1996-1998 жылдардағы банктік реформалар

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

1996 -1998 жылдардағы банктік реформалар Бұл реформалар Ұлттық Банктің 19961998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының банк жүйесін реформалау бағдарламасына сәйкес жүргізілді.

Банк реформасын жүргізу бағдарламасының басты мақсаты - Қазақстан Республикасы Ұлттық валютасының ішкі және сыртқы тұрақтылығын әрі қарай арттыру және экономиканы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту үшін екінші деңгейдегі банктердің жүйесін нығайту.

Көздеген мақсатқа жетуде Ұлттық Банк мынадай міндеттерді шешуге күш жұмсайды:

  • ақша-несиелік реттеу әдістері мен құралдарын жетілдіру;
  • елдің қаржы нарығына Ұлттық Банктің араласуы арқылы қолма-қол ақша айналымында әкімшілік басқаруды күшейту;
  • валюталық реттеуді дамыту және алтын-валюта резервін басқару;
  • банктік қадағалау жүйесін және банк қызметін реттеу қағидатын түбірімен өзгерту;
  • бухгалтерлік есепті және банк жүйесін реформалауды аяқтау;
  • Ұлттық Банктің басқа елдердің орталық банктерімен және басқа да қаржылық институттарымен байланысып, халықаралық қаржы ұйымдарына қатысуы;
  • Ұлттық Банктің құрылымын жетілдіріп, кадр және техникалық әл-ауқатын нығайту;
  • екінші деңгейдегі банк жүйесін сауықтандыру;
  • төлем жүйесін дамыту;
  • елдің банк жүйесінің қызмет етуінің және реформалауының құқықтық қамтамасыз өтілуін жетілдіру.

Макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін Қазақстан Ұлттық Банкі ақша-несие саясатының біршама тиімді классикалық құралдарын пайдаланды. Оларға қайта қаржыландыру несиелерін беру көлемін реттеу, қайта қаржыландыру мөлшерлемесін анықтау, міндетті резерв нормасын белгілеу, валюталық нарықта интервенция жүргізу және мемлекеттің бағалы қағаздарымен, сондай- ақ Ұлттық Банктің бағалы қағаздарымен операцияларды жүзеге асыру жатады.

Республикамызда тәжірибелерден берілген директивті несиелердің уақытында қайтарылмағаны, яғни олардың 24 %-дан астамы ғана қайтқандығы белгілі. Соның салдарынан Ұлттық Банк ондай несиелерді беруді тоқтатуға мәжбүр болды. Осындай жағдайларға байланысты Ұлттық Банк 1996-1998 жылдары орталықтандырылған несиелерді тек кана банктердің қысқа мерзімді қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін несиелік аукциондар, банкаралық нарық, ломбардтық несиелеу, «репо» операциялары, вексельдерді қайта есепке алу арқылы беріп отырды.

Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігі арасындағы бюджетті несиелеуге байланысты жаңа қатынастың қалыптасуына сәйкес, 1998 жылдан бастап, Қаржы министрлігі бюджет тапшылығын өз күшімен несиелеуге міндеттеме алғандықтан, Ұлттық Банк оған тікелей несие беруін тоқтатты. Оған дейін бюджеттің тапшылығының 80%-ға жуық бөлігі Ұлттық Банк несиелері есебінен жабылып келгендігін айта кету керек. Мұны да осы реформаның бірден-бір нәтижесі деп санауға толық болады.

Банк жүйесін реформалау және ақша банкноталарын шығаруда меншікті өндірісті іске қосу республикамыздағы қолма-қол ақшамен байланысты жағдайды түбірімен өзгерістерге әкелді. Осыған байланысты қолма-қол ақша айналымын басқаруда 19921993 жылдары қолма-қол ақшаның, тапшылығынан енгізілген директивтік саясаттың орнына экономикалық реттеу әдістерін пайдаланудың алғышарттары жасалды.

Сөйтіп, осы реформа нәтижесінде кәсіпорындарды және екінші деңгейдегі банктердің қолма-қол ақшамен жасалатын кассалық операцияларының лимиті алынып тасталды.

Ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтап отыру мақсатында Ұлттық Банк шетелдік тәжірибелерді ескере отырып, теңгенің жүйелі валюталық айырбас бағамы саясатын жүргізіп отырды. Алтын-валюта резервін басқаруда Ұлттық Банк мынадай екі портфелді құру қажет деп таныды: стратегиялық инвестициялық, портфель және тактикалық өтімділік портфелі.

Мұндағы, тактикалық өтімділік портфелі валюталық бағамды реттеу саясатын жүргізу және қысқа мерзімді міндеттемелерді жабу үшін қажет. Өтімділік портфелінің негізгі құралдарына ақша нарығының құралдары жатты.

Стратегиялық инвестициялық портфель құрамы Ұлттық Банктің орта мерзімді (3 айдан 3 жылға дейінгі) және ұзақ мерзімді (3 жылдан 10 жылға дейінгі) міндеттемелерінен тұрды.

Аталған портфельдің негізгі құралдарына: мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының құралдары, орта және ұзақ мерзімді депозиттер және капиталдар нарығының басқа да құралдары жатқызылды.

Банктік қадағалау жүйесін реформалаудың басты мақсаты — банктік қадағалау әдістері мен рәсімдерін халықаралық стандартқа жақындату болып табылды. Осыған сәйкес, Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктерге капиталдану талабын қойды. Мұндағы мақсат — бәсекелік ортада қызмет көрсететін банктерді тәрбиелеу және біршама тұрақты банктерді анықтау болып табылды. Осындай талаптың негізінде Ұлттық Банк капиталы жеткіліксіз банктердің өзара бірігуін немесе жойылу шараларын ұйымдастырды. Реформа нәтижесінде көптеген банктер таратылды немесе бірігу үдесін басынан кешті. Осындай шараларды ең бастысы, мамандандырылған банктер басынан кешті. Өйткені олардың барлығы дерлік бастапқыда бюджет қаражаты есебінен құрылғандықтан да, олар үшін несиелік ресурстарды қалыптастыру басты мәселеге айналады. Сөйтіп, кейбіреуі өзара бірігіп жұмыс жасауға мәжбүр болды. Айталық, Мемлекеттік Даму банкі Эксимбанкпен, Тұрғын үй құрылысы банкі Центркредит банкпен қосылып, ал, Медетші банк - Медетші қор ретінде қайта түрлендірілді. Мұндай түрлендіруге Ұлттық Банк тарапынан банк жүйесіне жүргізген кейінгі реформалар себеп болды.

Ұлттық Банктің 1995 жылы бастаған банк жүйесінің бухгалтерлік есебін реформалау 1996-1998 жылдары әрі қарай жалғасып, нәтижесінде Ұлттық Банктің халықаралық стандартқа сәйкес жасалған жаңа шоттар жоспары екінші деңгейдегі банктер қызметіне толығымен енгізілді.

Банк жуйесіндегі бухгалтерлік есептіреформалау — нарықтық экономика талаптарына жауап беретін жалпыға ортақ халықаралық қағидаттар мен стандарттарды банктердін, тәжірибесіне енгізуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін білдіреді.

Бухгалтерлік есеп реформасын аяқтауға байланысты жұмыстар мынадай мерзімдерді қамтыды:

— Ұлттық Банк бойынша:

1996 жылы қосымша және бас бухгалтерия бойынша нұсқаулық материалдар дайындап, оларды баспадан шығару. 1997 жылы 1996 жылдың жұмыс нәтижелері бойынша жаңа шоттар жоспары мен нұсқаулық материалдарға өзгерістер енгізу, Ұлттық Банктің қызметіне байланысты халықаралық аудит жүргізу, банк мекемелерінде ескі шоттар жоспарынан жаңаға өтуді аяқтау шаралары жүзеге асырылды. 1998 жылдың бірінші жартысында қосымша есеп бойынша бағдарламалық қамтамасыз етудің жаңа пакетін әзірлеу және екінші жартысында Ұлттық Банктің бюджетін жоспарлау әдісін жасау.

—Екінші деңгейдегі банктер бойынша:

1996 жылы екінші деңгейдегі он банктер бойынша жаңа шоттар жоспарын енгізіп, ай сайын осы жоспарға сәйкес жиынтық балансын алу.

1997 жылы екінші тоқсанында екінші деңгейдегі банктерде бухгалтерлік есептің стандартын жасау, барлық екінші деңгейдегі банктер бойынша үшінші тоқсанда жылдық жинақ есебін құру шаралары жүзеге асты.

Сонымен қатар, бұл банктік реформаның басты нәтижесі — бұл банктік жүйенің тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында халық салымдарын ұжымдық сақтандыру қоры құрылды. Бұл қорды құру уақыты 1997 жылдан кешікпеуге тиіс еді, бірақ әр түрлі себептерге байланысты қор 1999 жылдын аяғында құрылып, өз қызметін 2000 жылдың қаңтарынан бастады.<ref>Ақша, несие, банктер теориясы: Оқулық. — Алматы: «Жеті жарғы», 2011. — 368 бет. ISBN 978-601-288-026-7</ref>

Дереккөздер

<references/>

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}} {{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}