Сағыр Төлебайұлы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Үлгі:Тұлға Сағыр Төлебайұлы (1756 – қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Қараоба елді мекені, Елек өзенінің жағасында, 1819) — Жетіру бірлестігіне кіретін Табын руының Әшібек бөлімінен шыққан белгілі батыр, би, орыс отаршылдығына қарсы бас көтерген оқиғалардың белсенді қатысушысы.<ref name=":0">Е95 Еншібаев Д.С. Табын – Есімбет (Әшібек) руының шежіресі. (Бірінші кітап). – Алматы: «Принт плюс» баспасы, 2025 – 256 + 32 жапсырма бет. ISBN 978-601-7290-28-3</ref>

Сурет:Сағыр Төлебайұлы құлпытасы.jpeg
Сағыр Төлебайұлы құлпытасы.

XVIII-ғасырда сыртқы агрессияға қарсы азаттық жолындағы ірі шайқастарды ұйымдастырушылардың бірі болған атақты Төлебай батырдың ұлы. Бөкенбай мен Есет батырдан кейін Төлебай батыр Жетіру одағының бас биі болған.<ref name=":0" />

Қоғамдық-саяси қызметі

Сағыр Төлебайұлы Кіші жүз қазақтарының әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласқан тұлға болды. Ол старшина мәртебесіне ие болып, ресми түрде ру басы ретінде танылған. XVIII ғасырдың соңынан бастап бірқатар беделді тұлғалармен бірлесе отырып, шамамен 6 500 үйлі Табын руын басқарды. Бұл дерек Орынбор губернаторы Волконскийдің мәліметтерінде кездеседі.

1803 жылы Сағыр Төлебайұлы Кіші жүз ханы Айшуақпен, сондай-ақ белгілі билермен бірге Кіші жүздегі тұрақтылық пен өзара келісімді нығайту мақсатында жасалған «Өзара қырқысуды доғару туралы» келісімге қол қоюға қатысқан. Аталған құжат халықтар арасындағы сауда қатынастарын жақсартуға, барымта мен өзара қақтығыстарды азайтуға бағытталды. Сонымен қатар башқұрттар мен орыстар тарапынан қазақ ауылдарына жасалған шабуылдардың алдын алуды көздеді.<ref>КазССР. 1940 жыл, 4 том. 216-бет. Санкт-Петербург.</ref>

Ол жергілікті патша билігіне қарсы ұзақ жылдар бойы күрес жүргізген Қаратай сұлтан бастаған қозғалысты белсенді түрде қолдады. 1809 жылдың қыркүйегінде Орынбор әкімшілігі Сағырдың ауылына 300 қарулы казактан құралған жазалаушы әскер жібереді. Орынбор губернаторы князь Волконский Сағыр Төлебайұлын және оның серігі Жамантайды ұстап, тұтқындау жөнінде жеке бұйрық береді. Алайда Орынбор Шекара комиссиясына қазақтар жағынан қатысып жүрген Байжазық Күшікбайұлы арқылы Сағыр бұл әрекеттен алдын ала хабардар болады. Осыған байланысты ол өз отрядымен даланың ішкері бөлігіне шегінеді. Нәтижесінде жазалаушы әскер Сағырдың тек 9 серігін ғана қолға түсіріп, кері қайтуға мәжбүр болады. 1809 жылдың желтоқсан айында атаман Донсков басқарған казактардың екі жүздік жасағы Сағыр отрядына қарсы жорыққа шығады. Бұл жолы олар Сағырдың туған інісі мен немере інісін тұтқындап, Орынборға алып кетеді.<ref>ҚР МОА. Қ. 4. Оп. 1. 219 іс, 459, 567-беттер.</ref>

1811 жылы Сағыр Төлебайұлы Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлының сайлауына өз руының атынан қатысады.<ref>МАОрО. Қ. 6. Оп. 10. Іс. 716, 53–55 беттер.</ref> 1812 жылдың маусым айында Орынбор әкімшілігі Қаратай сұлтанға қарсы атаман Донсков басқарған жазалаушы отрядты аттандырады. Осыған байланысты губернатор Волконский Шекара комиссиясына жолдаған құпия қатынас қағазында Сағыр Төлебайұлын да «сенімді әрі жасырын бақылауға алу» қажеттігін атап көрсетеді. Бұл тапсырма Шерғазы хан арқылы жүзеге асырылған.<ref>ҚР МОА. Қ. 4. Оп. 1. Іс. 226, 128 б.: Іс. 1730, 3–4 беттер.</ref> Ол елге танымал билермен бірге Жаңаелек шебінің бекітілуіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Аталған шеп қазақ даласында, Елек өзенінің оң жағалауында орналаса бастаған болатын. 1816 жылғы 14 желтоқсанда сұлтандар, билер, старшындар мен елге белгілі тұлғалардан құралған топ губернатор Волконскийге Елек бойына форпост салуға қарсылық білдірген хат жолдады. Хатта ата-бабадан мұра болып қалған жерлердің белгісіз негіздермен «заңсыз түрде беріліп» жатқаны атап көрсетілді.<ref>МОрА. Қ. 6. Оп. 10. Іс. 1522, 1–4 беттер.</ref> Қазақ жерлерінің тартып алынуы және Жаңаелек шебінің құрылуы кейіннен Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің негізгі себептерінің біріне айналды.<ref name=":0" />

Отбасы және ұрпақтары

Сағыр Төлебайұлының ағасы Дауыл Төлебайұлы, сондай-ақ ұлдары Айдос пен Байдос Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс сардарларының қатарында болды. Олар қазақ жасақтарының Жаңаелек шебі бойындағы Боранды, Ветлянск және өзге де бағыттарда жүргізілген бірқатар шабуылдарына қатысты. Көтерілістің 1822–1826 жылдардағы кезеңіне қатысты архивтік құжаттарда олардың есімдері жиі ұшырасады. Ал Байдос Сағырұлы туралы деректер Жоламан Тіленшіұлы көтерілісінің 1838 жылы Кенесары Қасымұлы қозғалысымен ұласқан екінші кезеңіне байланысты кездеседі.<ref name=":0" />

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер