Қайрат Шотбақов
Қайрат Шотбақов (25.5.1949 ж.т., Ақмола облысы Ерейментау ауданы Благодатное ауылы) – кәсіпкер. Қазақ политехникалық институтын бітірген (1972). Барлық еңбек жолы республиканың бірнеше облысында табиғи газбен қамтамасыз ету саласымен байланысты. 1988 ж. Жамбыл облысы газ ш-ғы өндірістік бірлестігінің бас директоры болып бекітілді. Облыстың бірқатар аудандарының шалғай жатқан ауылдарына газ құбырлары тартылып, бұрын газбен қамтамасыз етілген мекендердің газ тарату жүйесі көп жақсартылды; газ жүйесі жетпеген қала, ауылдарды сұйық газбен қамтамасыз ету жұмысы лайықты жолға қойылды. Облыста қолға алынып жатқан, Қазақстанның оңтүстік өңірі үшін маңызы зор Амангелді газ кен орнын игеру жобасы бастаушыларының бірі болған Шотбақов, осы жоба Республика Үкіметінің назарына ілініп, іске асуы үшін 1992 жылдан бастап зор еңбек етті. Қазақстан, Ресей және басқа елдердің мамандандырылған жобалау инcтитуттарын жұмысқа жұмылдыру үшін еткен еңбегінің нәтижесінде маңызды да, әрі экономикалық және әлеуметтік сипаты үлкен жоба іске асырылуда. Облыс көлемінде ардагерлер ұйымына, мектеп және жетім балалар үйлеріне, денсаулық мекемелеріне, спорттық ұйымдарға көмек етті. Ол Жамбыл облысы бокс федерациясының президенті, республика бокс федерациясының вице-президенті. Оның ағалық көмегін көрген Б.Жұмаділов, Б.Ниязымбетов, В.Присяжнюк сынды боксшылар Қазақстан даңқын бүкіл әлемге паш етті. Елімізде кәсіпқой боксшылар арасындағы ең бірінші кездесуді өткізуде Шотбақов басқарған ұйымдастыру к-тінің жемісті жұмысы әрі қарай өз жалғасын табуда. Шотбақов «Шапағат» медалімен, «Қазақстан Республикасында физкультура және спорттың дамуына қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталған. <ref>Тараз Энциклопедисяы</ref>.
Cілтемелер
<references/>