Нұрлан Баймолдаұлы Онжанов
Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Нұрлан Баймолдаұлы Онжанов (25 қараша 1960, Талдықорған облысы) — қазақстандық саясаткер, дипломат, Қазақстанның Германиядағы елшісі (2008–2014, 2022–). Филология ғылымдарының кандидаты және I дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елші.
Бұрын Президент кеңсесінің бастығы (2019–2022), Президент көмекшісі (2007–2008, 2014–2019), Сыртқы істер министрінің орынбасары (2003–2007) сияқты лауазымдар атқарған.
Еңбек жолы
- 1983—1986 — Алматы педагогикалық шетел тілдері институтында оқытушы;
- 1986—1992 — Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық шетел тілдері институтында аспирант, зерттеуші-тәжірибеші;
- 1992—1994 — жетекші маман, бас маман, бөлім бастығы, Қазақстан Республикасы баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің кеңесшісі;
- 1994—1996 — Қазақстан Республикасының Президенті Аппараты Халықаралық бөлімінің аға референті;
- 1996—1997 — Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Елшілігінде бірінші хатшы, кеңесші;
- 1997—2001 — Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінде кеңесші;
- 2001—2002 — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің экономикалық саясат департаментінің директоры;
- 2002—2003 — Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасының Майндағы Франкфурт қаласында бас консул;
- 2003—2004 — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы істері жөніндегі комитетінің төрағасы, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы тарапынан ұлттық үйлестіруші;
- 2004—2007 — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары;
- 2007—2008 — Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі;
- 2008—2014 — Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Дания Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы;
- 2014—2019 — Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі;
- 2019—2022 — Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы;
- 2022 жылғы 13 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Марапаттары мен атақтары
- Құрмет ордені;
- Қазақстан қорғаныс министрінің “халықаралық әскери достастықты дамытқаны үшін” медалі;
- Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл медалі
- Қазақстан Конституциясына 10 жыл медалі
- Қазақстан Республикасының парламентіне 10 жыл медалі
- Қазақстан президентінің алғысы;
- Қазақстан құрмет грамотасы.
Білімі
1983 жылы Гумбольдт атындағы Берлин университетін “неміс тілі пәнінің мұғалімі” мамандығы бойынша тәмамдады.
Жеке өмірі
Үйленген, жұбайы Рита Сейітқалиқызы Онжанова.
Балалары:
- ұлы Тимур (1984 жылы туған) — Бәйтерек холдингі төрағасының орынбасары және Qazaqstan Investment Corporation директорлар кеңесінің мүшесі;<ref>Сын бывшего помощника Назарбаева стал членом совета директоров Qazaqstan Investment Corporation</ref>
- қызы Әлия (1987 жылы туған).