Ұлытау — Үлкен Қаратау қатпарлы жүйесі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Ұлытау, Үлкен Қаратау қатпарлы жүйесі — Қазақстан облысының батыс бөлігіндегі геологиялық құрылым. Ұзындығы 1500 км-ге созылған. Ұлытау — Үлкен Қаратау қатпарлы жүйесін алғаш академик Н.Г. Кассин анықтап, зерттеген (1934 ж.). 1971 ж. В.Ф. Беспалов оған Көкшетау мегаантиклинорийінен басталып, Орталық Қазақстан, Үлкен және Кіші Қаратау, Орталық Тянь-Шань арқылы шығысқа созылып жатқан Ұлытау — Орталық Тянь-Шань қатпарлы жүйесі деген ат берді. Бұл жүйенің құрамына Көкшетау, Ұлытау, Үлкен Қаратау, Талас, Мақпал антиклинорийлері және Байқоңыр, Кіші Қаратау, Қалмақкөл синклинорийлері кіреді. Жүйенің құрамында байкалдық, каледондық және герциндік үстемеленген ойыстар кешені байқалады. Байкал кешені антиклинорийлер ядросын қосып, ішінара екі қабатқа бөлінеді: төменгі (бектұрған сериясының шөгінділері) және жоғарғы (аралбай және қарсақпай сериясының шөгінділері). Төменгі қабат граниттенген және натрийлік метасоматоздану нышандары бар терең метаморфтанған тау жыныстарынан (амфиболиттер, тақтатасты слюдалар, гнейстер, кварциттер), ал жоғарғы қабат терригенді-метадацит-риолит-базальтты және темірлі-кварцит-вулканитті формациялардан тұрады. Каледондық кешен көбінесе карбонат-кремнийлі-көмірлі формациялардан (байқоңыр, құрым, шынсай свиталары) тұрады. Аймақта көлбеу мен ығысу типтес құрылымдар кең таралған. Олардың ішіндегі ең ірісі ұзындығы 800 км, қанаттарының жылжуы 100 км-ге дейін жететін Бас Қаратау ығысуы болып саналады. Жүйе кен орындарына өте бай: темір кені (Қарсақпай кен тобы), ванадий (Баласауысқан, Құрымсақ, Жабағылы), фосфорит (Жаңатас, Ақтас, Ақсай, Шолақтау), қорғасын-мырыш (Мырғалымсай, Ащысай, Шалқия), алтын (Күмісті, Жолбарысты, Тобылғысай, Увальное, Мийке). Бұл кен орындары кешенді болып есептелінеді. Себебі құрамында Ba, Au, Ag, Cu, Zn, Mo, Ta, т.б. қоспалары бар.

Сілтемелер

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том


{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}