Құлжабасы жазуы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Құлжабасы. Бұқа және басқа да жануарлардың бейнелері. Қола дәуірі.jpg
Құлжабасы. Бұқа және басқа да жануарлардың бейнелері. Қола дәуірі.

Құлжабасы жазуыЖамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археология ескерткіші.

Орналасқан жері

Қордай ауданы Отар мен Шу ауданы Шоқпар бекеттерінің аралығында 30 км-дей жерді алып жатқан Құлжабасы тауларының оңтүстік баурайларында орналасқан.

Құлжабасы тауының археологиялық ландшафтық сипаты

Шу-Іле тауларының оңтүстік-батыс бөлігінде Қопа өзенінің аңғары – Күрті және Іленің тармағы, тау қыраттарының оңтүстік етегін Аңырақай тау сілемдерінен бөліп тұратын тұста 2001 жылы Құлжабасы тауы петроглифтерімен әйгілі болған.
Құлжабасының археологиялық ландшафты тау етегіндегі жіңішке белдеу мен қысқа ғана тау аңғарын қамтиды. Әртүрлі тарихи кезеңдерде бұл жерді мекендеушілер өз өмірлерін қоршаған ортаға, шаруашылық пен мәдениеттің даму деңгейіне сәйкес қалыптастырды. Көне қоныстар мен тұрақтардың қалдықтары, жерлеулер, тас стелалар және жартастағы ойма өрнектер соңғы үш мыңжылдықтағы тіршілік сипатын тануға септігін тигізеді, дегенмен жақын арада ғана басталған зерттеулер тарихтың өте ерте кезеңдерін толық көлемде аша алмады. Құлжабасы ескерткіштерінің ақпараттық сипаты мол аса құнды бөлігін 40 км солтүстік-шығысқа қарай орналасқан әйгілі Таңбалы кешенінің ойма өрнектерімен қатар тұрған петроглифтер құрайды. Бұлар Қазақстандағы жартас суреттердің ең озық үлгілерінің бірі.
Адам тіршілігіне қолайлы суы мол Құлжабасы алқабындағы тұрақтардың маңында, шатқалдардың жартасты беткейлерінде суреттер галереясы пайда болған, олардың көпшілігі орталық төрт алқапқа шоғырланған. Тау етегіндегі жазық жер көптеген ғасырлар бойы қорым қызметін атқарды. Шатқалдардың көпшілігінің жанында бейіттер немесе қола дәуірінен қалған жерлеу орындары, ортағасырларлық тас мүсіндері бар ғұрыптық қоршаулары, сонымен қатар XVIII–XIX ғасырлардағы отбасылық-рулық қабірлермен күмбезді кесенелер орналасқан. Кеңестік кезеңде көшпенділердің дағдылы өмір салты бұзылып, осынау тау етегіндегі жазыққа, ондағы бабалар бейіттерінің үстіне үйлер мен шаруашылық құрылыстар салынды.

Петроглифтер сипаты

Құлжабасы петроглифтері бұл шағын аумақты ғасырлар бойы мекендеген адамдардың тыныс-тіршілігінен хабар береді, кей кезде олар басқа ескерткіштер мен ақпарат көздерінде айтыла қоймаған оқиғалар және құбылыстар туралы баяндайды. Мысалы, мұнда хронологиялық тұрғыдан кейінгі қола дәуірінің жартас суреттерінен бұрын пайда болған петроглифтердің бірнеше танымал сериясы бар. Осындай айрықша петроглифтер Таңбалыда және Жетісудың басқа ескерткіштерінің бірқатарында кездеседі.

Ең ерте кездегі петроглифтері

Ең ерте кездегі петроглифтер мұнда бір-бірімен іргелес жатқан екі сайға шоғырланған. Ұзын мүйіздері біртіндеп иілген бұқалардың бірнеше ондаған ірі (0,6 м-ге дейін) бейнелері тас бетіне б. з. д. II мыңжылдықтың бірінші жартысында, тіпті энеолит дәуірінде салынған сияқты.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4 </ref> Бұқа бейнесінде 7 таңба шекілген. Бұқа бейнесінің биіктігі 14 см, тұрқы 24 см. Алғашқы әріптен басқа таңбалар анық көрінеді. Жазудың қазақша мәні: "Екі ара немесе аспан асты бейбітшілік болсын". Бұған қарағанда бұл бұқа бейнесі шаманизмнің алғашқы кезеңінде салынған тәрізді. Археологтер мұндай бейнелерді б.з.б. 1 ғасырға жатқызады.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref> Олар онша терең қашалмаған және көпшілігінің үстін б. з. д. XIV–XIII ғасырларға жатқызылған кейінгі бейнелер жауып тұр.

Қола дәуірі петроглифтері

Қола дәуірінің петроглифтері ерекше репертуармен және бейнелеу стилімен өзгешеленеді. Мұнда негізінен бұқа бейнелері салынып, сол жақ бөлігі қатар-қатар сызықтармен немесе торкөзбен сәнделген. Төрт дөңгелекті арбаға жегілген бұқалар мен түйелерді жетелеген адамдар бейнелері берілген. Антропоморфтық пішіндер қола дәуіріндегі Қаратау, Бұқантау (Қызылқұм) таулары мен Заравшан алабындағы петроглифтерге тән өзіндік мәнерге ие болған. Құлжабасы бейнелерінің ішінде Таңбалының көне петроглифтеріне ұқсас сирек кездесетін петроглифтер сериясы кездеседі. Мұнда Таңбалы тастарындағы суреттерге мәнері жағынан жақын аң бетперделі садақшылар, "күнбасты" адамдар, жануарлар бейнелері бар. Мұның бәрі қола дәуірінің б. з. д. II мыңжылдығының екінші жартысында Шу-Іле таулар зонасының оңтүстік бөлігінде осындай бейнелеу дәстүрі қалыптасқандығын білдіреді. Мүмкін, Құлжабасының ерте дәуіріндегі жартастық суреттері Таңбалы суреттерінің тамаша галереясы дүниеге келуімен аяқталған бұл мәдени үдерістің бастапқы кезеңдерінің бірін көрсетіп тұрған шығар.
Күнтізбелік уақыты б. з. д. XIII ғасырда белгіленген қорымдардың қазба жұмыстары нәтижесінде жерлеу рәсімдері мен бұл аймақ мекендеушілерінің материалдық мәдениетінің ұқсастығы анықталды, әдетте мәйіттерді өртеп жіберетін, ал қалдықтарын мыс әшекейлер мен өрнектелмеген саз балшықты ыдыстармен бірге тасты қораптарға немесе цисталарға салатын. Мәйіттің жатқан күйі сирек кездеседі және онымен бірге салынған ыдыстың сұлбасы аса күрделілігімен айрықша. Бұл ерекшеліктері Құлжабасы қола дәуірінің зерттелген қорымдарын, жалпы, Шу-Іле тауларының және Жетісудың басқа ескерткіштерімен (Таңбалы, Ой-Жайлау, Қожа-бала) жақындатады.

Кейінгі қола дәуірі петроглифтері

Кейінгі қола дәуірінің петроглифтері б. з. д. II мыңжылдықтың аяғында Шу-Іле тауларының оңтүстік беткейі мен Тянь-Шань тау етегін толық игеріп алған халықтың көп құрамды болғанын көрсетеді және Құлжабасы жартастық суреттері әр түрлі стильде болуымен сипатталады. Бұл кезеңдегі жартастық өнердің өзіне тән үлкен ерекшелігі нақты заттардың – қола дәуірінің соңғы кезіндегі Қазақстан және одан сырт елдердің жерлеу орындарынан табылған ұқсас табылымдармен салыстыруға келетін пышақ, айна, әйелдік әшекейлердің дүниеге келуімен байланысты болды. Бұл осы сияқты басқа да петроглифтердің жасалу мерзімін анықтауға ғана емес, сондай-ақ ертедегі Жетісу мұраларының кең көлемді байланысын анықтауғада мүмкіндік береді. Мәселен, сабы бар айнаның бейнесін б. з. д. XII–IX ғасырларда Шу аңғарының (Шәмші, Садовое, Суқулуқ, Қойтын) көмбелерінен шыққан қола бұйымдарымен және Ферғананың ертедегі егінші халықтарының құю формаларымен салыстыруға келеді. Жетісудың одан ары алыс жақтармен байланысы болғанын өзіне тән формада жасалған пышақ формасының ұқсас прототипі б. з. д. XIII–IX ғасырлардағы Томскідегі Обътың маңындағы орманды дала тайпаларында таралғанынан көрінеді.

[Құлжабасы жартастары мен Шу-Іле тауларының басқа да ескерткіштеріндегі айтулы металл бұйымдардың жиі кездесуі Қазақстанның оңтүстігі мен Ыстықкөл маңын Бетпақдала мен Сарыарқаның ірі мыс өндіру орындарымен байланыстыратын көне жолдардың осы бөлігі маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Құлжабасы анималистерінің дәстүрлі саққа тән сюжеттерімен қатар іздері Оралдан, Сырдарияның төменгі ағысынан бастап Алтай мен Саянға дейінгі көне көшпенділердің шығармашылығынан кездесуіне байланысты б. з. д. I мыңжылдықтағы далалық қатынаста бұл "дәліздің" мәні бұрынғыдан да өсе түседі. Мұндай нақты дәлелдердің бірі Жетісудан алыс жатқан жерлерден өз ұқсастарын тапқан айналалар мен басқа да нақты заттардың жартастық бейнелері.

Осы кезеңнің ең жақсы петроглифтері Құлжабасы кешенінің шығыс бөлігіне топтасқан, жартастық шығармашылықтың көне орталығынан жекеленіп шыққан. Мұнда алдыңғы дәуірлердің петроглифтері жоқ жартастарға сол кездің белгісіз суретшілері тамаша бейнелердің галереясын жасаған. Бірнеше тік және көлденең жазықтарда, оңтүстік-шығысқа қаратылып, бір мезетте 10–15 м қашықтықтан көрінетіндей етіп орналастырылған тастағы суреттердің алдыңғы жоспарында және орталығында бірегей портретті топ орын алады: екі жауынгер – біреуінің қолында қысқа семсер мен қанжар, екіншісінде – жауынгерлік бұзаубас пен қалқа бар, оның екеуі де солға қарап тұр, қырынан олардың иектері, мұрындары, шаштары және төбесі дөңгелектенген бас киімдері анық көрінеді. Дене пропорциясы байқалатындай бұзылып салынған, сол себепті жауынгерлердің дене кейпі атты адамның дене күйі тәрізді. Сол жаққа қарай, оңға қарай, жауынгерлердің алдынан шығып шауып келе жатқан аттың ірі бейнесі, сондай-ақ тиын тәрізді ұзын сапты айналар және ертегілердегі басы бүркіт тәрізді түсініксіз контурлы фигура салынған екінші жазықтық бар.
"Триптихты" негізгі бөлігін, құрамында бірнеше көзге түсер көріністері бар күрделі композиция құрайды: құрбандық бағананың немесе сызба түрде бейнеленген ағаштың жанында екі ат тұр, әйелді босандыру көрінісі – қолын қазанға қарай созған екі қабат әйел, оның алдында бір қолымен әйелдің аяғын ұстап отырған адам, екінші қолында – әйелдің үлкен ішіне тақап отырған пышақ; сол жағындағы – әйелдің иығынан ұстап тұрған не болмаса оны артқы жағынан ұрып жатқан тағы да бір кейіпкер. Композицияның қалған ойма өрнектері садақшыларды, түйе жетектеп келе жатқан адамдарды бейнелейді. Паннодан оң жаққа қарай, ақ кварцты дақтың үстінде ұзын тұтқасымен айнаның бейнесі қашап салынған. Бұл бейнелердің барлық сериясы өзгеше, өйткені жартастық өнерде сирек кездесетін шеберлікпен және шынайылықпен орындалғаны композицияны жасаушылар б. з. д. I мыңжылдықтағы Азия көшпенділері бейнелеу өнерінің ең жақсы шығармаларымен таныс болғанын білдіреді. Қайтсе де, Құлжабасы кешені Жетісудан сырт жерлерден өз ұқсас бұйымдарды табады, дәлірек айтсақ, солтүстік-шығыста – б. з. д. VI–IV ғасырлардағы Тува, Алтай, Минусинск қазаншұңқырындағы ертедегі көшпенділердің мәдениетінде және солтүстік-батыста – Орал маңындағы савроматтар мен сарматтар мәдениетінде кездеседі. Құлжабасы мен Шу-Іле тауларындағы петроглифтер сериясының аз болғаны, жалпы алғанда, осында аз уақытқа келген тайпалардың осыншама жартастық өнердің жарқын туындыларын қалдырғанының куәсі болып отыр.

Ортағасырлық петроглифтері

Құлжабасыдағы орта ғасырлық петроглифтер онша көп емес, бірақ олардың ішінде сол кез үшін дәстүрлі болып есептелетін қуғыншымен тайталаса жүгірген жаяу садақшы және қолына ту ұстаған ат үстіндегі адам, арқарларды қоршап аулау т. б. мәнерлі көріністер бар.
Бұл маңнан жартастық суреттерден басқа салт-жоралық тас қоршауы бар қорғандық бейіттер табылды, солардың бірінде сынған тас мүсіннің қалдығы сақталған. Өкінішке қарай, Шу-Іле тауларының басқа да сай-аңғарларындағы сияқты, бұл ескерткіштер ХIХ ғасыр аяғында Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды оңды-солды шарлаған көмбе (қойма) іздеушілердің сұғанақтық жасауларымен байланысты бүлінуге түскен.
Верный уезі бірнеше болысының әкімшілік жерлерін қамтитын Іле Алатауы мен Шу-Іле тауларының батыс етегіндегі кең ауданы 18801890 жылдары аралығында көне бейіттерді жаппай тонаудың және олардан құндылықтар іздеудің негізгі ошағы болды.

[[[1892 жыл|1892]] жылы көктемінде куәгер Н. Н. Пантусовқа жазған хатында былай деген: "Төрт жылдан аса Отарда тұрып, менің көргенім – жылда қырғыздар (қазақтар – ред.) көне бейіттерді қазады. ... Олар әр түрлі алтын, күміс бұйымдар тауып, оларды өздерінің қажеттіліктеріне пайдаланады. ...Бұл бейіттер терең емес, тереңдігі бар-жоғы төрт аршын, диаметрі шаршылы аршын, осындай бейіттердің әрқайсында жалаңаш ер адам мен әйелдің бейнесі мен тас мүсіндері орнатылған. Ал бейіттің ішінен адамның, жылқының сүйектері табылады, сүлденің сол қолтығының астынан қырғыздар, көпшілігінде, шағын мөлшерде алтын және күміс (сырға, білезік, кішкентай табақтар т. б.) заттар табады. Қазіргі кезде Ұзынағаш станциясынан бастап Шу өзенінен төмен Балқашқа қарай 700-ден астам бейіттер тоналған. Сонда, бұл өлкеде осыған көңіл аударатын адам табылмай ма".] 

Сол кезде жүргізілген тергеулер нәтижесінде жауапқа 200 адам тартылды, оның ішінде тонаушылық қазбаларды ұйымдастырған болыс басқарушылары, билер. 50-ге жуық көне бұйымдар қайтарылып, Императорлық Археологиялық комиссиясына жеткізілді. Осы оқиғалардың өкінішті куәсі – Құлжабасы, Кіндіктас, Аңырақай тауларындағы қопарылған қорғандар, рәсімді қоршаулар және азиаттық дала бұрынғы иелерінің – көне түріктердің құлатылған тас мүсіндері.

Кейінгі заман ескерткіштері

Құлжабасыдағы кейінгі заманның ескерткіштері көптеген қоныстармен – XIX ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың басындағы қыстаулардың қалдықтарымен, зираттар кешенімен және саны аз петроглифтермен көрсетілген. Нақты тұрғын және шаруашылық тасты құрылыстардың құламалары сумен қамтамасыз етілген барлық шатқалдарда кездеседі, сондай-ақ таулы алқаптың тазартылған және қоршалған телімдерінде шағын айдаулардың қалдықтары кездеседі, ол қазақ көшпенділерінің шаруашылығында жер шаруашылығының рөлі күшейгенін көрсетеді.
Құлжабасының таулы бөлігіндегі бұл ерекшеліктер және тұрақты қоныстардың тығыз орналасуы сол кездегі Жетісу өлкесіндегі көшпелі халқына жердің жетіспеушілігін білдіреді. Бұл жағдай көшіп-қону саясатымен және жер қарым-қатынастарын әкімшілік реттеумен байланысты болды.
1930-шы жылдары басындағы күштеп ұжымдастыру уақытынан бастап Құлжабасы таулары мекенделмей қалып, бүгінгі күнде археологиялық ландшафттың сақталуы мен байлық жағынан айрықша маңызға ие болды.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4 </ref>

Петроглифтер көріністерінен

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер