Қызылүйік ғибадатханасы

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу
Сурет:Қызылүйік ғибадатханасының діни құрылысының басты сызбасы.jpg
Қызылүйік ғибадатханасының діни құрылысының басты сызбасы.

Қызылүйік ғибадатханасыАқтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген, сарматтар заманынан сақталған тарихи ескерткіш, киелі орын.

Орналасқан жері

Байғанин ауданы, Дияр ауы­лы­нан оң­тү­стік-шы­ғы­сқа қа­рай 65 км жерде орналасқан.

Зерттелуі

Ескерткіштер 1983 жылдан белгілі болған. 1988 жылға дейін Мәскеу археологиялық институтының Волга–Урал экспедициясы зерттеген. 1990 жылдан Қазақстан Археологиялық институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі З. Самашев) зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Үстірт пен Доңызтаудың солтүстік шыңдарында болжам бойынша массагеттік этникалық топқа жататын қарулы жауынгерлерді, оның ішінде әйелдер де бар, сомдаған мүсіндер бар жаңа ғибадатханалар ашылған болатын. Бұл ескерткіштер көне көшпенділердің монументтік өнерінің үстірт-маңғыстаулық ошағын жекелей қарастыруға мүмкіндік береді. Маңғыстау ауданында ғибадатханалық құрылыстың қалдықтары табылды. Ғибадатхананың ішкі-сыртқы қабырғаларында рулық белгілер мен суреттер молынан салынған. Олардың пайда болған уақытын анықтау өте күрделі. Болжам бойынша, таңбалардың көп бөлігі алан кезеңіне жатады.
Сармат-массагет киелі ғибадатханаларын зерттеу Арал мен Каспий теңіздері аралығындағы көне көшпенділер дүние танымы мен діни түсініктерінің біршама қырларын ашты. Осы топтың ең белгілі ескерткіштеріне 1–3 Бәйте, Терең, Қарамөңке, Қонай, Қызылүйік және т. б. жатады.

Ғибадатхана сипаты

Ескерткіш өзінің сәулеттік кескінімен мәдени-тарихтық мағынасы бойынша сирек ескерткіштерге жатады. Бұл Қазақстан аумағындағы шеңберлік жобамен салынған ең ірі тас құрылыс, ол б. з. д. І мыңжылдықтың ортасы мен соңына жатады. Мұнда сарматтық-сақ-массагеттік бірлестіктер Күн мен От құдайларына арналған құлшылық ырымдарын жасады.
Ғибадатханалық кешеннің сыртында меңгірлердің, тастан жасалған құрбандық орындары мен қарулы әскер мүсіндерінің қалдықтары тіркелген, олар негізгі құрылысқа шығыс жағынан доға түрінде жанасып жатыр. Доғаның жалпы ұзындығы шамамен 1000 м.
Ғибадатхана әдеттегі өсімдік жабыны бар тегіс жазықтықтың аздап жоғары көтерілген бөлігінде орналасқан. Көлеміне, тастардың жатысы мен тас үйінділердің орналасуына қарасақ, шамамен 10 га құраған. Қызылүйікте 20 км радиуста қарулы әскердің тас мүсін қалдықтары бар әртүрлі шамадағы бірнеше ғұрыптық құрылыстар тіркелген.
Басты нысан жоспардағы биіктігі шамамен алғанда 5 м, диаметрі 50 м құрайтын дөңгелек тас құрылыс түрінде болып келеді. Ғибадатхананың күмбез тәрізді төбесі, шеңбер қабырғасының айналасы тақтатаспен қапталған болуы керек.
Маңайындағы аймақты тазалау кезінде тастан жасалған құрбандық орындарынан тікелей жақын жерлерде кейінгі сарматтық жебелердің ұштықтарының үйінділері, сиқырлы аңның суреті бар екі күміс жапсырма табылған болатын.
Төбежіктік ғибадатханалардың салыну уақыты әзірше б. з. д. IV ғасыр болып табылады. Алайда мұндай құрылыстардың жасы қалыптасқан діни көзқарастардың негізінде күрделі тас құрылыстарының сәулеттік пішіндері мен оларды салу тәсілдерінің дамуына орай одан да көне болып шығуы мүмкін.

Қарулы әскер тас мүсіндері сипаты

Маңғыстау мен Үстірттегі Еуразия далалары кеңістігіндегі сарматтардың ең көп ғибадатханалардың шоғырлануы әзірге ғылыми түсініктемесі жоқ бірегей дерек. Тасты антропоморфты мүсіндердің жоғарғы шоғыры Үстірт-Маңғыстаулық діни кешен үшін бірегей болып табылады.
Ғибадатханадағы биіктігі 1-ден 2,5 м астам мүсіндер саны 2–3-тен бастап 30–32-ге дейін жетеді. Діни құрылыстан оңтүстікке және оңтүстік-батысқа қарай мүсіндер орналасқан, ал ғибадатхананың басты құрылысынан шығыс пен оңтүсік-шығысқа қарай сирек орналасқан. Әдетте оларды бір-бірінен 1–2 м қашықтықта, бетін солтүстік пен солтүстік-батысқа қаратып 2–4 мүсіндер тобымен орналасқан.
Көптеген мүсіндер бір типті. Олар ұзына бойымен тұрған ер адамды, ал кей кездері әйел адамның оң қолын төмен түсіріп, сол қолын ішіне қысып тұрған мүсінін кездестіреміз. Бейненің жаугерлігі міндетті түрде семсер, қанжар, дулығаның бейнеленуімен, ал оның жоғары әлеуметтік дәрежесі – гривна мен білезіктің бейнеленуімен көрсетілетін. Қанжарлар мен семсерлер кісе белдіктерге жиі жабыстырылып жүрген. Семсерді ішінің тұсындағы белдікке бекіткен. Белдікте белбеудегі айылбаспен бірге ілгек көрсетілген. Осы сияқты белдіктер қазақтардың тұрмысында ХІХ ғасырда қолданылды. Қанжар оң жақ жамбасында болып, әрқашан қолының қасында тұрды.
Бейнеленген қарулар кең екі жүзді және тар сүйірлі болып келген. Тар тұтқада сәнді өңдеулер немесе былғары ораулар салынды. Семсер мен қанжарға тән сипат – тұтқаның тура айқасуы мен орақ тәрізді немесе антенна тәрізді жоғарылауы болады. Сүйірлі қарумен бірдейлер ерте сармат мәдениетін ұстаған Еділ бойы, Оңтүстік Орал мен оған кіретін аймақтар б. з. д. ІV–ІІ ғасырларда болған.
Мүсіннің сол жақ бүйірінде қару жапсырылған. Бұл құрылымы күрделі садақ болды. Оның ағашын дайындау барысында сүйек, мүйіз және тарамыс қосылып, оның шымыр болуына көмектесті. Садақтың шағындығы ат үстіндегі еркін қозғалыс пен жылдам атуға мүмкіндік берді. Барлық антроморфты мүсіндер қауырсынсыз садақтармен толтырылған. Барлық мүсіндердің басында дулыға тәрізді былғары бас киім бар деген пікірлер де бар.

Мұндай ғибадатханаларды, жерлеу-еске алу құрылыстарын қазақ даласының батыс бөлігіне қалдырған адамдар кім, олар қай тілде сөйледі? Ерте көшпенділердің жазбалары әлі анықталмады, сондықтан Арал-Каспий мен оңтүстік Орал маңын мекендеушілер өздерін қалай атағаны туралы айта алмаймыз. Алайда көршілері мен замандастары: ассириялықтар, парсылар, гректер, римдіктер, қытайлықтардың жазбалары бұл мәселені біртіндеп шешуде.
Жазба деректер мен археологиялық мәліметтер бойынша ерте темір дәуірінде Батыс Азияның орталық бөлігін скиф-сармат-сақ-дах-массагет секілді көшпенділердің туысқан тайпаларына кіретін этномәдени қауым мекендеді. Сондықтан солтүстік ауданда көшіп-қонған тайпалар бұл қауымның скиф-сармат бұтақтарына, ал оңтүстік ауданды мекендеушілер сақ-дах-массагет бұтағына кірді. Дегенмен олардың арасында нақты әрі тұрақты шекаралар болмады.
Қазақстан аумағында жаңадан ашылған әртүрлі ескерткіштер ежелгі көшпенділердің жоғарғы мәдениетін сипаттап, б. з. д. І мыңжылдықтағы скиф-сақ мәдениеті жетістігін толық анықтауға мүмкіндік береді.<ref>АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІ ОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 3 т.– 476 б., карталар, суреттер ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-218-4</ref>

Ғибадатхана көріністері, тас мүсіндер

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер