Бөкей хандығының құрылуы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Қазақстан тарихы

Бөкей хандығының құрылуы мен шаруашылығы

ХІХ ғасырдың бас кезінде Кіші жүз қазақтары өздерінің ата-қонысы Жайықтың оң жағына көшуге, жайылымдық жерлерін қайта алуға тырысты. Әкімшілік басқарылуы жағынан Ішкі Орда Орынбор шекара комиссиясына бағындырылды, орналасқан аумағы Астрахан губерниясына қарайтын. Еділ мен Жайық арасын, Каспий теңізінің солтүстігінен Ырғыз өзеніне дейінгі жазықты бірнеше жыл Еділ Қалмақтары мекендеді.Олардан бұрын да бұл далада қазақ рулары көшіп-қонып жүрді. Бертін келе патша үкіметі Орал казак әскери басшылары қазақ ауылдарына Жайықтан өтуге әлденеше рет тыйым салып көрді.Ол үшін әскер күшін де пайдаланды.Бірақ оған қарамай жеке рулар, ауылдар көшіп келіп, қоныстанып жүрді. 1771 жылы Еділдің бойын мекендеген қалмақтар Жоңғарияға қарай көшіп, Еділ мен Жайық арасындағы дала босап қалды. Бұл жерді Кіші жүз рулары мекендеді. Орал казак әскері қазақтарға маза бермеген соң,қоныстануға жоғарыдан ресми құжат қажет болды. Осыны алдына мақсат етіп отырған Бөкей сұлтаны Ресей императорына 1799 жылы хат жазып, өзінің қол астындағы қазақтарымен Жайықтың оң жағына өтіп қоныстануға рұқсат сұрайды. 1801жылы 11 наурызда патша Еділ мен Жайық арасын Бөкей сұлтанға қарауындағы елімен түгелдей иеленуге ресми рұқсат берді.Шын мәнінде,рұқсат беруге төмендегідей жайттар себеп болған. Қазақтарды Жайықтан өткізбеуге тосқауыл қоя алмайтынына өкіметтің көзі жетті. Қалмақтардың көшіп кетуіне байланысты орнында қалған аз қалмақ-ноғайдың Жайық бойындағы орыс-казактармен бірігіп қонысты қорғауға күші жетпеді. Ал шеп бойында қазақтардың көптеп жиналуының салдарынан казактармен қақтығыстар жиілей түсті. Ресей үкіметі бұдан ұтылған жоқ. Біріншіден, Кіші жүз екі иелікке бөлінді. Екіншіден Еділ мен Жайық аралығындағы сауда жолдары қауіпсіздендірілді. Осыдан Ресей үкіметінің Қазақстанға ықпалы күшейе түсетін болды. Ордабасы Мемлекеттік мүлік министрлігіне, кейіннен Сыртқы істер министрлігіне қарады. Патша жарлығында Бөкей қарамағындағы Еділ-Жайық арасындағы даланың солтүстікке Қараөзен, Сарыөзендерден, оңтүстіккте Каспий жағалауына дейінгі жайлауы көрсетілді. Қоныстанған аймақта Бөкей сұлтан басқарған Ішкі Орда құрылды. Аумағы 70 мың шаршы шақырым, Батысы Астрахан, Солтүстігі мен шығысы Саратов, Орынбор губернияларымен, оңтүстік және оңтүстік шығысы Каспий теңізі және Жайық шекара шебіне дейін жетті. Жалпы саны 5 мыңға жуық отбасы көшіп барды. Жер көлемі 6 млн. десятинаны құрады. Олардың көпшілігі кедейлер еді. 1812 жылы Бөкей сұлтанға хан лауазымы берілді. Бөкей 1815 жылы 12 мамырда қайтыс болады, тақты мұрагерлікпен иелену құқығы бойынша ұлы Жәңгір отырады. Бірақ жас (14 жас) болуы себепті, ол кәмелеттік жасқа толғанша елді Шығай сұлтан биледі. Ішкі орда немесе Бөкей хандығының саяси-экономикалық жағдайының,географиялық және тарихи жағдайларға байланысты өзгешеліктер болды. Алғашқы жылдары мал саны аз ауылдар Нарын құмында Қараөзен, Сарыөзен бойында еркін көшіп жүрді. Бірте-бірте көшіп келушілер саны 1812-1814 жылдар аралығында көбейе түсті. Жерге құныққан әскербасылары 1813 жылы Бөкей ордасының солтүстігін түгел иемденіп, әскери шептерін көшіріп, қос өзен аралығындағы шұрайлы жайылымды Қамыс-Самар көлдерімен қоса тартып алды. Сол жерлерге бекіністер салып (Таловка, Абинск, Вербовск, т.б.), казак-орыстарды көшіріп әкелді. Қыстауларынан айырылған қазақтар күйзеліске ұшырап,елдің бірқатары бөкейліктерді тастап бері өте бастады. 1824 жылы Жәңгір хан Орал қаласында хан болып жарияланады. 1827 жылы ол Нарын құмының батыс бөлігіне хан ордасын салғызады. Елді басқару осы жерден жүргізіледі. Хан ордасында хан үлгісімен билер, сұлтандар, старшындар да үй салғыза бастайды. Жәңгір хан саяси-экономикалық дамуға бірқатар өзгерістер енгізді. Барлық жерде іс-қағаздарын енгізу тәртібін енгізді. Денсаулық сақтау саласында жұқпалы ауруларға қарсы егу тәжрибесін енгізді. Қару-жарақ палатасын ашу жөнінде бастама көтерді. Оны толық қалыпқа келтіру біршама уақытқа созылды. Хан ордасы жанынан мектептер ашып, оқушылардан өзі емтихан қабылдаған кездері де болған. Мал шаруашылығы саласына, әсіресе мал тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөлді. Ағаш өсіру, шөп шабу мәселелеріне қатты көңіл аударды. Оның дәлелі бір кездердегі құм басқан даланы гүлденген алқапқа айналдырды. Міне, осы жасаған еңбегі, прогресшіл мемлекет қайраткері ретінде І-дәрежелі Қасиетті Анна орденімен марапатталды. Билікті дербес басқарды, қолында әкімшілік және сот билігі болды.

Қазақтардың Жайықтың оң жақ бетіне өтуінің негізгі себептері

XVIIIXIX ғасырлардың аралығында Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі Жайықтың оң жағалауына өз беттерінше жаппай көше бастады, Мұның бірнеше негізгі себептері бар еді.

  • Біріншіден, шекара шебіне таяу аймақтарда отырған қазақтар мал жайылымынан қатты тамшылық көрді. Патша үкіметі олардың жер жөніндегі өтініштеріне құлақ аспады. Мұның өзі орыс отаршылдығына қарсы жаңадан көтерілістер тудыра бастады. Қазақтардың Қытайға қарай көшіп кету ықтималдығы пайда болды.
  • Екіншіден, қазақтар өздерінің бұрынғы ата қонысына қайтып баруға тырысты. Ал ол қоныстар Ресеймен шекаралық шептің ішкі жағында қалып қойған болатын. 1771 жылы Еділ қалмақтарының елеулі үлкен тобы Шыңжаңға көшіп кеткеннен кейін Еділ мен Жайық аралығында босап қалған жерлер болды.
  • Үшіншіден, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс күшпен басып-жаншылған соң оған қатысушыларға сұлтандар мен ханның тарапынан қатты қысым көрсетіліп, қуғын-сүргін жиілеп кетті.
  • Төртіншіден, Пугачев пен Датұлы бастаған көтерілістер аяусыз басып-жаншылғаннан кейін патша үкіметі бұрыннан белгілі
«бөліп ал да, билей бер» деген империялық пиғыл принципі бойынша біртұтас Кіші жүзді әлсіретуге тырысып бақты, Әбілқайыр ханның ұрпақтары болып табылатын бірнеше топтың арасында тақ таласын шиеленістіре түсті.

Хан тағынан негізгі үміткерлердің бірі Бөкей сұлтан болатын. Бірақ 1797 жылы қартайған Айшуақ сұлтан Кіші жүздің ханы болып шыға келді. Шыңғыс ұрпақтарының арасындағы қарым-қатынас шиеленice түсті. Мұндай жағдайдан шығудың бірден-бір жолы Жайықтың оң жақ бетіне көшіп бару ғана еді.

Бөкей сұлтан бастаған қазақтардың 1801 жылы Жайықтың оң жақ бетіне жаппай өтуі

1799 жылы Бөкей сұлтан Ресей императорының атына хат жазып, өзінің қол астыңдағы қазақтардың бір бөлігінің Жайықтың оң жақ бетіне көшіп баруына рұқсат сұрап, өтініш жасады. Сөйтіп 1801 жылғы 11 наурызда Ресей монархы I Павелдің жарлығы шығып, Бөкей сұлтан мен оның қол астындағы қазақтардың Жайықтың оң жақ бетіне көшуіне рұқсат етілді.

Бөкейдің өзіне Ресей императорының суреті бар алтын медаль тапсырылды. Көшіп барған қазақтардың қоныстанған аумағы 70 мың шаршы шақырым шамасында болды. Бөкей сұлтанның қол астындағы қазақтар орналасқан бұл аймақ Ішкі Орда деп аталды. Ішкі Орда батысында Астрахан, солтүстігі мен шығысында Саратов және Орынбор губернияларымен шектесті, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында Каспий теңізі мен Жайық шекара шебіне барып тірелді.

Әкімшілік тұрғысынан алғанда Ішкі Орда Орынбор шекара комиссиясына бағынышты болды. Бірақ оның орналасқан аумағы Астрахан губерниясына қарайтын. 1801 жылы Жайықтың оң жағасына 5 мыңға жуық отбасы көшіп барды. Олардың басым көпшілігі таяуда ғана болып өткен көтеріліске қатысқандар еді және қазақ қоғамының ең кедей бөлігі болып табылатын. Сырым Датұлы қазақтардың Жайықтың оң жағалауына қоныс аударуына қатты қолдау көрсетті.

Ол тіпті халық арасында ата қонысқа көшу жөнінде ықпалды үгіт жүргізді. Жайықтың оң жағына көшіп барғандардың 15 мыңға жуығы кейінірек оның жақтастары болып шықты. Жайықтың оң жағалауына көшіп барушылардың саны бірте-бірте арта түсті.

1897 жылғы Ресей империясының Жалпыға бірдей алғашқы халық санағының көрсеткен нәтижесі бойынша, Ішкі Ордада 207 мың қазақ болды. Кейінірек қазақтардың Ресеймен шекаралық шептің ішкі жағына өтуіне тыйым салынды. Сонымен қатар қазақтардың кең-байтақ қазақ даласына қайтып келуіне де рұқсат берілмеді. Далалық қазақтардың да Ішкі Ордаға өтуіне шек қойылды.

1812 жылы Бөкей сұлтанға хан лауазымы берілді. Жартылай тәуелді жаңа мемлекеттік құрылым епдігі жерде Бөкей хандығы (Ішкі Орда) деген атқа ие болды. Патша үкіметі келешекте одан империяға толық тәуелді мемлекеттік құрылым жасамақ ниетте еді. Бұл ретте хандықтың жаңа билеушісі Жәңгірге үлкен үміт артылды.

Әкімшілік және саяси жағдайы

Билер сотының өкілдігіне едәуір шек қойды. Жер өз туыстарының арасында бөлінді. Жер жалға берілді. Халық отырықшылыққа көше бастады. Сауда-саттық дамыды. Саудагерлерді тарту үшін баж салығының ең төменгі мөлшері белгіленді. Іс қағаздарын жүргізу тәртібін енгізді, аурухана және дәріхана ашылды. Мал тұқымын асылдандырды, ағаш егу ісіне көңіл бөлді. Жәңгір хан 1845 жылы қайтыс болды. Шығайдың заманында елдің қонысы едәуір тарылды. Қазақ шаруалары жайылым, өзендер бойындағы бос жерлерді жайлауға,не суаттарды офицерлерден жалдап алуға мәжбүр болды және оған байлардың ғана мүмкіндігі болатын. Шаруа арыздарын жергілікті патша әкімшілігі тыңдамады, дау-жанжалды ылғи өз пайдасына шешіп отырды. Қыста бекініс тұрғындары шаруаларға сатып,әрбір шана шөпті 6-20 сомға дейін қымбат бағамен өткізді. Сол кездегі патша офицерлерінң мойындауынша, қазақ шаруалары екі оттың ортасында қалды. Отарлық әкімшіліктің өз үстемдігін іске асырып,бұратана елге қысым-зорлық, озбырлық күш көрсетуі тоқталмады. Жайылым,суат, орман,қыстауға қолайлы өңір мәселесі қазақ шаруалары үшін шешілмес іс болып, олардың шаруашылық, тұрмыс жағдайын күйзелтіп,қайыршылыққа әкелді. Мұнымен шектелмей,орал әскерінің атаманы қазақ шаруаларына егін салуға, үй салуға, ағаш шабуға, балық алауға, сордан тұз алуға да тыйым салды. Осы тұста патша үкіметі Ішкі Орданы Ресейдің отаршылық басқару жүйесіне беру саясвтын жүргізген болатын. 1846 жылы Ішкі Орданы басқару үшін Әділ сұлтан (Бөкейдің ұлы) төрағасы болып бекіткен Уақытша Кеңес құрылды. Құрамында сұлтандар тобынан екі өкіл, мемлекеттік мүлік министрлігінен бір кеңесші кірді. Соңынан Уақытша кеңесті басқару үшін Ресей шенеулігі бекітілді. 1872 жылы Ішкі Орда Астрахан губерниясы құрамына берілді. Бөкей хандығының Қазақстан тарихындағы алатын орны ерекше.Кіші жүз қазақтарының күш-жігер жұмсауымен қазақтар Жайвқ өзенінің оң жақ бетіндегі өздерінің ежелгі атамекеніне қайта оралып, қоныстануы, кейінірек дәстүрлі қазақ жерінің бір бөлігін біржола иемденуге мүмкіндік тудырды. Жәңгір ханның ағартушылық және реформаторлық қызметінің арқасында Еділ-Жайық арасындағы қазақтар өздерінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени ағарту салаларында ерекше табыстарға қол жеткізе алды. Ал жер мәселесінің шиеленісуі И.Тайманов, М.Өтемісов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.

Жәңгірдің билік басына келуі

Бөкей хандығының негізін қалаған Бөкей хан 1815 жылғы 12 мамырда қайтыс болды. Ол өзінің көзі тірсінде хан атағын өз ұрпақтарының мұрагерлікпен иелену құқығын белгілеп, бекітіп қойған еді. Оның өсиеті бойынша, хан тағы оның ұлы Жәңгірге қалдырылған болатын. Бірақ ол әлі небары 14 жаста еді. Сондықтан ол ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша хандықты Шығатай сұлтан билеп тұрды.

Жас мұрагерді тәрбиелеуді патша шенеуніктері өз қолдарына алды. Жәңгір ер жетіп, кәмелеттік жасқа толғанша Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тұрды, сол кездегі үлгілі саналатын білім мен тәрбие алды. Ол хан тағына тағайындалар кезге дейін жан-жақты толық әзірліктен өткен билеуші болып та үлгерген еді. Жәңгір қазақ тілімен қатар орыс, араб және парсы тілдерін білді. Ол Қазан университетінде жиі болып тұратын. Жәңгірдің университетте болған сапарларының бірінен кейін ондағы жергілікті ғалымдар «Қазақ ханы Жәңгірдің Қазанда болуы» деген кітап жазды. Жәңгір Қазан университетінің кітапханасына араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған ежелгі 6 құнды қолжазба тапсырды.

Жәңгір 1824 жылы Орал қаласында хан болып жарияланды және хандықты 20 жыл бойы басқарды. 1827 жылы ол хандықтың орталығы — Хан ордасының негізін қалады. Хан ордасы Нарын құмының батыс бөлігінде салынды. Хандыққа біртұтас басшылық осы жерден жүргізілді. Ханның үлгісі бойынша және оның тікелей нұсқауымен Хан ордасында сұлтандар мен билер, старшындар да үй сала бастады.

Жәңгір хан билік басында болған уақыт қазақтардың бұрынғы дәстүрлі тұрмысына елеулі өзгеріс жасалған, хан билігі күшейген, ислам дінінің ықпалы артқан, тауар-ақша қатынастары айналымға енгізілген маңызды кезең болды.

Аймақтағы әлеуметтік-экономикалық, саяси даму барысындағы өзгерістер

Бөкей хандығының қазақтары орыс шаруаларының және казактардың жан-жағынан қоршауы жағдайында өмір сүрді, олар Жайықтың сырт жағындағы тайпалас туыстарынан бөлініп қалды. Сондықтан да уақыт өте келе олардың әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде бірқатар елеулі өзгерістер қалыптаса бастады. Ондай жаңалықтардың енгізілуіне көбінесе Жәңгір ханның өзі бастамашы болды.

  1. мұнда аймаққа басшылық етудің кейбір өзіндік ерекшеліктері қалыптаса бастады. Өйткені Жәңгір ханның толық ішкі автономиясы және өз алдына дербестігі сақталды. Оның қолына бүкіл әкімшілік және сот билігі шоғырландырылған еді. Жәңгірдің тұсында әр руды оларды басқаратын старшындары арқылы жекелеген сұлтандар билеп-төстеді. Рубасылары мен старшындарды ханның өзі тағайындады. Старшындарға еңбекақы халықтан жиналатын салықтың есебінен төленетін. Зекет және соғым ретіндегі бұрыннан бар төлемдер енді «мал басына салынатын салық» деп аталатын бір-тұтас ортақ салықпен ауыстырылды. Әркімнің меншігіндегі мал басы үш жылда бір рет есепке алынып отырды. Өзінің жеке билігін нығайта түсу үшін хан сот билігін өзі қатаң бақылауда ұстады. Барлық азаматтық және қылмыстық істер қаралатын сот ісіне ханның өзі тікелей қатысып отырды. Соттың қабылдаған шешімі мен шығарған үкімі жөнінде шағым жасауға рұқсат етілмеді. Бұл ретте орыстарды күштеп тұтқынға алып, құлдыққа сатып жіберуге, қарақшылықпен ел тонауға, адам өлтіруге қатысты мәселелерге байланысты қылмыстық істер бойынша ғана шағым жасауға рұқсат етілетін. Ал мұндай қылмысты істерді Орынбор шекаралық комиссиясы ғана берілген шағым бойынша қайта қарай алатын. Неғұрлым ұсақ-түйек істердің тағдыры билер сотында шешіле беретін. Жәңгір хан билер сотының өкілдігіне едәуір шек қойды.
  2. Ішкі Ордада жер учаскесін жеке меншікке беру кеңінен орын алды. Бірақ Кіші жүздің далалық бөлігінде мұндай тәртіп атымен жоқ еді. Ханға, оның туған-туыстарына, сұлтандарға, билерге, қожаларға және старшындарға ең шұрайлы жақсы жер телімдері олардың қалағанынша мол мөлшерде берілді. Мәселен, Жәңгір ханның өзінің жеке меншігінде 400 мың десятинаға жуық жері болды. Оның бауыры Меңдігерейдің жеке меншігінде де осыншама жайылымдық жері бар еді. Би Балқы Құдайбергенұлының жері де 300 мың десятинаға жетті. 25—30 ірі жер иеленушінің қолына хандықтағы бүкіл жер көлемінің 85 пайызы шоғырланды. Мұның өзі кейіннен халық көтерілісіне алып барып соқтырды.
  3. Бөкей хандығы қазақтарының арасында жерді жалға беру кеңінен орын алды. Жердің жетіспеушілігінен қазақтар жылжи-жылжи көршілес Астрахан губерниясының аумағына дейін шығып кетті, Каспийдің жағасына дейін барып жетті. Қазақтар Каспийдің жағасындағы бос жатқан жер телімдерін жалға ала бастады.
  4. жердің сатылуы мен сатып алынуы, жерді қауымдасып пайдалану жүйесінің бұзылуы қазақтардың жаппай отырықшы өмір салтына көшу үрдісін күшейтті.
  5. Бөкей хандығында, Кіші жүздің басқа бөлігіндегіге қарағанда оның бір айырмашылығы — оңда сауда-саттық қызу қарқынмен дамыды. 1832 жылы Жәңгір хан Бөкей хандығының өз жәрмеңкесін ұйымдастырды. Ол жылына үш рет ашылып тұрды, ханның қол астындағы халық өздерінің малын тиімді айырбастауды және сатуды үйренді. Сауда-саттықтың дамуына бұл аймақтың географиялық жағдайы да оңтайлы ықпал етті. Жәңгір хан сауда жасау ісіне қолдау көрсетіп, көтермелеп отыру саясатын жүргізді. Атап айтқанда, жәрмеңкеге саудагерлерді тарту үшін оған төленетін баж салығын ең төмен мөлшерде белгіледі. Сату және сатып алу ісінде жазбаша келісімшарттар жасасу, тілхаттар беру тәртібін енгізді. Ханның қол астындағы адамдардың өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, орыс көпестеріне оның өзі кепілдік беретіндігін мәлімдеді. Сөйтіп Ішкі Орда қысқа мерзім ішінде Ресейдің еуропалық бөлігіне мал және мал өнімдерін бере алатын ірі орталыққа айналды.

Жәңгір ханның мәдени-ағарту саласындағы қызметі

Сурет:Mosque.jpg
Мешіттегі намаз.

Хан өзінің қол астындағы халықтың сауатын ашу, Еуропа мәдениеті мен білімін енгізу саласында қыруар көп жұмыстар атқарды. 1835 жылы Жәңгір ханның тікелей нұсқауы бойынша мұсылман мешіті ашылды. Хан қазақ ауылдарындағы молдалардың санын арттырды. Олар хатшылық және рухани ұстаз міндеттерін қоса атқарды. Хан Аллаға қалай кұлшылық етудің үлгісін өзі бас болып үйретті. Ресейдің зерттеуші ғалымы А. Алекторовтың айтуына қарағанда, Үлгі:Cquote

1841 жылы Жәңгірдің өз бастамасы бойынша алғашқы зайырлы мектеп ашылды. Жәңгір хан ондағы шәкірттердің тізімі мен сабақ үлгеру бағаларын жылына үш рет өзі қарап, тексеріп отырған. Ол мектептің бүкіл шығынын өз қаржысының есебінен өтеген. Жәңгір хан қазақ балаларының Ресейдің оқу орындарында оқуын жақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар балаларды Санкт-Петербургта, Мәскеуде, Астраханда, Саратовта, Қазанда және Орынборда оқытуға жеке өзі көп күш-жігер жұмсаған. Мәселен, өзінің қол астындағы халықтың балаларын оқыту үшін Орынбордағы Неплюев кадет корпусынан 10 орын берілуіне қол жеткізген. Бөкей Ордасына барып оқығандардың бірқатары кейінірек көрнекті инженерлер, орманшылар, әскери қызметшілер, ғалымдар ретінде даңққа бөленді.

Жәңгір хан барлық жерде іс қағаздарын жургізу тәртібін енгізді, жеке өзінің мурағат қызметін құрды. Денсаулық сақтау саласында хан жұқпалы ауруларға қарсы егу практикасын енгізді. Оның күш-жігер жұмсауы арқасында Ішкі Ордада аурухана және дәріхана ашылды.

Ол далалық жағдайда бірінші болып Ішкі Орданың топонимикалық және географиялық картасын жасатты. Жәңгір хан аң аулауды өте жақсы көрді. Ол қару-жарақ палатасын ашу жөнінде де бастама көтерді. Бірақ оны жасау ұзақ жылдарға созылды. Онда сирек кездесетін қару-жарақ түрлері, соның ішінде орыс патшаларының қазақ хандары мен сұлтандарына сыйға тартқан мылтықтары мен қылыштары да болды. Палатада қымбат бағалы, әшекейлі ер-тұрмандар, ат әбзелдері, жүгендер, сауыттар, дулығалар, қалқандар сақталды.

Қару-жарақ палатасында Жәңгір хан өзі бас болып, экскурсиялар өткізіп тұрды, тіпті Хан ордасы жанындағы мектептің оқушыларынан өзі емтихан қабылдап та жүрді. Бөкей хандығының билеушісі көшпелі қазақтардың отырықшылық өмір салтына көшуін қолдап, көтермелеп отырды, шөп шабуды үйретті. Ол мал тұқымын асылдандыру ісіне де белсене араласты.

Ресейдің еуропалық бөлігінен ауыл шаруашылық құрал-саймандарын көптеп жеткізуге нұсқау берді. Жәңгір ағаш отырғызу ісіне көп көңіл бөлді. Оның тікелей нұсқауы бойынша 50 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, көгалдандырылды. Ағашты кескен, сындырып бүлдірген айыпты адамға 25 рет дүре соғылған. Сөйтіп бір кездегі құм басқан шөл дала гүлденген алқапқа айналды.

Жәңгір ханның прогресшіл мемлекет қайраткер ретінде сіңірген еңбектері елеусіз қалмады. Ол Бөкей хандығын басқару ісіндегі жетістіктері үшін 1-дәрежелі Қасиетті Анна орденімен марапатталды. Жәңгір хан 42 жасында генерал-майор шеніне ие болды, ал 43 жасында Қазан университеті Ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды.

Жәңгір ханның қайтыс болуы

Жәңгір хан 1845 жылы қайтыс болды. Оның отбасында екі әйелі, алты ұлы, үш қызы қалды. Жәңгірдің төрт ұлы Ресей императорының ақшалай жәрдемін алып тұрды. Олардың бәрі де Императорлық паж корпусында арнаулы курстарда оқып, сол кездегі ең тамаша білім алып шықты.

Жәңгір қайтыс болғаннан кейін Еділ мен Жайық арасына хан тағайындау тоқтатылды. Патша үкіметі Ішкі Орданы Ресейдің отаршылдық басқару жүйесіне енгізу саясатын жүргізе бастады. 1846 жылы Ішкі Орданы басқару үшін Әділ сұлтан (Бөкейдің ұлы) төрағасы болып тағайындалған Уақытша Кеңес құрылды. Оның құрамына сұлтандар тобынан екі өкіл және мемлекеттік мүлік министрлігінен бip кеңесші енді. Кейіннен Уақытша кеңесті басқару үшін Ресей шенеунігі тағайындалды. Сөйтіп патша үкіметі бұл аймақтағы отаршылдық әкімшіліктің жағдайын нығайта түсті. 1872 жылы Ішкі Орда Астрахан губерниясының құрамына берілді.


Бөкей хандығының Қазақстан тарихындағы алатын орны

Ішкі Орданың немесе Бөкей хандығының құрылуы қазақ халқының тарихында орасан зор рөл атқарды. Кіші жүз қазақтарының бір бөлігінің күш-жігер жұмсауымен қазақтар Жайық өзенінің оң жақ бетіндегі бедерінің бұрынғы атамекеніне қайта қоныс аударып, бекініп алуының, кейінірек дәстүрлі қазақ жерінің бір бөлігін біржола иемденіп қалуының сәті түсті. Жәңгір хан Ішкі Ордада хан билігін сақтап қалды, сол арқылы Қазақ мемлекеттілігінің 1845 жылға дейін өмір сүруін қамтамасыз етті. Жәңгір ханның ағартушылық және реформаторлық қызметінің арқасында Еділ мен Жайық арасындағы қазақтар өздерінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ағарту салаларында елеулі табыстарға кол жеткізе алды. Сонымен қатар жер мәселесінің асқынуы И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліске алып келді.<ref>Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамүра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы.ISBN 9965-34-816-2</ref>

Дереккөздер

<references/>

Тағы қараңыз

Үлгі:Kz-hist-stub