Өнеркәсіптің дамуы және оның шикізаттық бағыт-бағдары

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Өнеркісіптің дамуы және оның шикізаттық бағыт-бағдары Егер индустрияландырудың алғашқы жылдары, әсіресе алғашқы бес-жылдықтың бастапқы кезінде Қазақстан КСРО-ның жетекші индустриялық аудандарын ауыл шаруашылығы шикізатымен және азық-түлікпен қамтамасыз ететін аймақ ретінде танылса, 30-жылдары республика өнеркәсіптің өндіруші салаларының көмір, мұнай, түсті металдар, тұз т.б. өнімдерін беретін шикізат көзіне айнала бастады. Сөйтіп Қазақстан индустриясының шикізаттық бағыт-бағдары кең көлемді сипаталып, ауыл шаруашылығы ғана емес, ауыр, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жетекші салаларын да қамтыды.

Түсті металдарды, көмірді, мұнайды және басқа да пайдалы қазбаларды шығаруға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанның елсіз және жартылай елді мекендерінде жаңадан құрылған осы кәсіпорындардың көпшілігі бірден одақтық маңызға ие болды. Бұл Қазақстанда шығарылатын түсті металдардың, мұнайдың, көмірдің, басқа да пайдалы қазбалардың КСРО-ның индустриясы дамыған аймақтарына жіберілетініне ғана байланысты болған жоқ, сонымен бірге ол байлықтарды өндіру ісінде тұтас елді шетелдерге тәуелді болудан құтқаруға көмектесті. Мұндай жағдай ең алдымен Қазақстанда асыл, сирек және түсті металдар шығарылуының дамуына қатысты болды, оларға деген қажеттілік машина жасау құрылыстары мен осы саланың өсуіне сәйкес күрт өсе түсті.

Түсті металдардын, әсіресе мыс пен қорғасынның бай қорлары Қазақстанның оларды өндіруден КСРО бойынша жетекші орынға шығуына мүмкіндік берді. Еңбек және Қорғаныс Кеңесі 1929 жылғы 2 тамыздағы «Түсті металдар өнеркәсібін дамыту болашағы туралы» қаулыда басты назар аударатын аймақтар ішінде «даму келешегі зор негізгі нысан» ретінде Қазақ Автономиясы, Социалистік Республикасы аталды.<ref>Большевик, 1928. №1, 59-6.</ref>. Осы мезгіл қарсаңында Қарсақбай және Ридцер мыс балқыту зауыттары қалпына келтіріліп, жобадағы қуатқа жеткен болатын, ал екінші бесжылдықта олар техникалық жағынан түпкілікті қайта құрылды. Кенді Алтайда Ертіс (Глубокое) қорғасын зауыты, ал Қазақстанның оңтүстігінде 1934 жылы КСРО-дағы аса ірі кәсіпорын - құрамында кен орындары, Қаратаудағы байыту фабрикасы бар Шымкент қорғасын зауыты бой көтерді.<ref>Решения партии и правительства по хозяйственным вопросам. М., 1937. Т. 2, 91-97-6.; История рабочего класса Советского Казахстана. А.-А., 1987. Т..1, 250-6.</ref>.

1931-1938 жылдары Қоңырат кені негізінде КСРО-дағы аса ірі кәсіпорындардынбірі — Балқаш мыс балқыту комбинаты салынып жатты. Осыған орай, түсті металлургия Қазақстанның ауыр индустриясының жетекші салаларының біріне айнала бастады.

Қорғасын-мырыш өнеркәсібінде Шымкент және Риддердің ірі зауыттары, сондай-ақ бірқатар байыту фабрикалары мен кен орындары көш бастады. Екінші бесжылдық кезінде іске қосылған М.И. Калинин атындағы Шымкент қорғасын зауыты жыл өткен сайын өндірісті кеңейтіп, елдің озық кәсіпорындары қатарына шықты. 1939 жылы зауыт КСРО-да балқытылған қорғасынның 73,2%-ын беріп, 1939 жылғы 26 сәуірде Ленин орденімен марапатталды. Шымкент зауытының шикізат қоры — Ащысай кен орнының мүмкіндігі алдағы уақытта азаятын болған соң Текелі кен орны оның негізгі базасына айналды. 1938 жылы Текелі қорғасын-мырыш комбинатының құрылысы басталды. Республиканың қорғасын-мырыш өнеркәсібінің дамуында Кенді Алтайға зор мән берілді: Риддерде қорғасын балқыту және мырыш қоспасын шығару ісі тез өркендей бастаған еді. 1939 жылғы мамырда Өскемен қорғасын-мырыш зауытының құрылысы қолға алынды.

Республиканың мыс өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорындар қатарына Балқаш, Қарсақбай және Ертіс мыс балқыту зауыттары жатты. Олардың қатарында 1938 жылы іске қосылған, 1939 жылы Қазақстан зауыттарында балқытылған мыстың 51%-ын берген Балқаш зауыты ең ірі кәсіпорын болды. Зауыт көп ұзамай еліміздің мыс өнеркәсібінің флагманына айналды.

Соғыс қарсаңында Қарсақбай зауытын қайта құру жұмысы негізінен аяқталды, зауыт қуаттылығын екі есеге жуық ұлғайтты. Сондай-ақ ұзақ уақыт тоқтап тұрған Ертіс зауыты қайта іске қосылды. Мұның бәрі Қазақстанға бірінші және екінші бесжылдықта өндірілген көлемде мол мыс беруге мүмкіндік берді.

Егер республиканың ірі өнеркәсібінің жалпы өнім құрылымындағы түсті металлургияның үлесі 1927-1928 жылдары 6,1% болса, 1939 жылы ол 12,3%-ға жетті, яғни осы 12 жыл ішінде екі еседен артық өсті. Тұтастай алғанда, түсті металлургияның жалпы өнімі 1939 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 17,1 есе, ал 1927-1928 жылдарға қарағанда 25,8 есе өсті. 1940 жылдың 1 қаңтарына қарай түсті металлургияның негізгі өндірістік қоры 1928 жылдың 1 қазанымен салыстырғанда 27,2 есеге артты.<ref>История рабочего класса Советского Казахстана. Т. 1, 150-251-6.</ref>.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталар қарсаңында Қазақстан қорғасын өндіруден КСРО бойынша бірінші орынды иеленді: республика 1939 жылы елдегі барлық қорытылған қорғасынның 84,8%-ын берді, оның ішінде Шымкент зауытының үлесі 62,7%, Риддер комбинатынікі - 22,7% болды. Қазақстан 1939 жылы КСРО бойынша алынған өңделмеген мыстың 16,2%-ын өндірді. Мұның ішінде Балқаш мыс комбинатының үлесі 8,2%, Қарсақбай мыс комбинатынікі 4,1%, Ертіс мыс зауытының үлесі 3,6% болды.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет. А.-А., 1940, 7, 9, 17-6.</ref>.

Индустрияландыру жылдары көмір өнеркәсібі де қауырт қарқынмен дамыды. Қарағанды көмір алабы революцияға дейінгі Спасск мыс зауытының ұсақ қосалқы кәсіпорнынан Кеңес Одағының үшінші көмір базасына айналды. Көмір кендері 1930 жылға дейін тасып жеткізетін жолдың болмауынан тоқтап тұрды және алғашында олар Спасск мыс комбинаты мен Петропавл — Қарағанды аралығын қамтамасыз етеді деп ұйғарылды. Аса мол көмір қоры, оның қоқстылығы және Петропавл-Көкшетау-Ақмола жолының Қарағандыға қосылуы (ақпан, 1931 жыл) Орал мен Орта Азияның байланысын қамтамасыз етумен бірге, Қарағанды көмір алабын, Шығыста КСРО-ның екінші негізгі көмір-металлургиялық орталығы Орал-Кузнецк комбинатын «салумен тығыз байланысты», бүкілодақтық маңызға ие етті. 1931 жылы 31 қаңтарда Еңбек және Қорғаныс Кеңесі: «Қарағанды көмір алабы түсті металлургияның негізгі даму базасына айналуы тиіс. Сонымен қатар Қарағанды өңірінің географиялық орны көмірді Орта Азияға, Түрксібке және Оралға тасымалдауға мүмкіндік береді» деп атап көрсетті.<ref>Сонда, 30-6.</ref>.

Донецк шахтері К.О. Горбачев басқарған «Казстройуголь» тресі көмір алабын игеруді 1930 жылы көктемде иен даладағы аса қиын жағдайда бастады: маман жұмысшылар, оларға қажетгі тұрғын үйлер мен ауыз су, құрал-жабдықтар мен құрылыс материалдары т.б. жетіспеді. Алғашқы жылдары электр стансалары болмағандықтан, жұмыс бу энергиясымен атқарылды, революцияға дейінгі кешенді емес құрал-жабдықтар (бу қазандары, ауыр жүк көтеретін шығыр-лебедкалар), аттың күшімен жұмыс істейтін шығырлар т.б. пайдаланылды. Донбастан жөндеуден өткізілген бу құрал-жабдықтары жеткізілді. Құрылыс ағаштары 230 шақырым жерден көлік-арбамен тасылды, ат шығырлары шахтадағы суды сыртқа төгіп үлгірмеді, тек 1930 жылдың соңында ғана екі шахтада бумен жұмыс істейтін сутөкпе іске қосылды.<ref>Алампиев П.М. Көрсет. енбегі, 217-218-6.</ref>. Қарағандыға теміржол желісінің тартылуы, әсіресе 1933 жылы жылу стансасы және Нұра су құбыры құрылысынын іске қосылуымен бірге шахта тұрғызу құрылысында шұғыл бетбұрыс жүзеге асырылды. 1933-1936 жылдары ірі байыту фабрикасы салынды. Жүк көтеру мен су төгу жұмыстарын атқару бу машинасынан электрлендірілуге көшті, көмір алабы жаңа техникамен (омырғыш-үнгігіш машиналар, электрлі тасымалдағыштар т.б.) жабдықталды, кен игеруде қол жұмыстарын ауыстыратын механикаландырылған машиналардын үлесі 1936 жылы 84,8%-ға жетті.

Қарағанды алабындағы көмір қазу жұмысы

Қарағанды алабындағы көмір қазу жұмысы 1939 жылы өндіру тәсілдеріне қарай төмендегі түрлерге бөлінді: бір жұмысшыға шаққандағы жылдық өнім 1938-1939 жылдары: пайдалануға берілуі бойынша — 341,3%-ға, жерасты жұмыстарында — 357,6%-ға, забойда - 342,6%-ға өсті. 1939 жылы 5,1 млн тоннадан артық көмір өндірілді, ол 1913 жылмен салыстырғанда 78,6 есе артық болды. Бұл Қазақстанда өндірілген барлық көмірдің 93,5%-ын құрады.<ref>Алампиев П.М. Корсет. енбегі, 218-6.; История рабочего класса Советского Казахстана. Т. 1, 247-249-6.</ref>. Қарағандының көксталған кмірі Магнитогорск металлургия комбинатына, қалаларға және Орал мен Орта Поволжьенің теміржолдарына, сондай-ақ Қазақстанның өнеркәсіп орындарына жөнелтілді. Қарағанды көмір алабының Кузбаска Қарағанда Оралға жақындығы – жалпы тұрғыдан, ал Ақмола - Қарталы желісі құрылысының салынуына байланысты Қарағандының маңыздылығын арттыра түсті және жыл өткен сайын оның Магнитогорскінің отындық балансындағы үлес салмағы артып, 1936 жылы 19%-ға жетті.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет, 24-25-6.</ref>.

Тас көмір өндіру саласының ірі өнеркәсіптің жалпы өнімі құрылымындағы үлес салмағы 1913 жылғы 1,4%-дан және 1932 жылғы 3,5%-дан 1940 жылы 5,9%-ға, ал оның өндірістік қоры тек 1932-1939 жылдары ғана 15,6 есеге өсті.<ref>Алампиев П.М. Көрсет. енбегі, 220-222-6.</ref>. 1941 -1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қарағанды көмір алабы елдің үшінші көмір қоймасы деген атына лайық болып, 1940 жылы көмір өндіру 1937 жылғы 3,9 млн тоннамен салыстырғанда 6,3 млн тоннаға жетті, бұл Қазақстанда өндірілген барлық көмір кенінің 90%-ын құрады. Оның қуаттылығы да өсті: тек 1939 жылы ғана 7 жаңа қуатты шахта пайдаланута берілді, 1940 жылы аса ірі көмір қатпарын игеру іске қосылды; көмір қазуға жаңа техника жұмылдырылды: көмір кенінің 97,5%-ы механикаландырылған тәсілмен алынды. Ленгерде көмір қазу 2,4 есеге артты, бұл республикада өндірілген көмір кенінің 5%-ын құрады. Жергілікті өнеркәсіп орындары мен мекемелерді жергілікті отынмен қамтамасыз ету үшін 1939 жылдың жазында Шақпақ, Келтемашат, Курашасай, Мартөк және басқа көмір кен орындарында шахталардың құрылысы басталды.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР, 13, 23-6.</ref>.

Қазақстанның мұнай өнеркәсібі де тез қарқынмен дамыды, соның арқасында республика елдегі бүкіл мұнайдың бестен бір бөлігіне жуығын өндіріп, РКФСР мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орынды иеленді. Бұған Доссор мен Мақат секілді бұрынғы кәсіпорындарды кеңейтудің, Байшонас (1931 жыл), Сағыз (1932 жыл), Ескене (1934 жыл), Қосшағыл (1935 жыл), Құлсары (1939 жыл) тәрізді жаңа кен орындарын іске қосудың сондай-ақ мұнай өндіру техникасын жетілдірудің, көлік байланыстарын жақсартудың, атап айтқанда Гурьев-Орск мұнай құбыры құрылысын іске асырудың т.б. арқасында қол жеткізілді.<ref>История рабочего класса Советского Казахстана. Т. 2, 13-6.</ref>. Ауыр өнеркәсіптің жалпы өнімі құрылымындағы мұнай өндіру саласының үлесі 1939 жылы 1,6% болды, ал оның өндірістік қоры 1927/28-1939 жылдар аралығының өзінде 4,2 еседен артық өсті.<ref>Сонда. Т. 1, 249-250-6.</ref>. Барлау мақсатындағы бұрғылау қарқынды жүргізілді. Соның нәтижесінде 1940 жылы Қазақстанда мұнай өндіру 697 мың тоннаға жетіп, 1937 жылға Қарағанда 42%-ға өсті, 1932 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге, 1913 жылмен салыстырғанда 7 есеге тарта артты. Алайда бұл кезде мұнайды ашық тәсілмен алудың үлес салмағы қысқаруына және скважиналардың көпшілігі мұнайды тереңнен алу тәсіліне көшірілуіне байланысты, Ембідегі мұнай өндірудің бір тоннаға шаққандағы құны КСРО-ны тұтастай алғандағы бағадан шамамен 2,5 есеге асып түсті.

Химия өнеркәсібі бірқатар ірі кәсіпорындарға берілді. Қайта құрылған Шымкент химия дәрі-дәрмек зауыты жаңа өнім түрлерін өндіруді игерді, оның ішінде, КСРО-ны никотинді сырттан тасымалдаудан босатқан, ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресудің тиімді дәрілері де болды. Елдің шығыс бөлігіндегі фосфор тыңайтқыштарын өндірудің тұңғышы Ақтөбе химия комбинаты Орта Азия мен Қазақстанда мақта және қант қызылшасын өсіруге қажетті тыңайтқыштарды шығарды. «Аралсульфат» комбинаты шыны-әйнек зауыттарын натрий сульфатымен қамтамасыз етті және ас тұзын өндірді. Бораттың Индер көлінен мол өндірілуі КСРО-ның боратты шетелдерден тасымалдауын тоқтатты.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР, 13, 26-6.</ref>. Ірі өнеркәсіптің жалпы өнім құрылымындағы химиялық саланың үлес салмағы 1913 жылғы 0,4%-дан және 1927/28 жылғы 1,1%-дан өсіп, 1939 жылы 1,6%-ға дейін жетті, ал оның өндірістік қоры тек 1927/28-1939 жылдар аралығында 37 еседен, жалпы өнімі - 1,8 еседен астам көбейді, ал тұз өнеркәсібі сәйкесінше 10 еседен және 2,3 еседен аса артты.<ref>История рабочего класса Советского Казахстана. Т. 1, 251-252-6.</ref>.

Ауыр өнеркәсіптің жетекші саласы ретіндегі машина жасау өндірісінің Қазақстанда болмауы себепті металл өңдеудің маңызы шұғыл артты. Үлкен аумақта шашырап жатқан «шағын металл өндеу» кәсіпорындары негізінен екі бағытта қызмет атқарды: 1) ауыр өнеркәсіптің ірі кәсіпорындарының механикалық цехтары мен жөндеу шеберханалары; 2) ауыл шаруашылық машиналарын жөндеуге арналған шеберханалар. Алғашқылардың қатарына Шымкент қорғасын зауыты, Қарағанды, Семей ет комбинаты, Гурьевтегі, Доссордағы т.б. өз аймағында әр алуан өндірістік-жөндеу жұмыстарын жүргізген цехтар мен шеберханалар жатты. Ауыл шаруашылық машиналарын жөндеуге арналган шеберханалар совхоздар мен МТС-тердің жанынан ашылды және Қазақстанда олар тракторлар мен комбайндардың саны жағынан Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрды, сондай-ақ ауыл шаруашылық өндірісін дамыту да маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар металл өңдеу Оралдағы, Петропавлдағы, Көкшетаудағы, Ақтөбедегі механикалық зауыттарда, Алматы шойын құю зауытында, Әулиеата, Алматы, Үштөбе, Аягөз т.б. стансалардағы жанадан ашылған Түрксіб жөндеу кәсіпорындарында және автокөлік пен кеме жөндеу шеберханаларында жүзеге асырылды.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет, 13, 32-6.</ref>.

Металл өңдеудің әр алуан түрлерінің дамуы Қазақстанның ірі өнеркәсібінің жалпы өнім құрылымындағы оның үлес салмағының 1913 жылғы 1,9%-дан және 1927-28 жылдардағы 3,6%-дан өсіп, 1940 жылы 15,8%-ға жетуіне ықпал етті, атап айтқанда сәйкесінше 8,3 есеге және 4,4 есеге өсіп, оның алтыдан бір бөлігінен астамын құрады. Бұл тұрғыдан алғанда металл өңдеу бірінші орынды иеленіп, тек түсті металлургия (12,3%) мен көмір өнеркәсібінен (5,9%) ғана емес, басқа да салалардан алға шықты. Металл өндеудің жалпы өнімі 1939 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 137,4 есе, ал 1927-28 жылдардағыдан 55,8 есе өсті. Оның негізгі өндірістік қоры 1941 жылдың 1 қаңтарында 1928 жылдың 1 қаңтарына Қарағанда 298,5 есе артты.<ref>История рабочего класса Советского Казахстана. Т. 1, 252-6.</ref>.

Электрэнергетика да салыстырмалы түрде жоғары қарқынмен дамыды, түсті металлургияның, көмір шахталарындағы, өнеркәсіптің басқа да салаларындағы ірі кәсіпорындардын жеке өндірісін ғана емес, барша тұрғындарды, бүкіл инфрақұрылымды да қамтамасыз етті. Алғашқы екі бесжылдықта Қарағанды және Қаратау ОЭС-тері, Балқаш мыс қорыту комбинатының, Ақтөбе химия комбинатының, Семей ет комбинатының ЖЭО-лары, Шымкент қорғасын зауытының СЭС-і, Үлбі СЭС-і және Ембімұнай кәсіпшілігіндегі дизельді электр стансалары пайдалануға берілді.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет, 7, 9, 17-18, 31-6.</ref>.

Ірі өнеркәсіптің жалпы өнімі құрылымындағы электр энергиясының үлес салмағы 1913 жылғы 0,7% бен 1927-28 жылғы 0,3%-дан 1939 жылы 1,4%-ға дейін көтерілді және оның өндіретін қоры тек 1928-1940 жылдар аралығында 33,9 есеге өсті.

Үшінші бесжылдықтың алғашқы жылдары электр энергиясы бұдан да жоғары қарқынмен дамып, республиканың өнеркәсіп орталықтарындағы энергетикалық базаны нығайту қажеттілігімен ерекшеленді. 1939 жылы елдің Шығысында қолға алынған ірі құрылыс — Өскемен су электр стансасының құрылысы басталды, ол Кенді Алтайды түсті металл кәсіпорындарымен қоса электр қуатымен қамтамасыз етуге тиіс болды. Республика үкіметі бұл стансанын құрылысын жұмыс күшімен, құрал-жабдықтармен, құрылыс материалдарымен және техникамен қамтамасыз ету жөнінен нақты көмектер көрсетті. Бұл СЭС-ті салушы «Иртышстрой» басқармасы Киров ауданынан (Өскемен маңынан) 2500 адамды құрылысқа жұмылдырды, СЭС-те тұрақты жұмыс істеуге 200 коммунист және комсомолдар тартылды. Қарағанды ГРЭС-інін құрылысы жалғастырылды, ол өсіп келе жатқан Қарағанды көміралабын электр энергиясымен қамтамасыз етуге тиіс болды. Белгілі бір өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы нысандарына қызмет көрсететін қосалқы электр стансаларының шашыраңқы орналасуы республиканы энергиямен толық қамтамасыз ету мәселесін қалыпты ұйымдастыруға мүмкіндік бере алмады. 1939 жылы Үлбі СЭС-інің үшінші турбинасы іске қосылғаннан кейін жобалық қуаты — 28,3 мың кВт-қа жетті; Балқаш ЖЭО-і өз қуатын екі есеге, 50 мын кВт-қа арттырды. Алматы ОЭС-і, Жоғары-Хариузов СЭС-і және басқаларының куаты артабастады. Осының бәрі Қазақстанда 1940 жылы электр стансалары мен олар өндірген электр қуаты 1937 жылғымен салыстырғанда 2 еседен артуына жағдай туғызды.<ref>История рабочего класса Советского Казахстана. Т.1, 252-253-6.</ref>.

Қазақстандағы электр стансаларының қуаты 1927/28-1939 жылдары 39,5 есеге өсіп, 166,0 мың кВт-қа жетті, олардың ішінде өнеркәсіптік стансалар жетекші орын алды, олардың қуаты бұл кезде 43,1 есе өсіп, 125,1 мың кВт болды, атап айтқанда олардың үлесіне Қазақстандағы барлық электр стансалары қуатының 75,4%-ы тиесілі еді. Қалған энергия аудандық стансаларға және коммуналдық стансаларға — сәйкесінше 12,3%-дан тиісті болды.<ref>Сонда. Т. 2, 13-6.</ref>. Бұл жылдары электр энергиясын өндіру 51,5 есе өсіп, 1939 жылы 386,5 мың кВт-ты көрсетті, мұның ішінде өндірістік стансалардың үлесі 55,7 есе артып, 272,7 мың кВт-қа жетті, яғни республикадағы барлық электр қуатының 70,5%-ынан астамын берді. Аудандық және коммуналдық стансалардың үлесіне 38,3 мың кВт және 35,6 мың кВт немесе сәйкесінше 9,9% және 9,2% тиді.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет, 11, 17-6. және басқалар.</ref>.

Қазақстанда өнеркәісіптердің дамуы

Егіншілік және мал шаруашылық шикізаттарына бай аграрлық республика саналатын Қазақстанда алғашқы екі бесжылдықта тамақ жэне жеңіл өнеркәсіптің көптеген салалары шапшаң дамығаны айтпасада түсінікті. Бұл тек Қазақстан тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар Орал, КСРО-ның Орталық және басқа да аймақтарын тұтыну заттарымен, әсіресе тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету талабынан туындады. Тамақ өнеркәсібінде ет, ұн, балық және қант өндірісі салаларының кәсіпорындары айрықша дамыды. Ет өнеркәсібі үш алыптың: қайта құрылған Орал еткомбинатының, жаңадан салынған Петропавл (1929-1931 жылдар) және Семей (1931-1934 жылдар) ет комбинаттарының еншісінде болды. Алматы, Карағанды мен басқа да ірі қалаларда ет комбинаттары іске қосылды. Алматы, Семей, Қарағанды және Шымкент ұн тарту комбинаттары, Қызылорда қаласындағы күріш өңдеу зауыты т.б. секілді ірі ұн-жарма кәсіпорындары бой көтерді. 1934 жылы айтарлықтай ірі Талдықорған және Мерке қант зауыттары іске қосылды. 1937 жылы айтарлықтай ірі Жамбыл қант зауыты жұмысын бастады. Гурьев балық-консерві комбинаты (1937 жыл) тамақ өнеркәсібінің аса ірі кәсіпорындарының бірінен саналды.

Бұл жылдары жеңіл өнеркәсіп те біршама айтарлықтай дамыды: 1931 жылы Алматыда алғашқы тігін фабрикасы, Семей мен Алматыда жүн жуатын ірі кәсіпорындар салынды, Петропавл құрым зауыты т.б. кеңейтілді.<ref>Сонда, 22-6.</ref>. Әйткенмен, бұл жылдары Қарғалы шұга фабрикасы, Петропавл былғары зауыты, Петропавл мен Оралдағы пима басу зауыттары, Алматы, Семей және Оралдағы жүн жуатын кәсіпорындар т.б. тәрізді сол кезге дейін жұмыс істеп тұрған ескі кәсіпорындарды қайта құруға басты назар аударылды.<ref>История рабочего класса Советского Казахстана. Т. 1. 253-254-6.</ref>.

Соғыстың қарсаңында, үшінші бесжылдықтың алғашқы жылдары жеңіл және тамақ өнеркәсібі айтарлықтай табысқа жетті, кәсіпорындарды тиімді орналастыру жолға қойылды: Алматыда қуатты жаңа тігін фабрикасы салынды, ескісі қайта жөндеуден өтті, Семей былғары комбинаты жаңартылды, Семейде шұға комбинаты, Алматыда аяқ киім фабрикасы т.б. салынды. Семей, Петропавл және Орал ет комбинаттары өнім өндіруді арттырды. Нан пісірудің механикаландырылған тәсілі кеңінен таралды: Қарағанды, Алматы, Лениногорск және Балқашта автоматтандырылған нан зауыттары, ал Жамбыл мен Қызылордада механикаландырылған наубайханалар салынды. Қазақстанның ірі қалаларында сүт зауыттары іске қосылды, май шайқау зауыттарының саны өсті. Оңтүстік Қазақстанда мақта майын өндіру өнеркәсібі пайда болды, қайтадан салынған Шымкент май шайқау зауыты ірі кәсіпорынға айналды. Алматы жеміс-жидек комбинаты ірі кәсіпорын мәртебесін сақтады. 1938 жылы Алматы шарап зауыты алғаш іске қосылған кезден бастап шарап дайындау өндірісі дами бастады. Балық өнеркәсібі айтарлықтай табыстарға жетті, Каспий тенізі жағалауынан салынған Гурьев балық-консерві комбинаты мен 17 балық зауыты, Аралдағы қуатты тоңазытқыш пен 10 балық зауыты, Балқаштағы 5 балық зауыты мен тоңазытқыш осы саладағы ірі кәсіпорындар санатын құрады.<ref>Жакупбеков С.К. История легкой индустрии Казахстана. А.-А., 1984, 68-86-6.</ref>.

Республика өнеркәсібінің биік белеске көтерілуі соғыс қарсаңындағы жылдарда айқын аңғарылды, осы кезде 700 өндірістік және көлік-тасымал кәсіпорындары жаңадан құрылды. 1940 жылы республикада 2,5 мың жаңа және соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезеңінде қайта құрылған ірі өнеркәсіп орындары жұмыс істеді. Бұл ретте, Қазақстанның ірі өнеркәсібі өнімінің үштен екі үлесін еншілеген 268 жаңа және тұтастай қайта құрылған ірі кәсіпорындарда өндірістік қордың 80%-ынан астамы және республикадағы барлық жұмысшылардын жартысына жуығы шоғырландырылды.<ref>История рабочего класса Советского Казахстана. Т. 2, 13-14-6.</ref>.

Сөйтіп, КСРО-ны индустрияландыруды жүзеге асыруға байланысты, Қазақстанда бұрынғы кәсіпорындарды қайта құру және әсіресе жергілікті шикізат көздері базаларында жаңа кәсіпорындар құрылысы, сондай-ақ жаңа қосымша жол қатынасы құрылыстары жоғары қарқынмен жүргізілді. Осылардың нәтижесінде Қазақстан аграрлық елден индустриялы-аграрлы республикаға айналды: 1940 жылы республика халық шаруашылығының жиынтық өніміндегі өнеркәсіптін үлес салмағы 1920 жылғы 6,3% бен 1932 жылғы 39,5%-дың орнына 60%-ға көтерілді, яғни ауыл шаруашылығының үлесі бір жарым есе (40%) асып түсті.<ref>Сонда, 14-6.</ref>. Соның арқасында бірінші бесжылдықтың басында белгіленген бұл негізгі міндет Екінші дүниежүзілік соғыстың басталар шағында табысты орындалды. Бұл ретте ірі өнеркәсіптің жалпы өнімі құрылымындағы басым жағдайды өндіріс құралдарын өндіру саласы иеленген, оның өзіндік үлесі үшінші бесжылдықтың басында-ақ алдынғы орында болды және 1939 жылы 52%-ға жетіп, 1913 жылғы 27,2%-дан, 1927-28 жылғы 35,1% бен 1932 жылғы 49,3%-дан асып түсті. Бұл тұтастай алғанда ауыр өнеркәсіптің, атап айтқанда, металл өңдеу, түсті металлургия, көмір, химия өнеркәсібі,электр қуатын өндіру және басқа да салалардын неғұрлым шапшаң қарқынмен дамуының нәтижесі болып табылды. Дәл осы жылдары жедел түрде болмағанымен, біртіндеп, тұтыну заттарын өндірудің үлес салмағы: 1927-1928 жылдардағы 64,9% бен 1932 жылғы 50,7%-дан 1939 жылы 48,0%-ға дейін қысқарды.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет, 4-6.; Ескерту: Қазақстанның халық шаруашылығындағы өнеркәсіптің үлесі 1939 жылы 58,9%-ды, ауыл шаруашылығында - 41,1%-ды құрады. Қараңыз: Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет, 4-6.</ref>.

Сонымен қатар Қазақстанның өнеркәсіптік прогресінде республика экономикасының шикізаттық бағытын күшейткен бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар орын алды, соның салдарынан, көптетен өндіріс құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарын жергілікті жағдайда өндіруді ұйымдастырудың барлық мүмкіндіктері болғанына қарамастан, олар үнемі сырттан әкелінді.

Өндіріс құралдарын өндіру мүмкіндіктеріндегі артықшылықтарға қарамастан, Қазақстан Орталықтан және елдің басқа аймақтарынан станоктар, приборлар, құрал-жабдықтар, машиналар, автокөліктер, тракторлар, комбайндар мен машина жасау өндірісі зауыттарының басқа да өнімдерін және құрылыс материалдарын ғана емес, сонымен бірге киім, аяқ киім және т.б. тұрғындар кеңінен пайдаланатын көптеген нәрселерді де алып отырды. Батыс Қазақстанның мұнайы өңдеуден өткізу үшін Ресейге жіберілді, ал жергілікті жерде мұнай өңдейтін бірде-бір зауыт болмады. Құрылыс материалдары өнеркәсібі әлсіз күйінде қалды. Кірпіш құю өндірісі жергілікті орындарда нашар ұйымдастырылмағанымен, көптеген материалдар, әсіресе әйнек пен цемент те сырттан тасылды. Жүн, мақта, былғары және басқа да шикізаттың орасан мол екеніне қарамастан, Қазақстанда бәрібір жеңіл өнеркәсіптің бірде-бір ірі комбинаты (тоқыма, мақта-мата және басқалары) салынған жоқ, ал бұрыннан бар ұсақ зауыттар мен фабрикалар жергілікті тұрғындардын киімге, аяқ киімге және басқа да жиі тұтынатын бұйымдарға деген қажеттілігін қанататтандыра алмады.

Орталықтың және КСРО-ның басқа да аймақтарының дамыған өнеркәсібі үшін Қазақстанның шикізат көзі ретіндегі рөлі индустрияландыру жағдайында бұрынғыдан да күшейе түсіп, қарым-қатынас аясы ұлғайды. Бәрінен бұрын Қазақстан КСРО-ның жеңіл және тамақ өнеркәсібі үшін шикізат дайындаудың негізгі базасына айналды: 1940 жылы республика КСРО бойынша жуылған жүн мен сырт киімдерге арналған былғары тауар өндіруден төртінші, мақта-мата және жүн иіруден бесінші орынды иеленді. Тек 1936 жылы ғана Қазақстанда 104,6 мың тонна мақта, 200 мыңнан астам ірі және 900 мың ұсақ тері, ал 1939 жылы 8,1 мың тонна жүн, оның ішінде 53,6 тонна биязы және жартылай қылшықты жүн дайындалғанын айтсақ та жеткілікті. Әрине, бұл шикізатты жергілікті жағдайда өңдеу мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты, ол Орталықтағы және КСРО-ның неғұрлым индустриялы дамыған аймақтарындаты жеңіл өнеркәсіп орындарына жөнелтілді.<ref>Социалистическое строительство Казахской ССР за 20 лет, 9-6.</ref>. Шикізат өндіру саласының қауырт дамуы мен индустрияландырудың нәтижесінде және кен орындарының бай қорының арқасында, Қазақстан түсті металл өндіруден КСРО бойынша екінші, мұнай, көмір өндіруден үшінші орынды иеленді, ятни Кеңес Одағының машина жасау, электртехникалық, химиялық және басқа да өнеркәсіп салаларының, сондай-ақ теміржолдарының негізгі жабдықтаушыларының біріне айналды.<ref>Жакупбеков С.К. История легкой индустрии Казахстана. А.-А., 1984, 86-6.</ref>. Ұлы Отан соғысы қарсаңында мұнай айыратын (Гурьев қаласында), машина жасау (Ақтөбедеті Казсельмаш), цемент шығаратын және басқа да зауыттар салу жөнінен алғашқы қадамдар жасалғанымен, бұл тұтастай алғанда Қазақстанның өнеркәсіптік дамуындағы басты бағытты – оның шикізаттық сипатын өзгерте алмады, бұл жағдай индустрияландыру кезеңінде, тіпті одан кейін де қалыптасып, жалғасын тапты.

КСРО-ны индустрияландыру барысында жасалған Қазақстан өнеркәсібі, құрылыс пен кедік қатынасы тәрізді индустрияның басқа да садаларымен бірге, ірі экономикалық, әлеуметтік-демографиялық және басқа да өзгерістердің, әсіресе жаңадан салынған өнеркәсіп алыптары мен теміржолдар бойында ескі қалалардын қанат жайып, жаңаларының бой көтеруінің, сондай-ақ жергілікті жұмысшы табынын және республиканың инженерлік-техникалық интеллигенциясының қалыптасуының қуатты экономикалық негізіне айналды.

Дереккөздер

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010, 752 бет, суретті, карталы.

ISBN 978-601-282-055-3, т. 4 ISBN 978-601-282-026-3

Дереккөздер

<references/>