің реконструкциясын жасап шығарған еді. Суретке қарап отырып бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Әйел-Ананың бет әлпетін шамамен болса да көз алдыңызға келтіргендей боласыз. Жан тебірентеді. Бей-жай қалдырмайды. Талдырмаш тұла бойынан тұнған еркіндігін, нәзіктігін, қадір-қасиетін көріп таң-тамаша қаласыз. Сонымен қатар бойында бас көтермей бұғып жатқан әр мінез де, теңдессіз қаһар-қатулығы да байқалып тұр. Томиристей тепсініп, Геродот келтірген аңызда дәріптелгендей, парсы әскерлерін аяусыз талқандаған массагет патшасы: «Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!» — деп әйгілі Кир патшасының басын торсық толтырылған қанға салдырғандай, бетпе-бет келген жауына табанда тойтарыс берердей кейіп танытады».<ref>Адалбақан. — Алматы, 229—230-бет</ref>.

Ислам әсерінің күшеюі нәтижесінде шариғат баптары қазақ әйелінің еріктілігін кемітті. Сонда да көшпелілер арасында пәренже кию, бөлек тамақ ішу, гарем сипаттас құбылыстар болған жоқ.

Әрине, біз қазақ мәдениетіндегі ата-тектік қауымдасу типін ең озық үлгі ретінде ұсынғалы отырғанымыз жоқ. Оның заманы өлшеулі болды. Қазіргі кезде уақыт талаптарына сәйкес Қазақстанда принципиалды өзгеше әлеуметтік типтер қалыптасып келе жатыр.<ref>Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арнлған оқулық. Алматы: Раритет, 2005.- 416 бет. ISBN 9965-663-71-8</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Дәстүрлі қазақ мәдениетінің әлеуметтік-тектік типтері|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}