Бектас газ-мұнай кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Бектас газ-мұнай кен орны - Оңтүстік Торғай шөгінді алабының Арысқұм ойысымындагы газ-мұнай кен орны. Қызылорда облысында, Жосалы темір жол станциясының солтүстік-шығысында 110 км жерде орналасқан. Құрылымды 1983 жылы дайындаған, 1988 жылы нақтыланып дәлелденген. Кен орны 1987 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы

Кен сыйыстырушы құрылым солтүстік-батыс бағытқа созылған брахиантиклин қатпар болып табылады. Қүрылым -1000 м-лік изогипсамен шектеледі, өлшемдері 7x4 км, амплитудасы 50 м-ден астам. Бат жікқабаты табанының IV- шағылдырушы горизонты бойынша пландағы құрылым пішіні және оның өлшемдері сақталған, бірақ оңтүстік қанаты жарылыммен күрделіленген. Көтерілім амплитудасы 175 м-ге жетеді. Солтүстік-шығыс жағынан брахиантиклин Үлкен Қаратаудың жарылымымен шектелген.

Жатыс сипаты

Кен орны мұнайлы-газды болып саналады. Жатындар қойнауқаттық, күмбездік, олар төменгі бордың неоком жікқабатына тиесілі терригендік шөгінділерден орын алған. Өнімді горизонт 732 м тереңдікте жатыр. Жатынның мұнайлы бөлігінің жалпы биіктігі 36 м, газды бөлігінің биіктігі 38 м. Газ-мұнай және су-мұнай жапсарлары тиісінше -776 жене -806 белгілерде қабылданған. Өнімді горизонттың тиімді қалыңдығы 32,4 м құмтастар мен алевролиттерден құралған, оның мұнайға қаныққан қалыңдығы 8,4 м, газга қаныққан қалыңдығы 15,6. Жинауыштың кеуектілігі 23,7%. Мұнайға қанығу коэффициенті 0,45, газға қанығу коэффициенті 0,70. Қалыңдығы 10 м-ден 30 м-ге дейінгі саз қабаты жатынның жапқышын қүрайды. Бастапқы қойнауқаттық қысым 9,66 МПа, температура 35°С. 7 мм-лік штуцердегі мұнай шығымы 25,1 м3/тәу.

Құрамы

Мұнайдың тығыздығы 865 кг/м3, аз күкіртті (0,42%), мол парафинді (15,9%), шайырлы (10,78%) келеді, асфальтендері 0,638%, мұнайдың тұтқырлығы 3,27 сСт. Газды тақияның газы құрамы жағынан метанды, болмашы мелшерде (0,03%) азот бар. Қойнауқаттық сулары хлоркальцийлі типті, тығыздығы 1030 кг/м3, жалпы минералдылығы 23,3 г/л. Жатын режимі суарынды, газды тақия энергиясының әсері бар. Кен орны 2002 жылдан бастап өнеркесіптік тұрғыдан игерілуде.<ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер