Бәтима кесенесі
Бәтима кесенесі, Қызтамы кесенесі – Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген XX ғасырдың басынан сақталған сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері
Арқалық қалалық әкімдігіне қарасты Екідің ауылының солтүстік шетінде орналасқан.
Тарихи деректер
Кесене аңыз бойынша ақылына көркі сай шешен де дана қыздың қабірі басына салынған. Қыздың бірде бір-бірімен жауласқан екі рудың арасындағы соғысты тоқтатып, екі жақты татуластырғаны жайлы да айтылады. Оның есімі Бәтима екен. Бай әрі атақты бидің ұлы құда түскенде Бәтима кенеттен қайтыс болады. Қалыптасқан салт бойынша әкесі Бәтиманың орнына кіші қызын күйеуге бермек болады. Кіші қызы әпкесінің қабірінің басына тамаша кесене тұрғызып, оны жерлеу рәсіміне барлық жұртты (тіпті жануарын да) шақыруды өтінеді. Уақыты келіп қайтыс болғанда өзін де сол кесенеге жерлеуді өсиет еткен деседі.<ref>Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7</ref> Бәтимаға әкесі құрылысшы Б. Мәжікбайұлына 1908 жылы салдырған. Ел арасында ғимаратты “Қызтамы” деп те атайды. Кейін, 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, Доғал шайқасында қаза болған ағасы Мырзабек Бәтиманың қасына жерленген.
Кесене сипаты
Ғимарат бұрма күмбезді, биіктігі 7,20 м, іргесі шаршы пішінді (6,60х6,40 м), қызыл кірпіштен қаланған. Алдыңғы қасбетіне салтанатты сипат беру үшін оның жоғары жағына биік төбежабын (портал) салынған. Төбежабынның жиек айналасына үш қатарлы кірпіштен бұғат қондырылған. Кіре берістегі есік ойығының маңдайшасы доғарылып өрілген арка. Қасбеттері түгел “П” әрпіне ұқсас оймышты қалыппен құйылған өрнекті кірпіштен құрастырылған жолақтармен безендірілген. Жолақтың шетіне қылбұраулы жиектеме берілген. Кейінгі кезде ауыл тұрғындарының күшімен Бәтима кесенесінің іргетасы бекітіліп, айналасына жақтау жасалған. Бүрмелі күмбездің жоғарғы беті цементпен сыланған.