Қуандық Насихатұлы Мәдір
Қуандық Насихатұлы Мәдір (10 шілде 1965 жыл, Атырау облысы, Нарын құмы етегінде туған) — қазақ, суретші, композитор, педагог, публицист, өнертанушы, қоғам қайраткері. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі (2005), Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі (2015), Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі (2020). ІІ-ші Республикалық "Үкілі Үміт" (Алматы, 1995), облыстық "Тарихқа тағзым" (Орал, 2001 ж.), "Тұран" халықаралық көркемөнер сыйлықтарының лауреаты (Алматы, 2019 ж.), ҚР Мәдениет саласының үздігі (2015), Доцент (2008), Қауымдастырылған профессор (2018). 1983 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Еңбекші орта мектебін, «Құрмет белгісі» орденді А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін 1990 жылы бітірген. 2006 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың Экономика институтын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2020 жылы «Қосымша білім беру мекемелерінде музыка пәнін оқыту әдістемесі және теориясы» бойынша «Қазақстандық қайта даярлау және біліктілікті арттыру орталығы» толық курсын бітіріп «Музыка пәні оқытушысы» біліктілігін алған (Алматы). Қуандық Мәдірді Орал педагогикалық институты басшылығы оқуды аяқтаған 1990 жылы оқытушылыққа қалдырды. Отыз жылдай аталмыш оқу орнында (қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ) дәріс берген, халықаралық фестивальдер мен республикалық конкурстардың лауреаттарын даярлаған маман - ұстаз. Маманның ұстанған басты мақсаты білім алушының білім қорын молайту ғана емес, көркем шығармамен өзбетінше жұмыс істеуге, талдауға және баға беруге үйрету, оқушы бойындағы кәсіптік қасиеттерді қалыптастырып, қоршаған ортаны, эстетикалық талғаммен қабылдай білуге баулу бар. Республикадағы оқыту әдістемесінің кемшін тұстарын көре біліп, өз бетімен ізденуінің арқасында көптеген көмекші оқу құралдарын жазуы маманның кәсіби шеберлігінің қалыптасқандығын көрсетеді. Қуандық Насихатұлы -1988 жылдан кәсіби тұрғыда шығармашылықпен айналысады. Қазақстанға белгілі, Батыс Қазақстанның танымал өнер қайраткерлерінің бірі. Көптеген музыкалық шығармалары Батыс Қазақстан облыстық радиосының қорында сақтаулы, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы мен балалар музыка мектептері әншілерінің репертуарларына, республикалық өнер басылымдары мен облыстық, аймақтық жинақтарға бірнеше шығармалары енген. («Қаһарман ән қалықта...», 2000 ж., «Орда әуендері», 2010 ж., «Атырау композиторларының антологиясы» 2020 ж.. т.б.) Туындыларында - ел Тәуелсіздігі, туған жерге деген патриоттық сезім, іңкәрлік пен ізгілік әнге айналады. Әуеніңде тазалық, сезімталдық, шынайылық, өмірге құштарлық, саздылық тән. Көркемсурет шығармалары еліміздегі музей қорларында, алыс, жақын шетелдерде, жеке коллекцияларда сақтаулы. Сурет туындылары халықаралық, республикалық көрмелерде сауатты сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болған. Еңбектері «Қазақстан бейнелеу өнері» 5 томдығына енген. «Талбесік», «Жыр-Жайық» кітаптарының, «Сурет салудың негізгі заңдылықтары мен ережелері», «Натюрморт салу жолдары», «Адам басы анатомиясын бейнелеу және өнер тарихы» әдістемелік-оқу құралдарының, 2010 жылы жарық көрген тұңғыш (үш тілде) «Жазира-Жайық» «Батыс Қазақстан суретшілері» альбомы және 40-дан астам жинақ-каталогтардың авторы. Өмірбаяны Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясына («Арыс баспасы», 2010 ж.) және «Уикипедияға» кірген. Атырау, Батыс Қазақсан облысы композиторлары антологиясына бірнеше музыкалық шығармасы енгізілген. Қ. Мәдір –1997 жылдан БҚО «Өнер» қоғамдық қорының президенті, 2013 жылдан «ҚР БҚО Суретшілер одағы» ҚБ төрағасы, «Өнер» қоры 2013 жылы республикалық «Таным» сыйлығының лауреаты атанды. Қордың негізгі мақсаты - өнер жолындағы дарынды жастарға демеу көрсету, еліміздің мәдениет саласының дамуына атсалысу. Қор1997 жылы облыстағы талантты өнерпаздардың басын қосып «Алтын Арна» фольклорлық ансамблін құрды. 2001 жылы «Өнер» қоғамдық қоры жанынан «Ел-Мұра» жастар театрын ашты. Кейінгі жылдарда «Жазира-Жайық» атауымен облыстық (Орал, 2009, 2010 жж.), аймақтық (Атырау, 2011ж., Қызылорда, 2022ж.), республикалық ( Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі, Алматы, 2012, 2013 жж., Орал, 2014, 2015 жж., ҚР Ұлттық музейі, Нұр-Сұлтан, 2019 ж.), халықаралық (Орал, 2011, 2012 жж., Ресей Суретшілер одағының көрме залы, Самара, 2012 ж., Мемлекеттік көркемөнер галереясы, Уфа (Башқұртстан), 2018 ж.) көркемсурет көрмелері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, оған алыс, жақын шетелдің танымал қылқалам шеберлері қатысатын болды. Қуандық Насихатұлы «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам, мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі республикалық «Мирас» кеңесінің аумақтық төрағасы (2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін), Ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі (2012 жылдан), БҚО Қоғамдық Кеңесінің мүшесі (2019-2022 жж.). 2019-2022 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының Орал қаласы білім бөлімінің «Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі» МКҚК директоры қызметін атқарды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің көрнекті ғалым, мамандарға тағайындайтын мемлекеттік стипендиясының иегері (2008-2010 жж.), Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» (2009 ж., министр Ж.Түймебаев) марапатталған. Басқа да түрлі деңгейдегі алғыс хаттары мен дипломдары бар.
Марапаттары
«Тәуелсіз Қазақстанға-20 жыл» (2011), «Тәуелсіз Қазақстанға-30 жыл» (2021), «Қазақстан халқы Ассамблеясына-20 жыл» (2015), жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім саласының «Үздік педагогы» (2019), «ҚР Мәдениет саласының үздігі» (2015) «Қадыр Мырза-Әли медалі» (шығармашылығы үшін, 2016), «Білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» (халықаралық медаль,2021).
Әдебиет
Жазира Жайық. Батыс Қазақстан сүретшілері.-Орал,2010. - 108б.
Жолдығали Г. Талантты сүретшілер елге танылуы тиіс// Орал өнірі.-2010.-16 қырқүйек.-14б.