Берке хан

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

13:31, 2014 ж. желтоқсанның 30 кезіндегі Azim Nurbergen (Талқылауы) істеген түзету

Берке хан (1209 - 1266) - Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі, Алтын Орда ханы.

Өмірбаяны

Берке хан 1209 жылы туған. Ол әкесінің көзі тірісінде Дешті Қыпшақ пен Түркістанның әміршісі болып тағайындалған. Берке билік жүргізген тұста (1257 - 1266) Алтын Орда ірі мемлекет ретінде қалыптасты. Берке билік басына келісімен исламды ресми дін етіп жариялап, Алтын Орда билеушілеріне мұсылман дінін қабылдатқызды. Құбылай хан билікке келгенде, Берке оны Шыңғыс хан империясындағы ұлы хан ретінде мойындаудан бас тартады. Сөйтіп, Жошы ұлысын дербес мемлекетке айналдыруға тырысады. Еділ бойындағы Ахтуба деген жерде Берке Сарайы қаласын салдырады. Салық салу үшін 1257 жылы Русь халқына санақ жүргізіп, салық жинаушыға "басқақ" лауазымын тағайындайды. Ол Хулагу мен Құбылайға қарсы соғыстарда мәмлүк сұлтандарын, Арықбұғаны қолдайды. 1262 - 1265 жылдардағы Алтын Ордаға тәуелді деп есептелген шағатайлық хан Алғудан (Алғұй) Хорезмді тартып алады. Берке батыс көршісі болгар ханы Константин Тешаның өтініші бойынша Византия императоры Михаил Палеологтың Балқандағы ісіне араласады. 1262 жылы Берке әскері ильхандықтардың одақтасы болған Византия иеліктерін талқандайды. 1266 жылы Кавказға жасаған жорық кезінде Берке қайтыс болып, оның денесі Берке Сарайында жерленеді.

Берке Сарай (Сарайы) қаласы

Берке Сарай қаласын 1260 жылы Берке хан салдырған. Берке Сарай XIV ғасырдың 1 - жартысында гүлденді. 1333 жылы сол қалада болған араб саяхатшысы ибн Баттута: "Жазираға салынған көрікті қалалардың бірі, адам көп. Онда сұлу көшелер мен сәулетті базарлар бой түзеген. Қаланы әр түрлі халықтар: моңғолдар, асылар, қыпшақтар, черкестер, орыстар және византийліктер мекендейді..." деп жазды. Берке Сарайын 1353 жылы Әмір Темір күйретті. Берке Сарай қаласының орнына жақын жерде қазіргі Ресейдің Волгоград қаласы тұр.


Дереккөздер

  • Алтын Орда: Қазақ хандығы (I бөлім). Қазақстан балалар энциклопедиясы / Т. Жұмаханов, Б. Жұматаев, Т. Шаңбай. - Алматы: "Аруна" баспасы, 2007. - 224 бет, илл. ISBN 9965-26-042-7