Құттығай Сатыпалдыұлы

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Құттығай Сатыпалдыұлы (1702 жыл - 1773 жыл) - батыр, қолбасшы.

Өмірбаяны

XVIII ғасырдың I жартысында қазіргі Шыңғырлау ауданының аумағында өмір сүрген. Тегі беріш руының Жайық атасынан. 1728 жылы Бұланты өзенінің бойында, 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай жазығында болған шайқастарға Тайлақ батыр басқарған Кіші жүз әскерінің сапында қатысқан, кейін Құттығай батыр елге оралысымен Шұбар, Саржала батырлармен бірге құба қалмақтардан Тайсойған, Нарын өңірлерін азат етеді. Жаудан босаған Ойыл өзенінің орта сағасына ағасы Айбастың ауылын Тұзтөбеден әкеліп қоныстандырады. 1738 жылы 11 айға созылған 20 мың үйлі қалмақты қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына қарай тықсыра қуған жорыққа мыңбасы ретінде қатысады. Оның 9 ұлы болған, бәйбішесінен тарайтын Қазанқап, Көрпе, Көбек, Елші, Кешу атты балалары шамамен 1724-31 жылдардағы жорық кезінде дүниеге келген. Ал, екінші әйелінен - Қасболат, Байболат, жорыққта олжалаған қалмақ қызы Марқадан Тасболат, Құлшан туған.

Ұрпақтары

Құттығайдан тараған ұрпақтар қазіргі кезде Атырау облысының Исатай ауданында тұрады. Құттығайдың Сәт деген немересі кезінде сынықшы, көріпкел атанған, Басықара атты немересі Исатай бастаған көтеріліске қатысқан.<ref>Батыс Қазақстан облысы. Экциклопедия. Толықтырылған 2-ші басылымы. - Алматы: "Арыс" баспасы, 2010. - 580 бет + 32 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 978-601-291-049-0 </ref>

Дереккөздер

Үлгі:References