Үржар ісі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

ҮРЖАР ІСІ — қазақ ауылындағы социалистік құрылыстың сәтсіздіктеріне жауапты деп айыпталған ұжымдық шаруашылықтар басшыларын соттау шарасы. “Ішкі жауларды” іздеп-жазалаудың осы саяси-идеол. науқаны Қазақстан Компартиясы ОК бюросының 1937 жылы 10 қыркүйекте қабылдаған “Ауыл шаруашылығы саласындағы қаскүнемдік жасаған контрреволюциялық топтардың мүшелері үстінен ашық сот процестерін ұйымдастыру туралы” аса құпия қаулысы негізінде жүргізілді. Қазақ КСР-і Прокуратурасы мен Республика Жоғарғы Сотының тікелей бақылауымен Үржарда болып өткен Алматы облысы сотының көшпелі сессиясының отырыстарына (1937 жылы 26 — 30 қыркүйек) үржарлықтармен көршілес Аягөз, Мақаншы аудандарының өкілдері қатыстырылды. Сот барысы Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұрды. “Үржар ісі” бойынша жауапқа тартылған аудан жетекшілері мен шаруашылықтар басшыларына кеңес үкіметіне қарсы зиянкестік әрекет жасаған ұлтшыл ұйым құрды, ауылдағы социалистік өзгерістерге кедергі жасады деген айыптар тағылды. Ұйымға орталықтан Ұ.Құлымбетов пен О.Жандосов басшылық етті. Сот Үржар аудандық атқару комитетінің төрағасы Қадыр Матжанов (Матыжанов, Матчанов), аудандық партия комитетттің екінші хатшысы Мәдәлиев, аудандық байланыс бөлімшесінің меңгерушісі Бекебаев және ұжымшарлар басқармаларының төрағалары Батқалов (Елтай ұжымшары), Қалышев (Мирзоян атынд. ұжымшар), Құлжабаев (“Жаңа тұрмыс”), Ыдырысов (Куйбышев атынд. ұжымшар) — барлығы 7 адамға ату жазасын беріп, бірнеше басшы қызметкерлердің мал-мүлкін тәркілеп, 10 жылға бас бостандықтарынан айырды. “Үржар ісіне” ұқсас сот процестері Қазақстанның басқа аудандарында да ұйымдастырылды.

Сілтемелер

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:||}}}}