Қазақ биі (халық биі)

Қазақ Энциклопедиясы жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Қазақ биі — жеке биші орындайтын халық биі. Музыкалық өлшемі 2/8 Ырғағы екпінді, жылдам. Қалмақ билері әсерінен ("қалмақтар былай билесе, қазақтар осылай билейді", - деген достық әзілден) туған. 1934 жылы Алматыда өткен ауыл шаруашылығы слетінде атыраулық биші Ж.Оразғалиев орындайды. "Қазақ биі" аяқ-қол қимылынан иық қимылы басым, ойнақы қозғалысқа негізделген.<ref>Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8</ref>

Тарихы

Қазақстанда би өнері ХХ ғасырда пайда болып, халықтың рухани байлығына айналған.Қазақтың халық биі- қаражорға. Халық күйі "қаражорғаға" би сонау 1930-жылдардан бері қойылып келе жатыр7<ref>https://articlekz.com/kk/article/23673</ref>

Қазақ халық биі материалдық емес құндылық

Халық өмiрi қоғамның әлеуметтiк-экономикалық әрекетi арқылы ғана қалыптасып қоймай, сонымен бiрге мәдени, рухани-эстетикалық таным-түсiнiгi де шыңдалып отырады. Қазақ халқының басқа рухани мұрасы сияқты, би өнерi жайындағы деректер мен мұрағаттар да тым әрiден бастау алады. Қазақ халық би мәдениеті ерте заманнан-ақ қалыптасып, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетiмен, ән-күйлерiмен, дәстүрлi тұрмыс-салтымен бiте қайнасып келе жатқан мәдени мұрасы ретінде құнды. Бқл жөнінде белгілі қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков: «Халықтың көркемдiк жетiстiгiнiң бiр көрiнiсi ретiндегi би өнерi өзінiң эстетикалық болмысында қазақ жұртының жалпы дүниетанымына сай арман мұраттарын бейнелейтiн қимылдар жүйесiн қалыптастырды» - деп көрсеткен. Қазақ халқы бiзге жеткен бүгiнгi дәстүрiмен ежелгi би өнерiн өзiнiң рухани қазынасына қосып, ғасырлар белесiнен алып өткені белгілі.

Көп салалы өнерiмiздiң iшiнде халқымыздың рухани тарихымен бiрге жасасып, бiте қайнасып, даму мен қалыптасудың сан-қилы өткелдерiнен өткен би өнерiнiң алар орны ерекше екенi сөзсiз. Ел тарихының қай кезеңiнде болмасын өнердiң атқаратын қызметiнің мол болғаны белгілі. Оның танымдық мұрат-мақсатымен бiрге, тiрлiгiндегi қоғамның рухани мәнi де жоғары болды. Олай болса, басқа өнер түрлерiмен қатар би өнерiнің де қазақ халқының ғасырдан-ғасырға ұласып, атадан-балаға мұра болып келе жатқан рухани байлығы екеніне көз жеткізіп отырмыз. Біз биді тек қимыл-қозғалыс жиынтығы ретінде ғана қарастыра алмаймыз. Себебі ол халықтың дүниетанымының, тұрмыс-салтың, эстетикалық талғамының, рухани қажетілігінің көрінісі ретінде көреміз. Адам баласы өмiр сүрген ортасын жәй ғана пайымдап қоймай, оны өз қажеттiлiгiне байланысты өзгертіп, дамытып отырған. Адамзаттың философиялық көзқарасы, өмiрдi зерделеуi, дiнi мен тiлi, ұлттық психологиясы мәдениетпен бiте қайнасқан. Қай ұлттың болмасын мәдениетiн алсақ та, ондағы салт-дәстүрлер жүйесiне бiрден назарымыз ауады. Әр халықтың салт-дәстүрiнiң өзi рухани қажеттiлiктен туындайды. Рухани-мәдени қажеттiлiк материалдық игiлiктердi қамтамасыз еткеннен кейiн барып пайда болатыны дәлелдеуді қажет етпейтiн аксиома. Ал материалдық қажеттiлiктен туындаған мәдениет үлгiлерi талай ғасырды артқа тастап бiзге жеттi.

Дала қазақтарының өмірін бiлдiретiн, тұрмыс-тiршiлiгiн, еңбек әрекеттерiн, аңшылық өнерiн, әскери дағдысын көрсететiн қарапайым қимылдардан түзелген қазақ биi халықтың мәдениетi мен рухани талаптарын көптеген ғасырлар бойы қанағаттандырып келедi. Өзiн қоршаған табиғаттан алған әсерiн ишара, емеурiн, қимыл әрекеттерi арқылы жеткiзiп отырған бiздiң ата-бабамыз осының барлығын өз рухани байлығына айналдыра отырып, артына мұра етіп қалдыра бiлдi. Бүгінгі таңда сонау көне дәуiрден бастау алатын халқымыздың сан қырлы мәдениетi, өзiндiк салт-дәстүрi ұрпақ игiлiгiне айналды. Әр дәуiрде өмiр кешкен ғұламалар халық шығармашылығының шын мәнiн түсiне отырып, оны зерттеп-зерделеуде үлкен үлес қосқаны анық. Олай болса, келер ұрпақ алдында халықтың өткен өмiрi мен мәдениетiн оқып үйренуде талмай еңбек ету мiндетi тұр. Бүгінгі күні қазақ би мәдениетін зерттеп, зерделеуде дұрыс бағыт ұстанып, қарастыру үрдісі белең алуда. Қазақ биі өнерiнiң мазмұндық ауқымы кең. Халықтың күнбе-күнгi өмiр салты осы өнердiң тақырыбының сарқылмас қайнар көзiне айналды. Қазақ биі шығармашылығын ұлттық мәдениетiміздің келелi бiр тармағы деп бiлген жөн. Ол халық шығармашылығымен қоса кәсiби сахна өнерiнiң дамуына да үлкен үлес қосып келедi.

Қазақ халқының мәдени мұрасында барлық өнер түрлерiнiң ең керемет үлгiлерi талай халық шеберлерiнiң дарындылығының арқасында дерлік қамтылып, осынау рухани байлық бiзге жетiп отыр. Ал, қазақ биі өнерiне арқау болған «бақсы ойыны» әрбiр тарихи кезеңде әр түрлi сипатқа ие болып отырғаны белгiлi. Олар қобыз аспабы мен бiрге ұрмалы музыкалық аспаптардың көмегiмен де өздерiнiң бақсылық, балгерлiк үрдiстерiн күшейтiп отырған. Оған фольклорист Ә.Диваевтың: «Қатты ащы дыбыс шықты. Бақсы атып тұрып шыр көбелек айнала бастады, тек үстiне киген бешпентiнiң етегi ғана көрiнедi»,– дей келiп, өз ойын: «… қазақ бақсылары қобыздарының сүйемелдеуiмен ән айтып, би билейдi» - деп жазған деректерi дәлел бола алады. Қазақ халық билерiнiң байырғы нұсқалары бiздiң заманымыздан бұрынғы дәуiрлерге саяды. Ежелгi замандарда «бақсы ойынымен» тығыз байланыста пайда болған би ұлттық өнердiң басқа түрлерi сияқты көшпелi тайпалардың тұрмысына берiк енiп, олардың әдет-ғұрпы мен iс-әрекетiн бейнелейтiн өнердiң бiрiне айналды. Таңбалы тастардағы билеп жүрген адамдардың сұлбалары қазақ жерiн мекендеген тайпалардың әдет-ғұрпында би мен музыканың бiрге дамығандығының дәлелi болады. Бұл секiлдi алғашқы би нұсқалары табиғатты бақылау мен еңбек қимылдарына байланысты туған түрлi қозғалыстар мен әр қилы мимикалық элементтерiмен қамтылған. ХI ғасырда ғұмыр кешкен Махмуд Қашқаридың «Диван Луғат ата-түрiк» деп аталатын ғажайып еңбегiн еуропалықтар «Кодекс команикус» (латынша «кумандардың» яғни қыпшақтардың кiтабы» сөздiк) деп атайды. Осы кiтапта билеймiн, билеп келiп табынамын» деген сөздер барын би өнерiн зерттеушi ғалымдар (3, 57 б.; 4, 10 б.) көрсеткен. Олай болса би өнерi халықпен бiрге жасасып келе жатқан рухани мұрасы.

Бүгінгі күнгі сахналық қазақ би өнерінің дамуына фольклорлық материалдар негіз болып отыр. Көрнектi ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «...ең алдымен фольклор-синкреттiк өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би және ән-күй өнерi бiр-бiрiнен дараланбай, тұтас күйiнде көрiнедi»,– дейдi. Фольклор өз тарапынан өнегелiлiк пен эстетикалық көзқарасты қалыптастырып, ұрпақ тәрбиелеуде айрықша орын алады. Оның ықпалымен қазақ әйелдерi өз мiнез-құлқында ұяңдық пен игiлiктi, мейiрбандық пен адамгершiлiк қасиеттi, абырой мен батылдықты бойына сiңiрдi. Қазақ қыздары жiгiттермен бiрге «Алтыбақан», «Ақ сүйек», «Қара құлақ», «Айгөлек» ойындарына қатыса алған. Сондықтан болар қазақ әйелi ер азаматтармен қатар, жерiн жаудан қорғаған, ел басқарған, бетiн бүркемей айтысқа шыққан. Ал, фольклорлық би өнерi бiр орнында тұрып қалмай, ұлттық дәстүрдi сақтай отырып, халықтың би мәдениетiн қалыптастырып, жаңа рухани байлығын жасауда өмір бойы үнемі даму процесiнде жүріп келеді. Фольклор – халықтың қиялдауы, образдауы арқылы тарихи өмiрiмен тiкелей байланысты туындайтын шығармашылық деп қарайтын болсақ, би өнерiнің де бастауы тереңде жатыр. Бiзге оның канондық түрлерi жетпедi. Бiрақ, халық арасында тақырыптық мазмұны, образдық суреттемелерi сақталған. Олай болса би өнерi ғасырлар бойы басқа өнер түрлерiмен сабақтастықта дамып, жетiлiп отырды. Қазақ биiн билеуде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен белгiлi бишi Үсен Мақанның және Тойған Ізімнің репертуарындағы фольклорлық тақырып олардың шығармашылықтарының негiзiн қалады. Жұптасып билеген бұл бишiлер ХХ ғасырдың 80-жылдары «Қазақтың фольклорлық-этнографиялық билерi» атты бағдарламасын көрермен назарына ұсынды. Осы бағдарламада балетмейстер О.В.Всеволодская-Голушкевичтiң қиялдау тәсiлi арқылы қойған «Жезтырнақ» биiнде сұлу қыздың жезтырнаққа айналған бейнесi көрсетiлдi. Көшпелi өмiрден туған бұл мифтiк образ қазақ халқының өз ұғымына жақын болатын. Ал, Үсен Мақанның жеке орындауындағы «Ортеке» биi елiктеуден туған би. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып халық биiнiң синкреттiк түрде пайда болуымен, қалыптасуы тарихи кезеңдер мен тiкелей байланысты болды деген ой түйемiз. Осы тұста айта кететiн тағы бiр жәйт, би өнерiнiң синкреттiк түрде дамуы, басқа өнер түрлерiн насихаттау мен ақпараттық түрде бекiту және кейiнгi ұрпаққа жеткiзу процесiнде зор роль атқарып отырғандығы. Бұған I.Омаровтың «Кең дала төсiнде еркiн желмен жарысып, ат құлағында ойнаған ел азаматтарының қимылында, жүрiс-тұрысында, әдет-салтында би үшiн қажеттi элементтер жеткiлiктi болатын», – деген ойы дәлел бола алады (6, 203 б.). Біз қазақ биiне де ән-күй сияқты халықтың салт-санасымен бiте қайнасқан ел мұрасы ретінде қарауымыз керек.

Қазақстанның халық суретшiсi, алғашқы кәсiби бишiлерiмiздiң бiрi, би өнерiнiң дамуында тер төккен азамат Ә. Ысмайловпен әңгiмелескенде: «Егер қазақ биiнiң түп тарихын зерделегiмiз келсе, қыпшақ билерiне соқпай кетуге болмайды. Ертеде қыпшақ билерi сырт елдерге де мәлiм болған. Бағдат, Дамшық сияқты араб шаһарларындағы мейрам-тойлардың, салтанатты мерекелердiң қызықты ойындарының бiрi осы қыпшақ билерiнiң көп элементтерi қазiргi балқар, қарашай, құмықтарда сақталған», – деген. Жергiлiктi тұрмыс-салт ерекшелiктерiне орай көрiнiс берген би өнерi жайлы деректердi этнографтардың естелiктерiнен, тарихи мәлiметтерден, тiлдiк қордан, халық музыкасында сақталып қалған би әуендерi мен халық билерiнен, ғылыми еңбектерден кездестiруге болады. Фольклорлық материалдарды iздеп, жинастыра келе сахналық қазақ би үлгiлерiн жасауға болатыны белгілі. Қазақтың би фольклоры ұлттық хореография өнерiнiң дамуына өз үлесiн қосып келедi, болашақта да осы өнердiң тұғыры бола беретiнi сөзсiз. Дамудың белгiлi бiр кезеңдерiне өту барысында тарихи тәжiрибелер, өнердiң озық үлгiлерi одан әрi жетiлiп шыңдала түспек. Сол халыққа тән көркемдiк стиль қалыптаспақ. Мұнсыз өзiндiк өрнегi бар рухани мұра болмақ емес. Мысалы, сахналық үлгіде қойылған «Сайыс» биiне Хантаудың оңтүстiк батысындағы «Теректiсай» аңғарындағы петроглиф негiз болды. Нүктелi таңбамен салынған петроглифте найза ұстаған екi ер адам мен бiр әйел суреттелген. (Бұл сурет А.Медоевтың кітабында көрсетілген). Алыстан, жәй басталатын музыкамен осы үш мүсiнге жан бiтiп, ырғақпен үйлестiк тауып, жансыз сурет қозғалысқа түседi.

Халықтың көркемдiк ойының, эстетикалық көзқарасымен тығыз байланыста болуы табиғи құбылыс. Би өнерін материалдық емес құндылық ретінде қарастыра отырып, би арқылы ұлттың өмірінде қолданысқа ие дүниелердің де қалай дайындалатыны дене пластикасы арқылы іске асырылғанын сахнадан көріп жүрміз. Шындығына келгенде «Алаша тоқу», «Кестелеу», «Киіз басу» билері бүгінгі күнге дейін сақталып келген қолданбалы өнер түрлерінен туындап отырған сахналық билер болғанымен жастардың санасына ұлттың эстетикалық көзқарасын білдіретін, ерекшеліген көрсететін құндылықтар екені сөзсіз. Бүгінгі күнгі биленіп жүрген билердің негізі – алғашқы кәсіби балет артисі, алғашқы кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіровтің халық биін зерттеп, зерделеуінің жемісі ретінде көрінетін балетмейстерлік жұмысы деуіміз керек. Уақыт өткен сайын заман талабына сай сахналық қазақ биінің қойылымдары да өзгеріске ұшырап отырары белгілі. Сахналанған фольклорлық билердің алуан түрін Мемлекеттк «Алтынай» би ансамблінің репертуарынан көруге болады. Ансамбль репертуарындағы «Бақсы ойыны», «Қоштасу», «Жезтырнақ», «Сайыс», «Құсбегі-дауылпаз», «Киіз басу» т.б.қойылымдар халық арасынан жиналып, өңделе сахнаға жол тартқан билер. Бүгінгі күні елдің барлық аймақтарында кәсіби би ансамбльдері бар. Бұл ансамбльдердің репертуарларыны да осындай ұлттық нақышта қойылған билерге негізделген.

Ерте заманна ауыз әдебиетімен, музыкамен, ойын түрлерімен синкреттік түрде дамып, халықтың рухани қазынасына айналған би өнері бүгінгі күні әлем халықтарының сүйсіне көретін өнер түріне айналып отыр. Қытай Халық Республикасындағы қазақтардың қалың орналасқан Алтай өлкесінде «Қаражорға» биімен қатар «Аю би», «Қаз биі», «Тырна биі», «Бүркіт биі» сынды халықпен бірге жасасып келе жатқан би түрлері кең тараған. Осы елдегі ағайынның арасында би өнері үлкен құрметке ие. Негізінен халықтың тұрмысымен астасып келе жатқан осы билер атадан балаға мұра болып келеді. Халқтың ежелден келе жатқан биінің бірі «Аю би» немесе «Жорға аю» деп аталған. «Аю би» Қазақстан территориясын сақталмаған. Негізі аю биінің өзі орманды, таулы өңірде туындаған болар деген ойға келеміз. Себебі, осы аңға байланысты билер бүгінгі күнге дейін Қытай Халық Республикасының таулы аймақты Алтай өлкесін қоныстанған қазақтардаң арасында сақталған. Қазақ халқының ежелгі би өнерінен бүгінгі күнге жеткен үлгілерінің бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Алтай өңірінің Қаба қаласы жанындағы Көлбай ауылы, Дөнтастақ қыстағында тұратын шаруа Орман Дүйсентайұлының «Аю биі» өзінің қарапайымдылығымен ерекшеленді. Арнайы дайындығы жоқ бишінің орындауындағы би болғандықтан орман ішіндегі аңның тұрысы, қорбаңдаған жүрісі қарапайым түрде ғана көрсетілді. Шіңгіл қаласының тұрғыны Сағи Тайпақұлының орындауындағы «Аю биі» мен халық арасында кең тараған «Қаражорға» бір-біріне өте ұқсас. Ал, сол қала маңындағы қыстақта тұратын 85 жастағы қария Өнерхан Рызалдыұлының биі нағыз «Аю би» болып көрінді. Жас орындаушы Назар Берікұлының биі қимылдарды орындау жағынан таза әрі нақты болды. Қанат Сәлімұлы қонжықтар биінің бір-екі қимылдарын көрсетті. Би өнері синкретті түрде дамып отырғаны белгілі. Қытай еліне сапарымызда осы тұжырымға тағы бір көз жеткізгендей болды. Билердің барлығы дерлік жергілікті күйші композиторлардың шығармаларына орындалды. Қазақтанның территориясында тастағы суреттердің белгілі бір деңгейде зерттелгенін жақсы білеміз. Көшпенді халықтың дүниетанымын көрсететін көп петроглифтердің ішінде көпшіліктің қол ұстаса билер жүрген бейнелер, аң терісін жамылып алып, би билеп жүрген сұлбалар да кездеседі. Ол туралы қазақ би өнерін зерттеп жүрген ғалымдардың барлығы дерлік өз еңбектерінде көрсеткен. Сондықтан осы сапарда келесі бір көрсек деген мәдени мұраның бірі – тастағы сурет болатын. Қаба қаласының маңындағы «Қара үңгір» аталатын тау қойнауына жол түсіп аралап қайтуға мүмкіндік туды. Бұл үңгірде тек кейінгі ғасырда бояумен салынған суреттер ғана кездесті. Қазақ биін зерттеу барысында ертеден тек ер адамдардың билегеніне көз жеткізуге болады. Біздің осы жолғы ел аралап бишілер іздегендегі тағы бір көз жеткізгеніміз осы болды. Алтай өлкесін түгел аралап шықсақта осы ежелгі билерді билеп жүрген егде әйел адам кездестіре алмадық. Тянь-Шянь тауының бауырайында орналасқан Баркөл қаласының маңындағы Жасан тау және Қара шоқы қоршап жатқан «Көлбай» қыстағында тұратын Әсет өз отбасымен осы халық би өнерін насихаттауда үлкен еңбек етіп жүрген жан ретінде елінді белгілі азамат. Әсет бұл өнерді өз әкесінен үйреніп, бүгінгі күні балаларын да осы өнерге баулып жүргенін көрдік. Оның орындауындағы аю биі ерекше болып көрінді. Әсет жаз бойы осы ауылда отбасының барлық мүшелерімен бірігіп жұмыс атқарады екен. Әсеттің репертуарында «Аю би», «Тырна биі», «Қаражорға» билері бар. Біз еш жерде кездестірмеген аюдың қонжықтарымен бірге биленетін биін көрдік. Жалпы адамзат өмірінің барлық кезеңдерiнде тарихи мұраға, өткенге қызығушылық толастамағанын ескерсек, бізді де ел аралап өнерпаздарды іздеуге осы қызығушылық бастады. Қазақстан жерінде де талай бишілер болған. Тек бір өкініштісі, ол орындаушылар келесі ұрпаққа беріп кете алмағындығы. Мысалы, Торғай облысында Қарсақ Қопабаев (Всеволодская-Голушкевич 1996), Павлодар облысында Жүнiсбек Жолдинов (Жәнiбеков 1992) сынды халық бишiлерiн айтсақ та болар. Бұл бишілер, беріде, ХХ ғасырдың 70- 80-ші жылдары өмір сүрген жандар.

Әр дәуiрде өмiр кешкен ғұламалар халық шығармашылығының шын мәнiн түсiне отырып, оны зерттеп-зерделеуде үлкен үлес қосқаны анық. Олай болса, келер ұрпақ алдында халықтың өткен өмiрi мен мәдениетiн оқып үйренуде талмай еңбек ету мiндетi тұр. Шет ел қазақтарының халықтық би түрінде көрсетілген рухани тәжірибесі өз өнерінің құралдарымен қазіргі қазақстандықтардың жаһанданған санасына ұлттық мәдениеттің табиғатпен жанды байланысын, рухани және материалдық өзара байланысын әлем мен адам арасындағы байланысты түсінуге және қабылдауға көмектеседі. Ал, Қазақстанда кәсіби өнердің қалыптасу кезеңінен бастау алған сахналық қазақ биі үздіксіз даму үстінде. Осы жолда еңбек еткен талай балетмейстерлер мен орындаушылардың шығармашылық жолы соның куәсі. Шара Жиенқұлованың орындаушы ретінде қалыптасуына үлес қосқан А.Александровтан бастап, бүгінгі күнгі орындаушылардың арасы бір ғасырға жуықтады. Осы орындаушылардың білім алып, халық биін көрерменге жеткізуде үлкен тер төкені белгілі. Сонымен қатар би өнерін ғылыми айналымға енгізіп, оның теориялық негізін қалыптастыруда жаңа буын ғалымдардың орны ерекше екені белгілі. Қазақ халқының тарихи қалыптасып, даму кезеңдерінде би мәдениеті де рухани қазына ретінде бірге даму үстінде. Сондықтан қазақ халқының би мәдениетi ұрпақтан ұрпаққа жалғаса отырып, рухани мұра ретінде беріліп келеді. Мәдени, тарихи және рухани маңызға ие мұраларымыздың бірі ретінде қазақ би өнерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу барысында үлкен істер атқарылып отыр. Қазақ халық биiнiң даму жолының белестерiн зерттей келе, осы өнердің елдiң саяси-экономикалық жағдайына байланысты уақыт талабына сай өркендеп, дамып келе жатқандығын аңғарамыз. Қазақ елінің барлық аймақтарындағы би ансамбльдерінің шығармашылығының арқасында халық биi жаңа белеске көтерiлiп, жас ұрпаққа тәрбие беруде эстетикалық мәнi өсiп, рухани байлығымыз артты. Би – қазақ халқының материалдық емес құндылығы ретінде ықылым заманнан халықтың рухани қажеттілігін қанағаттандырып келеді.

Дереккөздер

Үлгі:Дереккөздер Үлгі:Stub:Қазақ мәдениеті Үлгі:Wikify Үлгі:Суретсіз мақала