Айрақты газ конденсат кен орны

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Айрақты кенорны - Шу-Сарысу шөгінді алабындағы газ-конденсат кен орны. Жамбыл облысында, Тараз қаласынан солтүстікте 135 км жерде орналасқан. Сейсмобарлау нәтижесінде құрылым 1969 жылы бұрғылауға дайындалып, 1971 жылы ашылған.

Геологиялық құрылымы

Кен сыйыстырушы құрылым - өнімді горизонттар жайғасқан жоғарғы турне, төменгі визе беті бойынша (-1820 м-лік изогипса) ауданы 9x9 км, амплитудасы 120 м күмбез тәрізді қатпар. Төменгі пермнің тұзаралық газды горизонттарының беті бойынша мөлшері 21x10 км, амплитудасы 160 м.

Жатыс сипаты

Кен жоғарғы турне, төменгі визенің көмірлі терригендік және төменгі пермнің тұзаралық құмтастары мен алевролиттеріндегі қойнауқаттық-күмбездік, литологиялық қалқаланған типтердегі үш газды жатыннан тұрады. Жоғарғы турне жатынының тереңдігі 2145 м, биіктігі 24 м. Газ-су жапсары -1803 м белгіде. Газды горизонттың жалпы қалыңдығы 24 м, өнімдісі - 17 м. Жинауыштары кеуекті және жарықшақты-кеуекті. Төменгі визе жатынының күмбездегі жатыс тереңдігі 2075 м, биіктігі 62 м, газ-су жапсарының абсолют белгісі - 1771 м. Өнімді горизонттың жалпы қалыңдығы 35 м, өнімдісі - 11,4 м. Терригендік жинауыштары кеуекті және жарықшақты-кеуекті типтес. Бастапқы қойнауқаттық қысым 28,2 МПа, температурасы 72°С. 19,1 мм-лік диафрагмада газдың бастапқы өнімі 31,3 мың м3/тәу. Теменгі пермь тұзаралық газ қабаты 830 м тереңдікте орналасқан. 534 м белгідегі газ-су жапсарлы жатынның биіктігі 70 м. Тұзаралық шөгінділердің жалпы қалыңдығы 32 м, тиімдісі - 10 м. 19,1 мм-лік шайбадағы газдың өнімі (шығымы) 128 мың м3/тәу.

Құрамы

Газы этанды, азотты-көміртекті, көмірқышқылды-азотты көмірсутекті, гелийлі. Ауыр кемірсутектердің жиынтығында ауыр газдардың үлесі мол, тек жеке қойнауқаттарда гана жеңіл газдар бар. Хлоркальцийлі құрамды қойнауқаттық суларының тығыздығы 1,15-1,24 г/см3, минералдылығы 146,3 г/л-ге дейін. Кен орны барлануда. <ref>Қазақстанның мұнай энциклопедиясы. 2 томдық - Алматы: "Мұнайшы" Қоғамдық қоры, 2005. ISBN 9965-9765-1-1</ref>

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер