Археология мұражайы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Үлгі:Компания

Сипаттамасы

Археология мұражайыҚазақстандағы археология қазбалардан табылған көне заман мұраларын сақтап, зерттейтін мәдени мекеме. Тарих, археология және этнография институтының жанынан 1973 жылы ашылды. Мұражайдың негізгі мақсаты – Қазақстан жеріндегі адамзат қоғамының ежелгі дәуірінен бастап, кейінгі орта ғасырға дейінгі аралықтағы даму жолын заттай деректер арқылы көрсету. Мұражайда қазақ жерін мекендеген тайпалар мен халықтардың мәдени даму деңгейі, олардың бүкіләлемдік өркендеудің қазынасына қосқан үлесі туралы мағлұматтар беретін көптеген ескерткіштер сақталған. Мұражай экспонаттары іштей өзара кезеңдер мен аудандарға жіктелетін үлкен төрт бөлімнен тұрады. Көрменің бірінші бөлімі «Алғашқы қауымдық қоғам мен оның ыдырауы» тақырыбына арналған. Мұнда қойылған тас экспонаттар Қазақстан жері адамзаттың алғаш қалыптасып, дамыған аймағына жататындығын көрсетеді. Көрмеде палеолит тұрақтары Бөріқазған, Тәңірқазған қоныстарынан табылған, кремниден жасалған тас құралдардан бастап, Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан тас дәуірі ескерткіштерінен жиналған тас шапқылар, қалақшалар, қырғыштар, нуклеустер қойылған. Қаратауда жүргізілген қазба кезінде табылған тас құралдар мен қарулар жинақталған. Олардың ішінде көптеген найзаның ұштары, қырғыш, қалақша, қол шапқылар бар. Неолит пен энеолит дәуірінің құралдарын Шығыс, Оңтүстік және Орталық Қазақстанда жүргізілген қазбалар кезінде және кездейсоқ табылған тас білезіктер мен балталар, найзаның ұштары құрайды.

Мұражайдың келесі бөлімі қола дәуірінің ескерткіштері – Андрон мәдениетіне, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне арналған. Қола құралдарды жасауға қажетті мыс пен қорғасын кен орындары Шығыс пен Орталық Қазақстаннан табылған. Қола дәуірінің қоныстары мен зираттарының осы өңірлерден көптеп табылуы тегін емес. Мұражай көрмесіне найзаның, жебенің ұштары, қола мен алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар қойылған. Таутары мен Қарақұдық зираттарынан табылған қыш ыдыстар, балталар, айбалталар, әшекей бұйымдары Андрон мәдениетінің айқын белгілерін және оның оңтүстік және оңтүстік шығыс аудандағы өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Үшінші бөлім ерте темір ғасырына (б.з.б. 8 – б.з. 5 ғасырлар) арналған. Бөлімде Тасмола мәдениетінің ескерткіштеріне жүргізілген зерттеу кезінде жиналған қарулар, ат әбзелдері, қолданбалы өнер туындылары, сүйектен жасалған бұйымдар мен қоладан құйылған аңдардың денесі жинақталған. Жетісудағы Сақ мәдениетінің дамуын айқын көрсететін Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» қалпына келтірілген киімі ерекше көңіл аудартады. «Алтын адамның» үстіндегі киімі мен шошақ қалпағын айнытпай қайталайтын жаңа көшірме 1997 жылы мұражай төрінен орын алды. Оның түпнұсқасы арнайы алтын қазынажайда сақтаулы. Бас сүйектерінің негізінде М.М.Герасимовтың шеберханасында қалпына келтірілген сақтың, үйсіннің және сармат әйелінің қола мүсіндері Қазақстан жерін мекендеген тайпа өкілдерінің бет-бейнесін көз алдына елестетеді. Мұражайдың төртінші бөлімі орта ғасыр ескерткіштеріне арналған. Мұнда орта ғасырдағы Тараз, Алмалы, Талғар, Ақтөбе, Баба ата қалаларында жүргізілген зерттеулер кезінде жиналған қыш ыдыстар, шыныдан, мыстан жасалған бұйымдар, қолданбалы өнер туындылары қойылған. Көп жылдардан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқан Отырар қаласының материалдарынан арнайы көрме жасалған. Қаланың әуеден түсірілген суретінен оның 16–18 ғасырлардағы құрылысының іздері анық байқалады. Ортағасырлық құрылыс өнері мен архитектурасы жетістіктерін бейнелейтін бірқатар суреттер мен екі макет қойылған. Олар: Айша Бибі мен Қожа Ахмет Йасауи күмбездері. Мұражай қоры жыл сайын жаңа материалдармен толықтырылып келеді.<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref><ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Дереккөздер

<references/>

Тағы қараңыз

Сілтемелер

Суреттер