Берке хан

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

АЛТЫН ОРДАНЫҢ ЕКІНШІ ƏМІРШІСІ:

БЕРКЕ ХАН

Өмірбаяны

Берке (моңғ. Бэрх хан; түрікше Бәркә, Берік, Береке, Беркей ; 1209—1266) — Жошы Ұлысының бесінші билеушісі, Алтынорданың екінші əміршісі (1257—1266), Жошының үшінші ұлы, Шыңғысханның немересі. Түркі-моңғол билеушілері арасынан алғашқы болып исламды қабылдаған жан. Өз бауырласы Иранның елханы Құлағу төреге қарсы соғысқан, сол мақсатта Мысыр мəмлүктерімен одақ құрған. Ағасы Батудың саясатын жалғастыра отырып,  ұлыстың біртұтастығын сақтап, өз алдына дамуын қалаған оның билігі кезінде Алтынорда ұлы ханға бағынбайтыны айқын көрінді.

Хандыққа дейін

Берке Орда Ежен мен Батудан кейін туған Жошының үшінші ұлы болды. 1229 жылы басқа да Шыңғыс ұрпақтарымен бірге Үгедейді ұлы хан сайлаған құрылтайға қатысады. 1236 жылы Бату батысқа жорыққа аттанғанда, Берке түркі-моңғол жасақтарының  бір бөлігін басқарды. Оның алдында ол қыпшақтармен болған ұрыста жеңіске жетіп, Аржұмақ, Құранбас, Қапаран атты қолбасшыларын қолға түсірген болатын.

Шығыс Еуропаны басып алған Бату хан 1242 жылы кіші Еділ бойына қайтып келеді. Дəл осы жерде Алтынорданың негізі қаланған болатын. Ал Беркенің қарамағына солтүстік кавказ жерлері берілді. Бұл жер сауда-саттыққа өте қолайлы болғандықтан Бату бұл жерлерді 1254 жылы өз қарамағына қаратып, Беркеге  Еділден шығысқа жылжуды бұйырады.

Беркенің исламды қабылдаған кезі 1240-жылдар болса керек. 1251 жылы өткен бүкіл түркі-моңғол құрылтайында, Беркеге деген сыйластықтың белгісі ретінде тойға арнап сойылған барлық мал басы мұсылмандық ғұрыппен сойылған. Ал 1253 жылы Берке ордасында болып қайтқан Гийом де Рубрук ордада шошқа етін жеуге тиым салынғанын жазады. Жүзжани жазбаларына сенер болсақ, Берке жастайынан ақ Ходжент имамының жетекшілігімен Құранды үйренген.

1246 жылғы құрылтайда Күйік хан ұлы хан сайланғанда, Берке қалған бауырларымен ханды мойындаудан бас тартқан Батуды қостайды. 1251 жылы Бату хан Төленің ұлы Мөңкенің хан сайлануын құптап, оны қолдауға Берке мен Сартақ басқарған бір түмен əскер жібереді. Жошылықтар Шағатай мен Үгедей ұрпақтарына билікке келуге жол бермей, Мөңкені таққа отырғызады. Беркенің басшылығымен сот ісі жүргізіліп, биліктегі шағатайлар мен үгедейлерді түгел жазалайды. Ал Жошы мен Төле əулеттері арасында, Рашид ад-диннің жазуынша "ынтымақ пен достықтың үзілмес жолы басталды"

Билік жолында

1255 жылы Сайын-Бату хан дүниеден өтеді. Ұлы хан Мөңке Сартақты Қарақорымға шақыртып, ұлыс билеушісі етіп тағайындайды. Қайтып келе жатқанда, өз ордасына соға кетуді сұрап, адам жіберткен Беркеге: "Сен мұсылмансың. Мен христиан сеніміндегі адам боламын. Мұсылманның жүзін көру мен үшін бақсытсыздық. "- деп жауап береді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Сартақ белгісіз жағдайда қайтыс болады.  Мөңке таққа мұрагер Ұлақшыны сайлайды. Оның жасы жетпегендіктен уақытша билікке Барақшын-ханым келеді. Көп өтпей-ақ Ұлақшы да қаза болады. Батудың немересі Туда-Мөңкені мұрагер етпек болған Барақшын ханым қолдау таба алмай, Құлағуға аттанады. Бірақ жымысқы ойы əшкере болып өлтіріледі. 

Беркенің билігі басталды

Осылайша тақ басына Батудың

бауыры, Берке келді. Өз ісіне кіріскен сəттен бастап ол оңтүстік орыс жерлеріндегі жағдайларға баса назар аударды.  Галиц-Волынь кінəзі Даниил Романовия ордаға бағынбай, тым еркінсіп кеткен еді. Тіпті 1256 жылы Шығыс Волыннан түркі-моңғол əскерлерін қуып шыққан еді. Бұған Берке қарап отырмай, 1258 жылы Бұрындай сардар басқарған түмендерін аттандырады. Жолай басқа да кінəздіктермен күш біріктірген Бұрындай жасақтары Галиц-Волынның тас-талқаның шығарады. Кінəздің өзі алыстағы аралға қашып кетеді. Кінəздіктің астанасы Владимир-Волынь халқы өз еріктерімен беріледі. 1259 жылдан кейін түркі-моңғолдар 15 жыл бойы оңтүстік-орыс жерлеріне жорық жасаған  жоқ.  Өйткені бұл жерлер толықтай түркі-моңғолдардың қолына өткен болатын.  Кінəз Романовичтің өзі қайтып келіп, Беркеге құлдық ұрған еді. 

Мұсылман жылнамалары Беркені өте жоғары бағалайды. Беркенің исламды қабыл алуы да белгілі бір саяси қадам болса керек. Осы қадамға бара отырып Еділ Бұлғариясынан Орта Азияға бейінгі аумақта орын тепкен ірі-ірі сауда орталықтарының, қалалардың қолдауына ие болды. Бұған қоса ол басқару ісіне білімді мұсылмандарды алуға рұқсатын береді. Осылайша ұлыстың басқару жүйесінде дəстүрлі исламның кейбір белгілері қалыптаса бастады. Беркенің саясаты қалалық өмірдің, қолөнер мен сауда-саттық дамуына арналды. Оның кезінде қала құрылысы қатты дамыды. Ел астанасы Сарай-Бату, Сарай-Берке деп атала бастады. Ордадағы барлық қалаларда мешіттер мен мұнаралар, медреселер мен керуен-сарайлар тұрғызылып жатты.

Мысыр мəмлүктерімен мəміле

Бейбарыс сұлтанның Беркеге жазған алғашқы хаты хижраның 659 немесе 660 жылы (1260/1261 жылдары) жазылған болса керек. Дəл сол жылдары Мысырға келе бастаған жошылықтарды жылы қарсы алған.  Оларға ат-киімін беріп, Каирде арнайы соғылған үйлерге орналастырған. Тіпті сұлтан кейбірін өз сарбаздарына əмір   етіп тағайындаған.  Мұншалықты жылышырай танытқан Бейбарыс, Құлағудың Сирияға жасар кезекті шабуылына қарсы мықты одақтас тапқанына қуанған болса керек. Онсыз да сұлтан  ислам елдері арасында беделі аспандаған Беркемен байланыс орнатуға асыққан еді. Əлбетте неге асықпасқа?! Жошылықтардың əскер сапын құраушылардың негізі қыпшақтар болатын. Ал мəмлүктер құлдыққа түскен қыпшақтар.  Тілі мен мəдениеті, қан жағынан жақындық мəмлүктер мен ордалықтардың арасында одақ құруда басты рөл атқарды.   

Жошы ұлысына  алғашқы мысыр елшісі 1262 жылы аттанды.

Беркеге жазған хатында, сұлтан оны Құлағуға қарсы қасиетті соғысқа шақырып, өз əскерлерінің жай-күйін  жазады. Бейбарыстың хатын қабыл алған Берке, оны түрік тіліне аудартып оқып (моңғолға емес), мазмұнына тəнті болады. Елшілерге сый-сияпатын аямай, қайтарма жауап жазып өз елшілерін қосып Мысырға жібереді.

Тақ таласы жəне бірлікке түскен соңғы сызат

1260-шы жылы бүкіл империяда аласапыран заман басталды.

Ұлы хан Мөңке дүниеден өтісімен, қос бауыры Құбылай мен Арықбұға жоғарғы билік үшін күресті бастап кетті. Берке өзінің Арықбұға жағында екенін білбіріп Бұлғарда соның атымен теңге соқтырғанымен, іс жүзінде көмек көрсетпеді.  Осы бір іріткі кезеңді пайдаланып, Шағатай немересі Алғұй күшейіп келе жатты. Кек құр қояр деймісің. 1262 жылы Арықбұға қосындарына соққы жасаған ол, Хорезмді лезде бағындырып, қаладан Беркеге қарайтын барлық шенділерді қуып шығады.  Бұхарада 5 мыңға жетерлік орда əскерлерін қырып тастайды. Ақыры Беркенің басты əскер  күштері оңтүстік пен батыста бас көтере алмай жүргенде, Алғұй еш қиналмай басты маңызды сауда қаласы Отырарды басып алады.

Ал Жошы Ұлысының яки Алтын Орда иеліктерінің сонау оңтүстігінде немере ағайындылардың қырқысы қарулы қақтығысқа əкеліп соқтырды. 1262 жылы Берке жасақтары Құлағу күштеріне қарсы əскери қимылдарын бастады.  Соғысқа сылтау аббасидтердің халифы Əл-Мустасимнің Құлағу бұйрығымен өлтірілуі болса да текетірестің себебі тереңде жатты.

Жошылықтар Шыңғысханның өсиетін негізге ала отырып, Əзербайжан жері өздеріне қайтарып алғысы келді. Баиу хан да қайтарып алуға тырысқан еді. Оның үстіне Құлағу əскерлері бір емес бірнеше рет Əмудариядан əскерін бастап өткен. Бату хан Мөңкенің бұйрығымен жаңа жорыққа үш түмен əскер қосқан. Ол əскерлер Бағдатты алуға атсалысқан еді.  Ол кезде Берке билікке келген уақыт.  1260 жылы үш түмен əскердің бірін бастап келген Балаханды Құлағу жазалайды. Артынша Тутар мен Құли да белгісіз жағдайда өлім құшады. Бұның бəріне қарап  Берке шыдап отыра алмасы анық. Ол баяғы үш түмен əскердің түгел Дешті Қыпшаққа қайтуын, мүмкін болмаса Мысырға өтіп кетуін бұйырды.

Бірінші Кавказ соғысы: 1262-1263 жылдар Бейбарыстың елшілігі қыпшақ даласына келгенде Берке мен Құлағудың арасында  Кавказда жүрген ұрыстардың бірінші кезеңі аяқталған еді. Ұрыстарды Рашид ад-Дин  толық сипаттайды. 1262 жылдың тамызында Ноғай басқарған 30 мың атты əскер Дербенттен аттанады. Оған қарсы Құлағу əскерін алып Шіремүн ноян екі айдан соң Шемахада қарсы жақ əскерлерімен бетпе-бет келіп жеңіліс табады. Бірақ қарашада қосымша күштер жетіп келіп, Ноғай жасақтары қашуға мəжбүр болады. Қол бастаған Абатай ноян желтоқсанда Дербентті  басып алады. Шешуші шайқас 1263 жылы қаңтарда Терек өзенінің жағасында өтеді. Шіремүн, Абатай, Абаға басқарған құлағулықтар армиясы ойсырай жеңіледі. Екі жақтан да адам өлімі өте көп болады. Құлағу əскерлері шегініп жатып, өзеннен өтеміз дегенде əлсіз мұз жарылып, жартысы су түбіне кетеді.  Ибн Уасилдың айтуынша, сол кезде Берке : "Əттең, өзімізге өзіміз қылыш ала жүгірмей біріге қимылдағанда жер жүзін жаулар едік қой..." деп өкінген екен.  Құлағу Тебризде жаңа жорыққа дайындалады. Оған қоса өз иелігіндегі Алтын Ордадан келген барлық саудагерлердің мал-мүлкін тəркілеуге кіріседі. Ал Дербентті өзіне қайтарған Берке де өз кезегінде парсы көпестерін жазалай бастады. Фракияға жорық 1265 жылы түркі-моңғолдар Византияға шабуыл жасайды. Берке  Византия императорын Константинопольда Мысыр елшілігін ұстап қалғаны үшін жазаламақ ниетте еді(ол елшілік Кайрдан 1263 жылы шыққан еді).  Сонымен бірге Рукн ад-Дин Қылыш-Арсылан IV өтінішімен тұтқында жатқан інісі Изз ад-Дин Кей-Қабус II босатып алмақ болады.  Одақтастардың əскері Константинопольды шабудың орнына Энос қаласына бағыт алады. Сол жерден сұлтанды босатып, Фракияның біраз тұрғынын қолға түсіреді. Мысыр елшілерін босатқаннан кейін, жасақтар қыпшақ даласына қайтып кетеді. Беркенің Фракияға жорығы Құлағумен тым қатты жақындаса бастаған Византияға ескертпе еді. Бірақ Византия императорлары қуатты көршісі Елхандармен байланысын үзуді қаламай, екіжақты саясат ұстанды. Берке ағасы Бату секілді əрдайым селжұқ сұлтандарының істеріне араласып отырды. Бұнысы Кіші Азия жерінің Алтын Орданың ықпал ету аймағы екенін көрсетеді.   Екінші Кавказ соғысы(1265-66жж) Хан Беркенің қазасы Алғашында Берке мен Абаға бейбіт қатынаста болды. Елхан тіпті Тебризде Беркенің атымен мешіт салдыруға, киім тігу шеберханаларын соқтыруға рұқсатын берген. Бірақ қайтадан іс ушығып, шеберханалардың күлі көкке ұшады. Əскери күштердің қақтығысы басталады. Бұл жолғы жаушылықтың неден туғаны белгісіз. 1265 жылы шілдеде Ноғай бастаған əскерлер Дербент арқылы, Оңтүстік Əзербайжанға басып кіреді. Оған қарсы Абағаның ағасы Үшұмұт қол бастап шығады. Екі жақтың ұрысы 1265 жылы 19 шілдеде орын алады. Қан майданда Ноғац бір көзінен айырылып, сарбаздары кері шегінеді. Елхан негізгі күштермен Кура өзені бойымен жылжиды. Оған қарсы Беркенің өзі бастаған жасақтар жолығады. Екі жақ екі жағалауда қосын құрып, бір-бірін садақпен атқылай бастайды. 14 күн осылай өткеннен кейін, Берке Тифлиске беттейді. Жарты жолда суық тигізіп алып, хан Берке қаза болады. Хан қазасынан кейін əскербасылары соғысты жалғастыра беруді жөн көрмей солтүстікке қайтып кетеді. Парсы деректері бойынша Беркенің денесі Сарай-Батуға жеткізіліп, сонда көмілген. Берке хан Алтын Орданың тарихында - ел іргесін нығайтқан, экономикасын дамытқан, ислам тарихында- дін жоқтаушысы ретінде танымал болған ұлы тұлға болды.

Берке Сарай (Сарайы) қаласы

Берке Сарай қаласын 1260 жылы Берке хан салдырған. Берке Сарай XIV ғасырдың 1 - жартысында гүлденді. 1333 жылы сол қалада болған араб саяхатшысы ибн Баттута: "Жазираға салынған көрікті қалалардың бірі, адам көп. Онда сұлу көшелер мен сәулетті базарлар бой түзеген. Қаланы әр түрлі халықтар: моңғолдар, асылар, қыпшақтар, черкестер, орыстар және византийліктер мекендейді..." деп жазды. Берке Сарайын 1353 жылы Әмір Темір күйретті. Берке Сарай қаласының орнына жақын жерде қазіргі Ресейдің Волгоград қаласы тұр.<ref>Алтын Орда: Қазақ хандығы (I бөлім). Қазақстан балалар энциклопедиясы / Т. Жұмаханов, Б. Жұматаев, Т. Шаңбай. - Алматы: "Аруна" баспасы, 2007. - 224 бет, илл. ISBN 9965-26-042-7</ref>Үлгі:Алтын Орда хандары