Қызықтама

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қызықтама – негiзiнен белгiлi сюжетке құрылып, өлеңдiк баяндау түрiнде жырланады. Ол тақпақтардан, сұрамақтардан көлемдiрек болып келедi және өлең құрылысы да одан ерек. Танымдық, ғибраттық астарында жеңiл әзiл, юмор астарласып жатады. Өлең белгiлi бiр сюжетке құрылып, шағын ертегiге ұқсайды да, сұрақ арқылы басталып, бiрден-бiрге өрби дамып, бала ойын «одан әрi» не болар екен дегендей қызықтыра тартып отырады. Қызықтамалар сюжетi осындай ерекше тартымды, динамикалылығымен ерекшеленедi. Қызықтамаларды үлкендер шығарып, солар үйрететiндiктен және өлең мазмұнында танымдық, тәрбиелiк, ғибраттық үлгiлер басым болатындықтан О.И.Капица, В.П.Аникин, Э.Л.Литвин, М.И.Мельников сияқты фольклористер оны әлпештеу поэзиясына жатқызып жүр. Ал В.А.Василенко, Ю.Г.Рочев, Р.Ягафаров тәрiздi зерттеушiлер бұл жырларды екiншi топқа қосады. Егер қазақ балалар өлеңiнiң табиғатына тереңiрек үңiлсек, бұл жырды екiншi топқа қосқан дұрыс тәрiздi. Өйткенi қызықтамалардың жан-жануар, аң-құсқа арналған шағын өлеңдерден басталып, сюжеттi ұзақ-сонар жырларға дейiнгi табиғаты баланың ең алдымен ана тiлiн толық түсiне алу және iркес-тiркес дамып отыратын динамикалық оқиғалар тiзбегiн есiне сақтай алу қабiлетiн талап етедi. Сонымен қатар бұл өлеңдердi балалар ынталана тыңдап, тамашалап қана қоймай, оның астарындағы юморды да түсiне бiлуі шарт. Ең соңында қызықтамаларды балалар жаттап алып өздерi де айтып жүредi. Сондықтан да қызықтамалар балалар өлеңдерiнiң үлкен жанрлық бiр саласы болып табылады. Қызықтамалардың ең басты ерекшелiгi оның өлеңдiк баяндауға құрылатындығы. Олардың сюжетi үнемi тiзбектi болып келедi. Өлең басы диалогпен басталады да, лирикалық қаһарман белгiлi бiр оқиғаны тiзбектете баяндайды. Қызықтамалар сюжетi шындықтан алыс қиялға негiзделiп, кейiпкерлерi адам әрекетiн iстейтiн аң, құс, жан-жануарлар болып келедi. Осы кейiптеулер арқылы өлең бала жанын баурап алады. Оның айқын үлгiсi «Түйе, түйе, түйелер»: Мұнда лирикалық кейiпкер жерден бастап бүкiл өсiмдiк, жан-жануарлармен тiлдесiп, қарым-қатынасқа түседi.

Ақыры: 

... Қара сиыр сүтiн бердi, Сүтiн пiсiрiп отыр едiм: Көбелек келiп көлп еттi, Көбiгiн iшiп ол кеттi Жапалақ кеп жалп еттi, Жартысын iшiп ол кеттi. Қарға келiп қарқ еттi Қалғанын iшiп ол кеттi, Сауысқан келiп саңқ еттi, Сарқып iшiп ол кеттi. Әтекем келiп едi, Қаспағын қырып бердiм... деп аяқталады. Өлеңдегi елiктеуiш сөздер жалп, қарқ, саңқ т.б. дыбыстық үйлесiмдер (ассонанс, аллитерация) бала сезiмiн әсерлендiрiп отырады. Бiрақ өлеңдi ұстап тұрған негiзгi өзек – бала қиялын бiрден-бiрге жетелеп отыратын тiзбектi сюжет. Бала үшiн өлеңде негiзiнен аң-құс, жан-жануарлардың адамша әрекет етуiнiң өзi қызық, ол – бала қиялын ұштайтын құрал. Бұл жағынан қызықтамалар тiзбектi (кумулятивные) ертегiге жақын келедi. Бұдан қызықтамалардың түпкi негiзiнде ертегiлермен тамырластық бар екендiгiн байқаймыз. Қазақ балалар қызықтамаларының шығу тегiнiң тым әрiде екендiгiне оның кейбiр үлгiлерiнiң туысқан түркi тектес халықтар жырларынан кезiгетiнi де дәлел бола алады. Мәселен, «Түйе, түйе, түйелер», «Түлкi, түлкi, түлкiшек» т.б. тәрiздi өлеңдер көршi қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар балалар фольклорына ортақ болып келедi. «Түлкi, түлкi, түлкiшек» өлеңiнiң өзбекше нұсқасы мынадай: – Түлкича-я, түлкича, – Түнде қайга барасың? – Момо үйиге борамын. – Момонг санга не деди? – Утын терип ке деди. – Утын тердим ун кұчок – Қырдан тердим қырқ қучоқ – Момонг уни не қилар? – Нон енди учок – Элга берди әлек дай, Келингә берди келидай, Менга берди тирнадай. Өтей урдим эшикқа, Мангайим тегди текшикка. – Уни нема қылама? – Оққина чүржи алди. – Бутаға бариб тунди... сияқты болып келсе, қазақша нұсқасы: – Түлкi, түлкi, түлкiшек, – Түнде қайда барасың? – Апам үйiне барамын. – Апаң саған не берер? – Ешкi сауып сүт берер, – Лақ сойып бұт берер. – Оны қайда қоясың? – Жалпақ тасқа қоямын. – Ит иiскесе қайтесiң? – Бақан ала қуамын. – Былғанып қалса қайтесiң? – Ағын суға жуамын. – Ағып кетсе қайтесiң? – Пароходпен қуамын. – Жеткiзбесе қайтесiң? – Жылай, жылай жүремiн. (Өлеңнiң түрлi аймақтарда айтылатын әлденеше нұсқасы бар). Екi жырдың түп негiзiнiң, формалық пiшiндерiнiң бiр екендiгiне шек келтiрмеймiз. Әр халықтың тiлдiк, тұрмыстық, кәсiптiк өзгешелiктерiне байланысты жыр жолдарындағы айырмашылықтар да айқын танылады. Қазақша нұсқасындағы «пароходпен қуамын» тiркесiнiң соңғы кезеңде жамалғаны да анық. Жалпы фольклорлық жанрларға тән көп нұсқалылық (варианттылық) қызықтамаларда да ерекше байқалады. Бұл өлеңдердiң бiрнеше нұсқаларын салыстыра отырып, олардың өмiр тезiнен өткен көп стадиялы сипатын аңғару да қиын емес. Мәселен, «Ерте, ерте, ертеде...» деп басталатын қызықтаманың бiр нұсқасы: – Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күштi болдың? – Алты батпан ауырды, Арқалаған күштiмiн. Жетi батпан ауырды. Желкелеген күштiмiн, – деп соңғы сөздi құмырсқаға айтқызып,оның тынымсыз еңбекқорлығы мен қажыр-қайратын үлгi етумен аяқталса, екiншi бiр нұсқасында сюжет басқаша өрiс алады. Онда құмырсқаны құдаймен тiлдестiредi. Құдай тағала құмырсқаның бұл өктем сөзiн жақтырмай қалады да, оны қылышпен салып жiбередi. Содан берi құмырсқаның белi қылдай болып жiңiшкерiп қалыпты- мыс – деп аяқталады. Бұдан бiз балалар қызықтамасының мифологиялық арғы тегiмен (фольклорда мұндай мифтердi себептiк (этиологиялық) миф деп атайды) қазақ даласына кешiрек болса да берiк ене бастаған ислам дiнiнiң идеологиясының әсерiн байқаймыз. Қазақ балалар қызықтамалары әлi күнге ден қойыла арнайы жиналмаған сала. Балаларға арналған жинақтарда оның халық арасына кең тараған санаулы нұсқалары ғана жарияланып келдi. –Қызықтамалар, – деп жазады орыс ғалымы М.Н. Мельников, – баяғыдан-ақ балалар репертуарынан қала бастаған. Олардың барлығы түгелге жуық қариялардан жазылып алынған. Бұл фактiнiң ақиқаттығына осы нұсқаларды жинау кезiнде бiз де көз жеткiздiк. Қазiргi балалар мұндай өлеңдердi тек хрестоматиялардан жаттап қана айтатын тәрiздi. Ел iшiнен жаңа нұсқасын кезiктiрген емеспiз.

Дереккөздер Кенжехан Ісләмжанұлы. Рухани уыз. Алматы, 2008

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}