Өтірік өлең

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Өтірік Өлеңқазақ халқының тұрмыс салтына байланысты туындаған ауыз әдебиетінің көне үлгісі. Шендестіру арқылы бір заттың екінші заттан өзгешелігін, артықтығын көрсету өтірік өлең жанрының басты ерекшелігі саналады. Өтірік өлең әзіл-оспаққа құрылып, көбіне той-думанда, ойын-сауықтарда айтылған. Халық поэзиясында айрықша тапқырлық пен өмір шындығын өзгертіп, қисынсыз түрге келтіріп айтудың шеберлік белгісі ретінде бағаланған. Өтірік өлеңде суреттелетін оқиға желісі нақтылы шындықтан алынғанымен, ондағы іс-әрекет шынайы өмірге жанаспайды: “Аспанға алты жерден тіреу қойдым, Той қылып, мың масаны сонда сойдым” деген сияқты фантастикалық қиялға, күлкіге құрылады. Өтірік өлеңде әсірелеумен қатар бейнелеу, теңеу тәсілдері арқылы көркем бейнелер жасалады, қиыннан қиыстырылған тапқырлық, ойдың өткірлігі мен логик. жүйенің қисыны сарапқа түседі. Ақыл-өрісін кеңейтетін фантазиялық қиялдың шарықтауы көрініс тауып, әсіресе ғылыми-техникалық жаңалықтар шынға бергісіз ойға құрылған сан қилы өтірік өлеңдер туындатады. “Бір күні, күн шыққан соң, таңда тұрып, ойыншық – резинка шарға мініп, Жөнелдім қуып екі жер серігін, Дем алдым Ай қасында жолда отырып” деген сияқты жаңа сипаттағы қиялға құрылады. Өтірік өлеңнің “Қырық өтірік” ертегісі үлгісінде айтылатын нұсқалары бар. Өтірік өлеңдер кейінгі кезде айтыстың жеке жанры ретінде жаңа сипатта көрінді. Бұған І.Алтынбаев пен Ә.Ақылбаев секілді ақындардың өтірік өлең айтысы (1984) айқын дәлел бола алады.

Өтiрiк өлең – қазақ халық поэзиясындағы ерекше қызғылықты, балалар құмарта тыңдап, қызыға жаттап алатын фольклорлық жанр. Өтiрiк өлеңдi бүлдiршiндер ғана емес, үлкендер де сүйсiне тыңдайды, тiптi бүгiнгi айтыста да бұл жанр тiрiле, жаңа қырынан танылып жүр. Тiптi, теледидар бағдарламаларына да арқау болып жүр. Сол сияқты халық «Тазша баланың қырық өтiрiгi» жөнiндегi ертегiнi де ұрпақтан-ұрпаққа қастерлей жеткiзiп келедi. Бұл өтiрiк өлеңнiң қазақ фольклорындағы көне де, дәстүрлi жанр екендiгiн көрсетедi. Қазақ өтiрiк өлең нұсқаларының хатқа түсе бастауы ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан басталады. Оның алғашқы нұсқасын В.В.Радловтың қазақ фольклорына арналған жинағынан кезiктiремiз. Өтiрiк өлең үлгiлерiн жинап бастыруға Ә.Диваев, С. Сейфуллин, I.Жансүгiров сияқты белгiлi адамдар да ат салысқан. Бұл орайда, әсiресе, I.Жансүгiров құрастырып, алғысөз жазған «Ел өтiрiгi» атты жинақты ерекше атаған жөн. Кейiнгi кезеңде өтiрiк өлеңдер жинағы әлденеше рет жарық көрiп келедi . Ел арасында өтiрiктiң қарасөзбен айтылатын түрлерi де мол ұшырасады. Тiптi, әр ауылдың өзiнiң қиыннан қиыстырып: «Өтiрiктi шындай, ақсақты тыңдай» қылып әңгiмелеу арқылы халық «құрметiне» бөленген адамдары болған. Бүгiнгi күндерi баспасөз бетiн көрiп жүрген Әлiмжанның өтiрiгi, Сұраубайдың өтiрiгi, Судырахметтiң өтiрiгi делiнетiн әңгiмелер, бұған айқын дәлел. Е.Ысмайылов өтiрiк өлең қиыстырудың салдар салтында да болғандығын айта келiп: «Салдардың... өлеңдерi де өз мiнездерiне сай өтiрiк, қыңыр мағыналы, қисынсыз құралған күлдiргi болып келедi. Жантұрған сал өзiнiң бiр құрбысына кездескенде:

  • Алабас ит көрдiң бе шiдерлеулi,
  • Әр ауылдың көлiнде оттап тұрған, –

деп бастайды өлеңдi. Тағы бiр тентек салдың өлеңiнде:

  • Көп сиырдан туады жирен айғыр,
  • Шоқаң-шоқаң қойға қасқыр шабады.
  • Боталы iнген, тайлақтар көкте ұшып жүр,

Буынғаным белiме сексен арқан, – деп жазады. Әрине, салдардың өлеңi дәстүрлi өтiрiк өлеңнен өзгешерек, дегенмен арғы тектерiнен түбiрлес жақындық та табылатындай. Үлкендерге арналған өтiрiк өлеңде әрқашан әлеуметтiк салмақ жатады, қарама-қарсы жағдайларды қиюын келтiре ұйқастырып, сол арқылы өмiр шындығын көрсетiп, байдың сараңдығын, ханның қаталдығын күлдiре отырып сынау ерекше тапқырлықты қажет етедi. Халықтық өтiрiк өлеңдерде осы тапқырлық өте мол-ақ. «Қазақтың ертедегi салты бойынша, ойын-сауық кездерiнде айтылатын өлеңнiң бiр түрi – өтiрiк өлең» – дей келiп – нақтылы деректердi мол шеберлiкпен үдеген фантастикалық дәрежеге жеткiзу, адамның ойына келмейтiн «өтiрiк» әңгiмеге айналдыру қазақ ауыз әдебиетiндегi өтiрiк өлеңдер түрiнiң негiзгi бiр ерекшелiгi болып табылады , – деп көрсетедi М.Ғабдуллин. Әрине, балалар репертуарындағы өтiрiк өлеңдердiң ересектер жырынан айырмашылығы бар. Ең алдымен үлкендер өтiрiк өлеңдерiндегi салмақты әлеуметтiк жүк балалар өлеңдерiнде байқала бермейдi. Олардың құрылысы қарапайым, ұзақ-сонар сюжет жоқ. Көбiнесе төрт жолдан тұратын қара өлең үлгiсiндегi қысқа шумақтардан келедi. Өлеңдерде шендестiрiлетiн заттар, жан-жануарлар да балаларға күнделiктi өмiрден таныс болып келедi. Оның мысал үлгiлерi мынадай:

  • Мiнiп алып құртқа,
  • Өрмеледiм бұлтқа.
  • Алып келiп Айды,
  • Көрсеттiм көп жұртқа.

Немесе:

  • Жасадым жұмыртқадан алтын табақ,
  • Сүңгi мұзды боршалап еттiм тамақ.
  • Шегiрткенiң сирағын қасық жасап,
  • Ертеден кешке дейiн iштiм шалап, –

деп келедi.

Өтiрiк өлең бала қиялын ұштауда, бейнелi ойлауға жетелеу, ұтқырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеуде аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да халық ақындары мен балалар жазушыларының шығармашылығында бұл жанр жалғасын тауып өрiстi дамып келедi. Бүгiнгi күн тақырыбына арналған өтiрiк өлеңдердi «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» сияқты газет-журнал беттерiнен бүлдiршiн оқырмандар ынтыға оқиды. Бұл өлеңдерде ғылым мен техниканың жаңалықтары өтiрiк өлеңнiң көне формасымен жымдаса астасып келедi. Мәселен:

  • Пойызға арттым жалғыз қауырсынды,
  • Тарта алмай тепловоз ауырсынды.
  • Тышқанға қоса тiркеп берiп едiм
  • Жүйткидi әлгi пойыз дауыл сынды.

деген сияқты өлеңдерде «қауырсын» мен тышқан көне өтiрiк өлеңнiң кейiпкерлерi бүгiнгi – «тепловозбен» қатар әрекетте жүр. Қазiргi өтiрiк өлеңнiң қызық табиғатын «... бiздiң заманымызда туған өтiрiк өлеңдер – адам қиялының, арманының өрiсiн кеңейтетiн, қиыннан қиыстырып көп болжаулар жасауға мүмкiндiк беретiн және ұтымды пiкiр тудыратын қызықты жанр. Балаларды мәз-мейрам етiп, көңiл-күйiн өсiрумен қатар оларды қиял пырағына мiнгiзедi , – деп Ш.Ахметов жақсы ашып көрсетедi. Өтiрiк өлеңнiң көлемiнiң үлкен, кiшiлiгiне қарамастан олардың негiзiнде iс-әрекет, белгiлi сюжет болады. Сюжеттiк желiге арқау болған күлкiлi әрекеттер бала жанын баурап отырады. Және ол iс-әрекеттер шектен тыс әсiрелене /гипербола/ немесе шектен тыс кемiтiлген /литота/ көркемдiк тәсiлдермен шендестiрiле сипатталады. Өтiрiк өлеңнiң көлемi неғұрлым ұзақ болған сайын ондағы iс-әрекет бiрден-бiрге дамып оқиға күрделенiп, фантастикалық бояу қоюлана бередi. Ал қысқа өтiрiк өлеңдерде үлкен кiшiрейтiлiп, әлсiз-күшейiп, ұзын-қысқарып, биiк-аласарып деген сияқты әдеттегi үйреншiктi жағдайлар адам сенгiсiз кереғар кейiпте сипатталады. Сондықтан да орыс фольклортану ғылымында бұл жанрды «перевертыши» деп те атайды. Сондай-ақ, бұл жанр әлем халықтары фольклорының барлығында да бар. Өтiрiк өлеңнiң бұлайша барша халықтар фольклорына ортақ балалардың сүйiктi мұрасына айналып, ерекше өмiршең сипат алуында үлкен мән бар. Оның ең басты себебi бала психологиясының табиғи ерекшелiктерiне етене жақындығында.

Бала үшiн айналадағының бәрi жұмбақ. Ол сол жұмбақ сырдың құпиясын ашуға құмар. Иә, өтiрiк өлеңде жұмбақ сырдың қандай шешуi бар дерсiз. Мәселе сонда, бала өтiрiк екендiгiн түсiну үшiн алдымен «шындықты» бiлуi керек. Бала сол бiлгенiн өлеңдегi өтiрiкпен салыстыра отырып ойына бекiтедi. Өтiрiк өлеңнiң бар құдiретi де осында. Ол бала қиялына қанат бiтiредi. Өмiрдегi күнделiктi құбылыстар өтiрiк өлеңде өзгеше қызық түрге енiп шыға келедi.

  • Үш жастан мергеншiлiк кәсiп қылдым,
  • Ши оқпен мың құланды атып қырдым.
  • Ауынан өрмекшiнiң кiлем тоқып,
  • Ұялмай жүз тоқсаннан сатып тұрдым

Бала үшiн бұдан артық қызық бар ма? Бала өтiрiкке иланбайды, қайта соның өтiрiк екендiгiн бiлгендiктен де езу тартады, күле отырып қызығады, қызыға отырып қиялдайды, қиялдай отырып ойымен ойнайды. Өтiрiк өлең жөнсiз қиыстырылған сөздердiң ұйқасы ғана емес, онда белгiлi заңдылық, логика бар. Бала ойын жетелейтiн де осы «ақылға сыйымды өтiрiк». Сондықтан да К.Чуковский өтiрiк өлеңдi «смысловая игра» деп атап, оның мәнi жөнiнде: «Мұндай өлеңдер мен ертегiлердiң пайдасы айқын: бала әрбiр «бұлай еместiң» көлеңкесiнен оның «дәл солай» екендiгiн жiтi сезiнедi, әрбiр қалыптан ауытқу баланың қалыпты өмiр жөнiндегi ұғымын орнықтырады және ол өзiнiң әлемдi танудағы бағдарының берiктiгiне сене түседi. Ол өзiнiң ақыл-ой күшiнiң алдында дәл бiр емтихан қабылдап отырғандай сезiнедi. Және «Мен суық ботқаға күймеймiн», «Мен ұлудан қорықпаймын», «Теңiз түбiнен бүлдiрген термеймiн», – дей отырып емтиханнан сүрiнбей өтiп отырады, ол оның өзiне деген құрметiн, ақыл-ой күшiне деген сенiмiн арттырады, бұл мұнау аласапыран күрделi әлемдi тануда абдырап қалмау үшiн балаға өте қажет. Балалардың өтiрiк өлең ойынының бар қуат-күшi дәл осы өзiнен-өзi емтихан алатын тексерiс сынақтар , – деп үлкен келелi ой айтады. Яғни, өтiрiк өлеңнiң астарындағы күлкi туғызатын жеңiл әзiл, юмор, баланы үлкен рахатқа бөлейтiн рухани азық. Және ол күлкi – ойлы күлкi. Бала күлу үшiн алдымен күлкiнiң көлеңкесiндегi шындықты тануы керек. Бала шындық пен өтiрiктi салыстыра отырып өлеңмен өрiлген ұшқыр қиялды, тапқырлықты, шеберлiктi таниды. Сондай-ақ өтiрiк өлең қай халықтың болмасын тұрмыс-тiршiлiгiмен, өмiр салтымен iштей берiк байланысып жатады. «Дүниенiң ауыры үрген қарын», «Тай серкеге мiндiм де жорға салдым», «Арқан естiк зор торғай шудасынан» деген сияқты үзiндiлер қазақы тiрлiк қана туғызатын жыр жолдары. Өтiрiк өлең бала тiлiн сындыруға, оның ана тiлiндегi небiр бейнелi оралымдарды, дыбыс пен сөз ойнатудың тәсiлдерiне үңiлуге баулитын, өлең жаттап, тiптi өзiнше өлең шығаруға да жолбасшы болатын жанр.

<ref>“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9</ref><ref>Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6</ref>

Сілтемелер

Дереккөздер

<references/>

  • Сейфуллин С., Қазақ әдебиеті, А., 1932;
  • Қазақ әдебиетінің тарихы, А., 1964, 1-т., 2-кіт.;
  • Ғабдуллин М., Қазақ халқының ауыз әдебиеті, А., 1964;
  • Әдебиеттану. Терминдер сөздігі, А., 1998.

Кенжехан Ісләмжанұлы. Рухани уыз, А.,2008

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}