Нарымбай
Үлгі:Көне қалашық Нарымбай қалашығы (VIII-XII ғғ.) – ортағасырлық қалашық орны, Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.
Орналасқан жері
Байзақ ауданы, Жетібай ауылынан солтүстікке қарай 15,5 км қашықтықта, Тараз–Тегістік тасжолының сол жағында 50 м жерде орналасқан.
Зерттелуі
1936 жылы КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі мен КСР ҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н. Бернштам) ашқан. 1986 жылы Тараз археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.М. Байпақов), 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.М. Байпақов, Д.А. Лобас) зерттеу жұмыстарын жүргізген. 2010 жылы "Археологическая экспертиза" ЖШС ескерткіштер Жинағы экспедициясы (С. Ақылбек, Ш. Құдабаев) зерттеп, құралмен жоспарын түсіріп, координаттарын қайта алған.
Сипаты
Нарымбай "төрткүл" түріндегі қалаларға жатады. Қазіргі орны бұрыштары төрт тарапқа қараған ромб тәрізді келген төбешік. Шетінен есептегенде көлемі 240 м. Ішкі бөлігі тегіс, құрылыс іздері байқалмайды. Қалашықты барлық жағынан ені 1,5 м, үсті 3-5 м, табандығы кейде 20 м-дей болатын жал қоршап жатыр. Беткейлері еңістеу үйінді жалдың үстінде биіктігі 0,4-0,5 м, орташа ұзындығы 15 м-дей, ені 10 м шамасында мұнара орнының қалдықтары бар. Жалдың сыртқары бөлігінде бұрыш мұнаралары орналасқан. Олар жал бойындағы мұнаралардан көлемділеу. Оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс үйінді жалдарда алтыдан, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жалдарда төрттен мұнара орындары бар.
Төрткүл аумағына кіретін қақпа орындары оңтүстік-батыс қабырғаның орта тұсында және солтүстік-батыс қабырғада, солтүстік бұрышқа таман орналасқан. Олар екі жағынан 4 мұнарамен қоршалған. Екеуі дуалда, екеуі сыртқа шығарылған олар бір-бірімен дуалдар арқылы жалғанған. Қақпаның ені – 10 м-ге жуық. Кіретін құрылыстардың ендері: жоғарғы жағы – 25 м, табаны бойынша – 46-50 м, ұзындықтары: жоғарғы жағы бойынша – 40-42 м, табанында – 60 м-ге жуық. Төрткүл ені 10 м, кейбір жерлерде 25 м-ге дейін жететін, тереңдігі 0,8 м-ге жуық ормен қоршалған.
Құрылыс қалдықтарына және табылған заттарға (құмыра т.б. сынықтары) қарағанда Нарымбайды халық VIII-XII ғасырларда мекендеген. Олар егін, мал шаруашылықтарымен, қолөнермен шұғылданған.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref><ref>С25 Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы. Жамбыл облысы. – Алматы: РМК "ММЕ ҒЖЗИ", 2002. – Т.2. – 364 б, карталар, ил. ISBN 9965-13-615-7</ref><ref>Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағы. Байзақ ауданы. – Алматы, 2010. 204 б. ISBN 978-601-7253-05-9</ref>