Қанабек Байсейітов
Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Қанабек Байсейітов (15. 3.1905, Алматы облысы Қаратал ауданы Қалпе ауылы — 10.3.1979, Алматы) — әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақ музыка театрының (қазіргі Қазақ опера және балет театрының) негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық артисі (1936), Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Молдадан оқып, арабша хат таныған. Жастайынан ән салып, ауылында “әнші бала” атанады. 1920 жылдан қызметке араласа бастайды, ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болады. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген (1929). Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж. Шаниннің “Арқалық батыр” спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатты. Ол 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссоры болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар пьесалар (“Озбыр болыс”, “Зәуре”, “Тартыс”, “Келіншек”, т. б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. 1934 жылы Қазақ музыка театрында (қазіргі Қазақ опера және балет театры) М. Әуезов пен И.В. Коцыктың “Айман — Шолпанында” Арыстанның тұлғасын сахналады. 1936, 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне белсене қатысты. Б. Төлеген, Тарғын (Е. Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегі” мен “Ер Тарғынында”), Абай (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің “Абайында”), Арыстан хан (А. А. Зильбердің “Бекетінде”) сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының алғашқы режисерлерінің бірі ретінде “Абай” (Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, 1967), “Қыз Жібек”, “Қамар сұлу”, “Дударай”, “Даиси”, “Евгений Онегин”, “Князь Игорь” операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, Жағыпар болыс (“Аманкелдіде”, 1938), Жұрқа Жұрынбаев (“Қыз бен жігітте”, 1954), Итбай болыс (“Ботагөзде”, 1956), т.б. бейнелерді сомдады. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, “Беу, қыздар-ай”, “Ой, жігіттер-ай” комедияларының, “Достық жолымен” балетінің және “Айсұлу”, “Алтын таулар” атты опералардың либреттоларын (Қ. Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның “Құштар көңіл” кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгісі”, т.б. бірнеше ордендермен, медальдермен марапатталған.<ref>«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;</ref>
Өмірбаяны
Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында тарих сахнасына шыққан профессионалдық қазақ театрында көптеген жарық жұлдыздар бар. Солардың ішінде Қанабек Байсейітовтің де жанған жұлдызы алыстан көз тартады. Әуелде драма үйірмесінен бастап, отызыншы жылдардың басында музыкалық драма, сосын опера театры халқымыздың мақтанышына айналса, ол — Манарбек Ержанов, Күләш Жасынқызы Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков сияқты майталмандардың есімімен тікелей байланысты. Қанекең 1905 жылдың көктемінде қазіргі Алматы облысының Қаратал ауданындағы Қалпе деген жерде дүниеге келген. Әке-шешесі көпке дейін бала көрмей жүріп Ескелді, Балпық әулиелердің басына түнеп, боз қасқа сойған соң дүниеге Қанекең келген екен. Жалғыз бала ерке өссе де, молданың алдын көріп, харіп таныған. Әкесі оны орыс мектебіне де беріп оқытқан көрінеді. Қанекеңнің жас кезінде көрген әсері — ауылдағы жиын-той, әнші-күйшілердің өнер сайысы, балуандар күресі, ат жарысы. Оның, әсіресе, есінде сақтағаны — жеті-сегіз жасында бұл ауылға кұдалыққа келген ақын Сараны көзімен көріп, айтқан ән-өлеңдерін өз құлағымен естуі. Екінші бір ұмытпайтыны — Арқа жақтан Алматыға қарай өнер жолын қуып бара жатқан Манарбек Ержановпен кездесуі. Бұл кезде ер жетіп, қызметке араласып жүрген, өзі де ойын-сауықта ән салатын Қанекең ән дүлдүлі Әміренің тікелей шәкіртінен Арқа әндерін естігендегі әсерін кейін "Құштар көңіл" атты кітабында сүйсіне жазды. Жиырмасыншы жылдардың ортасында қазақ ішінде Қанекеңдей екі тіл білетін адамдар аз-тұғын. Кеңес өкіметі жаңа орнай бастағаннан-ақ ол жаңа қоғам қызметіне араласып кеткен еді. Болыскомда, ревкомда хатшы қызметін атқара жүре ол кеңсе жұмысына бірсыпыра төселіп алды. Ол заманда ауылдық жерде милициядан артық қызмет жоқтай көрінетін. Ол жиырмаға жетер-жетпесте жергілікті милиция бастығы болып тағайындалды. Осы күнгі Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ол кезде колонизациялық дәуірден бермен қарай жергілікті халықты басып-жаншуға дағдыланған казак-орыстарға толы болатын. Солардың ішінде тәртіп орнатамын деп әуреге түсіп жүрген "кешегі калбит" Қанабек өлім аузынан қарудың күшімен ғана аман қалғаны бар. Талдықорған волкомының бастығы, КирЦИК мүшесі Байсақов Қатқылбай деген кісінің көмегі арқасында ол сотталудан аман қалып, Алматыға аттанады. Педтехникумға оқуға түседі. Ол қаладағы әр түрлі оқу орнында оқып жүрген қабілеті бар жастардан үйірме құрып, концерттер ұйымдастыра бастайды, спектакльдер қоюды да қолға алады. Сол тұста Қазақстан астанасы Қызылордадан Алматыға ауысып, сол жақта құрылған тұңғыш Қазақ драма театры көшіп келген еді. Қазақтың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин Қанабектің талабын байқап, жұмысқа шақырады, Мәскеуге оқуға кеткен Құрманбек Жандарбеков орындап жүрген басты рөлдерді ойнауға тартады. "Еңлік-Кебектегі" Кебекті, "Арқалық батырдағы" Арқалықты ойнауы оны бірден жұртшылық көзіне түсірді. Ол бұдан кейін де сахна саңлақтары Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбековтармен бірге талай образдар жасады. Алайда, оның даңқын шығарған опера өнері еді. Консерваториялық жоғары білімі жоқ болса да Күләш, Құрманбек, Шара, Манарбек сияқты майталмандармен бірге бұрын-соңды қазақ естіп көрмеген опера өнерін тез арада игерулері — таңғаларлық жағдай. Тума таланттар деп соларды айт! Кешегі сал-серілердің әндері мен күйлері негізінде жазылған "Қыз Жібек" операсы талайлардың бағын ашты. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде түгелдей ауыл жастарынан құралған сахна саңлақтары Мәскеудегі Үлкен театрда дүние жүзі операларымен таныс көрерменді қалай таңғалдырғаны жайында көп айтылып, көп жазылған. Сонда Төлеген рөлін Қанабек, Жібек рөлін жұбайы Күләш, Бекежанды Құрманбек ойнап, халқымыздың атақ-абыройын шырқау биікке көтерген еді. Онкүндік өткен соң да көңілдері көтеріңкі шеберлер жаңа опералар жасауға құлшына кіріскен. "Қыз Жібекті" жазған Брусиловский халық әндері мен күйлері негізінде "Ер Тарғынды" дайын қылды. Сондағы Тарғын рөлін ойнап, сахнаға тұңғыш шығарған Қалекең тағы бір творчестволық тұғырға көтерілген еді. Күләш Ақжүністің таңғажайып бейнесін жасады. Бұдан кейін "Жалбыр" операсы туған. Мұнда да басты рөлдерде - Қанабек, Күләш, Құрманбек. Ол кезде дауысы да еркін, жүріс-тұрысы да ширақ. Осы опералармен олар арнайы шақыру бойынша Ленинградқа да барып қайтты. Бұл кезде Мәскеу, Ленинград режиссерларымен жұмыс істесіп үйреніп қалған, өзі де орталық театрлардан талай спектакльдерді көріп-тыңдап ой түйген Қанекең режиссерлық деген қиын іске кірісіп кетуге бел буды. Әуелі ол "Қыз Жібекті" қайта қойды. Бұл табысты өткен соң грузин операсы "Даисиді" қолға алған. Бұл сәтті шыққан соң орыстың классикалық опералары — Чайковскийдің "Евгений Онегин", Бородиннің "Князь Игорь" операларын сахнаға шығарған соң, Брусиловский мен Төлебаев бірігіп жазған "Амангелді" операсын қойды. Осының өзі-ақ жоғары режиссерлық білімі жоқ Қанабектің қаншалық тума талант екенін қалың жұртшылыққа танытқан еді. Жетпісінші жылдардың басында "Қыз Жібек" операсы мыңыншы рет қойылғанда Төлеген рөлінде қарт Қанабектің жас жігіттей жайнап шыға келгенін көрген жұрттың талайы таңдайын қаққан шығар деймін. Қанекең кино өнері саласында да айтарлықтай көзге түсті. Отызыншы жылдардың аяғында түсірілген атақты "Аманкелді" фильміндегі болыс рөлін ойнаған Қанекең баршаның есінде. Беріде қойылған "Қыз бен жігіт" фильміндегі бастық, Сұлтан Қожықовтың "Қыз Жібек" фильміндегі тұтқын батыр, Абдолла Қарсақбаевтың халықаралық сыйлықтарға ие болған "Эй, ковбой", "Жүйрік болсаң қуып жет" балалар үшін жасалған фильмдеріндегі қарт кісілердің бейнесі Қанекеңнің актерлік шеберлігін басқа қырынан танытты.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттық операмыздың, өнеріміздің негізін қалаушылардың бірі — Қанабек Байсейітов қай жағынан алсақ та тарихи тұлға!<ref>Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2</ref>
Дереккөздер
<references/>Үлгі:Bio-stub