Әсіре империализм

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Әсіреимпериализм немесе Ультраимпериализм — капитализмнің дамуында жаңа кезең туу мүмкіндігін құптайтын, Карл Каутский ұсынған (1915) антимаркстік теория. Бұл жаңа кезең халықаралық картельдер мен трестерді бүкіл дүниежүзіндегі бір «асыратреске» біріктіру, олардың мүддесін ымыраластыру, бір тұтас ұйымдасқан дүниежүзілік шаруашылық құру арқылы барлық елдердің капиталистері арасында ауыз бірлік жасалуымен сипатталады-мыс, сөйтіп, бәсеке мен өндіріс анархиясын, дағдарыс пен соғысты жоюға болады-мыс. «Әсіреимпериализм» теориясына саясатты экономикадан бөліп алу, империализм дәуірінде капиталистік елдердің әркелкі даму заңын елемеушілік тән. В. И. Ленин «Әсіре империализм» теориясының методологиялық терістігін, ғылыми дәрменсіздігін және саяси зияндылығын әшкереледі. Оның методологиялық терістігі – абстракция тәсілін дұрыс пайдаланбауында, монополиялардың өсуі мен олардың арасындағы байланыстың күшею тенденциясын абсолюттендіріп, капитализмнің түбірлі ішкі қайшылықтарын елемеуінде.

Саяси зияндылығы

Ал саяси зияндылығы – капиталистік қоғамның шеңберінде империализмді жоюға болады деген қиял шашып, империализмге қарсы революциялық күрестен еңбекшілердің бетін бұрмақ болуында. В. И. Ленин империализм «Әсіреимпериализмге» ұласпай-ақ, жеңімпаз социалистік революцияның нәтижесінде күйреуге ұшырайтындығын көрсетті. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Каутский мен Троцкий ұран етіп көтерген «Европа Құрама Штаттары» «Әсіре империализм» теориясының бір түрі еді. В. И. Ленин бұл теорияның реакцияшылдығын әшкерелеп, оны капитализм тұсында жүзеге асыруға болмайтындығын дәлелдеді, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Реннер мен Зеринг ұсынған капиталистік мемлекеттердің бүкіл дүниежүзілік бірлестігін құрудың жоспары да осы «Әсіре империализм» теориясының басқа бір түрі. «Әсіре империализм» теориясы қазір империалистік интеграциялауды уағыздаумен ұштастырылып отыр. Батыс Европа елдерін Америка мен Батыс Германия капиталының туы астында біріктіруді жақтаушылар Европа капиталистерінің интернационалдық одағы олардың арасындағы қайшылықтарды жоюға және жалпы бейбітшілікті баянды етуге мүмкіндік береді деген Каутскийдің ескі әуенін жаңғыртады. Капиталистік Батыс Европа шеңберіндегі экономикалық одақтар құру щын мәнінде осы елдердің еңбекшілерін қанауды күшейту, Совет Одағы мен басқа да социалистік елдерге қарсы бағытталған соғыс блогын нығайту мақсатын көздейді. Халықаралық монополистік одақтардың барлық іс-әрекеті «Әсіреимпериалистік» теориясының дәрменсіздігін дәлелдеп отыр.<ref>Қазақ Совет Энциклопедиясы. Алматы қаласы,1976 ж. 3-том, 53-бет </ref>

Дереккөздер

<references/>