Баянжүрек суреттері

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Баянжүрек тауының оңтүстік баурайындағы петроглифті жартастар.jpg
Баянжүрек тауының оңтүстік баурайындағы петроглифті жартастар.

Баянжүрек суреттеріЖетісу облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.

Орналасқан жері

Облыстың Ақсу ауданы жерінде, Жетісу Алатауының Қаратау сілеміндегі оқшау тау – Баянжүрек тауында орналасқан.

Зерттелуі

Шығыс Жетісудағы жартас суреттерін зерттеу жұмыстары XIX ғасырда басталғанымен XX ғасырдың 80-ші жылдары ғана белсенді түрде қолға алынды. Әр жылдары мұндағы петроглифтерді, көне қоныстар мен қорымдардың қазбаларын Ә. К. Әкішев, З. С. Самашев, А. Н. Марьяшев, А. А. Горячев, Р. Саламен және тағы да басқа археологтар жүргізді.
Қызылағаш пен Бүйен өзендерінің аралығында орналасқан осы өңірдің ғажайып ескерткіші – Баянжүрек Жетісу жотасымен қатар жатқан, ұзындығы 13 км жуық тау сілемі, оларды бір-бірінен (4 км дейін) онша енді емес тау аралық аңғар бөліп тұр. Таудың оңтүстік баурайы қысқа жартасты шатқалдарға бөлінген, олардың суық желден ықтасын сағасы ежелден малшылардың маусымдық қонысы болған. Полиметалл кендерінің бай қоры Жетісу Алатауының солтүстік баурайында шоғырланған; тау бөктері мен жотаның биік таулы алқабы осы күнге дейін малшылардың көктемгі-күздік және жаздық дәстүрлі мал жайылымдары болып табылады. Жайлы экологиялық жағдай Баянжүрек пен оның маңындағы тауларда археологиялық және тарихи ескерткіштердің көп болу себебін түсіндіреді; бұл жерлерден көптеген қоныстар, металлургиялық шеберханалар, қорымдар, құрбандықтар мен жартастағы суреттер табылды. Олар әртүрлі кезеңдерде – қола дәуірінен XIX ғасыр ортасына дейінгі аралықта салынғаны анықтылды.
Аса маңызды ескерткіштер қатарына қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі Мұздыбұлақ, Тасбас, Қалақай сияқты қоныстар мен қорымдарды, сонымен қатар Баянжүрек петроглифтерін жатқызуға болады.

Петроглифтер сипаты

Баянжүрек аумағындағы ең бір көрнекті ескерткіштер – петроглифтер, олардың ішіндегі анағұрлым құндылары таудың батыс жақ бөлігінде шоғырланған. Мұнда қола дәуірінен бастап XIX–XX ғасырлар басына дейінгі уақытты қамтитын барлығы 2500-дей петроглифтер бар. Суреттерді жартастарға салу әдісі алуан түрлілігімен ерекшеленеді: ойып, кесіп және қашап жасалған. Өрнектеп-өңдеу суреттің ұсақ бөлшектерін дәлірек беруге мүмкіндік береді. Кейде 1-2 см-ден аспайтын кішкентай суреттер ерекше нәзіктігімен ерекшеленеді. Ертедегі суретшілер жартастағы суреттерді салғанда құздың әртүрлі табиғи ерекшеліктерін жиі пайдаланған; мысалы, бұғының мүйізін салғанда құздың жарықшақтарын оңтайлы пайдалана білген.
Петроглифтердің көп бөлігі қола дәуірінде ойылып жасалған да, кейіннен жаңадан өңделіп отырған; әсіресе ортағасырларда көптеген жаңартулар болған.

Қола дәуірі петроглифтері

Қола дәуіріндегі ең бір қызықты петроглифтер тау басында. Мұнда Қазақстанның жартас өнерінде сирек кездесетін "жасанғандар" бейнелері – қолдарында айнасы және денесінде жүні бар екендігін немесе киімінің жалбыраған шашақтары да болуы мүмкіндігін білдіретін антропоморфты кейіпкерлер бар бірнеше кескіндемелер кездеседі. Кейбір жануарлардың пішіндері, мысалы, ат пен бұқаның мүсіндері аса шебер орындалған. Көбінесе антропоморфты кейіпкерлердің – қолдарына шоқпар ұстаған немесе бір-біріне қарама-қарсы қолдарын көтеріп тұрған адамдар сюжеттері жиі кездеседі; эротикалық көріністер де бар.
Қола дәуіріне дөңгелекті көлік, соның ішінде жауынгерлік қос доңғалақты арба бейнесі жатады. Қос доңғалақты арбаның бірнеше суреттері Баянжүректің батыс жонынан табылды. Олардың ішінде ат жегілген арбалар және үлкен төрт шабақты доңғалақты немесе диск тәрізді кішкентай дөңгелектері бар үлкен екі аяқты ат жегілмеген күйме арбалары кездеседі. Тұтас алғанда, ерте кездегі Баянжүрек петроглифтері стиль жағынан Жетісудың, оның ішінде Ешкіөлмес, Таңбалы жартас өнерінің басқа ескерткіштерінен, елеулі айырмашылықтары бар және қола дәуіріндегі Шығыс Қазақстанның, Сібірдің оңтүстігінің және Монғолия батысының жартастағы суреттерімен ұқсастықтары көбірек екенін табуға болады.

Сақ дәуірі петроглифтері

Баянжүректе сақ дәуіріндегі қоныстар белгілі болса да осы кездің петроглифтері аз кездеседі, ал ертедегі көшпенділер қорғаны аңғардың барлық жерінде кездеседі. Осы кезеңнің петроглифтері суреттеу мәнерімен айқын ерекшеленеді, олардың көбі аң стилінде орындалған. Баянжүрек жартастарында бүгілген аяқтарымен немесе тұяқтарының ұшымен тұрған бұғының суреттері бірнеше рет кездеседі. Қабанның ескерткіші сақтардың аң стилінде орындалған. Ит мен қасқыр сияқты жыртқыш аңдар шөп қоректі жануарларды қуалаған көрініс суреттері жиі кездеседі.

Ортағасырлық петроглифтері

Ортағасырлық петроглифтерде ту ұстаған салт аттылар, атты жауынгерлердің жекпе-жектерінің көріністері – түрік дәуіріндегі жартас суреттерінің өзіне тән сюжеттері берілген. Ат пен қасқырдың бейнелері жиі кездеседі; бұл бейнелер ежелгі түрік идеологиясында ерекше орын алды және әскери табынушылыққа байланысты болды. Шайқас сюжеттерімен қатар аңшылық және жыртқыштардың жануарларды қууы, үлкен күрделі садақтан ататын жаяу садақшылардың суреттері де аз емес. Сонымен қатар түрік шеберлері өз композицияларын құра отырып, қола дәуіріндегі петроглифтердің көпшілігін жаңартты. Бұл жартастағы шығармашылықтың ерекшелігі жаңа кезеңнің петроглифтеріне де тән. Жалпы алғанда, Баянжүректегі қазақ суреттері салыстырмалы түрде аз; олар жартастарда немесе XIX ғасырлардағы қыстаулардың жанындағы жеке тұрған үлкен домалақ тастарда жиі кездеседі және дәстүрлі жануарлардың, салт аттылардың бейнелерінен басқа, ру белгілерінің суреттері – таңбалар кездеседі.

Баянжүрек петроглифтерін зерттеу Шығыс Жетісудың ежелгі тұрғындарының Қазақстанның, Орта Азия мен Сібірдің басқа аудандарымен мәдени-тарихи байланыстарын білуге мүмкіндік береді. Қола дәуіріндегі петроглифтер саны анағұрлым көп, көркемдік жағынан көрнекті болып келеді. Олардың дүниеге келуі, бұл жердегі ежелгі ғибадатхананың жұмыс істей бастауымен және б. з. д. II мыңжылдықтағы тайпалардың табыну тәжірибесімен байланысты болуы мүмкін. Жүздеген жылдар бойы жартас суреттер шығармашылығының мазмұны мен маңызы өзгерсе де, бұл жерлер кейінгі уақыттарда да сый-құрметке ие болып қала берді.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4</ref>

Петроглифтерден көріністер

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер