Алаштану

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Сурет:Alash-orda.jpg
Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы.

АлаштануАлаш партиясы, Алаш автономиясы және Алашорда үкіметі деген ұғымдарды қамтитын Алаш қозғалысының тарихнамасы немесе зерттелу жағдайы.

Алаштануға арналған алғашқы пікірлер мен зерттеулер 1919–1920 жылдарда мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. Осы мәселе бойынша алғашқы қалам тартушылар көшінің басында Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы пен қоғам және мемлекет қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин тұрды. 1919 жылы тамызда «Жизнь национальностей» апталығында (Ресей ұлт істері жөніндегі комиссариатының органы) Байтұрсыновтың «Революция және қазақтар» атты мақаласы жарияланды. Онда Алаш қозғалысының бастау көздері, Алаш автономиясын жариялау мен оның үкіметін құрудағы себептер ашып көрсетілді. Алашорданың құрылуын 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жеңісі әкелген анархияға қарсы тосқауыл болған еді деп бағалады. Мұны Байтұрсынов қазақтар арасында «таптық жіктелудің жоқтығына және жеке меншіктік заттарда белгілі меже болмауына байланысты ... оларға әзірше социалистік қоғамға деген қажеттіліктің жоқтығымен» түсіндірді. Байтұрсыновтың мақаласы жарияланысымен және сол «Жизнь национальностей» апталығында Сейфуллиннің «Манап Шамиль» деген бүркеншік атпен «Қырғыз интеллигенциясы туралы» атты мақаласы жарық көрді. Өз тағдырын, сан қырлы қоғамдық және шығармашылық қызметін социализм мен коммунизм идеяларымен тығыз байланыстырған ақын бұл мақаласында Алаш қозғалысы жалпы алғанда қазақ халқының мақсат-мүддесіне жат құбылыс деген ойдың ұшығын аңғартады. 20-жылдардың басынан Қазақстанның мерзімді баспасөзінде Алаш қозғалысы туралы белгілі бір дәрежеде пікірталас орын алды. Бұл пікірталас «Ш.» деген лақап есімімен жасырынған автордың «Шығыс Киргизиядағы (Қазақстандағы) революциялық қозғалыстың тарихына» («Степная правда», Орынбор, 1922, 26–27 шілде), Ә.Байділдиннің «Шығыс Киргизиядағы революциялық қозғалыс жөнінде», А.Кенжиннің «Киргизиядағы революциялық қозғалыс» атты мақалаларын жатқызуға болады. Байділдин мен Кенжин Алашорда тарихын біржақты жамандауға қарсы шықты. 1925 жылы Қазақстанды басқаруға Ф.Голощекин келгеннен кейін Алаш қозғалысына қатысқан адамдарды саяси қудалаумен қатар, ол қозғалыстың тарихын бұрмалау да басталды. 1926 жылы 25–30 қарашада өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің ІІ пленумы республикалық партия ұйымдарын «Алашорда идеологиясына қарсы күресті күшейтуге» шақырды. Жекелеген зерттеушісымақтарға Алашорданың «контрреволюциялық ұлтшылдық мәнін» әшкерелейтін еңбектер жазуға арнайы тапсырмалар берілді. Осындай тапсырмамен жазылған еңбектің бірі А.К.Бочаговтың 1927 ж. Қызылордада жарық көрген (орыс тілінде) «Алашорда» атты кітапшасы еді. Автор кейбір дұрыс пікірлер айтқанына қарамастан, жалпы алғанда Алашорданы жамандап, оның тарихының әр түрлі кезеңдері мен қызметіне әділ баға бере алмады. Арнайы тапсырмамен дайындалған екінші еңбек 1929 ж. Н.Мартыненконың құрастыруымен Қызылордада жарық көрген «Алашорда» атты құжаттар жинағы еді. Кітап сол кездегі Қазақстан үкіметінің басшысы О.Исаевтың редакциясымен шықты. Жинақтың алғы сөзінде және оған енген құжаттарға берілген құрастырушының түсініктемелерінде комм. идеология мен таптық принцип тұрғысынан Алаш қозғалысы теріс бағаланғанына қарамастан, онда жарияланған деректер Алаш тарихының жекелеген кезеңдері мен оның қызметі туралы нақтылы мәліметтер береді. 1935 ж. БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті жанындағы партия тарихы институтының қызметкерлері С.Брайнин мен Ш.Шафиро «Алашорда тарихының очерктері» деген кітап жариялады. Авторлар Алаш қозғалысының жетекшілері мен оған қатынасушыларды орыс патшалығы мен Уақытша үкіметтің қолшоқпарлары, қазақ халқының қас жаулары деп бағалап, Алашордаға ұлтшыл контрреволюцияның үкіметі деген анықтама берді. Осыған қарамастан кітаптың негізгі мәтініне қосымша ретінде Алаш қозғалысының тарихы жөнінде берілген құжаттар тізбегі ойлы оқырманның осы тарихтан шындыққа сай мәліметтер алуына көмектесті. 1930–1932 ж. әміршіл-әкімшіл жүйе ұйымдастырған сот процестерінің үкімі бойынша бұрынғы Алаш қозғалысы белсенділерінің басым бөлігі сотталды. Одан елге оралғандары «халық жаулары» деген айыппен 1937–1938 ж. атылып кетті. Сол 30-жылдардың ортасынан 80-жылдардың соңына дейін отандық тарихнамада Алаш қозғалысына байланысты зерттеулер жүргізілген жоқ. 20 ғасырдың бас кезіндегі Ресейдегі қоғамдық-саяси өмір тарихы, оның ішінде Алаш қозғалысының да мәселелері жөнінде шет елдерге эмиграцияға кеткен ресейлік, ортаазиялық, қазақстандық және кавказдық халықтардың, сол сияқты шет елдерде өмір сүріп, қызмет істеп жүрген отандастарымыздың еңбектерінде молынан кездеседі (А.Ф.Керенский, М.Шоқай, З.У.Тоған, А.Авторханов, Х.Оралтай, т.б. еңбектерінде). ҚР өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан кейінгі кезеңде зерттеуге ондаған жылдар тыйым салынған Алаш тақырыбы жөнінде тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған талпыныстар жасалды. 1989 жылы шілдеде Қазақстан КП ОК жанындағы партия тарихы институты «Алашорда: пайда болуының, қызметі мен күйреуінің тарихы» деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырды. Пікірталасқа қатысушылардың ойлары көп жағдайда әр қилы болғанына қарамастан, басқосу жаңа тарихи кезеңде бұл тақырыптың бірінші кезекте зерттелуі қажет мәселелерінің басын ашуда оңды рөл атқарды. Алаш қозғалысына жаңа көзқарас қалыптастыруда соны пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасауда М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков белсенділік көрсетті. Кейін Алаштану мәселелері жекелеген моногр. зерттеулерге арқау болды. 19941995 ж. осы тақырыпқа арналған К.Нұрпейісовтің, Қойгелдиевтің монография еңбектері жарық көрді.<ref>Қазақ энциклопедиясы</ref>


Ішкі сілтеме

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

<references/>