Қосқұдық керуен сарайы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
19:47, 2026 ж. шілденің 12 кезіндегі Moderator (Талқылауы | үлесі) істеген түзету

(айырм) ← Ескі түзетулер | Ағымдағы түзетулер (айырм) | Жаңа түзетулер → (айырм)
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Қосқұдық керуен сарай қирандысы.jpg
Қосқұдық керуен сарайының қиранды орны.

Қосқұдық керуен сарайыМаңғыстау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген XIV ғасыр археология ескерткіші.

Орналасқан жері

Бейнеу ауданы, Бейнеу ауылынан солтүстікке қарай 68 км жерде, Есетмола зиратымен іргелес орналасқан.

Зерттелуі

Керуен сарайды 1950 жылы алғаш рет С.П. Толстовтың басшылығымен КСРО ҒА Хорезм экспедициясы зерттеген. Құрылыс өлшемдерін 2006 жылы А.Е. Астафьев пен М.Д. Қалменов алған.

Тарихи деректер

Алтын Орданың ханы Өзбек (1312-1340 ж.ж.) билік құрған кезеңде, ғаламат, үлкен керуен сарайларымен жабдықталған, Үстірт арқылы өтетін керуен жолы маңызды орын алған. Үргеніштен шығатын сауда керуені Жайық арқылы Сарайшыққа жетіп, әрі қарай Еділ бойындағы Алтын Орда астанасы Сарай Батуға бағытталатын. Қазіргі таңда сегіз керуен сарайы анықталды, оның бесеуі қазіргі Қарақалпақстан аумағында орналасқан. Олар Үшқұдық, Әжікелді, Белеулі, Қосбұлақ және Шұрық сарайлары. Қазақстандағы Үстірт жонында осы секілді Күше, Бесбұлақ (Белдеулі) құдықтары мен Есетбұлақ (Қосқұдық) бұлағы маңынан үш құрылыстың қалдығы анықталды.

Сипаты

Қосқұдық керуен сарайының қирағанына қарамастан, онда алып ғимараттың түпнұсқа түрін болжап білуге мүмкіндік беретін құрылыс элементтерінің барлығы дерлік сақталған. Ол Қазақстандағы таспен қалау сәулетшілік өнерінің жарқын және бірегей үлгісі болып табылады.
Шаруашылық-тұрмыстық құрылысы және ілеспе зираты бар Қосқұдық керуен сарайы Мыңсуалмас аймағының солтүстік-батыс шатқалындағы Үстірт жонының шетінде орналасқан. Керуен-сарайдан шамамен 1 км солтүстікке қарай тікелей жонның кемерінен алшақтау жерде шағындау Есетбұлақ бұлағы бар. Бұлақ аумағында қызыл саздан жасалған шарықта жасалған керамикалардың сынықтары кездеседі.

Дуал мен қабырғалар

Құрылыстың қалдықтарынан қабырғадағы тастарды ажырату кезінде тасты-топырақты дуал жақсы байқалады. Қабырғалар екі қатар тігінен орнатылған, ішкі кеңістігі тасты топырақпен толтырылған, қалыңдығы 15-25 см болатын, үлкен өңделген әктастан жасалған. Сақталған іргетастың биіктігі шамамен 1,4-2,5 м. Құлаған жабындылар мен тастарды ажыратудан қалыптасқан тас үйінділерден сыртқы қабырғаның бір бөлігі, мұнара мен ғимараттың ішкі кеңістігінің сызбасы жақсы байқалады. Құрылыс қабырғалары әлемнің төрт тарабына бағытталған дұрыс төртбұрышты 41,6×40,8 м пішінде тұрғызылған. Ғимаратқа кіретін есік батыс қабырғаның ортасында орналасқан. Алдыңғы жағында порталды арканың екі пилонының іргетасы сақталған, оған қарама-қарсы екі кең дуал орналасқан, одан ұзындығы 8 м жететін құлаған тас қаланды қатары байқалады. Бұл дуалды биіктігі 10 м-ге жететін "П" пішінінде безендірілген порталдың қиранды қалдықтары деп есептеуге болады.

Бөлмелер мен мұнаралар

Кіреберістің оң және сол жағында екі үлкен төртбұрыш тәріздес бөлме орналасқан. Бұл бөлмелердің арасында керуен сарай қабырғаларынан ату алаңына шығатын тас баспалдақ тұрғызылған. Керуен сарайдың бүйір қабырғаларының әр жағында жеті кішкене тұрғын бөлмелер тұрғызылған, ал артқы қабырғада үлкен сақтау қоймасы орналасқан. Құрылыс бұрыштарында төрттен үш бөлігіне дейін дөңгеленген мұнаралар және артқы, бүйір қабырғалардың орта бөлігінде жартылай дөңгеленген мұнаралар орналасқан.
Керуен сарайдың ауласы кең – 30,5×25,5 м. Шаруашылық және тұрмыстық ғимараттың барлық есіктері аулаға қарай шығады. Керуен сарайдан оңтүстік бағытқа қарай белгі беретін мұнараның негізі ретінде анықталған құрылыстың іргетасы сақталған.

Керуен сарайдан оңтүстік-батысқа қарай 100 м қашықтықта XVIII-XIX ғасырларға жататын ортағасырлық қабір үсті құрылыстар кешені мен қазақ бейіттерінен құралған үлкен зират орналасқан. Қабір үсті құрылыс кешені аумағы бойынша бөлінбей, аралас салынған. Орта ғасырларға бұзылып кеткен жеті кесене іргетасы мен 100-ден аса бір-екі-үш сатылы тұғырлары бар сағана түріндегі қабір үсті ескерткіштері жатады.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>

Әдебиеттер

  • Астафьев А.Е. Пути торговых сообщений эпохи средневековья на территории Арало-Каспийского водораз-дела. – Актау, 2010. – 147 с.
  • Калменов М.Д. Средневековые караван-сараи, расположенные на территории Мангистау // Кадырбаевские чтения: матер. междунар. научн.-теор. конф. – Актобе, 2007. – С. 278–282.
  • Калменов М.Д. Караванный тракт через плато Устюрт // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. – Уральск, 2012. – № 1. – С. 65–70.
  • Толстов С.П. Работы Хорезмской археолого-этнографической экспедиции АН СССР в 1949– 1953 гг. // ТХАЭЭ. – 1958. – Т. 2. – 811 с.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер