Балапанды баулу

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Otheruses

Балапанды баулу. Ұядан әкелінген балапанды алғашқы 2-3 күнде ұшып кете алмайтындай торда ұстайды. Торға бауырын төсеп жататындай ұя тәрізді шөп төсеп қояды". Күн өткен соң қарны ашқан балапан дағдыланған әдетімен жанына жақындаған адамнан тамақ тілеп аузын ашады. Сол кезде суық суға батырылған ет береді. Онан соң үй сыртына шарбақ жасап, "қолбала" балапанның тегеуірінінен 3-4 құлаштай шыжым жіп тағып, оралмайтындай айналсоқты қазыққа байлап қояды. Тұғыр орнатып, қасына табақпен су қойып, сүйегімен ет тастайды. Балапан осылайша өз бетімен жеп-ішіп үйренеді. Күз түскенге дейін балапан бүркіттің аяғындағы бауды оң, сол аяғының саусағына алмастырып отырады.

Күзде балапанның аяғына балақбау тағылады. Тұңғыш балақбау салынған кезінен тыным таппай ұша береді. Бірақ алдымен қолға отырғызып үйретуге дағдыландырады. Ол үшін сол қолымен балапан кеудесінен демеп, оң қолына отырғызуға жағдай жасайды. Балапан қолда қатты қорқып отыратындықтан оны қинай бермей жылы-жылы сөйлеп, мейірімділік танытып, басынан бастап еппен сипап үйретеді.

Қолға отырып үйренген соң ақырындап жаяу жүріп, қолға нық отыруға дағдыландырады. Онан тұғырға отырғызып қойып, қолға шақырып үйретеді. Ол үшін биялайдың алақанынан қызыл тартқызып үйретеді және арақашықтықты біртіндеп алыстата береді. Осылайша әбден көндігіп "отырып" үйреніп, шақыруға келген соң "алғашқы тірілеу", яғни тірі аңды ұстату үрдісіне көшеді. Ол үшін алдын ала ұстап алған құс, қоян, т.б. бала бүркіттің шамасы жететін ұсақ жануарларды алаңқайға шығарады, аяғынан шыжым байланған бала бүркітті жіберіп ұстатады. Егер ол өзі ұшып барып ілсе, онда істің нәтижелі болғандығы. Ондайда алғашқы олжасын өзіне тойғаныншажегізіп, дәніктіреді. Алғашқы олжасын қатты қазғанатындықтан оны тартып алуға келмейді, тек жанында отырып, сылап-сипап бірге болу керек. Әйтпесе бүркіті қызғаншақ мінезге бой алдырады. Бұл бірінші мәрте (алғашқы) тірілеудің мақсаты, аңды көрсету, үй жануары мен түз тағысын ажыратуға үйрету болып табылады. Оны мүмкіндігінше мол жасаса қолбалаға шабыт, дағды бітіреді, үнемі ұшқысы келіп тұрады. Мұнан кейін жас құсты шырғаға түсіріп үйретеді. Шырға-құсбегілік өнерінің құсқа аң алдыру әдісінің әліппесі саналады.

"Ұшқан құс, жүгірген аң - тамақ үшін" деп бүркітті адамға үйір болдырып, бауыр бастыруда жемнің атқаратын міндеті ерекше. Сондықтан бүркітті шақыруға келтіру үшін биялаймен бір- екі рет жем жұлдырып алып, құсты биіктеу жерге отырғызып, аузына жетер-жетпес жерден тақап көрсетеді. Сол кезде бүркіт ұмтылып, аузы жетпей, бір аяғын жұмсап талпынып, қолдағы жемге қонады. Шақыру жемі дәмді болса, (аздап қант шайнап бүркеді) бүркіт тез ұмтылады. Осылай қайталатып, дәніктіре берсе, жемді алыстатқан сайын дағдыланып, орнынан ұшып келетін дәрежеге жетеді.

Шырғаға көбіне түлкі терісін алып, терінің үстіне қызыл ет байлап қояды. Кейін түлкіні көргенде лап қоятын мінез қалыптасады. Шырғаны алдымен жақын жерден бастай отырып, бірте-бірте алыстатады. Келесі сатысы - ат үстінде алып жүруге үйрету. Әлбетте оған дағдылы саятқа мінетін атты пайдаланады. Бүркітті желсіз күні қалай шырғаласа да болады. Ал желді күні желге қарсы шақыру қолайлы. Құс желге қарсы ұшып, қалықтап, қолға жеңіл және епті қонады.

Құсты желдің ығына қарай шақыруға болмайды. Онда артынан жел басып, көтеріле алмай, қолға соғылып епсіз қонады. Қолдан асып не жетпей жерге түсіп те қалады. Бүркітті шақырып шырғалағанда да "кә,кә" деп шақырады. Осы дауысқа дағдыланған құс кейін алыстан-ақ иесіне жетіп келетін болады. Шырғаны әу баста бүркіттің жанынан, еңістен төменге қарай сүйретіп, бастырады. Біртіндеп алыстан сүйретіп шырғаның үстінен жем жұлдырып, дәндетіп, алыс-жақынды талғамай жетіп келетін, шақырушыл, шырғашыл етіп баулиды. Жақсы дағдыланып, адамға бейілін берген бүркіт аңға ұшырғанда, аң көрмесе әдетте ұзап кетпей, иесіне қарай тартады. Шырғаға әбден үйренген соң екінші мәрте тірілеуге шығарады. Оған алдын ала ұсталған түлкінің аузына тұмылдырық кигізіп (кейде інге кірмес үшін аузына көлденең ағаш та байлайды), аяғын өрелеп қояды. Оның мәні бүркіт аяғын шайнамасын, әрі алысқа қашпасын дегені. Құсбегі атпен биіктеу төбеге шығып түрып, түлкіні жіберген кезде томағасын сыпырады. Тірі жеп дәніккен құс тірі түлкіге бірден ұшады. Атпен жылдамдата жетіп, алған аңын тояттата жегізеді. Осылайша екі рет тіріленген бала бүркітті аңға шығару үшін қайыруға келді деп есептейді. Алғашқы жылы түлкіге жақыннан жіберуге тырысады және алған кезде жылдам жетіп көмек жасамаса тәжірибесі аз болатындығы өзінен-өзі белгілі.<ref>Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы. - Алматы: "Алматыкітап", 2007. - 208 бет, суретті. Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. ISBN 9965-24-813-3</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}