Ағартушы классицизм дәуірінің хореографтары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

XVIII ғасырда Англия, Аустрияда, кейінірек Францияда балет өнердің жеке бір саласы боп әбден қалыптасады. Хореографтар, әркім өзіне, жаңа балет спектаклінің нақты қалыптасқан түрін, би техникасының, пантомима, музыка, сахналық безендіру мен костюмнің жаңа мүмкіндіктерін іздеді. Англияда Джон Рич және Джон Уивер, Аустрияда Франс Хильфердинг, Италияда Гаспаро Анджолини, Францияда Жан Жорж Новер секілді би өнерінде үлкен реформаторлар болған балетмейстерлер шыға бастады.

Джон Уивер

Джон Уивер (1673—1760) — ағылшын балетмейстері және театр теоретигі. Ағылшын сахнасында бірінші болып сөзсіз және әнсіз, дегенмен нақты сюжеттегі әрекетке негізделген балет қойған. Ағылшын ағартушыларымен бірге ол өнердегі өмірлік шындық үшін күресті. Құдайлар мен аңыздық кейіпкерлерге ол адамдардың бейнесі мен мінездерін берді. Ол балет өнерінің тарихы мен теориясын ұзақ уақыт бойы зерттеп, би классификациясы, сахналық қимылдың жүйесі, сюжет гармониясы мен пластика жайлы өзінің түсінігін үлкен трактатында жазады. Бұл трактат көп уақыт бойы ағылшын трагикі Дэвид Гаррикте сақтаулы болды. Ұзақ жылдардан кейін Д.Гаррик Жан Жорж Новермен танысып, Уивердің трактатымен оны таныстырады. Гарриктің өнері, Джон Уивердің идеялары Новердің балет театрының теоретикалық зерттеулеріне үлкен әсер етеді. Джон Уивер көп балет қойған. Солардың ішіндегі ең танымалысы — "Трактирге келушілер" және "Марс пен Венера махаббаты". Бірінші балетінде ол жылдам сахналық ырғақты, би мен пантомиманың гармониялық үйлесімділігін пайдаланып, қарапайым адами мінездерді көрсетті. Сонымен қатар көрермендер спектакльде бірінші рет әр түрлі халықтардың — шотланд, голланд, ирланд, француз билерін көрді.

Жан Жорж Новер

Үлгі:Infobox Biography Жан Жорж Новер (1727—1810) — француз балетмейстері, хореографиялық өнердің реформатор-теоретигі, Л.Дюпренің шәкірті. Сахналық қызметін биші ретінде жәрмеңке театрынан бастады. 1755— 1757 жылдары Лондондағы "Друри-Лейн" театрының балет труппасын басқарды. Жан Жорж Новер де Франц Хильфердинг сияқты пантомима өнерін қайта жандандырьш, балет спектаклін терең мазмұнмен толтыруға тырысты.

"Мен көріксіз маскаларды сындырып, қисынсыз париктерді өртеп жібердім, ыңғайсыз панье (үлкен, екі жағынан созылған, артқы жағы мен алдыңғы жағынан қабыстырылған әйелдер юбкасы) мен одан да ыңғайсыз тоннелені (кит мұртынан жасалған кең юбка) жойдым", — деп жазады Ж.Ж.Новер. Новерге дейін Францияда биді сахнаға тек операға кіретін қосалқы көрініс, әдемі, салтанатты, бірақ мазмұнсыз интермедия, дивертисмент ретінде ғана шығарды. Ал Новер болса, би әрекетші, ойлы және әсерлі де көрікті болу керек деп тұжырымдады. Жаңашыл-балетмейстер бетперделерді шешіп, күрделі драмалық сюжеттерді, сахналық шындықты талап етеді. Ойын-сауыққа толы қойылымдарға қарсы, ол күрделі драмалық сюжетке толы, әрекеті үзілмейтін балеттерді әкелді. Өзінің балеттерінің тақырыбын Новер антикалық әдебиеттен, тарихтан, мифологиядан алды. Новердің репертуары бір актілі және көп актілі балеттерден, пасторальдерден, дивертисменттерден тұрды.

Бұлар трагедия қаһармандық, комедиялық, қаһармандық, трагедиялық, лирикалық-драмалық қойылымдар болды. Сахнадағы барлық болып жатқанды шындыққа жақындату үшін балетмейстер актерлік ойынның негізгі құралы ретінде пантомиманы таңдайды. Ж.Ж.Родольфтің "Риналъдо мен Армидасын" және “Медея мен Язонын”, Старцердің "Горацийлер мен Курпацийлерін" қою арқылы қаһарман балеттің және балет-трагедияның қағидаларын қалыптастырды.

1775—1780 жылдары Париждегі "Гранд-Опера" театрында балетмейстер болып, 1780—1794 жылдары Лондонда қызмет етті. Ол 80-нен астам балет койған. Пьер Корнель трагедияларын балетке айналдырып, өзінің теориялық ой-пікірлерін жанды спектакльдерде жүзеге асырды. Оның “Би мен балет жайлы хаттар” (1760) еңбегі басқа елдердің ұлттық балет өнерлерін дамытуға көп себін тигізді. Новердің өзгерістері декорацияға, костюмдерге, музыкаға да әсерін тигізіп, нәтижесінде балет тәуелсіз театр жанры ретінде қалыптасады. "Мен би өнерінде, Глюк музыка өнерінде жасағаны секілді үлкен де нақты төңкеріс жасадым, - Новер өзінің шығармашылық жолына мінездеме береді.Оның кызметі балеттің театр өнерінде жеке жанр түрінде дамуына игі ықпал етті.

Орындаушылық өнердегі өзгерістерді тек балетмейстерлер ғана жүргізбей, сонымен қатар балет театрының артистері, Новердің замандастары да жүргізді. Олардың ішінде XVIII ғасырдың танымал бишілері — Мари Салле және Мари Камарго болды. Екеуі де Париж операсының атақты бишісі Француаза Превоның (1680—1741) шәкірттері еді.

Мари Камарго

Сурет:CamargoLancret.jpg
Мари Камарго

Мари Камарго (1710—1770) бірінші болып сарай театрының ережелеріне қарсы шығып оның сахнасына тез, жылдамдатылған ырғақты биді шығарады. Ол гавот, менуэт, пасспье, ригодон сияқты билерді орындауда үлкен табыстарға жетті. Биге өзі енгізген заноскалардың (секіріп қалып, ауада бір аяқты екінші аяққа ұру) орындауын жеңілдету үшін, Мари Камарго аяқкиімнен өкшені алып тастап, юбканың ұзындығын қысқартады және актер костюмінен керегі жоқ әшеклерді алып тастайды. Бұл оған сахналық би техникасын жаңа тәсілдермен, шебер, жеңіл әрі әсем қозғалыстармен байытуға мүмкіндік берді.

Мари Салле

Мари Салле (1707—1756) Мари Камарго ашқан жаңалықтарды әрі қарай дамытты. Өзінің шығармашылық жолын ол әкесімен бірге жәрмеңкелік театрда бастаған еді. Дарынды биші Салленің есімі Лондонда Джон Рич труппасында елге тарады. Кейін ол француз Корольдік музыка академиясына қабылданды. Мари Салле үлкен де ыңғайсыз панье мен тоннеленің орнына гректік туниканы киіп, бетперде мен парик киіп билеуден бас тартады. Салленің жаңашылдық ойлары оның “Пигмалион” және "Вакх пен Ариадна" балеттерінде көрініс тапты. Лондон көрермендеріне бұл ізденістер ұнағанымен, Париж көрермендері оларды қабылдамады. Мари Салле өзінің реформаларын Париж театрында орнықтыра алмады. Шығармашылық күрес оның денсаулығын әлсіретіп жіберді. Ол ерте қайтыс болды.

Мари Камарго мен Мари Салленің шығармашылық күресі үлкен табыс әкелмегенімен, балет театрында өзгерістер басталады. Костюм бишінің кимылын жеңілдететін, еркін бола түсті, аяқкиімдер де биік өкшелі туфлиден грек сандалиіне ауысады. Бұндай өзгерістер балет театрының реформасын әрі қарай жалғастыруға және романтикалық балеттердің дүниеге келуіне түрткі болды. Новер, Хильфердинг және Анджолинидің идеялары XVIII ғасыр екінші жартысында Италия балет театрына ықпалын тигізді. Миландағы Би академиясы және "Лa Скала" театры реформалар орталығына айналды.

Сальваторе Вигано

Сальваторе Вигано (1769—1821). Өз балеттерінің сюжеттерін ол әдеби шығармалардың негізіне құрды. Атақты әріптестеріне қарағанда, ол авторлың шеңберін кеңейтіп қоймай, терең әлеуметтік үн қосып, күрделі тақырыптар мен бейнелерге барады. Олар: Шекспир трагедиясы бойынша "Отелло", Альфьери бойынша “Мирра”, Гоцци бойынша "Үш апельсинге махаббат" балеттері. Балетмейстер Шекспир бейнелеріне жиі соғып, "Ромео мен Джулъетта", “Гамлет”, "Жазгы түндегі түс", "Боран", "Макбет" балеттерін қойды.

1801 жылдан бастап Вигано замандастары хореодрама деп атаған балеттер қоя бастады. Новердің ізбасары ретінде Вигано бимен байланыстыруға тырысып, ырғақты пантомиманы жасады. Оның хореографиялық партитурасы ұлттың билерге толы болды, бұнысымен спектакльдің көркемдік колориті ұлғая түсті.

Виганоның XIX ғасырдағы итальян балетіне тигізген ықпалы зор. Динамизм, жылдам темп, экспрессия, артистердің мимикалық ойыны, ырғақты пантомима және жоғары техника — XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы қалыптасқан итальян балет театрының негізгі ерекшеліктері.<ref>Өнер: Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулык/Қ.Болатбаев, Е.Қосбармақов, А.Еркебай. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-33-998-8</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}


{{#ifeq:|Үлгі

| Бұл үлгі мақалаларды автоматты түрде Үлгі:C қосады. {{#ifeq:Ағартушы классицизм дәуірінің хореографтары|Документация||}}{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}} |{{#if:||{{#if::Санат:Үлгілер:Аяқталмаған мақалалар|}}}} }}