Нұсқалар арасындағы айырмашылық: "Үлкен Жыбысқы діни-тұрғын үй кешені"
ш (1 түзету) |
|
(айырмашылығы жоқ)
| |
19:47, 2026 ж. шілденің 12 кезіндегі нұсқасы
Үлкен Жыбысқы діни-тұрғын үй кешені – Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ХІХ–ХХ ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіші.
Мазмұны
Орналасқан жері
Байғанин ауданы, Ақтұмсық ауылынан 23 км шығысқа қарай, солтүстік-шығыста орналасқан.ауданы). Нысан Солтүстік Үстірт (Доңызтау) географиялық аймағына кіретін Шағырай жонындағы осылай аталатын ең ірі сайға орын тепкен.
Тарихи деректер
Кешен 1830-1840 жылдары негізі қаланып, кеңестік ұжымдастырудың алғашқы кезеңіне дейін шөмішті-табын руынан тарайтын ажым руының Қаражон тармағының тұрақты қонысы ретінде (діни қызмет мағынасында) қызмет етеді. Ескерткіштің, сондай-ақ "Нұржан-ишан" деген атауы да бар (топокарталарда осылай белгіленген). Мешітті салған (XIX ғасырдың екінші жартысы) Маман болып есептеледі; оның ұлдары: Жолман мен Сейітқұл осы және жақын жердегі Kiшi Жыбысқы мешіттерінің ишандары болған. Қорымда Маманның 1906 жылы қайтыс болған тағы бір ұлы Қыдырдың құлпытасты кесенесі бар. Әбдіғали ишанның да қызметі Үлкен Жыбысқымен байланысты.
Кешен құрылымы
Кешен үлкен сайдың террасалары мен тік беткейлеріне жақсы орныққан мешіт пен үлкен қорымнан тұратын қоныс болып табылады. Ескерткіштердің бірінші бөлігі шағын топтармен сайдың оң (батыс) жағасындағы алаңдарға шашыраңқы орналасқан. Одан біршама жоғары құрылыс блоктарын жасаған іздер сақталған кесек тастардың кең белдеуі жатыр. Сайдың жағасына қарама-қарсы үлкен қорым орын тепкен.
Мешіт
Мешіт арнасы кеуіп қалған өзен бойында созылып жатқан күрделі құрылысты кешенді қамтиды. Бес бөлмеден тұратын оның негізгі (культтік) бөлігі жобасы бойынша қалыңдығы 1,5 м дейінгі мықты қабырғаларымен ерекшеленеді. Бас кіреберіс мешіттің батыс фасадына орналасқан және ол кейінгі уақыттарында іргелес тікбұрышты-созылыңқы бөлмеден қалқамен бөлінген негізгі ғибадат залына апарады. Оңтүстік қабырғаның ортасына михраб орналастырылған (сыртынан апсида түрінде). Орталық зал өтпе жолдар арқылы көршілес бөлмелер мен мешіттің ауласына жалғасады. Ескерткіштің қабырғалары қашалған ірі тас блоктардан, ал жоғарғы бөлігі саз балшықпен біріктірілген шикі кірпіштен қаланған. Ойықтары (есік) маңдайша тақталармен немесе трапеция пішіндес блоктардан тұратын садақ тәрізді аркалармен орындалған. Жоғарғы жабындысы сақталмаған.
Тұрғын-үй жайлар, қорымдар
Мешіттен оңтүстік, оңтүстік-батыста жеке террассада орналасқан тікбұрышты тұрғын үй ғимараты қалдықтарының (қабырғалары) тас құрылымымен ортақ ұқсастықтары бар.
Мешіттің солтүстік, солтүстік-батысындағы тұрғын жай құрылысы негізінен шикі кірпіштен салынғандықтан нашар сақталған.
Сайдың біршама тік шығыс беткейінде орналасқан "тау архитектурасы" белгілері бар үлкен қорым ерекше қызығушылық тудырады. Оған тән ерекшеліктер ескерткіштердің тығыздығы, алаңның өлшемдік жағдайы – жақын орналасқан құрылыстардың аз болмауы, қабырғаларының іргелес болуы және т.б. болып табылады. Негізінен бұлар – тас тақталардан қаланған кедір-бұдырлы қоршаулар. Композициялық орталығы шикі кірпіштен тұрғызылған күмбезшелері бар мұнара тәрізді мәнерлі кесене болып табылады. Сонымен қатар күйдірілген кірпіштен фасады мен интерьерін мәнерлеп қалаған сағанатамдар да қызықты. Қорымда көркем құлпытастар мен қабіртастар көп емес, бірақ олар өзінің түпнұсқалығымен және көне кескінімен ерекшеленеді. Шағын архитектурадағы үйлесімді ескерткіштер қатарына құлпытасы және "қойтас" қабіртасы бар саркофаг-сандықтастарды атауға болады.
Маңыздылығы
Байғанин ауданы мен соған жақын орналасқан аймақ тұрғындарының арасында кешен аса маңызды тарихи ескерткіш нысаны болып саналады. Қазақ руларының үлкен тобы шөмішті-табын руының тарихы мен мәдениетіне және Солтүстік Үстірт ишандарының діни ағартушылық қызметіне байланысты киелі ескерткіш деп есептеледі. 1960 жылы КСРО-ның Жем әскери полигонында Әуе шабуылына қарсы әскер құрылғанға дейін, Доңызтау ауданында ауыл тұрғындары (Ақтұмсық ауылы және т.б.) шашыраңқы қоныстанғандықтан, үлкен қорымы бар аталған кешенге де, Солтүстік Үстірттің осындай ескерткіштеріне де келушілер көп болды. Халықтың көпшілік бөлігін солтүстік, солтүстік-батыс өңірлерге көшіруге байланысты, нысанға келушілер негізінен мал шаруашылығымен айналысатындар болып қалды. Алайда Солтүстік Үстірттегі басқа да осындай ескерткіштер сияқты кешеннің тарихи-мәдени маңыздылығы жоғары болғандықтан, ол әлі күнге дейін халық жадында сақталып келеді.
Ескерткіш көшпенді қазақтардың ХІХ ғасыр ортасынан бастап жартылай отырықшылыққа көшу ерекшеліктерін сипаттайтын Солтүстік Үстірттегі аса ірі діни-тұрғын үй кешенінің бірі және көрнекті тарихи-мәдени, архитектуралық-ландшафты және этнографиялық ескерткіші болып табылады. Кешеннің нысандары Доңызтау мемориалдық-діни архитектурасына тән дәстүрлі ерекшеліктерді айқын көрсетеді.
Жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесіне ие.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref>