Алдап-арбау

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қос сөздің қазіргі мағынасы — қулықпен, айламен қолға түсіру, дегеніне көндіру. «...ол енді Ғайниді айтқанына сөзбен көндірмек болып, алдап-арбап айналдыруға тырысты» (Сәкен Сейфуллин).

«Алдау» етістігін жеке алып төркіндеткен автор жоқ емес («Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі»— ҚТҚЭС, Алматы, 1966, 32—33). «Алдау» сөзінің төркінін іздестірген зерттеуші пікірін, оның келтірген тілдік деректерін теріс дей алмаймыз. Сөздің түбірі ертеде «ал» болғандығы және мағынасы «алдау» екендігі дұрыс көрсетілген. Ал біздің қарастырғалы отырғанымыз — «алдаудың» қатысымен жасалған қос сөз тұлғасы. Оның екінші сыңарының төркініне болжам жасаумен бірге алғашқы —«алдау» туралы да тілдік деректерге негізделген өз ойымызды ұсына кетпекпіз.

Ертедегі түркі жазба ескерткіштерінің бірінде «ал алдағ» кездеседі де, мағынасын «әдіс», «тәсіл» деп түсіндірген. Осы тіркестегі соңғы тұлға (алдағ) қазіргі қазақ тілінде «алдау» қалпында айтылатынын да еске алған жөн және мағынасының ертеректегі түркі тілдерінде өзгеше екенін көріп отырмыз. Демек, ерте кездің өзінде де «ал», «алдаудың» тағы бір мағынасы болғандығы байқалады. Мұны қазіргі кездегі кейбір түркі тілдерінің дерегі анықтай алады. Мысалы, хакас тілінде: алда — көндіру, алдандыру.

Қазіргі тілімізде қос сөздің екінші сыңары «арбау» да жеке қолданылып, «алдаудың» синонимы есебінде көрінеді М. Қашқари сөздігінде: арва — дуалау мағынасында берілген. Түркі тілдерінің ішінде көне саналып жүрген якут тілінде бұл сөздің өзгеше мағынасын байқаймыз: арбау-мақтау,-дәріптеу. Көрсетілген тіл деректерін жинастыра келгенде, «алдап-арбау» дегеніміз қазіргі түсінігіміз бойынша «көндіріп-дәріптеу» болатындығын байқаймыз. Тілдегі заңдылыққа қарасақ, алдымен іс-әрекеттің себебін, содан соң салдарын (нәтижесін) білдіретін сөздер орналасуға тиіс. Ал мына қос сөз құрылысынан керісінше жағдайды көреміз. Әрине, тілде мұндай жағдай, сирек болса да, кездесіп отырады. Шын мәнісінде, алдымен мақтап, дәріптей отырып, сонан кейін көндіру орындалмақ. Осы себептен де арбап-алдау деп қолдану орынды көрінбек. Расында, дәл қазір мәселе сөздердің орнында болып отырған жоқ, олардың алғашқы мағынасында.<ref>Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6</ref>

Дереккөздер

<references/> {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}