Қазақ тілі білімі

Қазақстан Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет

Қазақ тілі біліміқазақ тілін зерттейтін ғылым саласы. Қазақ тілі білімінің тарихы шартты түрде: а) ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең, ә) ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезең болып екіге бөлінеді. Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең 19 ғасырдың 2-жартысынан басталады. Қазақ тілінің грамматикалық құрылысы туралы алғашқы мәліметтер Н.И. Ильминскийдің “Материалы к изучению киргиз-казахского наречия” деген еңбегінде ұшырасады. Бұл — қазақ тілінің кейбір ерекшеліктерімен таныстыруға арналған тұңғыш еңбек. Кейін М.А. Терентьевтің “Грамматика турецкая‚ персидская‚ киргизская и узбекская” (1875), П.М. Мелиоранскийдің “Краткая грамматика казах-киргизского языка” (1894‚ 1897)‚ В.В.Катаринскийдің “Грамматика киргизского языка” (1897)‚ т.б. еңбектер жарық көрді. Қазақ тілін таныстыру мақсатын көздегендіктен бұл еңбектерде белгілі бір категориялардың сырын ашу, оның ерекшеліктерін анықтау жағы қарастырылмаған. Олар негізінен қазақ тілінің заңдылықтарын, ерекшеліктерін орыс тілімен салыстырып, сол тілдің негізінде түсіндіруге тырысты. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ тілінің лексикогр. жұмыстары қауырт қолға алынып‚ дами бастады. Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезеңде 40-қа жуық сөздік жарық көрді (А.Е. Алекторов, “Краткий казахско-русский словарь”‚ 1891; “Начальное руководство к изучению арабского‚ персидского и татарского языков с наречиями бухарцев‚ башкир‚ киргизов и жителей Туркестана”‚ 1869; Т.Бокин “Русско-киргизский словарь”‚ 1913; Н.И. Ильминский “Материалы к изучению киргиз-казахского наречия”‚ 1861, т.б.). Орыстардың Ресей империясына қараған халықпен қарым-қатынас жасауына көмектесу мақсатын көздеген бұл сөздіктер қазақтың сөздік құрамын хатқа түсіріп‚ жаңа‚ көне сөздердің мағынасын ашып көрсетті. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңнің өзі а) қуғын-сүргінге дейінгі кезең (1912 — 29); ә) қуғын-сүргіннен кейінгі кезең (1930 — 88) болып екіге бөлінеді. Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып, дамуы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланысты. Оның қазақ тілі оқулығы ретінде жазған “Тіл — құрал” атты еңбектерінде, мақалалары мен баяндамаларында тіл білімінің өзекті мәселелері сөз болады.

Салалары

Әліппе мен емле 19 ғ-дың 2-жартысында Ыбырай Алтынсарин қазақ жазуын орыс графикасына негіздеуге талпыныс жасаса, 20 ғ-дың басында Байтұрсынов қолданылып келген араб графикасын жетілдіре отырып, қазақ жазуына икемдеді. Бұл орайда ғалым қазақ тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстар санын анықтап, үндестік заңдылығын, тілдің фонол. ерекшеліктерін айқындап шықты. Байтұрсыновтың Қазақ тіл білімінің фонетика, фонология салалары бойынша жасаған тұжырымдары Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов еңбектерінде жалғасын тапты. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, дауыстылар мен дауыссыздар санын дәл айқындау, қазақ жазуына негіз болатын принцип таңдау мәселесі көптеген талас тудырып, “Еңбекші қазақ”, “Жаңа мектеп”, т.б. басылым беттерінде мақалалар жарық көріп, қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде талқыланды.

Грамматика Байтұрсыновтың оқулықтары, мақалалары Қ. т. б-нің грамматика саласының қалыптасуына да негіз болды. Ғалым сөз жүйесі мен түрлері, сөйлем жүйесі мен түрлері деп атаған оқу құралдарында қазақ тілінің морфология, синтаксис салаларын арнайы зерттеп, оқушыларға түсінікті де жеңіл тілмен жеткізуге тырысты. Осы еңбектер арқылы сөз тіркесі, сөйлем, бастауыш, баяндауыш, зат есім, етістік, толықтауыш, т.б. атаулар қалыптасып‚ тұрақталды. Байтұрсыновтың грамматика саласындағы еңбектерінде функционалды грамматика, сөзжасам мәселелері де сөз болды. Ғалымның сөзжасамға қатысты тұжырымдары кейінгі еңбектерде дамытылды.

Лексикология және лексикография

Оқулық жазу ісімен бірге осы ғылым салалары бойынша атауларды қалыптастыру қатар жүрді. Мәселен, Байтұрсынов тілге қатысты зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, есімше, көсемше, т.б. атауларды қазақ тілінің өз байлығын пайдалана отырып ойластырды. Сол сиқты жаратылыстану және гуманитарлық сала бойынша оқулықтар жазған ғалымдар салалық атауларды қалыптастырып, бір атаудың бірнеше баламасы болуына байланысты оларды бір жүйеге түсіруге, тұрақтандыруға ерекше мән берді. Бүл кезеңдегі сөздіктердің дені уақыт талабына сәйкес атаулық сөздіктер болғанымен, түсіндірме сөздіктің де, фразеол. сөздіктің де, диалектол. сөздіктің де жүгін арқалады. Тіл тарихы және диалектология жеке ғылым ретінде қалыптаса қоймаса да, жекелеген мақалаларда тіл тарихы, диалектология мәселелері сөз болды. Мыс., Аймауытовтың “Тіл туралы” (“Еңбекші қазақ”, 1926, 9 наурыз), “Әдебиет тілі мен емле” (“Еңбекші қазақ”, 1929, 12 мамыр), Кемеңгеровтың “Қазақша-орысша тілмаш туралы түсініс” (“Еңбекші қазақ”, 1926, 24 қараша), “Дұрыс па? Бұрыс па?” (“Еңбекші қазақ” 1926‚ 10 қараша), т.б. мақалаларында жергілікті тіл ерекшеліктері, кейбір сөздердің этимологиясы сөз болды. Сонымен қатар Қ. т. б-нің өзекті мәселелеріне қатысты съезд, конференциялар ұйымдастырылды. Мысалы, 1924 ж. 12 — 18 маусымда Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің күн тәртібінде жазу ережелері, әліппе, қазақша пән атаулары мәселелері сөз болса, 1927 ж. 28 — 29 сәуірде Ташкентте өткен бас қосуда жазу‚ әліпби‚ емле мәселесі талқыланды. Ал 1929 ж. 2 — 4 маусымда Қызылордада өткен ғылыми-орфографиялық конференцияда емле, атау мәселесі қаралды. 1934 ж. Қазақтың ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының құрылуына байланысты қазақ тілін зерттеу мәселесі жүйелі жүргізіле бастады. 1936 ж. КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандағы бөлімшесі құрылып, шағын сөздіктер, лингвистикалық жинақтар шығарылып, ғылыми-әдістемелік мақалалар жарық көрді, орфография‚ терминология мәселелері сөз болды. Осы жылдары орта мектеп пен педучилищелерге арналған грамматикалық ғылыми еңбектер, сөздіктер басылып шықты. 1946 ж. Қазақстан Ғылым Академиясының құрылуы, оның құрамында Тіл мен әдебиет институтының ұйымдастырылуы, 1961 ж-дан Тіл білімі ин-тының бөлініп шығуы — Қ. т. б-нің көптеген мәселелерін шешуге, ғыл.-зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, мамандардың көптеп даярлануына жағдай туғызды. 1960 — 70 жылдар аралығында. Қ. т. б-нің кенжелеп қалған салалары бойынша көптеген монографиялар жазылды. Фонетика мәселелерін салыстырмалы түрде зерттеу, ғыл., көркем әдебиет, мерзімді баспасөз тілдерінің, әдеби тіл тарихының, тіл мәдениеті, орыс тілі мен қазақ тілін салыстыра қарастыру мәселелері, т.б. қолға алынды.

Фонетика‚ емле

1930-жылдан бастап салыстырмалы фонетика саласы пайда болды. Жұбановтың еңбектерінде тіл дыбыстарының фонологиясы мен жіктелуі, дыбыстардың өзгеру заңыдылығы, сөздердің буын құрылысы қарастырылды, араб графикасын латын жазуына ауыстыруға байланысты “Еңбекші қазақ” газетінде бас әріпті алу мәселелері көп талас тудырды. Жазу ауыстыруға орай әріп таңдау, қазақтың төл дыбыстарына әріп белгілеу төңірегінде баспасөз бетінде көптеген пікірталастар болды. Әсіресе, басқа тілдерден енген сөздерді жазу ерекше талас тудырды. Дұрыс айту ережелеріне ерекше мән беріліп, қазақ тілінің орфогр. сөздігі бірнеше рет жарық көрді.

Грамматика

1930 — 40 жылдардан бастап сөз таптары мен олардың жекелеген категориялары туралы арнайы еңбектер жарық көре бастады. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңде сөзжасам жеке сала ретінде қарастырылған болса‚ ұлт зиялылары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 30-жылдары сөзжасам әр сөз табына қатысты‚ морфология шеңберінде сөз болды. 1940 жылдан бастап синтаксистің жекелеген мәселелері моногр. тұрғыдан зерттелді. Қазақ тіліндегі жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің түрлері анықталды, жақсыз сөйлемнің, құрмалас сөйлемдердің сыр-сипаты ашылып, ауызекі сөйлеу тілінің синтаксисі туралы едәуір мәлімет берілді. Қазақ тілінің ғыл. курсы 1954 ж. “Қазіргі қазақ тілі” деген атпен жарық көрді. 1962 ж. фонетика мен морфология тарауларынан құралған “Қазіргі қазақ тілі”‚ 1967 ж. морфология‚ синтаксис салаларын қамтыған “Қазақ тілінің грамматикасы” атты екі томдық басылып шықты. Ал 1980 жылдары сөзжасамның нысаны‚ өзіндік ерекшелігі анықталып‚ морфологиядан бөлек‚ дербес сала ретінде бөлініп шықты Сонымен қатар синтаксис саласы да едәуір дамыды. Қазақ тіліндегі сөздердің байланысу тәсілдері, сөздердің орын тәртібі зерттелді.

Лексикология және лексикография

1950 жылдарға дейін лексикология жеке пән ретінде оқытылмай‚ негізінен мақала көлемінде ғана сөз болып келсе‚ Ғ.Мұсабаев тұңғыш рет лексиканың ғыл. курсын жазды. 1950 — 60 жылдардан бастап лексиканың түрлі топтарының (синоним, омоним, архаизм, историзм, кірме, біріккен сөздер, т.б.) ерекшеліктерін анықтау жөнінде зерттеулер жүргізіліп келеді. І.Кеңесбаев идиома мен фразеология мәселелерін зерттеп‚ “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін” жасап шықты (1977). “Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі”‚ “Абай тілі сөздігі”‚ синонимдер сөздігі‚ лингвист.‚ орфогр.‚ диалектол.‚ орфоэп.‚ кері алфавиттік, т.б. сөздіктер жарық көрді. Сонымен қатар орыс‚ араб-иран‚ моңғол және Бат. Еуропа тілдерінің қазақ тілімен қарым-қатынасын зерттеуге мол материал беретін бірнеше екі тілді сөздіктер басылып шықты

Ономастика

Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған тұста ономастика мәселелері ішінара сөз болғанымен‚ көлемді еңбектер 1950 — 60 жылдардан бастап жазылды. 1960 ж. Тіл білімі институты жанынан ономастика бөлімі құрылып, топонимика, антропономика бойынша монографиялар жарық көрді.

Терминология

Бұл сала заман талабына сай түрлі кезеңдерді бастан кешті. Ұлт зиялылары қудаланғаннан кейін қазақ тілінде баламасы бола тұрса да, шет тілден енген сөздерді орыс тіліндегі қалпында қазақ тіліне қабылдай беру үрдіске айналды. Атауларды орыс тіліндегі нұсқасына сәйкес жазу қазақ әліпбиіне е, ю, я, ъ, ь, ц, ч тәрізді әріптердің енуіне жол ашты. 1981 ж. Тіл білімі институтында Терминология және аударма теориясы бөлімінің ашылуына байланысты атаулардың жасалу жолдары‚ тәсілдері‚ принциптері, тарихы жоспарлы түрде зерттеле бастады. Аударма теориясы бойынша бірқатар моногр. еңбектер жарық көрді. Тіл тарихы және диалектология. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған тұста да әдеби тілдің кейбір белгілері, мақала көлемінде сөз болса, ендігі жерде монография көлемінде көптеген еңбектер жарық көрді: Мерзімді баспасөз тілінің әдеби тілді дамытудағы рөлі арнайы зерттелді. Қазақ тіліндегі тұңғыш басылымдар арнайы зерттеліп, олардың әдеби тілді дамытуға қосқан үлесі анықталды, 1920-30 жылдардағы әдеби тілдің жай-күйі, өзіндік ерекшеліктері, жартастағы жазулар, эпиграф. ескерткіштер қарастырылды. Қазақ диалектологиясы бойынша 1958 жылдан бастап “Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы” атты 7 жинақ шықты. Диалектол. атластар жасалды. Жергілікті ерекшеліктердің әдеби тілге қосар үлесі зерттеліп, Қазақстанның түрлі аймақтарындағы өзіндік ерекшеліктер арнайы зерттелді. Жергілікті ерекшеліктерді зерттеп жүрген диалектологтар жиырмаға жуық моногр. еңбек жариялады.

Тіл мәдениеті және стилистика

Бұл саладағы іргелі зерттеулер 1960 жылдардан басталады. 1969 ж. Тіл білімі ин-ының жанынан Тіл мәдениеті бөлімі құрылғаннан кейін зерттеулер жүйелене түсті. Фольклор тілі, көркем әдебиет тілі 1970 жылдардан бастап зерттелді. Қ. т. б-нде кейінгі кездері тіл статистикасы, әлеум. лингвистика, психолингвистика‚ этнолингвистика, т.б жаңа салалар дамып келеді. Қ. т. б-нде жалпы тіл білімі, алтаистика, жалпы түркі тілдерінің қарым-қатынасы мәселелеріне байланысты бірқатар зерттеулер жүргізілді. 1991 жылдан кейінгі Қ. т. б-нің негізгі бағыттары: жалпыхалықтық тілдің, оның ішінде, әдеби тілдің тарихын жасау, Қазақстан аумағындағы түрлі ұлт тілдерінің өзара әсерін, қостілділік, көптілділік барысын зерттеу, жеке жазушылардың сөздігін жасау, қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазу, диалектол. атлас жасау, тілдің дыбыстық жүйесін тәжірибелік тұрғыда зерттеу, шет ел сөздерінің сөздігін жасау, әр түрлі ғылым салаларына байланысты толық атаулық. сөздіктер шығару, лексикография теориясындағы мәселелерді шешу, көркем әдебиет, фольклор тілін, тіл мәдениеті мен стилистика мәселелерін дамыту, қазақ тілінің дыбыс жүйесін синхрония және диахрония тұрғысынан құрылымдық, математ., лингвистик. әдістер арқылы жан-жақты зерттеу, т.б.

Тағы қараңыз

{{#invoke:Message box|ambox}}{{#if:||{{#if:|[[Санат:Еш медиа файлы жоқ мақалалар/{{{1}}}]]|}}}}