Даниял Ысқақов
Даниял Ысқақов (1897, Шығыс Қазақстан облысы Шынғыстау өңірі - 1945, Ресей, Карелия) - әдебиетші, сыншы, аудармашы, қоғам қайраткері, Абайдың немере інісі Кәкітайдың ұлы. Семей орыс-қазақ мектебінде оқыған. Ташкент Орта Азия университетін бітірген (1927). Осы университетте оқып жүріп, бала кезінен досы М.Әуезов екеуі қазақ балаларына арнап "Наш аул" деген әліппе құрастырады. Даниялдың қазақ тілінде "Өзбекстандағы қазақ балаларына арналған жаңа әліпби" атты көлемді еңбегі 1926 ж. Ташкентте жарық көрген. Даниял 1924 ж. Әуезовтің "Бәйбіше-тоқал" драмалық шығармасына талдау жасаған сын мақала жариялады ("Сана", № 2 - 3). Бұл мақала қазақ әдеби сынының алғашқы үлгілерінің бірі болып табылады. Даниял - В.Гаршиннің "Төрт күн" (1924), А.Чеховтың "Үлкен бағбанның әңгімесі" (1924) шығармаларын, өзбек жазушысы Абдулла Қаһардың әңгімелерін "Дүние жасарады" (1934) деген атпен, Р.Ролланның "Жан Кристофор" (1937) романынан үзінді аударып, бастырып шығарады. 1937 ж. жалған саяси жала жабылып, Карелияға жер аударылған.<ref>“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref>
Дереккөздер
<references/> Үлгі:Stub: Қазақ әдебиеті Үлгі:Wikify